Адам баласы есейген сайын балалықтың балдәурені елес болып көріне береді екен. Бұрындары бала болған соң мән бермедік пе, әлде сол беймаза шақтарды аңсағандықтан ба екен білмеймін, әйтеуір, мен қазір сол кездерді жиі сағынамын.

Біздің шағын ауылымыз Жаңабет – қара Ертісті жағалай орналасқан. Үлкендерден естігенім – ертеректе 15-ші ауыл аталыныпты. Ол кездері Алқакөл болысының құрамында болған екен. Осы тұста соңғы болыс болған менің нағашы атам Жүсіптің Иләлі болғанын айта кетуім жөн болар. Жаз уақытында жайлауды, күзде аяңдап қыстаққа жақын шоғырланған ата-бабаларымыздан қалған Қотантерек, Төлек, Шошқалы, Малғозы, Әбдімбет сынды мекендер әлі сол қалпында аталып жүр.

Болысын да, батырын да, орақ тілді шешенін де, ел басқарған көсемін де тудырған топырақ – бұл. Бір сөзбен айтқанда мұндай жерде туып-өскен, тәлім алған жан дала университетін бітіріп шықты дей беріңіз.

Бүгін мен шамам келгенше балалыққа саяхат жасап, көрген-білгендерімді, көңілге тоқығандарымды қағазға түсіруге бел будым. Иә, данышпан емеспін, тарихшы-ғалым да емес шығармын. Сол себепті де ауыл тарихын, шежіресін түгел қамтимын дей алмаспын. Дегенмен, кейбірін көзім көрген, енді бірінің аталы да баталы сөздерін өзгеден естіген тұлғалар туралы баяндап беруге тиістімін.

***

Нағашы жұртым туралы айтарда Жүсіптің Иләлі жиырмасыншы ғасыр басындағы Алқакөл болысын басқарғандығын тілге тиек еткім келеді. Бүгінгілер ренжімес, ауылдың бұрынғы үлкендерінен нағашы атам жайлы көп естігенбіз. Көзі көргендер қатары сиреген соң ондай тәлімді әңгіме тыңдау да сиреп кетті. Иләл атамнан Садырағзам, Бөкейхан, Мұхтар атты ұш ұл, Балшекер, Оралша және Райхан атты қыздар тараған. Барша туыс Дәділім атап кеткен Садыр нағашымыз соғыста қайтыс болған, Бөкейхан мен Райхан нағашыларым ертеде қайтыс болғандықтан мен ес білгелі шешемнің ет-жақын туысынан танығаным – Мұхтар мен Балшекер.

Сол уақыттағы Чкалов кеңшарынан құрметті демалысқа шыққан Мұхтар нағашыма өзінің кіндік қаны тамған біздің ауылдан құрылысы енді аяқталған жаңа пәтер берді. Осы тұста бір айта кетері – менің нағашы жұртым әзілдесуге келгенде талайларды «шаң қаптыратын». Нағашым жаңа үйдің маңына қора-қопсы салу үшін күнде келеді ауылға. Жасым оннан енді асқан кез. Тындыратыным шамалы, балға-шегесін әперсем де әйтеуір қасында жүретінмін. Шаршаған тұста ауызына «Беломорканалын» қыстырып, үзіліс жасайды. Қуақылығын қараңызшы, бірде Жұмашкен (көкем марқұм екеуі мені осылай атайтын), тісім қақсап барады, ана балғаға қол жалғап жіберші, – демесі бар ма? Атып тұрып дүкеннен енді сатып алған су жаңа балғаны ұсына қойдым. Нақты детальдары есімде жоқ, анығы балғамен алдыңғы тісін шекіп қалып еді, отыз тісі сусып қолына келді. Масқара, ауызым аңқиып мен тұрмын. Жылап жіберейін десем, нағашым түк те ауырсынып тұрған жоқ. Қайта, түһ, енді рахаттанып қалдым-ау деп жайбарақат сөйлесіп отыр.

Үйге келген соң оңашада ешкімге көрсетпей мен де «эксперимент» жасап көрдім. Біраз уақыт бойы емес-еміс қайталап жүрдім. Болмады. Тісі құрғыр түспей қойды. Кейін есейгенде білдім, менің нағашымның тісі протез екен ғой.

 

***

Қазекем, шіркін «абысын тату болса…» деп бекер айтпаған-ау. Жоғарыда айтып өткен Ыбырай атамның бәйбішесі Исаққызы Күлипа әжем – менің анам Оралшаның абысыны. Оны да қазір ғана біліп жатырмыз. Әжемнің көзі тірісінде шешеміз ол кісіні енесіндей қадірлейтін. Бір ауыз сөз айтпақ түгілі, жанарымен тура қараған күні жоқ десем артық айтқандық емес. Аталас шаңырақтардағы Бектұрғанқызы Күлпат пен Мақажанқызы Зейнеп әжелерімізге деген құрмет те дәл осындай болатын.

Өкінішке орай, қазіргі кезде кем қалған ат тергеу салтын да анамнан көрдік. Босаға аттап келін боп түскен күннен бастап Ыбырай атамның балаларының атын айтып көрген емес. Сәнтай ағамызды – Тетелес, Саменді – Тентегім, Алманы – Қалқажан деген. Төлеу қайнысын – Төре жігіт десе, Тұрсынбай марқұмды – Жеке жігіт дейтін. Сексеннен асқан шағына дейін сол аттарынан жаңылған емес. Бұл – үлкендерден жалғасып келе жатқан жақсы дәстүр. Жарықтық, Торғай, Тілектес абысындарын да жасы кіші деп кеудеден итеріп көрген емес. Өзімен өкшелес абасыны Сәркенмен екеуі бір-бірін ерекше қадірлегенін көріп біздің де қуанышымыз еселеніп келеді. Тұрсынбай ағамыздың қара шаңырағының түтінін түзеп отырған Сәркен жеңгеміз өзі ақ жаулықты әже жасқа келсе де «Апатайдан» басқа айтып көрген жоқ. Жасай беріңіздер, абысындар.

 

***

Сексенінші жылдары қыс қаһары қатты болатын. Есімде қалатын жөні бар. Шешеміз кеңшар жұмысында, үй шаруасын тындыру біздің – бала-шағаның мойынында. Апаларым үй жинап, от жағып, тағысын-тағы жұмыстарды аяқтаған соң ағам екеуімізге көмекке келіп, ұлдың жұмысы, қыздың жұмысы демей – отын кесу, көмір тасу, мал жайлау сынды істерді бірге жасайтынбыз. Әсіресе, күн суықта сіресіп қалған шөпті жұлу қандай қиын?! Әрине, қиын деп шартты түрде айтып отырмын. Әйтпесе, ферманың басшылық қызметтерін атқарған Төлеу, Тұрсынбай ағаларымның арқасында жем-шөптен «қағылып» көрген емеспіз. Сабақтан келіп жайбырақат шәй ішіп отырғанымызда терезеден кеңшар тракторының гүрілін естісек, тағы шөп әкелді деп жайбарақат отыра беретінбіз. Кейде бораннан кейін басылып қалған омақаны аршып жатқанымызды анадайдай көрсе болды ағаларымыз айтқызбастан 10-15 центнер шөп тиеп жібереді екен. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы «мүйізі қарағайдай» колхоз-совхоздарды шайқалтқаны шындық. Тұрсынбай ағам дәл сол тұста ферма басқарушысы болды. Іскерлігін күні бүгінге дейін ауыл жұрты аңыздай қып айтып жүреді. Сол қасиетін байқаған совхоз директоры оны директордың орынбасарлығына да тағайындаған. Техникаға қосалқы сайман, құрылыс материалдары тапшы тұста менің Тұрсынбай ағам кеңшарды «тарылтып» көрген емес. Қалайша мақтанбасқа?

 

***

Өз басым ата-әже тәрбиесінде өскен, шал-кемпірді бауыр басқан балаларды көргенде қатты қызығамын. Мен ата-әжем түгіл, әкемді емес-еміс есіме түсіре аламын. Небары екіден енді асқанда әкеден қалыппын. Бұрындары ауыл үлкендері: «Оркен марқұм – кең иықты, бойшаң, тепсе темір үзетін аптал азамат болушы еді» дегенді жиі айтатын. Сосын төрімізде ілініп тұрған суретіне қарап қана көзге елестетуші едім. Әкемнің ағасы Сманның Ыбырайы елде беделді адам болды. Сол кісіні әке орнына әке, ата орнына ата тұттық. Ұлы Отан соғысының ардагері. Волхов майданында болып, жарақат алған. Кейіннен 1944-50 жылдар аралығында Куйбышев ауданының Сталин колхозында төраға болған. Ал, 1950-56 жылдары Энгельс колхозын басқарған. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Павлодар-Ертіс тас жолында мастер болып қызмет атқарған. Несін жасырайын, өте ерке болып өстім. Шешемнің қасынан бір елі қалмайтынмын. Бірінші сыныпқа барған жылым… Анам бөтенсінбесін, жат болып өспесін деген ниетпен атаңның үйіне қон деп көндірумен әлек. Мен болсам шешемнен айрылғым келмейді. Содан қойшы, бір күні қалай көніп қалғаным есімде жоқ, атамның қойнында жаттым. Таңертең сабаққа барарда атам қалтасынан бір сом ақша алып берді. Мектеп буфетінде тәтті тоқаш 3-5 тиын тұратынын ескерсеңіз мынау дүниенің ақшасы ғой. Атамның жомарттығына риза болғаннан болса керек, өз үйім мектептен 15-20 метр қашықтықта болса да сабақтан кейін тура атам үйіне тарттым. Ертеңгісі тағы бір сом. Менен бай адам жоқ. Солай үш күн қатарымен үйде түнемедім. Төртінші күні таңертеңгі шайды ішіп болған соң атам қолын қалтасына салды. Менің дәмем зор. Бір кезде бетінде Лениннің басы бейнеленген темір ақшаны ұсынды. Тура, атам да аң-таң, мен де аң-таң күй кештім-ау, сірә. Осы кезде «қаным басыма шығып, бүгін сабақтан кейін тура үйге тарту керек» деген ой келді. Білдіртпеуге тырысып, сабағыма кеттім.

– Балам, атаң үйіне бармадың ба?, – деді анам үйге кіргенімде.

– Жоқ, бармаймын. Атамның ақшасы бітті, – деппін.

– Қайдағы ақша?- дейді ғой шешем нақтылап.

– Үш күн қатарымен қағаз ақша берген, бүгін тиын ғана берді, – дедім мыңқ етпестен…

Сөйтсем, Лениннің басы бар темір ақшаның құны да бұған дейін алып жүрген бір соммен бірдей екен ғой.

 

***

Менің замандастарымның өзі білмеуі мүмкін, мен қол шалғымен шөп шапқан ұрпақтың соңғысы шығармын. Ағам Жұмабай әскерге кеткенде қысқы мал азығын дайындауға анам бастап, менен үлкен апаларыммен бәріміз бірге баратынбыз. Таңертең ерте тұрып ас-суымызды дайындап аламыз. Оған дейін Сауыт нағашым да ат-арбасын жегіп келеді. Жолшыбай Көкеме (Мұхтар нағашымның бәйбішесі Көкеш Кәрмішқызы) соғып, ол кісіні де ала кетеміз. Анам дүкеннен шағын шалғы сатып әперді. Бірақ, ол шалғыларды саптау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ауыл шеберлері немесе Сауыт нағашым сияқты адамдар ғана жасайтын. Шалғыны дұрыс саптаудан бастап, шөп шабуды дұрыс меңгеру әдістері бар. Көкем мен менің анам үлкен шалғымен еркектерден кем түспей жығатын шөпті. Бәлкім оларға да нағашым үйреткен болуы керек. Менің құлашым әйтеуір, соңдарынан еріп жүруге ғана келеді. Бірақ үшеулеп келіп «мақтағандарына» қарағанда мен де жаман шаппайтын сияқтымын. Бұл жерде бірінші, балаға мотивация беру, екінші жағынан еңбекке баулу жатыр екен-ау. Бірінші күні анам екеулеп жығып келген шөп келесі күні түс ауа алдымен атжал жинап, кейін шөмелейлеп тастауға келеді. Үшінші күні омақа саламыз. Ол кезде әпкелерім түгел барады. Біз жұмысты бастап кеткен тұста анамыз пішен басында қос тігеді. Науқан режимі бойынша түскі ас, шөл басып, дем алу бәрі қарастырылған. Ара-арасында қиқарлығым ұстап қалған күні әпкелеріммен «төбелесіп» қалсам ауылға жаяу тартып кететінмін.

Айтпақшы, менің жылқыға әуестігім де сол Сауыт нағашымның арқасында басталған. Тай үйретіп, асаудың тізгінімен алысқанды ұнатпайтын бала болсын ба?! Мектептен келісімен ертеңгі күнгі сабағымды жасап, үй шаруасындағы міндеттерімді орындап нағашымның тайын үйретуге асығатынмын. Өте балажан адам еді. Мен туыстық жағынан үйір болсам, ауылдың өзге балалары жарықтықтың бауырмалдығы арқасында айналшақтап шықпайтын.

 

***

Балалық шақтан менің жадымда жатталып қалған жандардың бірі – Әбшайықтың Жақаны. Осы күнге дейін аңыз ғып айтып жүретін атамыз батагөйлігімен абыз болып есімізде қалды. Ол кісі тұрған тапалшақ келген жер үй де көз алдымда. Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып бара жатқан жауынгерлер, алыс сапарға шыққалы тұрған жолаушылар, қандай да бір бәле-жаладан аман құтылған адамдар тегіс сол атадан бата алатын. Жалғыз ағам әскерге аттанарда менің анам да екеуімізді ертіп сол үйге апарған. Даналығына құрмет шығар алдын ала баратын күнімізді белгілеп, ниеттеніп, кәдімгідей тазаланып баратынбыз.

Әттең… Қағаз-қаламға түсіре бергенде ғой. Көзі тірісінде немере інісі, ауылымыздың абыройлы ақсақалы Темірғалы ата Жақанның баталары деп жиі айтып жүретін. Оған да мән бермедік-ау. Бәлкім, ұрпақтарының бірінде сақтаулы қағаздары қалды ма екен. Ол енді болашақта бізге аманат болуы керек. Іздеп тауып, жинақтап алсақ үлкен сауапты іс болар еді. Шүкірлік қылатынымыз – ауылымызда мектеп директоры болған Қасым Данаұлы Темеңнің аузынан жазып алған бір батасын сақтап қалыпты.

Тілегіміз сəтті болсын.

Жегеніміз тəтті болсын.

Балаларымыз бақытты болсын.

Өнері өрге өрлесін.

Құлашын кең сермесін.

Қауіп-қатер төнбесін.

Жаманшылық көрмесін,

Әумин!

 

***

Біздің ауылда мен ес білгелі ғасыр жасаған жалғыз адам болса, ол – Файруза Ибатқызы әжеміз еді. Бәлкім мұндай аты бар апаны біреу білер, біреу білмес. Өйткені, бүгінде орда бұзар отыздан асып, қамал алар қырықтың қақпасын ашқан ауылдастарымның бәрі Әйапа деп атап кеткен. Сөйтсек, өте балажан болған апаны жақсы көрген балалар әйәй апа дегенінен шыққан екен бұл ныпсының төркіні. Жүзге жеткенше бетінен әр таймаған, өте ажарлы болатын. Бүкіл баланы маңайына жинап алатын ерекше бір қасиеті бар еді. Қалтасынан тәттісі арылмаған, тіпті болмай бара жатса тиын-тебен ұстатса да өткен-кеткенді құр қол қайтармайтын.

Құрсағын жарып шыққан төл перзенті болмаса да апамыз нағыз бақытты жан болатын. Соғыс көрген майдангер болсын, мүйізі қарағайдай ел басқарған азамат болсын Әйапаның алдында именіп, иіліп тұратын. Бетін қақпай, бөгде көрмей бүкіл ел туғанындай қадірледі. Соңғы сапарына да қалың елдің қабырғасы қайысып, құрметтеп аттандырды.

 

***

Балалық шақтың балдәуренін еске алғанда менің ойыма бірден әр оқу жылында екі костюм-шалбар киетінім оралады. Қыркүйекте анам сатып алып берген су жаңа мектеп формасын киетінмін де, жаңа жылдан кейін тағы да ине жіптен шыққан формаға ауыстыратынмын…

Мектеп формасының тақырыпқа қатысы не деп ойлап отырған шығарсыздар. Тікелей қатысы бар. Жалпы, мен жасымның қырықтың қырқасынан асқанына қарамастан өзімді әлі күнге ерке бала санаймын. Екі жастан асқанда әкемнен қалып, анам жеті баланы бір өзі бағып-қағып өсірді, ер жеткізді. Содан болса керек, кішкентайымнан ешкім бетімнен қақпай, туыстарым, көрші-қолаң, тіпті, мектепте мұғалімдер де еркелетті.

Ес білген тұсымда көршіміз Теміршот (азан шақырып қойған аты Темірбай) ағатай мен Орынтай тәтемен бір шаңырақтың адамдарындай араластық. Анам кеңшарда сауыншы. Таңертең ерте жұмысқа кетеді. Кеш келеді. Бізге бас-көз болу осы көршілеріміздің мойынына жүктеліп қойғандай. Әрине, кез-келген пенденің өмірі жайлы том-том етіп жазуға болады. Сол себепті де мен қысқа-қысқа эпизодтарға ғана тоқталмақпын.

Механизатор көршіміздің гүл мен тал егу сүйікті ісі болғанға ұқсайды. Үй маңындағы баққа гүлдің түр-түрін өсіретін. Бір жылы жас тал шыбықтарын көптеп әкелді. Өз ұлдары Радик пен Нұржан бар, маңайдағы мен, Ербол, Серік, Данияр сынды балалар жиналып көшет отырғызуға кірістік. Қызықтың бәрі ертеңгісінде басталды.

Ойнап жүргенімізде оңаша шақырып алып:

– Әй, Жука, (бала кезімде мені осылай атайтын) осы сенің еккен талдарың өзгеден ерек өсіп келеді. Байқаймын, жақсы суаратынға ұқсайсың. Тура күн санап құлпырып өсіп келеді, – демесі бар ма? Мұндай мадақ естіген балада ес қалсын ба, шынымен де күніне екі мәрте суды аямай құятын болдым.

Сөйтсе, ол кісі ана балаларға да дәл сондай мақтау айтады екен. Осылайша, бір-бірімізге бәсеке жасап бәріміз де ағаш суаруға ерекше көңіл бөлетін болыппыз. Расымен де, бір-екі жылдың ішінде ол кісінің бағы жайқалып, ағаштары құлпыра шықты.

Міне, бұл да бүгінгі ата-аналарда жетіспей жатқан қазақы тәрбиенің бір парағы екенін қазір түсініп отырмын.

…Қой қырықтыққа түсетін науқан. Күн ұзақ кеңшар жұмысында жүретін Теміршот ағатайым кешкісін қолына қырықтық алады. Маған қарағанда ересек ұлы Радикке бір тоқтыны байлап беріп, қырқуды үйрететін болса, маған да бір марқа қозыны жығып береді. Мен де намысқа тырысып, көршінің баласынан қалмай ақ тер, көк тер болып қырқамын ғой. Баланың ісі шала болатыны бесенеден белгілі. Бірақ, ағатайым тағы мақтайды. Мен болсам шын мәнінде ол екеуінен мен артық жұмыс істегендей масаттанамын. Жұмысты аяқтаған тұста маған мынау сенің еңбегің деп бір тушаны жетектетіп жіберетін. Тағы да сол кеш түсіндік, еңбекке баулудың нағыз үлгісі осы емес пе?! Мәрттік пен жомарттыққа үйрету өз алдына бөлек әңгіме.

Осылайша, жанды малын аямайтын көршіме мектеп формасы деген не тәйірі? Туған күнім сайын маған Орынтай апам жаңа костюм-шалбар кигізетін. Бағанадан бері жұмбақтап отырған жаңа мектеп формасының сыры осы еді. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы»,- деп тегін айтылмаған екен ғой. Балалық балдәуренімнің баянды өтуіне үлесін қосқан осы бір тамаша жандарға Алла Тағалам тауфықты ғұмыр берсін деп тілеймін.

 

***

Білмеймін, маған солай көріне ме, жоқ әлде әр оқушыға өз сыныбы ерекше сезіле ме, әйтеуір, мен оқыған сынып мектебіміздің мақтанышы сияқты еді. Барлық қызық оқиға тек бізде болғандай. Бірінші сыныпқа аяқ басқаннан-ақ өте ұйымшыл, ең белсенді болғанға ұқсайды. Бұл жерде сөз жоқ, алғашқы ұстаз ықпалы болатыны сөзсіз. Марқұм Бәтима (Бақыт Әбуқызы) мұғалімді анадайдан көре салып, алдынан жүгіріп шығып қарсы алуға асығатынбыз. Ең бірінші жетіп, қолындағы сөмкесін алып мектепке еріп келу біз үшін зор мәртебе еді ғой. Сол күні жалпақ тілмен айтқанда «ханға сәлем бермейсің». Балалық жүрген жерде қыздардың бұрымынан тартып ойнау, бұзықтық жасау бірге жүреді емес пе? Есімде, екінші сыныпта жүрген кезім болуы керек, көршінің жоғарғы сыныпта оқитын баласы маған «қоқан-лоққы» көрсетіп, менен жасы кіші баланы ұруға «бұйрық» берді. Білем, ұруға болмайды. Ал, ұрмасаң өзім «таяқ» жеймін. Оны да білем. Жалмауызға да жан керек емес пе? Өтірік ұрғандай болдым. Басы жарылып, көзі шыққан жоқ. Бірақ… Інішек те менен асқан «қу» екен. Ертеңгі күні сабаққа барғысы келмегенін сылтау етіп, мектепке бармаймын деп бүйректен сирақ шығарыпты. Содан оның анасы Бәтима мұғалімге арызданып келді. Менен мұндайды күтпеген мұғалімім расында да аң-таң. Не дерін білмей аңырап қалған-ау, сірә. Жұмабек, бар анаңды алып кел мектепке деді. Енді мұндайдың қайталанбайтынын айтып, бір жолға кешіруін сұрап жалынып көріп едім, одан нәтиже шықпады.

…Анам мені жетектеп, мектепке келдік. Не үшін шақырылғанын өзі де сезбей келеді. Мен де себебін айтпадым. Сынып бөлмесіне кіре салысымен «ережесіз жекпе-жек» басталды. Өзі жұмыстан шаршап, қалжырап келген анам менің бұл еркелігімді көтере алатын шамада емес еді. Ал, желкелеп, жұдырықтай жөнелмесі бар ма?! (Одан да көршінің жасы үлкендеу баласынан соққы алғаным жақсы еді-ау деп ойладым). Айналайын, Бәтима апайым осы кезде ғана «қателік» жасағанын ұқты. Шошып кеткені сондай, бұзықтық жасағаным үшін өзі шақырғанын ұмытып кеткендей, жанталаса мені арашалай бастады. Бұл менің оқушы болып жасаған бірінші және соңғы «қылмысым» еді.

Жалпы, әңгіме ауаны мектеп, мұғалім жаққа ауған соң біздің мектептің ұстаздары жайлы естеліктермен бөлісе кетейін. Мектеп директоры болған Сартай Ысқақұлы, оқу ісінің меңгерушісі Қайыр Қанжығалыұлы, Сәни Әбдіқалықұлы сынды аға ұстаздардың сол кездегі абыройын айтсаңшы. Ұстаздың ұлы есім екенін ескерген ауылдың кемпір-шалдары қарсы келіп көрмей, бәрі тегіс мұғалім деп өтті.

Тойымсыз ажал дегенін істемей қойсын ба. Бүгінгі күні арамызда жоқ Нұржан Данақызы, Бәтима Әбуқызы, Қаратай (Зейнеқарап) Ахметқызы, Тілектес Секенқызы, Раушан Кәрімқызы талайларды үлкен өмір жолына бағыттады. Балалықпен жасаған шалалығымыз үшін кешірім сұрағың келеді. Амал қанша, бүгін соларды тек сағынышпен еске алудан басқа шара жоқ. Жатқан жерлерің жәннаттан болсын.

Қызығы мен шыжығы қатар жүретін мұғалім болудың қаншалықты күрделі, қаншалықты жауапкершілік екенін кейіннен өзім мектепке орналасқанда сезіндім. Бір жыл болса да Сартай мұғаліммен, Қайыр мұғаліммен бірге қызмет жасадым. Менің оқушылықтан бастап мұғалімдікке дейінгі жүріп өткен жолымның куәгері сол кісілердің тәлімін алып, ұзақ жылдар қасында ұстаздықтың қыр-сырын меңгерген, бұл күндері өздері зейнет жасқа жеткен Нұртас Мұратұлы, Қарлығаш Қимадиденқызы. Біз Сіздерге қарап бой түзейміз, құрметті ұстаздар.

 

***

Тағы сол заманның өзгергені, тұрмыс деңгейінің өскені ғой, қазір балалар жазғы демалысты шетелде, теңіз жағалауында өткізгенді қалайды. Ұшаққа отырып, серуендеуді армандайды. Мен үшін жаз айларында анаммен бірге еріп, жайлауға бару романтика болатын. Сауын гурті ауылдан шамамен 20-25 шақырым қашықтықтағы Оймакөл жақта. Егіс бригадасы да сол маңда болатын. Нанға қаймақ жағып, бетіне қант сеуіп аласың, көкөністен де қияр мен қызанақтан басқа жоқ. Қасына кәмпит пен печенье қосып алсаң сенен бай адам жоқ. Сауын уақыты бір жарым, екі сағаттай. Жұрт жұмысқа білек сыбана кіріскенде, автобус жүргізушісі Тамар Асқаров ағатай мызғып ұйықтап алады. Атын ұмытып қалыппын, дұрысы білмейтінбіз, бүкіл гурттағылар Леонов деп атап кеткен бір орыс ағай сауын аппаратының моторын қосады. Сол двигательдің үні естілетін жерге дейін жүгіріп кетем де, сайын далада дастархан жаямын. Ұшы-қиыры жоқ далаға қарап масаттанамын, тамағымды ішемін. Мотор үні өшті дегенде қайта гурт маңына қарай зуылдаймын. Мұның несі қызық деулеріңіз бек мүмкін. Мен үшін қызық еді. Туған жерді, табиғатты сүюге баулыған кездер еді ғой бұл. Тағы таң қалатыным, сауыншылар ешқашан да қажып-шаршап келе жатқандарын көрсетпейтін. Қайтар жолда Әйкен, Елеу, Нағима, Гүлбаршын, Тілетай, Маша апай бәрі қосылып алып ән шырқайтын. Құдды бір мерекеден келе жатқандай көңіл-күйде болатын. Ал, үйге келгенде оларды кір жуу, ас дайындау, үй жинау сынды жұмыстар күтіп тұрады. Алайда, осылардың бірінің де бірдеңеге үлгермей жатырмыз деп мұрнынан шаншылған бірін көрмеппін.

Добавить комментарий