Менің балалық шағым, кезіндегі Жосалы совхозының маңындағы, негізінен Южный совхозына қарасты ата қонысымыз «Әтей» фермасында және Шоман ауылында өтті.

Анам қырқымнан шығысымен нағашы әжем Баженеева Шалатай марқұмның бауырына салыпты. Ұлы Сүлеймен Баязитов әскерде болғасын жалғызсырамасын дегені ғой деп түсіндім. Сонда анам Нұрпанудың өзі бала зарын  тартса керек. Бойы бұзылып, үш ер бала туып, бала көтере алмай жүріпті. Содан анамды нағашысы Күлдіров Зейтін атамыз Қарағандыға емшіге апарған екен. Алланың қалауымен мен дүниеге келіппін. Атымды Тұрсынай деп қойған Тілеубаевтардың анасы екен. Бүгінде өсіп-өнген ұрпақтары бар.

Аллаға шүкір, менен кейін сіңілі, бауырларым дүниеге келді. Анам 16 құрсақ көтерген, Аллаға тәубе, бүгінде сегізіміз тіріміз. Алла ғұмыр берсін!

Әкем Жакин Өмірзақ қойшы болды, анам үй шаруашылығымен айналысты. Анамның қолынан келмейтіні жоқ еді. Құс өсіріп, қоян асырап соларды іске жарататын. Мен апам Шалатай марқұммен төл алысуға баратынмын. Бардым деген аты ғана, ойын баласымыз ғой – ойнап кететінбіз. Тау-тасты аралағанды ұнататынмын. Ерке болып өстім. Ауылға келгенде көрші қыздарды жинап, мұғалім болып ойнайтынбыз. Олар кетсе, жылап қалатынмын.

Өсе келе кітапты көп оқыдым, оқымасқа шара жоқ. Нағашым Сүлеймен қадағалайтын. Апамды отырғызып ән айтып, сабақ беретінмін. Қазір ойласам, апам шаршаса да соған көне беретін. Сондай жаны жайсаң, момын еді. Мен дегенде жаны бөлек болатын. Маған біреу бірдеме десе жылап қалатын. Киімдерімізді жинап фермадан жаяу болса да кетуге дайын болатын. Ақшиге Қайырбек атамдікіне жиі баратынмын. Атам ірі денелі, әңгімесі қызықты еді. Совхоз кезіндегі әңгімелерін айтатын. Фермаға барсам, Балташ нағашымдікіне баратынмын, ол кісінің өлең шығаратыны бар. Соны жаттап алып айтып келетінмін. Соның әсері ме екен, мұғалім болуды қатты армандадым.

Екібастың педучилищесін бітіріп, Шөптікөл мектеп-интернатында бастауыш сынып мұғалімі болдым. Одан тәрбиеші болып Баянауылға ауыстым. Қарағандының мемлекеттік университетін бітіріп қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болдым. Талай ашық сабақтарды беріп, бағдарламалар жасап, түрлі тестер тапсырып, оқушылар дайындап, еңбек етіп соның арқасында бүгінде зейнеткерлікке шықтым.

Былтыр 11-сыныпты пәнім бойынша шығарып салып, бүгінде тәрбиешілік жұмыс жасап жатқан жайым бар. Бұл да керемет кезең екен. Аллаға шүкір шәкірттеріммен мақтана аламын. Еңбегім де еленді, ата-аналардың да алғысына бөлене білдім.

Алланың құдіретімен немерелер сүйдім. Екі келінім бар. Олар да мұғалім. Әрине, армансыз адам болмайды ғой. Жан жолдасым Жұматай өте жақсы азамат болды. Әрқашан қолдап, менің қуанышымды бірге бөлісе білген аяулы жан еді. Әттең, кем бір дүние… Шүкір содан бері қаншама қызықты күндер онсыз өтті.

Сол бір жылдар қайта оралып келсе деп ойлайсың.

Алаңсыз өткен жастық шақты армандайсың! Бұл күнде жоғарыда аталған адамдардың бәрі жоқ. Иман байлығын берсін деп, дұға оқып отырамыз. Алладан жастарға ғұмыр берсін деп тілейміз.

Адам барына қанағат қылса болды дер едім.

Балалық шақтың балдәурені енді қайтып келмейді.

Қол бұлғап мәңгі алыстан, демекші иә, шүкір дейік!

Осы өмірге келгенімізге, аз да болса абыроймен жүргенімізге шүкір. Осы уақытқа дейін өмірде небір жақсы адамдар кездесті, қиын кезде қол ұшын берді. Әдемі жылы сөздерімен жылытты. Керемет ұстаздарым болды. Әлі де баршылық. Мен сол үшін де аллаға сансыз ризамын. Ұстаздарыма бас иемін. Байғалова Мәпруза, Қоғабаев Жұмағали, Мұсабаев Жабай атты ұстаздарым. Бұл дүниеде жоқ қаншама ұстаздарым болды. Ақкөлева Бәкеш марқұм апайыммен хат жазысып тұратынбыз.

Баянауылға  келуіме себерші болған да сол апайым еді. Жатқан жері жайлы болсын. Күлшат, Марқаба, Садықова Мүнзия сынып жетекшім болды. Шыншыл да қатал еді. Аты аталмаған қаншама  ұстаздар мен әріптестерім бар. Бәріне ризамын. Шүкір! Барларының амандық-саулығын тілеймін.

Бұл күнде Қадиша Мавляновна апайыммен әлі де хабардармын. Үнемі үйретуден талмай келе жатыр. Үнемі ізденісте болғанымды қалады.  Қазіргі Шәкен Айманов мектеп-интернатының ұжымындағы әріптестеріме сөз жоқ. Ерекше жандар. Бұл күнде тәрбиеленушілерді шамамыз келгенше дұрыс болуын қадағалап жатқан жайымыз бар. Тәрбиешілердің еңбегі ерекше. Әр шаңырақтың еркесі мен серкелерін тәрбиелеу оңай емес…

Бұл күннің ата-аналары көбі жастар. Сондай қиын да қызықты өмірге ризашылық. Оқушылармен жүріп, солармен бірге жас болып жүргендейсің. Менің сонау бала кезден армандаған ұстаздық жолым аллаға шүкір зейнеткерлікке де жетті «Ешқашан шаршадым деме, құрысын дегенді айтпа, қолымнан келмейді дегенді айтушы болма, жұмыс сенің ата-анаң, бауырың» деп үйреткен нағашыма таң қалатынмын. «Неге?» деп… Соны кейін бірақ түсіндім. Сол сөздер мені алға сүйреді, солай жеткізді.

Бүгінде мен өз балаларыма соны айтамын. «Ізденістер игілікке бастайды» деген менің дәйексөзім болды. «Еңбек етсең, емерсің» дегенді  түсіндім. Шүкір. Менің жастық шақтағы мамандық таңдаудағы арманым адастырмады. Қалған ғұмырымда жайқалып өмір сүрсем дегенді арман етемін. Боталатып Аллам жылатпасын! Қаншама керемет шәкірттеріме жолдары болсын, саналы ұрпақ дайындауда адастырмасын, еңбектерінің жемісін көрсін демекпін. Бұл менің ішкі жан сырым. Бұл да біреуге сабақ болар. Байлық пен мақтанар жайым жоқ, шәкірттеріммен мақтанам. Ұстаздарыма алғысым шексіз.

 

Тұрсынай ЖАКИНА,

Білім беру ісінің ардагері,

Баянауыл ауданы.

Добавить комментарий