Қазіргі қазақстандық балалар әдебиеті қазақ ауыз әдебиетінен бастау алады. Ол өз кезегінде XIV-XV ғасырларда – қазақ халқының қалыптасуы мен қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңіне иек артады. Ал Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ қаламгерлері сақ пен үйсін, ғұн мен сармат, түгел түркі дүниесінің әдеби мұраларын зерделеуге кірісті. Қазақстанның балалар әдебиеті Мұзафар Әлімбаев, Мұхтар Мағауин, Қадыр Мырзалиев, Бердібек Соқпақбаев, Саурбек Бақбергенов, Виталий Старков және т.б. тұлғалар арқасында тың серпінге ие болды. Қазақстанның қазіргі балалар жазушыларына келетін болсақ, Баянғали Әлімжанов, Тілеуғазы Бейсембеков, Толымбек Әбдірайым, Маржан Ершу, Зира Наурызбаева, Лиля Клаус, Дария Жұмагелдинова, Ольга Марк және басқаларды атай аламыз. Осы қаламгердің жуан ортасына біз жерлес жазушы, аудармашы Серік Сатыбалдинді де қосуды жөн санаймыз.
Серік Сатыбалдиннің шығармашылығы республика оқырмандарына, оның ішінде жас буынға соңғы 15 жылда етене таныс болып үлгерді. Еліміздегі негізгі әдеби журналдар мен газеттерде үзбей жарияланып келе жатқан ертегілері, әңгімелері, өлеңдері, танымдық мақалалары мен түрлі аудармалары өз оқырмандарын тапқаны анық. Қаламгер балаларға арналған шығармаларды орыс тілінен қазақ тіліне аударады, ізденеді, тәжірибе жасайды. Ол мақсатына берік ізденімпаз, еңбекқор. Қазақ және орыс тілдерін тел емгенінің арқасында әлемдік классиктердің сүбелі туындыларымен сусындап, өзіндік көзқарасы, азаматтық ұстанымы қалыптасты. Адал, шыншыл, кез келген жағдайда бұра тартпай, әділдікке жақ болатын турашылдығы әр туындысынан, іс-әрекетінен көрініп тұрады. Терең білімі, ашық та еркін ойымен сыншылық сипатқа да ие.
Серік Қинаятұлының әр жылдары «Қылмыс пен жаза», «Қасиетті жұрт», «Қоңыр үңгір хикаясы» кітаптары жарық көрді. Оның қаламынан шыққан туындылар жанр алуандығымен ерекшенеледі. Газет-журналдар редакциясының екшеуінен өтіп, басылым беттерінде жарияланған, оқырманның оң бағасын алған шығармаларын ғана жеке жинақ қылып шығаруды мақсат тұтқаны жазбагердің төл туындыларын тасқа басуға деген жауапкершілігінің өте жоғары екенін танытады.
Қазіргі таңда балалардың әдеби әлемін фэнтези, қиял-ғажайып және сиқыршылық тақырыптағы әдебиеттер баурап алғаны белгілі. Балалар қызыға оқитын, ал кейбір жағдайларда ересектерді де елең еткізетін ағылшын жазушысы Дж.К.Роулинг жазған әйгілі «Гарри Поттер» романының сериясы жас оқырмандарды өмірдегі реалды оқиғалардан гөрі иллюзиялық өмірге еліктіре түскені байқалады.
Осындайда «Шыншыл бала» жинағына енген танымдық туындылардың халықтың рухын көтеріп, санасын өсіретін дүниелер екенін жазбай танимыз. Автордың жазушылық мақсаты – әр сөйлемі сайын оқырманын адамгершілікке тәрбиелеу. Д.А.Қонаевтың адами болмысы жайлы жазылған «Тұлғадан алар тәлім мол» мақаласы, уақыттың, яки өмірдің мәні турасында толғаған «Уақыттың қадірі» эссесі, «Ағайынның татулығы – ұлттың олжасы» мақаласы ұлт тәрбиесіне қосылған үлес.
Серік Сатыбалдиннің балаларға арналған туындылары мен аудармалары – ертегі терапиясы. Бұл шетелде, атап айтқанда Еуропада және соңғы жылдары Ресейде кеңінен қолданылатын ертегілермен емдеудің бір түрі. «Ертегімен емдеу» – баланың мінез-құлқы мен санасын түзетудің өнімді әдістерінің бірі. Автордың «Төрт таблетка», «Сабырлы сахаба», «Шыншыл бала», «Он екі жасар патша», «Мейірімді пілдер», «Шоқ тоғайдағы шарайна» және басқа да туындылары соның айғағы.
Балалар әдебиеті туралы айтқанда, біз, ең алдымен, Серік Сатыбалдиннің балалар үшін арнайы аударылған әйгілі авторлардың ертегілерін айтар едік. Г.Андерсеннің, Ш.Перроның, О.Уайльдтің, Р.Киплингтің, Д.Харристің түрлі-түсті иллюстрациялары бар көркем шығармалары, ертегілері, қиял-ғажайып оқиғалары немесе балалық шақтың ажырамас бөлігі болып табылатын шынайы оқиғаларға негізделген әңгімелері көз алдымызға келеді. Автордың аты мен өмірбаяны ұмытылса да, адам сюжетті есте сақтайды, сүйікті кітабын оқығанда пайда болған жағымды эмоцияларды жадына берік жаттайды. Жазушы Серіктің төл туындылары мен аудармалары баланың кітаптан алшақтап кетуіне жол бермейтін, басынан өткерген эмоциялар арқылы мектеп мұғалімдерінің көркем әдебиетті оқытуда пайдалана алатын құралы бола алады, өйткені бастапқыда балалар әдебиеті педагогикалық мақсатты көздейтіні анық. Автор-аудармашының шығармалары тәрбиелік маңызды рөл атқарады, баланың дамуы мен оқуына, талантының ашылуына ойтүркі салады.
Әртүрлі мазмұндағы шығармалар балаға әлемнің қалай жұмыс істейтінін жақсы түсінуге көмектеседі, бәлки, болашақта проблемаларды шешуге жол ашады. «Құпиясы көп құстар әлемі», «Жерді не ұстап тұр?», «Өзімшіл алып», «Тұт ағашы мен жібек құртының айтысы» сияқты туындылар баланың құндылықтары мен дүниетанымы негіздерін қалыптастырады. Мұнда кейіпкерлерге белгілі рөлдер тағайындалады және көп жағдайда зұлымдықты жақсылық, жалқаулықты еңбекқорлық, надандықты парасат, сауатсыздықты білімділік жеңеді.
Адамзатты қоршаған әлем ақ пен қара түсті ғана емес. Балалардың қуаныштары мен қиындықтары бар, олар көрсете алмайтын немесе бөлісуі қиын мәселелер болуы мүмкін. Осы орайда баланың сезімдерін түсінуге көмектесетін шығармалар Серік Қинаятұлында мол кездеседі. «Әнші мен дельфин» ертегісінің бас кейіпкері Арғынның өмір мен өлім, қаскөйлік пен мейірім мәселелерін терең түсінуіне көмектесуге арналған мысал адамгершілікті жоғалтып алмай, қиындықтан қалай аман өту және қайғымен күресу, орын алған оқиғадан ой түю даналығын дәріптейді.
Мен ата-аналарға Серік Қинаятұлының кітаптарын күнделікті балаларына дауыстап оқуға уақыт бөлуді ұсынамын. Бұл олардың қиялын дамытады, ойлауға және ой қорытуға әсерін тигізеді, сонымен қатар балаға сүйікті кейіпкерлер тауып, олармен бірге өткізген уақыттары туралы санасында жақсы естеліктер қалдырады.
Айбек ОРАЛХАН.