Pavlodar, KZ
21°
Ясно

Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі – әкелер күні. Өткен жылдан бері тойланып келе жатқан мереке еліміздегі отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге, отбасы институтын нығайтуға, әулеттегі әкелердің рөлін дамытуға ықпал ету мақсатында енгізілген болатын. Өкінішке қарай, соңғы уақытта отбасылық институттың әлеуметтік иммунитеті әлсіреп бара жатыр. Әке ұлағатын көрмей, аналардың бауырында ғана өсіп жатқан балалардың болашағы туралы жиі айтылып жүргені сондықтан. Отбасындағы және бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі қандай? Қоғамдағы ер адамдардың мәртебесін қалай арттырамыз? Өзекті мәселе төңірегіндегі сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Шараға облыстық қоғамдық бірлестіктің мүшесі Еркеғали Жанғазы, республикалық «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша филиалының төрағасы Қызыр Жанарыс, «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Дина Ержанова, «JEBE» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, жас әке Оразбек Саяхат қатысып, әке тақырыбында әңгіме өрбітті.

Тілші:
-Қазіргі уақытта бала тәрбиесімен аналар қауымы айналысып жатқаны жасырын емес. Мектептегі ата-аналар жиналысына қатысатындардың 95 пайызы – әйелдер қауымы десек, қателеспейміз. Жалпы, әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін ақсатып алмадық па? Осы төңірегінде ой қозғап көрсек.

Еркеғали ЖАНҒАЗЫ:
-Біздің заманымыздағы ұрпақты бір ауыл тәрбиеледі. Ауылдағы әкемізбен жасты адамдар, ата-әжелердің бәрі ұрпақ тәрбиесіне ат салысты. Шешеміз әкеміздің отбасындағы орнын, мәртебесін үнемі есімізге салып өсірді. Кеңес Одағы кезінде әкеміз жұмысқа таңертең кетіп, кеш батқанда келетін. Кейде ол кісіні апталап көрмейтін едік. Бірақ соған қарамастан әкенің қадірін біліп өстік. Кеңес Одағынан кейін колхоз-совхоздардағы зауыттар жабылғаннан кейін еркектердің басым көпшілігі жұмыстарынан айырылды. Асыраушы деген атағын жоғалта бастады. Сол кезде әйел адамдар асыраушы болды. Қазақ халқында ер адамның сауда саласында еңбек етуі өте ұят саналатын. Осы уақытта әйел адамға біртіндеп басымдық рөл көше бастады.
Бала күнімізде жиналыстарға әкеміз көп баратын. Осыдан 5 жыл бұрын іс-шараларда «қазіргі балалар неге ынжық?» деген тақырыпты қозғап, сараптама жүргізген болатынбыз. Сөйтсек, балабақшадағы тәрбиешілер – әйелдер, мектептегі ұстаздардың дені – әйелдер, орта және жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың 80 пайызы тағы да -әйелдер қауымы екен. Ұл балалардың мінезінің өзгеруіне осы жағдайлар себеп. Бүгінгі уақыт қаражатқа байланған заман ғой. Қазіргі уақытта кез келген әйел ақша таба алады. Әкенің рөлін төмендетіп алғанымыз ақиқат.
Кезінде «Қағандық» қоғамдық бірлестігін қоғамдағы ер азаматтың, отбасындағы әкенің рөлін арттыру мақсатында құрған едік. Өкінішке қарай, көшеде келе жатып, ешкімге ақыл айта алмайсың. Қазіргі жастардың көзқарасы, дүниетанымы мүлде бөлек. Бізге маңызды болып саналатын нәрсе оларға қызықты емес. Қоғамдық көлікке мінген ұл-қыздар үлкенге орын беру дегенді білмейді. Олардың түсінігінде жолақысы төленгеннен кейін олар қоғамдық көліктегі орынға отыра алады. Бұрынғыдай адамгершілік, үлкенді сыйлау сынды тәрбие қалып барады.

Тілші:
-Қызыр аға, сіз басқарып отырған қоғамдық бірлестік әкелер институтын қалыптастыруда жұмыс атқарып келе жатқанын білеміз. Мақсат орындалды ма?

-Біздің бірлестік тек қана әкелермен жұмыс істемейді. Жалпы, ата-аналар қауымымен байланыс орнатылған. Бірақ бірлестік құрылған кезде әу баста әкелерге мән бергеніміз рас. «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігі еліміз бойынша 16 облыста жұмыс істейді. Оның құрамында 142 ата-ана тіркелген.
Иә, қазіргі уақытта әкелердің 90 пайызы бала тәрбиесіне мән бермейтіні шындық. Мектептегі жиналыстарға да аналар барады. Өз басым қоғамдық бірлестікке жұмысқа келгенге дейін балаларымның не киіп жүргеніне мән бермеппін. Әйтеуір, анасына киім-кешекке деп ақша беретінмін. Қажетті сауда орнына апарып, әйелім мен балаларымды көлік ішінде күтіп отыратынмын. Олар киімді өздері барып сатып алатын.
Отбасын тәрбиеге бейімдеу – адами идеология дер едім. Идеология дүкеннен сатып алатын зат емес. Бір адамның миына математиканы құю үшін 11 жыл оқытады. Ал ұлттық идеологияны, тәрбиені адам бойына сіңіру – үлкен жұмыс. Ол оңайлықпен келмейді. Ұзақ жылдарға жалғасуы мүмкін. Біздің бірлестік үш жыл көлемінде жұмыс жасап келеді. Қазіргі уақытта аймағымыздың мектептерінде әкелер кеңесі құрылған. Ауылда да бар. Облыста 50-ге жуық мектепте әкелер кеңесін құруға қатыстық. Мектеп басшылығы мен тәрбие жөніндегі орынбасарлармен қалай жұмыс істеу керектігі жөнінде тәжірибе бөлісеміз. Әкелер балаларымен бірге доп ойнап, қамшы өру сынды шараларға қатысады. Әсіресе, Ертіс, Тереңкөл, Успен, Железин сынды өзге халық көп тұратын аудандармен тығыз жұмыс істедік. Қазіргі таңда Екібастұз қаласымен жұмысты күшейтудеміз. Әрбір мектепте әлеуметтік желіде арнайы әкелерге арналған чат құрылды. Бүгінде Павлодар қаласындағы №19 мектепте 220 әке бар. Ал облыс орталығындағы №12 мектепте 80-ге жуық, №37 мектепте 200-ден астам әке бар. Әкелер кеңесіндегі азаматтардың дені –жастар. Әкелер кеңесі мектеп басшылығымен тығыс байланысты жұмыс істеуі тиіс. Мысалы, дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназиясында мектепке тұрақты келетін 80-нен астам әке бар. Олар білім беру мекемесіне келіп, балаларының жағдайын бақылайды. Білім беру мекемелерінде әкелер бағы да ашылып жатыр. Күзде мектеп ауласында жапырақ, қыста қар жинау, көктемде құм төсеу сынды жұмыстарға қатысады. Мектепке келмейтін ата-аналармен де жұмыс жасайды. Көп жағдайда жалғызбасты ата-аналар, тұрмысы төмен отбасылар қарым-қатынас орнатпайды. Баласының оқу үлгерімі төмен ата-аналар да мектепке жолаудан қашады. Міне, әкелер қауымы ата-аналардың жағдайымен танысып, сырласады.
Біз ең бірінші кезекте ата-ананы тәрбиелейміз. Егер ата-анасының түсінігі дұрыс болса, баласы да ақылды болады. Міне, осы бағытта жұмыс атқарып келеміз. Нәтиже бір кісінің қолынан келмейді. Көппен атқарылады.

Тілші :
– Отбасында әкенің мәртебесін арттыру, беделін жоғары қоюда әйел адам көп рөл атқаруы тиіс. «Әкелерің келді» деген сөзді естіген балалар оның қас-қабағына қарап өскен. Солай емес пе?

Дина ЕРБОЛАТҚЫЗЫ:
-Иә, дұрыс айтасыз, әке – асқар тауымыз. Отан – отбасынан басталады деп тегін айтылмаса керек. Шағын мемлекеттің негізін қалаушы, қамқоршысы – әке. Ол адам отбасына қаржылық, рухани тұрғыдан барлық жағдайды жасайтын адам. Сондықтан ол құрметке лайық болуы тиіс. Әкенің балалар алдындағы дәрежесін қалыптастыруда аналар қауымының атқарар рөлі зор.
Өз отбасымда әкеміз мейірімді адам болды. Балаларына дауыс көтерген кезін көрген емеспіз. Бірақ әкемізді құрметтеп, жақсы көріп өстік. Бұл ретте анамыздың даналығы, тәрбиесі себеп болды. Әлі күнге дейін өз отбасымыз болса да, әкеміздің қас-қабағына қараймыз.
Отбасында әке әйелден бір саты биік тұрады. Кезінде ата-балбаларымыз баланы үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. «Ұят болады», «Обал болады» және «Жаман болады» деген қағидаларды ұстанған балалар жамандық атаулыдан аулақ жүруге тырысатын.
Қазір заман дамыған. Қоғамда бәрі ақшаға тәуелді болып барады. Әкенің берген ақылы мен тәлімін 100 мектеп те бере алмайды. Қазіргі уақытта білім беру мекемелерінде «Даналық мектебі», Әкелер кеңесі жұмыс істеп жатқаны қуантады.
Өз басым облыс орталығына жақын орналасқан Теміржолшылар кентіндегі мектепте жұмыс істеймін. Мұнда аналарға арналған «Даналық мектебі» жұмыс істейді. Шағын мектепте 197 оқушы бар. Жақында білім ошағында «Әжелер клубын» аштық. Оның құрамында 8 әже бар. Олар балаларға салт-дәстүрлер, ұмыт болып бара жатқан тыйымдарды үйретеді. Бүгінде әжелерге бірыңғай қазақи киім тігілді. Олар мектепке кимешек киіп келеді. Енді оқушыларымыз ақылгөй әжелерімізден де тәлім алуда.

Оразбек САЯХАТ:
-Шыны керек, бұрынғы және қазіргі қоғамдағы бала тәрбиесі екі бөлек. Мысалы, анамыз кезінде ер баланың санасында әкені тұлға ретінде қалыптастыруда ерекше рөл атқарды. Шешем әпкем екеуімізді әкеміздің қабағына қарап өсуге тәрбиеледі. «Әкең жұмыстан келеді», «әкеңмен ақылдас», «әкеңнен сұран» деген секілді қарапайым тәрбиені санамызға құйды. Қазіргі отбасыларда осы жағдай әлсіреп барады. Баланың әкеге иек артуынан гөрі, шешесіне жақын болуы басым болып кетті. Ұл рухты, намысшыл болып өсуі үшін, мейлінше әкенің тәрбиесін көп көру қажет. Сонда бала әкенің бүкіл тұлғалық болмысына, өмірлік ұстанымына қарап бой түзейді.

Тілші:
-Қай қоғамды алып қарасақ та, әке – түздің адамы. Отбасынан жырақта, жұмыста жүреді. Олар табыс табуға міндетті, әке отбасын асырауға тиіс деген ұстанымдар берік орнаған. Осындайдан кейін әке мәртебесінің кейбір қасиеттері көрінбей қалатын сияқты.

Еркеғали ЖАНҒАЗЫ:
-Отбасыны ең бірінші кезекте асырайтын – әке. Бұл – табиғи заңдылық. Бірақ қазіргі уақытта әйелдер де отбасын асырай алатын деңгейге жеткен. Кейбір әйелдердің табысы ерінің еңбекақысынан жоғары. Мектепте мұғалім болып ай сайын жарты миллион теңге көлемінде жалақы алатын әйелдер бар. Десе де, мәселе әйелдің даналығында. Ол ұл-қызының алдында әкенің беделін арттырып, оған асыраушы, отағасы деп қарауы тиіс. Қазақ отбасында ер адамға ауыр сөз айтқаны үшін мүгедек болып өмірден өткен аналарымыз бар. Оны тарихтан біле аламыз. Ал қазіргі қоғам мұндайды қабылдай алмайды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданған заң әйелдерді қолдауға бағытталған. Ал қазақ отбасында ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс болмаған. Жалпы, үйде ер адамның сөзінен асатын сөз болмауы тиіс. Соңғы сөзді әке айтуы керек.
Қазіргі қазақ отбасындағы балалар орыс тілінде білім беретін мектепте білім алуда. Осыдан кейін ұлттық идеология туралы айту да қиын.

Дина ЕРБОЛАТҚЫЗЫ:
– Ер адам мал тапса, әйел өмірге сәби әкеліп, оның тәрбиесімен айналысуға жаратылған. Біз бұл гармонияны бұзып алдық. Өйткені еркек пен әйел тең құқылы деген ұғымды миымызға сіңірді. Отаршылдық жүйе, кейін Кеңес Одағы қазақтың осы тамаша мектептерін жойды. Еркек пен әйелді тең деп жариялады. Еркектердің беделі күрт төмендеп, балаға идеал болудан алшақтады. Қазақ әйелінің ерін сыйламау құбылысы қазақ даласындағы әкелер мектебінің тамырына балта шапты десем, қателеспеймін. Бұл құбылыс осы күнге дейін жалғасып келеді.

Тілші:
-Бала тәрбиесінде ар адамдар қандай рөлді атқаруы тиіс?

Оразбек САЯХАТ:
-Отбасы мүшелерінің жайлы өмір сүруі, бала-шағаның тәрбиелі болып өсуі – шаңырақтың темірқазығы саналатын отағасының ақылы мен еңбекқорлығына тікелей байланысты. Бүгінде әкелердің басым көпшілігі күйбең тіршілікпен аласұрып, жұмысбастылықтан арыла алмай, тек табыс тауып, отбасын асырау, материалдық жағдай жасау қамымен жүр. Тіпті, кейбірі үйден жырақта жұмыс істеп, бала-шағасын ұзақ мерзім көрмейді. Сол себепті бала тәрбиесімен анасы ғана айналысады.
Өз басым жас отбасымын. Жұбайым екеуіміз екі баланы тәрбиелеп, үшінші сәбиімізді күтіп жүрміз. Қызым 3 жастан асса, ұлым екіге толды. Ер баладан гөрі қызымның тәрбиесі үшін алаңдаймын. Біз бала күнімізде ата-әжелерімізден таяқ жеп өстік. Бірақ одан жаман болған емеспіз. Олардың «таяқ жейсің» деген бір ауыз сөзінен тым-тырыс бола қалатынбыз. Ауылдарда көшелерді топ болып аралап жүретін ер адамдар да ұл балаларға тәрбие бере алды деп айта аламын. Жасы үлкен ағаларымыздан құралған топтың ортасына түскенде батыл болуға, қорқақ болмауға үйрендік. Ал қазіргі ұлдарды анасы мен қатар әкелері де тым еркелетеді. Ұл балалардың бойында бұрынғыдай өжеттік азайып барады. Өйткені ата-анасы баласының бар айтқанын орындайды. Шыны керек, қазіргі балалар тәрбиені телефоннан алып жатыр. Өзіміз ересек болса да, әйтеуір тыныш отыр ғой деп ұялы телефоннан мультфильм қосып береміз. Қазіргі жас отбасыларының бәрінде осы жағдай десем, қателеспеймін.
Үйде бала тәрбиесімен жұбайым айналысады. Демалыс күндері ұл-қызымды балаларға арналған ойын-сауықтыру кешендері апарып тұрамын. Бұдан бөлек, ауылға ата-әжесіне қонаққа барамыз.
Бір қуанарым, елімізде әкелер күні белгіленіп, әкелердің отбасындағы рөлі мәселесі жан-жақты талқыланып жатқаны. Осындай көпшілікке ой салатын шаралар арқылы да ер адамдардың қоғамдағы орнын арттыра аламыз деп ойлаймын.

Дина ЕРБОЛАТҚЫЗЫ:
-Отбасындағы бала тәрбиесімен аналар айналысатыны ақиқат. Десе де, бұл мәселеге әкенің де араласқаны маңызды. Өйткені әкенің тәрбиесін ешкім бере алмайды. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі баланың көз алдындағы үлгі өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. «Әке – бәйтерек» деген мақал әкенің беделін көрсеткен. «Әке балаға сыншы» дейді дана халқымыз. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос болуы керек. Қазіргі ер азаматтар ұлдарының немеен айналысып жатқанынан бейхабар болып жатады. Қыз балаға да әкенің тәрбиесі қажет. Қыздар табиғатынан әкеге жақын болып өседі. Әрбір қыз бала әкесінің қасында өзін қорғаны мықты адам ретінде сезінуі тиіс. Жұмыстан шаршап келсе де, кішкене уақыт тауып, баласымен бірге сабақ оқып, кино көруге, белгілі бір тақырыпта әңгімелесуге болады. Ұл-қызына оқушы кезіндегі қызықты оқиғаларды да айтып бере алады. Бұл да – тәрбие.

Еркеғали ЖАНҒАЗЫ:
-Кезінде ата-әже институты болды. Біз сол мектептен тәлім-тәрбие алдық. Оразбектің айтып отырған көшедегі ағалардан біз де көп нәрсені үйрендік. Дене шынықтыру залына кешігіп келген кезде де сол ағалардан таяқ жейтін едік. Олар бізді тәртіпке үйретті. Бұдан бөлек, жеңгелер институты болды. Қазір қоғам бәрін заңмен реттеуге тырысады. Әйелдер тек сол заңды негізге алып, еркектердің алдында жоғары болуға тырысады. Ал бұрынғы заманда ата-аналарымыз ешбір заңсыз тату-тәтті өмір сүрген. Міне, біз осы тәрбиені жоғалтып алдық.

Тілші:
-Бала бойында жақсы-жаман қасиеттер байқалса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан. Өкінішке қарай, толық емес отбасында әкесіз өсіп жатқан балалар бар. Қазіргі уақытта жас отбасылар арасында ажырасу жағдайлары көбеюде. Бұл мәселе туралы не айтасыздар?

Қызыр ЖАНАРЫС:
-2022 жылы еліміз ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде 8-інші орында болды. Ал 2023 жылы 5-інші орынға көтерілдік. Биыл екінші орында тұрмыз. Біз әлем бойынша Үндістан мен Қытайдың алдында тұрмыз. Үндістанда 1,5 млрд-тан астам адам тұрады. Өзім Үндістанның бірнеше қаласында болдым. Ол жаққа ажырасу адамдардың күнкөріс деңгейінің нашарлауынан орын алады. Мұнда 350 млн кедей тұрады. Бұл дегеніңіз үй-күйі жоқ тұрғындар. Кедейліктің шегіне жеткен мемлекетте суицид жоқ, халқы көп болса да, ажырасудан біз олардан озып тұрмыз. Тұрғындары ұлттық идеологияға берік. Жергілікті халық 320 дінді ұстанады. Әрқайсысы өз сенімімен өмір сүреді. Бізде ажырасуға адамдардың көзқарасының өзгеруі себеп болып отыр. Қазіргі уақытта жастар өмірдің мәнін қаражатқа тірейді. Бұдан басқаны ойламайды. Өмірде әке тәрбиесін көрмеген ұл -әке сыйлауды, қыз – күйеу сыйлауды білмейді. Бұл мәселені шешуде ұлттық, рухани құндылықты көтеру қажет.

Еркеғали ЖАНҒАЗЫ:
-Жоғарыда біздің заманымызда ата-әженің институты болғанын айттым. Солардың тәлім-тәрбиесі мен даналығының арқасында келіндер күйеуін сыйлап, бала тәрбиесімен айналысты. Ал қазіргі келіншектер ақылды психолог, коучтардан сұрайды. Әлеуметтік желіде талқыланатын видеолардан сабақ алады. Танымайтын адамның ақылымен өмір сүреді. Кезінде атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін ажырасып кеткен отбасыларды білемін. Үй кезегіне тұру үшін де қағаз жүзінде екі жаққа кеткен жанұялар бар. Қазақ халқында әйелдің үйге қайтып келуі – өліммен тең болған. Қазір жастар шаңырақтың киесін кетіріп алған. Бұрындары ерлі-зайыптылар арасында ажырасу деген сөз мүлде болмайтын. Қазір отбасы құндылығы жойылып барады. Бұдан тек бала ғана сорлайды.

Тілші:
Қоғамда әкелер институтын қалыптастыру үшін қандай жұмыс жүргізілуі керек?

Қызыр ЖАНАРЫС:
-Ең бірінші кезекте ұлттық идеологияны қалыптастыру қажет. Қоғамда ер адамның рөлін арттыру мақсатында көптеген жиналысқа қатысып, ойымызды айтып жүрміз. Осындай шаралардан нәтиже шығып, оқырмандарға ой сала білсек, ұтқанымыз.

Оразбек САЯХАТ:
– Қоғамдағы ерлердің рөлін әке ретінде де, азамат ретінде де бұқаралық ақпарат құралдары және кино арқылы арттыру керек. Отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі, аталар мен әжелердің рөлі туралы бағдарламалар мен мақалаларды көбірек шығаруды ұсынар едім. Сонымен қатар, мектептерде құрылған әкелер мектебінің жұмысын күшейту қажет.

Түйін:
Отбасында әкенің орны қашанда бөлек. Әке – шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, ұл-қызын асырап-бағуға, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам. Әке – бала үшін асқар тау. Әкенің ұлға беретін тәр¬биесін басқа әке не басқа институт бере алмайтынын қазақ халқы әуелден білген. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау баланың парызы болмақ. Ал отбасындағы әкенің мәртебесін арттыру – қоғам үшін ортақ міндет.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

Добавить комментарий