Ақын, журналист, «Сарыарқа самалы» газетінің веб-редакторы Алтынбек Елемесұлымен блиц-сұхбатқа назар салыңыз, қадірлі оқырман.
– Алтынбек, сеніңше өлең деген не?
– Қасым Аманжолов жырлағандай: «Өлеңім – менің бөбегім, Өзіме тартқан секілді». Мұқағали Мақатаев айтқандай: «Поэзия – сезім мен рухтың құймасы».
– Бүгінгі қоғамның ақыны қандай болуы керек?
– Мұқағали Мақатев айтқандай, қазіргі нағыз ақын «Адам жанының инженері» болып қалу керек.
– Бүгінгі шығармалар қазіргі қоғамдағы өткір сұрақтарға жауап бере ала ма?
– Сиямен емес, қан мен термен жазылған шығармалар бар. Жауабын содан іздеп көріңіздер.
– Әдеби орта қаламгерге не береді?
– Рухани байланыс.
– Үнсіздікті неге жақсы көресің?
– Бітпейтін сұрақ…
Күтпейтін жерінде жауап,
Отыз екі тіс пен тілімді ерінге қамап,
Үндемейтінім – жанымның жанайқайы шығар,
Жанын алатын ауыздың желімге қарап.
– Уақыттың саған дайындаған тосынсыйынан не күтесің?
– Бақыт.
– «Сыртыңда» не бар? «Ішіңде» не бар?
– Сыртым – самарқау, ішім – жанартау.
– «Ақындардың барлығы жарадар ма?»
– 99 пайызы. 1 пайыз өлеңшілер бар.
– «Жолы жығуға неге осы жатық қаланың?»
– …Жығылып қалсаң, қарамас уақыт, қарағым.
Мендегі мұң мен қайғының түбі көрінбейді
Батып барамын.
– «Жан сырыңды ұғар ма жат ақтара?»
– Сырларыңыз ортақ болса…
– Рахмет, Алтынбек!
Әңгімелескен, Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.