Софы СМАТАЕВ
Ұлы Отан соғысы…
Осынау үш сөз тіркесін кейінгі кездерде онша елей қоймайтын халге жетіп, соған әлдебір күдікпен үрке қарайтын да боп бара жатқан тәріздіміз.
Отан деген ұғымға сол кездегі Кеңес Одағын сиғызамыз ба, бүгінгі Қазақстанға сол Отан соғысының ешқандай қатысы жоқтай, мұрын шүйіре шыр айналатын қатарымыздың күн санап көбейе түскенін де жасыра алмаймыз.
Бірақ Ұлы Отан соғысы – ақиқат болған оқиға ғой. Туған елден жырақта, от пен оқтың ортасында, өмір мен өлім арпалысында фашистік жендеттерді бір адым ілгері аттатпай, оқ тескен кеудесімен жат жердің топырағын құшып, мәңгілік тосқауыл боп қалған қазақстандық боздақтардың “Отан үшін!” деп өлгенін қалай ұмытармыз. Кейінгі ұрпақ ұмытқанмен, қанды қырғынның қызу жалынын кешіп келген, тәні түгіл жаны жаралы жауынгерлер, жүздеген бауырлар қорымында жатқан әруақтардың үзілмес рухы ұмыта қояр ма екен…
Әрине ұмытпайды.
Отан деген ұғымның аясы қандай кең болса, сол Отан-анаға деген перзенттік сүйіспеншілігі сондай мол ұлдарының, әсіресе Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің майдан даласында, өрт құшағында тілкемденген жүйкелері мен жалынға оранған жаралы жандары соғыстың сұрапыл күндерін, етігімен қан кештірген қасіретті сүрлеуін ешқашан ұмытпайды.
Жақында ғана осы ойымды барынша растайтын бұрынғы майдангер, бүгінгі зейнеткер, полковник ағамен кездескен едім.
Ол – ардагер Боранбай Бекбосынов.
Боранбай аға Қарағанды облысының Жаңарқа ауданының түлегі. Арқаның атан түйедей атпал азаматы. 1940 жылы жиырмаға енді ғана толғанда Ақмоланың педучилищесін бітіріп, сол қаладағы орта мектепте екі ай сабақ беріп үлгерместен-ақ, сол жылдың қоңыр күзінде әскер қатарына шақырылады. Орта білімі бар Бөрекеңді қазақстандық екі досымен бірге Хабаровскідегі әскери училищеге қабылдап, оны 1942 жылы бітіртіп шығарған екен.
Бұл кез – соғыстың ең бір ауыр, әрі шиеленіскен шайқастары жүріп жатқан қиын-қысталаң кезеңі екені тарихтан мәлім.
“Сол, 1942 жылдың маусым айында мені Ленинград майданына әкеп түсірді, – деп әңгімесін бастай берген Бөрекең ақсақал сәл кідіріп қалған еді. Қанды қырғынның сойқаны көз алдына барлық бедер-белгісімен оралды ма, жанары сәтте суық тартып, қоңырқай жүзі сұрланып сала берді. – Майданның нағыз қысылтаяң күндеріне тап болған екем, келген бойда шын мәнінде от пен оқтың ортасына ендім де кеттім. Блокада құрсауында қалған ленинградтықтардың адам төзгісіз ауыр жағдайын күн сайын естиміз. Естіген сайын қабырғамыз қайысады. Қайтсек те блокаданы бұзуымыз қажет екенін, арып, ашыққан тұрғындарды азаптан тезірек құтқару керектігін жан-жүрегімізбен сезіп, екі қолға түкіріп жүрміз. Мен Екінші екпінді армияның құрамындағы 131-ші Ропщинск дивизиясы 593-ші атқыштар полкының бірінші батальоныңда взвод командирі боп бастағам жауынгерлік жолымды. Содан блокаданың беломыртқасын үзіп түсу үшін аса күрделі айқастарды бастап та кеттік. Жан беріп, жан алысқан шақтар ғой ол, жиенжан. Қайсыбірін айта берейін. Отан деген ұғым ол кезде әрі кең, әрі киелі болатын. Ол ақселеулі кең көсілген қазақ даласы, ақ басты, қарлы шыңды Алатау да қарауыта мұнартқан Қаратау да, алтын алқадай ардақты Алтай да, алаштың кіндік қазығы Ұлытау да ғана емес, Отан ол кезде өртке оранған Украина мен Белоруссия, Балтық елдері мен Закавказье, қоршауда қалған Ленинград та болатын. “Отан үшін!” деп шыбын жанды шүберекке түйіп жүріп талай рет атакаға да шықтық қой. Талай қанды көйлек достардан да айрылдық қой… Амал не, соғыс заңы солай. Өлім арқылы өмірді ұзартуға боларын, қырғын арқылы тірлікті сақтап, әрі жалғастырып әкетуге боларын сол күндерде ұққан да едік. Сол ұғым, сол жеңіске деген құштарлық дейтін киелі борышыңды бүкіл болмысыңмен сезіну – сол кездегі барлық совет азаматтарына тән қасиет еді. Одан бүгінде айрылып, алыстап бара жатқанымызға қатты қайғырам, әрине…
Бөрекең тағы да үнсіз қап, сырттағы көктемгі шуақты мәдақтап жатқан торғайлардың үніне құлақ тосқандай, әлде сонау бір от-жалынға оранған жастық шағына қиялмен қайта оралды ма, біразға дейін қыбыр етпеді. Сол мінәжат еткендей маған жұмбақтау, байырғы жауынгердің өзіне сондай қымбат һәм аяулы қалпын бұзуға дәтім бармай, мен де отырып қалдым.
Бөрекең оқыс қозғалып, әңгімесін жіті сабақтап кетті.
– Иә! Фашистерді тұмсыққа соғып, блокаданы да бұздық. Ленинградқа азаттық ауасын әкеліп, тіршілік тынысын кеңітіп бердік. Сол кезді еске алғанда, әлі күнге өзіме өзім ырзалық танытам. Өйткені осынау аса көркем мәдениет ошағы — Ленинградты қылғындырған блокаданы тас-талқан еткен құдіретті совет армиясының бір офицері болғанымды өзім ғана емес, өзгелер де құрметтейді.
– Блокада қашан бұзылып еді?
– 1943 жылдың күзінде басталып, 1944 жылдың қаңтарында Ленинград жаудан толық азат етілді ғой.
Ленинград… Жүрегімді өзіне жіпсіз байлаған құдірет қой ол. Жауынгерлік жорығымды осы қаланы азат етуден бастағанымнан ба, әлде ленинградтықтардың өз құтқарушы ұлдарына деген адал көңілдерінің үнемі шарпып тұратын ыстық ықыласынан ба, мен қазіргі Санкт-Петербургты емес, бұрынғы Ленинградты елжірей еске алып отырам…
Ленинградтың 533-мектебіндегі музейде менің суретім мен жауынгерлік жолым туралы жазылған экспонаттар бар. Сол мектептің оқушылары менімен хат арқылы үзбей хабарласып тұрады.
Ленинградты көрмегелі де жиырма шақты жыл боп қапты… Соңғы рет 1984 жылы 20-қаңтарда өткен
Ленинградтың толық азат етілуінің 40 жылдық мерекесіне қалалық партия комитеті мен ардагерлер кеңесінің шақыртуымен жеңгең Сабилә екеуміз барып қайтқанбыз.
Жауынгерлік өмір мені өз дивизияммен бірге Эстонияны азат етуге алып кеткен…
Эстонияда небір қиянкескі ұрыстарды бастан кештік.
Батальон командирімін. Полк басшысынан Майево деген селоны немістерден қайткенде де босатыңдар деген бұйрық алған соң, барлаушыларды жөнелттім. Барлаушыларым қарауылда тұрған екі немісті желкелеп алып жетті. Солардан жауап алып, әлгі мықты бекінген селоның жай-жапсарымен танысып, осал тұстарын белгіледік. Резервтен көмек жеткенше кеш болатындықтан өзім шұғыл әрі тұтқиыл шабуыл жасауға бекіндім. Түн жамыла елеусіз сақ қозғалып, түнгі төрт шамасында үш ротаға селоны үш жағынан қоршауға алғызып, станокты пулеметтерді құрып қойып, сақадай сай дайындық жасадық. Әр солдатқа қадау-қадау түрде қысқа да нақты тапсырмалар беріп, белгі-оқ атылысымен-ақ “Уралап!” атакаға көтерілуін пысықтадым.
Таңғы бес жарым кезінде бір мезгілде бүкіл қару-жарақтан оқты төпеп кеп бердік. Содан әрі ұзатпастан тұс-тұсынан селоға жөңкіле құйылдық. Есі шығып, зәре-құты ұшқан жау әскері жалаңаш-жалпы дүркіреп шығып, еш қарсылық көрсете алмастан бүрсеңдеп қол көтеруге мәжбүр болды. Сонымен жүз елу солдат, арасында полковнигі бар он үш офицерді тұтқынға түсіріп, селоны босатып алдық.
Одан әрі Нарва қаласы үшін шайқастар жалғасып кетті. Нарва-Эстонияға кірер қақпаны мықтап жауып тұрған неміс армиясының мықты бекініс ауданы болатын. Бірақ жеңіс дәмін татып, әділет үшін арпалысқан совет жауынгерлері бұл кезде мықтап дүрілдеп тұрған-ды. Тұтқиыл шабуылмен 1944 жылдың 26 шілдесінде Нарваны жаудан тазартып алдық. Осы шайқастан кейін біздің 593-полкке 593-ші Нарва полкі деген ат берілді. Ал мен Нарва қаласының құрметті азаматы деген атаққа ие болдым. 1979 жылы Нарваның азат етілуінің 35 жылдығын тойлауға жұбайым екеуміз қатысып қайтқанбыз.
Көп ұзамай Таллинды, Эстонияның Саарема, Езала дейтін деревняларын қайтарып алдық…
Жеңістен кейін Қазақстанның бес облысында: Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған, Алматы, Гурьевтерде офицерден Әскери комиссарға дейін көтеріліп, 1972 жылы әскер қатарынан босанғанша қызмет атқардым. “Соғыс ардагері”, “Еңбек ардагері” деген құрметті атауларым көңіліме жақын. Әскерилерден қол үзіп кеткем жоқ. Әскери академиялар мен әскери бөлімдерде жиі-жиі болып, ел қорғаны – жауынгерлермен кездесулер өткізіп тұрам. Ізімді қуған екі ұлым – Серік, запастағы полковник. Мэлс, халықаралық әскери ұйымның бас секретары, генерал. Сәуле дейтін қызым – ұстаз. Жаннам ғылым докторы, профессор. Нартайым – құрылысшы болса, Қапал, Раушан, Гауһарым – дәрігерлік мамандықты қалап алған…
Борекең әңгімесіне көп нүкте қойғандай бірер жөткірініп қалып, бетіме қисая қарады. “Барым осы. Кешегімнен бүгінімді ажыратпаймын бірақ. Өткен жолым – өмірімнің өзегі. Өкінішім жоқ. Борышымды адал атқарғаныма күмәнім жоқ. Соныма шүкіршілік етемін” дегендей сабырлы қарасынан жаныма жылылық тарап бара жатты.
Мен әкелер рухына тағзым етерлік осы бір сұхбатты көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім.