Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Асқаров «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбатында («Терең білім – кітапта!», әңгімелескен – Б.Сәрсенхан, 2024 жыл): «…Мен, шынын айтқанда, көбіне табиғат туралы жазғанды ұнатамын. …Мәселен, көп жазушылар табиғатты суреттеген кезде демі жетпей, айтары таусылып тапырақтап қалатынын байқап жүрмін. Табиғатты жазу оңай емес. Ол үшін өзің арасында жүріп, аптабына күйіп, жаңбырына малшынып, табиғат тылсымын бар болмысыңмен сезінуің керек…», – дейді. Жазушының табиғат пен адам арасындағы қайшылықтарға толы қарым-қатынасты бейнелейтін өмір үшін күрес туралы туындыларының бірі – «Жекпе-жек» әңгімесі.
Бүгін – жазушының дүние есігін ашқан күні. Осы айтулы датаға орай оның жоғарыда аталған әңгімесін оқырман назарына ұсынымыз.
Жекпе-жек
Сүмбіле туып, су суыған кезде Алтайдың таулы орманы бұғы-маралдың сырнайлатқан үніне толып кетуші еді. Жаз базары тарқап, күллі табиғаттың сабырлы қалыпқа ойыса бастаған осы шағын үлкендер «күйек» деп атайтын. Жылдың осынау мезгілінің ашығынан гөрі жаңбырлы күндері мол болатын, қара орманды тау алқымын қашанда қорғасындай боз тұман тұмшалап жататын. Сырнайлатқан әлгідей бұғы даусы шудадай созылған тұманның қоюын тесіп, күзеудегі біздің қараша қосқа естіліп тұрушы еді.
Күйекке түскен бұғылар бірін-бірі шақырып іздейтінін, соңынан тау бөктеріндегі әлдебір алаңқайға жиналып, өзара жекпе-жекке түсетінін мен де талай естігенмін. Жұрттың айтқан әлгіндей әңгімесі болмаса, түз тағыларының сойқан соғысын көзбен көргендер, біз секілді балаларды былай қойғанда, үлкендердің арасында да некен-саяқ кездесетін.
Бірін-бірі сырнайлатып шақырып, бас қосқан атан бұғылар ең алдымен сойқан салар ыңғайлы жер таңдайды екен. Әлгі жерде мейлі он бұғы, мейлі жүзі жиналсын, жекпе-жекке екеуден ғана түсіп, қалғандары кезек күтіп тамашалап тұрады деседі. Жекпе-жекте жеңілген бұғы жеңілгенін мойындап, қиралаңдай басып өз жөніне кете барады екен. Ол кеткен соң, кезекте тұрған келесі бұғы жеңімпазбен сайысқа шығады. Сөйтіп, осынау аламан шайқаста ең соңғы жеңіске жеткен бұғыны былайғы қалың марал ортаға алып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай аялайды. Шөптің де, судың да сонысына бастап, күйек аяқталғанша қорғап-қоршап, өзгеше мәпелеумен болады екен.
Міне, үлкендер айтар аңыз-әңгіменің ұзын-ырғасы осы болатын. Біздің ауылдың айналасында орман мен тоғай, тау мен тас, қала берді, егіні жайқалған дала да мол еді. Қазір ойлап отырсам, халқымыздың «адырында арқар көп, адамында дарқан көп» дейтін атаулы теңеуі осы біздің ауылға арналып айтылғандай көрінеді де тұрады. Олай дейтінім – орман мен таулы жерде арқар мен бұғының көп болатыны онсыз да белгілі ғой. Ал «дарқандыққа» келсек, бұғылар күйекке түскен кезде ауылдың көнекөз қариялары көрші-қолаңды қонаққа шақыратын. Арнайылап қазан көтеріп, күйекке деп ырымдап шашыратқы беретін еді.
Соңғы жылдары қарындасым екеуміздің оқуымызға байланысты әкем күзеуге ертерек түсіп жүрді. Біз ауылдағы мектепке мінгесіп-ұшқасып, атпен қатынайтынбыз. Сөйтіп, қашан қыстауға көшкенше ұйқымыз қанбай, екі-үш жылдай әуреміз шықты. Соңынан интернатқа ауыстық. Найзақарада мен көрген әлгі оқиға да күзеуден мектепке қатынап, интернатқа ауысатын соңғы күзде болған-ды.
***
Күзем аяқталып, шаруадан қолы әредік босаған әкем бір күні иегін қағып, мені қасына шақырған. Қабағы кіржиіп, «үлкен әңгіме бар» дегендей, сынай қарады.
– Ертең сендерге демалыс қой, ә?
Мен құптағандай басымды изедім.
– Ендеше былай… – деді әкем, сосын қою қара мұртын сылап, аз-кем ойланып калды. – Сен тауға барып, таусарымсақ қазып әкелсең қайтеді? А?..
Мен жауап бергенше болмады, былайғы шетте мұны естіп отырған шешем:
– Қаршадай баланы қайда жұмсап отырсың? – деп, шырылдап ара түсті.
– Болды! – деді әкем ақшыраң етіп. – Бүйтіп қорғаштай берсең, жасық боп кетеді… Бұрынғылар мұндай баланы отау иесі санаған… Мен де ұлымның азамат болғанын сезінгім келеді.
Сөйтті де, шаңын бұрқ еткізіп, алдыма кенеп қапты тастай салды.
Ертеңінде әкемнің күдері бел мес торысын ерттеп, қапты қанжығаға байлап, мен тауға тарттым.
Көңілде аздаған елегізу бар, қара орманды тау алқымын қиялай өрлеп, шабдар сәскеде Найзақараның құзарына іліктім. Көптен бері көрсем деп өзін іштей көксеп жүруші едім, күншіліктен көз тартқан бұл жартас түбінен қарағанда тақияң түсердей биік екен. Қыр жағындағы жадағай желкесі арқылы құзар басына тырмысып шығуға болатын сияқты. Осы оймен атты жартас түбіне тастап, мөшекті беліме орадым да, тасты орағытып, биігіне қарай өрмелей жөнелдім.
Баяғы бір заманда Мұңсызбай деген бір кедей жігіт таусарымсақ қазып жүріп, осы құзардың басынан құлап өліпті десетін жұрт. Осы аңыз есімде бар, қашанда Найзақара шоқысына қараған сайын жүрегім шым етіп, әлгі жігітке кереметтей жаным ашушы еді. Сойдақталған мұндай құзардың биігінде таусарымсақтың көкесі бар-ау деп қиялдайтынмын ондайда. Әкем ұлының азамат болғанын сынағысы келген екен. Ендеше жақындағы жадағай жартастарды жағалағанша, Найзақараның өзінен бір-ақ шыққаным оңды болды. Әрине, менің бұл шыңға тартып кеткенімді білсе, ол кісінің бұл «мықтылығымды» пәлендей құптай қоймасын және сездім.
Түйежапырақ пен мүк басқан қорымды өрлеп, терлеп-тепшіп құзардың желкесіне шыға келсем – қарсы алдымда күдірейіп қос бұғы тұр… Мұндай оқыс көріністен алғашында кәдімгідей сескеніп қалдым. Құзар желкесіндегі үй орнындай тепсеңде тұмсықтарымен жер иіскеп, мүйіздесе тіресіп тұр екен. Тұрған жоқ, қимылсыз қатып қалыпты. Бейнебір мына биікке әлдекім әдейі орнатып кеткен тас ескерткіш тәрізді… Алқынған жүрек орнына түсіп, аптыққан көңіл басылғаннан кейін, «қайтер екен» деп, бұғыларды бағып біразға дейін отырдым. Бастары жабысып қалғандай тырп етер емес. Тірі хайуан екендігін жылтыраған көздері мен солықтаған бүйірлері ғана сездіргендей. Өздері әбден титықтап шаршағанға ұқсайды.
Жерден жентектеп қиыршық аралас кесек топырақ алып, бұғыларға қарай жіберіп қалдым. Мен күткендей үріккен жоқ, пысқырынып, шатқаяқтай сенделіп, болымсыз бұлқынғандай болысты.
Енді мен тас аттым. Тас зу етіп, біреуінің мүйізіне сақ ете түсті. Бұл жолы бұғылар тік шапшып еді, мүйіздері шақыр-шұқыр етіп жерге тұқыртып, екеуін де жамбастай алып ұрған. Мүйіздерінің ілінісіп қалғанын сонда бір-ақ байқадым. Әлсіреген бұғылар жығылған жерінен үйелеп, мойындары қайырылып, біразға дейін тұра алмай, жандары қиналды.
Олар орнынан тұрған соң, бір-екі басып жақындап едім, осқырынып тулап, айналшақтай бастады. Бойларында жаны барда қастарына әсте жолатар түрі жоқ. Тілерсектері дір-дір етеді. Сірә, осылайша жабысып, текетіреспен тұрғандарына талай уақыт өткен тәрізді.
Мен бұғыларды бір түрлі аяп кеттім. Жаңағыдай шеке түсіп тағы бір сүрінер болса, екеуінің де қайтып тұрулары екіталай еді… Не мойындары үзіліп өледі, не анау шатқа қарай домалайды.
Күйек үстінде жекпе-жекке шығып, сүзіскен бұғылардың мүйіздері кейде шықпастай ілінісіп қалатынын әкемнен естігенім бар-ды. Ондай бұғы аштықтан титықтап өледі, немесе ит-құсқа бодаусыз жем болады дейтін әкем. Осыны ойлағанда мен таусарымсақ жайын мүлдем ұмытып, төмендегі атыма жүгірдім. Мес торыны қамшылап, көмек іздеп құлдилап, күзеудегі қосқа қарай шаба жөнелдім.
***
Асығып-аптығып қосқа жетсем – тер алдында тісін шұқып, қырқылжың Жүсіп жатыр екен. Жүсіп әкеммен түйдей құрдас, жағы сембейтін сөзшең кісі болатын. Ол да қойшы еді. Ауылдас, іргелес отырса да біздің үйге сирек келетін. Сөзінен бе, өзінен бе, әйтеуір, осы Жүсіптен мен қатты жасқанатынмын. Екпіндеп-ақ келіп едім, Жүсіпті көріп, қарадай тілім күрмеліп, айтарымнан жаңылып қалдым. Етті жеп, дастарқанды енді жинап жатыр екен, маған қарап бәрі үдірейе қалысты. Жүсіп қана жайбарақат, тісін шұқыған сіріңке талын шертіп жіберді де:
– Сәлем қайда, құрдас? – деп, кинодағы немістерше қолын көтерді.
Мен сәлемнің орнына көрген-білгенімді тұтыға сөйлеп, бәр-бәрін алдарына ақтарып салдым.
– Бетім-ау, мына ұлын ту Найзақараға шығып кеткен бе? – деп шешем шошына таңданып қалды.
– Құрдас-ау, соған бола жау жетті, ел көштіге басқаның не жұртты шошытып? – деді Жүсіп. Солай деді де, өзі айызы қанғанша шиқ-шиқ күліп алды.
Мен киімшең дастарқанның аяқ жағына отыра кеттім. Жүсіптің жағы жабылар емес, құдды бір радио сияқты дамылсыз сампылдап отыр:
– Құдайға шүкір, қазығына қара айналып, қыстық соғым табылды,- деп, иегін сипап қойып, қулана әкеме бұрылды. Сосын сарғыш көзін сығырайтып маған төңкерді.
– Сенің әкең кезінде құлан мініп, құс салған аңшы болатын, – деді. – Кейін «бала-шаға» деп, ондай өнерін сендер үшін садақа етті ғой. «Жүйрік ат шаппаса да қырындайды» деген. Білдің бе? Әкеңнің арқасын қоздырып, аруақты кәсібін есіне бір түсірдің сен… Вот так, құрдас!
Жүсіптің «құрдас» дегеніне менің құлағым көптен үйреніп кеткен еді. «Әкесі құрдастың баласы құрдас», значит, сен де маған құрдассың» деген бірде. Содан бері көрген сайын көзін қысып, «құрдас» деп арқамнан қағатын болды.
– Мақтай түс, – деді әкем мұртынан жымиып. – Құдай тағала саған тіл мен жақты берген ғой…
– Қашанда сенің жолың болып, басыңды күн шала береді екен осы, – деп, Жүсіп енді әкеме тиісті. – Бұл жолғы олжа алланың екеумізге атаған несібесі шығар. Мені де ерте бар!
Шылым тұтатып жатқан әкем мырс етіп, шырпысын өшіріп алды.
– Жүсеке, саған барма деп отырған біреу бар ма?..
– Қайдан білейін… Ішіңе Ескендірдің қос мүйізі түскендей тымпия қалғаныңа жыным келеді, — деді Жүсіп.
Әкем кеңк-кеңк күліп, разы кейіппен басын шайқады. Басқаны қайдам, осы әкеме Жүсіп құрдасының таусылып бермес қырқылжың сөзі ұнайтын секілді.
– Көңіліне ризамын, – деп, Жүсіп енді әлгі ниетінен аяқ астынан айнып салды. – Сүзеген сиырға құдай қашан мүйіз берген… Түз тағысын ғұмыры аулап көрмесек те, пәтшағардың етіне құмарлығымыздың бары рас. Бірақ мен тауға бармаймын. «Батырдан сауға, мергеннен сыралғы» деген, еті сенікі, мүйізі менікі болсын. Мүйізіңді қаладым.
Бұл сөзге кесе қыдыртып отырған шешем де күліп жіберді.
– Бермесең – сөмағам! – деп, Жүсіп өтірік-шыны белгісіз, бұртия қалды. – «Құнанын құдайдай, тайын тәңірдей» көре қалатыны бар екен бұл жұрттың… Бұғы мүйіз адалбақансыз да күн көретін шығармыз, тегі.
Әкемді күлкі буып, қайта-қайта орамалмен көзін сүртіп, мәз болып отыр. Үстелді күргейлеп, тізіле қалған іні-қарындастарым да көздері бақырайып, Жүсіпке телміріп қалыпты.
Заржак Жүсіп сарғыш көзін тағы маған тікті.
– Сен, құрдас, жаубүйректі қайтесің, жаубүйректен жүрегің айнитын болды ғой, – деді тыжырынып. – Бұғы етінен әсіп жасаған жақсы. Әсіпті білесің бе?.. Ішектің ішіне ет пен қан салып пісірген тамақты айтады. Бір рет дәмін татсаң, аңшылықтың құдіретін сонда ұғасың.
– Аңшы емеспін дейсің, «аңшылықтың құдіретін» қайдан білесің? – деді әкем.
Жүсіп әкемнің сөзін қаперіне де ілген жоқ, маған қараған күйі сөйлеп отыр.
– Өмірде бәрі жекпе-жек, құрдас, – деді. – Ақ пен қара, жақсы мен жаман, ыстық пен суық бәрі-бәрі жекпе-жекке түседі. Тау басында сен «байлап» кеткен әлгі бұғылар да өмір үшін осындай жекпе-жекке түскен. Адамдар да солай… Мына мен де біреуде есем кетпесін деп, жекпе-жекте жүрген жанмын. Сенің әкең сияқты жүндес жуан білек менде жоқ, қабырғамнан күн көрінген көтереммін. Сосын қайтем… Қызыл тілді қару етіп, қалың ортаға қойып кетемін. Вот так, құрдас, осыны қаперіне мықтап түйіп ал!
Әкем екеуміз Жүсіпті шығарып салдық. Атына қиқая мініп, қырды асып жоғалғанша Жүсіп әлдене деп самбырлап сөйлеп бара жатты.
***
Біз Найзақара құзарының етегіне жеткенде қорғасындай калың тұман тау алқымын тұмшалап, сібірлеп жаңбыр жауа бастаған еді. Әкем аттарды бірінің тізгінін екіншісінің құйысқанына іліп, қалмақша байлады да, мылтығын қолына алып, жоғары өрледі. Үстіме күпәйке, басыма далбай киіп, мен де томпаңдап соңынан ердім.
Бұғылар бағанағы жерден жылыстап, құзардың қабағына таман жақындап қалыпты. Мүйіздерімен тіресіп, жер иіскеген қалпы тілерсектері дірілдеп әлі тұр екен. Биік жер ғой, жаңбыр аралас соққан күздің қара желі өңменіңнен өтеді. Әкем «үндеме» дегендей ишара жасап, былайғы бір тастың қалқасына барып жасырынды. Сол жерден сығырайып, бұғылар жаққа ұзақ тесілді. Сосын асықпай шылым тұтатты. Шым-шымдап шылым сорып отырып та әлсін-әлсін бұғылар жаққа мойнын созып қараумен болды.
Жел айдаған селдір туман сағымдай буланытып, екі арадан жөңкіліп өтіп жатыр. Сірке жаңбыр толассыз бүйірден ұрып, үстімізді малмандай су етті.
– Үркітсек, екеуі де жазым болады, – деді әкем күбірлеп. – Біреуін тапжылмастай орнында қалдыру керек шығар? Басқадай шарам жоқ!
Сөйтті де шылымның тұқылын табанына тастап, мылтығын оқтап қолына алды. Бөркін сиырып алшысынан киді де, алақанына бір түкіріп, «бісміллә» деп көздей бастады. Көздеп тұрып, көз қиығымен маған қараған:
– Балам, анау бұғының жонындағы қарайғанды көрдің бе? – деді.
Мен ұмтылып, көзімді сүртіп, бұғыларға телмірдім. Біреуінің арқасында алақандай қара дақ анық байқалады.
– Көрдім, – дедім әкеме басымды изеп.
– Рас болғаны ғой, – деді әкем жеңімен маңдайынан сорғалаған суды сүртіп. – Ендеше бұл меңі бар нысаналы хайуан болды, оған тимелік…
Алақандай қара мең әкемді толқытып жіберді білем, жаңағыдай батылдық жоқ, бетіндегі суды сүрткілеп, аз-кем дағдарып қалды.
– Обалы өзіңе аманат! – деді сосын әлдекімге күбірлеп. – Алмағайып іске қол салғалы тұрмын, құдай өзі кешсін! Бісміллә…
Мылтық гүрс ете түсті.
Енді қарасам бұғының бірі — шөкесінен құлапты, екіншісі – мүйіз ілмектен құтыла алмай жанталаса жұлқынып жатыр екен.
Әкем мылтықты маған ұстата беріп, қонышынан қол басындай жіңішке араны суырып алды. «Сен отыра тұр» дегендей иығымнан басып, өзі еңкеңдей дөңгеленіп, бұғыларға қарай кетті.
Тірі бұғы жансыз туысын сүйреп кетердей жанталасуда. Босай қалса қолға түскенді жерге жапсырардай адуын. Әкем жылжи жақындап, өлген бұғының шүйдесіне жете тоқтады. Сол тұстан қолын созып, өлген бұғының мүйізінің біреуін шиқылдатып аралай бастады. Мұндай сұмдықты бұрын кім көріпті, әкем мүйізді аралап біткенше, тұла бойым шымырлап, басыма ыстық қан тепті. Анау тірі бұғы да булығып өліп кететін шығар деп едім, шыдады-ау, әйтеуір! Мүйізі босаған кезде басын шайқап-шайқап, дүр сілкінді де, екі-ақ қарғып ақ тұманға сіңіп жоғалған. Оның әр қимылын кірпік қақпай бағып жатқан мен, бұғы сілкінген кезде арқасындағы меңнің түсіп қалғанын көрдім. Сонда барып бағана өзім атқан кесек топырақ есіме түсті.
Кайдан сап ете қалғаны белгісіз, дәл осы кезде қорымның арасынан ентіге өрмелеп Жүсіп шыға келді. Мылтықты сүйретіп, Жүсіптің соңынан мен де ұмтылдым.
– Қап! – деді Жүсіп тісін қайрап. – Білгендей-ақ келген екенмін!
Бірдеңеге өкінгендей басын шайқай берді.
Жүзі бір түрлі сазарып, қаңтардағы бурадай қатып қалған әкеме көзім түскенде мен де сасайын дедім. Үлкендердің мына әрекеті әлдебір ағаттықтың болғанын айтпай-ақ ұқтырғандай еді.
– Әке, ана бұғының арқасындағы мең емес, топырақ екен, – дедім. Мұны не үшін айтқанымды өзім де білмедім.
Әкем басын изегені болмаса, түнеріп жауап қатпады.
Жүсіп түбі қанданып жерде жатқан сыңар мүйізді көтеріп қолына алды.
– Осы бұғыны әнеугүні бір көріп едім… Ей, алла-ай десеңші, табиғатта да асып туған ерекше хайуан болады екен-ау… Үйге барған соң есіме түсіп, сол бұғы болып жүрмесін деген күдікпен соңдарыңнан қуып едім… Амал қанша, күдігім бекер болмапты.
Мен теңкиіп жатқан сиырдай үлкен бұғыға таңдана қарадым. Бәрібір Жүсіп сөзінің төркінін аңғара алатын емеспін. Еңкейіп, бұғының көзіне үңіліп едім, жүрегім зырқ ете түсті: қарақаттай тұнық екен. Көзінің бір шетіне біз-білдіктің ізіндей ғана қызыл сызат түсіпті.
– Жиырма екі салалы мұндай бұғы табиғатта жүз жылда бір туады, — деді Жүсіп күрсініп. – Қасиеті бар нысаналы хайуан еді… Қапталына келмес қайдағы біреуге қызық сыйлап, жан тапсырды мінеки!
Сонда байқадым, шынында да бұғының мүйізі ағаштың бұтағы сияқты көп салалы, өзгеше ірі екен.
– «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ» деуші еді қазақ. Сол сөз де бекер секілді, Базеке… Аруағы артық туған мынадай меңсіз мұңлықты көрген де, көрмеген де арманда-ау! Қалайша қолың барып атып жүрсің?
– Тіліңді беземей кетші әрі! – деді әкем. Даусы зірк ете түсті, ашу үстінде Жүсіпті құлақ шекеден періп жібере ме деп едім, әйтеуір, оған барған жоқ. Әйтсе де құрдасының осы сөзі қамшы болды ма, ұйқысынан оянғандай серпіліп, шалт қимылмен іске кірісті. Алдымен бұғыны аударып, жамбасынан жатқызды. Сосын тұмсығына саусағын салып басын шалқалата қайырды да, алмасымен тамағын орып жіберді.
***
Кейінгі жылдары да, есейіп азамат болған кезде де мен тағы бұғыларды тау басынан талай рет көріп жүрдім. Оларды көрген сайын Найзақара шынындағы баяғы бір оқиға есіме түсіп, қайран қалатынмын. Өткен жазда да ауылға барып, Жүсіп марқұмның үйіндегі жиырма екі салалы бұғы мүйіз адалбақанды қызықтап қайттым. Жұрттың айтуынша, ондай нысаналы бұғыны біздің жақта әлі ешкім кездестіре алмапты.
Сол жолы таудан қайтып келе жатқанда Жүсіптің айтқан: «Осындай да жекпе-жек болады, құрдас!» деген сөзі қазір де ойыма жиі-жиі орала береді.
«Ерте түскен бозқырау» кітабынан (Алматы, «Жалын» баспасы, 1989 жыл) алынды.