Бүгін жазушы, драматург, Махамбет сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Айтматов академиясының академигі Рахымжан Отарбаевтың (1956-2018) дүние есігін ашқан күні.
Жазушының әр жылдары «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Біздің ауылдың амазонкалары», «Айна-ғұмыр», «Шыңғыс ханның көз жасы», «Қыз Данайдың қырғыны» және өзге де прозалық жинақтары жарық көрген. Кітаптары мен жекелеген шығармалары қытай, орыс, қырғыз, түрік, араб, ағылшын тілдеріне аударылған.
Драматургтің «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары республикалық және шетел театрларында сахналанған.
Қаламгердің шұрайлы тілі талай оқырманды тамсандырып келеді. Ақын Ғафу Қайырбеков жазушыға «…жазғандарыңды оқып жүремін, жұрттың тілі жер бауырлап кеудесін көтере алмай жатса, сенің сөйлемдерің сұңқардай самғап тұрады, сені оқысам арқаланып кетемін», – деген екен. Айтулы ақынның анық бағасы біздің сөзімізге айғақ деп білеміз.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов былай дейді: «Рахымжан – қазақтың ғажайып жазушысы. Оның әңгіме, повестерінің, пьесаларының қай-қайсысы да оқырманын бейжай қалдырмайды, ойландырады, толғандырады. Өйткені, ол өмірдің құбылыстарын қарапайым жанның көргенінен өзгеше, басқаша көзбен көре алады. Сөйтіп, сол өмірден түйгенін оқырманына өзінше ой түю арқылы қайтадан жеткізеді: Сөзбен сурет салу арқылы! Рахымжанның суреткерлік қуатының өзі де осында жатыр. Ол – өзін мойындатқан жазушы. Қаламгер үшін одан артық бақыттың керегі жоқ…»
Жазушы жайлы замандастар мен қаламдастардың, ізбасар інілердің пікір-лебіздерін баспасөз беттерінен, ғаламтор кеңістігінен молынан ұшыратамыз. Бізге дейінгілер айтқан, жазушының екінші өмірі, оны сағынумен, шығармаларын оқумен және насихаттаумен өтіп жатыр. Бұл бағытта тұғаның жары Сәуле Отарбаева бастаған «Рахымжан Отарбаевтың Руханият қоры» өлшеусіз еңбек етіп келеді.
Бүгін жазушының «Жасырынбақ» әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.
Жасырынбақ
Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім,
Ақымақты ойландырсам деп едім.
Жұмекен
Осы жұртта ес бар ма өзі?
Таң торғайы шырылдағанда басталған қаңқу қара қарға қанатын жайып, қонар ұясына қайыра ұшқанда қиқуға ұласып, айналаң арқасы бар бақсыдай зікір салып, арпалысады да жатады. Берместің пұлын, көрместің көзін сұраған өңшең қайыршы қайдан ғана қаптап жүр осы? Жан-жағыңды желді күнгі қараша үйдің іргесіндей ұйтқытады кеп…
Әйтпесе, заманында көздемей лақтырған таяғы аспандағы айға барып қадалатын Бастық солардың гөй-гөйінен бұғынып, мекемесінен торғай адым аттап басуға зар болды деген не сұмдық?! Ертелі-кеш қос қолын қайырып әкеліп құйрықтың үстіне салып, ерсілі-қарсылы сенделеді де кетеді. Төсті жалаңаштап тұрып талай қағыстырған, сілекей алысқан есепсіз дос-жаран қырдан-қырға сырғып қашқан сағымдай із-түзсіз жоғалған. Етке өткізетін бордақының малындай өріп жүретін өңшең ірің майы үстінде сен тұр, мен атайын орынбасар атаулысы қайда қазір? Айтқаныңды ләппайлап естіп, аяңшыл аттай бүлкіл қағатын бейшаралардың дені бұл басқарған ұжымның төбесіне қорғасын бұлт төніп-төніп бергенде мұның керегіне жараған.
Банкроттың аты ауызға алына бастағанда пәле-жәленің үйірімен үш тоғызын солардың екі-үшеуінің мойнына қиып салып, баспасөзде қаққанда қанын, соққанда сөлін алдырып, мұхиттың арғы жағалауын жайлаған Мю-Тю-Хюмен ауыз жаласқан сыбайлас жемқор дегізіп, ұяты молдау бірі инфарктан өліп, алаяқтауы көршілес қалың орманына қарай құйрығын түріп қашып, орнын сипатпай кеткен.
Жыртыс аңдыған кемпірдей жыртиып, мұның есігін бір сығалап кетпесе, ішкендері бойына жұқпайтын басқарма, бөлім бастықтарының барынан жоғы. Тақасы қисайған өңшең иісалмас.
Мұндайда бас бағып, жан шақыратын орны – атақырдай кабинетімен еншілес, қалы кілемі көлдей боп төселіп жатқан, мамық креслоға бөккен демалыс бөлмесі. Оңашада өзімен-өзі аунап-қунап, кейде қунап-аунап алады. Бәрі жүйкеге түскен, жүрекке батқан зіл батпан салмақтан ғой.
Сүрленген сары ала қазының екі-үш дөңгелегін көмекейлетіп жіберіп, терлеп-тепшіп, таңдайда білінген жабысқақ шөлді көк шаймен басып… Есік баққан түймедей қызы түскір тамызып берген күрең жорға коньякті, е, онда да елу грамм… Осы түймедей қыздан-ақ дүниенің рахатын көрді.
– Түгеншеевич, – дейді бірде алтын тұтқалы емен есікті еппен ашып, көзін аударып-төңкеріп. Осы тұқымы көбейгірдің көзінің аласы жоқ шығар, бұған тек қарасы мен қарашығын көрсетеді. – Шетелдік фирма сырттағы шуды ішке естіртпейтін керемет аспап әкеліпті. Даладағы қаптаған елдің айқайын ести-ести қан қысымыңыз көтеріліп, кейде қос құлағыңызды мақтамен тығындап алып мәңгіріп, түһ, манаурап отырасыз. Сол азаптан сізді демде құтқарады. Өзіңізді өзіңіз аясаңызшы. Керексіз ғой…
И-и, қарашығым-ай! Үйдегі қатыныңнан бетер мәпелеп, қызылды-жасылды көбелектей боп ұшып-қонып жүргені сол.
Далада бомба гүрс етіп үсті-үстіне жарылса білінер, тфә-тфә, беті аулақ, одан басқасы енді жым-жырт. Дауласа ма, жауласа ма – бәрібір. Жан тыныштығын білмесе, шет ел бола ма? Жым-жырт!
Дегенмен ербиген екі құлақ пен бір-бір қызыл тілді бас-басына жекешелендіріп алған бұл пәтуасыз қазақ не деп тантымайды? Әріп танитыны арызды қардай боратып, піспектеп қоймаған соң бұдан он шақты ай бұрын таза костюмін сыпырып шешіп, ат арқасына қонғалы қылғындырып келе жатқан галстугін атып ұрып, маңдай сызығын қалыңдатып, қабырғасын қайыстырып, бұғана сүйегін майыстырып елімен жүздесуге шыққан. Оңашада кәнігі әртістердей айна бетінде әрлім-берлім дайындық жасап ойқастаған. Сөзімді «Халқым!» деп бастасам қалай болар деп бипаздап көріп еді, екі буыннан тұратын жәдігер мұның аузынан түскенде ойнақтап, салмағын жоғалтып алды. «Елім-жұртым!» деген еміреніп, ол да қалтасы қағылған, тауы шағылған көпшіліктің көңілін жібіткендей ем-дәріге айналмады. Әзірге бойынан киесі қашпаған осы үш атаудың бірін айта сала, беторамалмен көзімді жөпелдеме сүртіп, кемсеңдеп жіберсем деп ойлауы мұң екен, әйелі ұл тапқаннан бетер қуанды.
Апырым-ай, ескі аруақтар жар болып, қос қолтықтан демеп, осы жолы өңшең қызылкөз пәлелердің уысынан құтылсам, тағысын тағы…
Текшелеген байлығын қайда өткізерге білмей дал боп жүрген шетелдік инвестор қаңғып келіп қалып… Мұнай бағасы аяқ астынан аспандап кетіп… Тым құрығанда үлкен аварияға кезігіп…
Жанын аузына тістеп алып қашар бір айла табылар.
Қарақұрым ел зәуде бір жылт беретін, көбінесе теледидардың әйнегінен көсілетін өркешсіз нардай Бастығын көргенде, Бастығын емес-ау, оның үстіндегі арық сиырдың әукесіндей олпы-солпы жұмыс комбинезонын көргенде гу-у етіп бір басылды. Сынық жүзін, сырт киімінің сұрқын танып, бұ пақырдың да өзімізден айырмасы аз екен-ау дегендей, шатынаған көздер, әлем-тапырық жүздер, іркес-тіркес көкпарланып шоқпарланғандар сәл-пәл жұмсарған.
Айна алдында жасаған мәнеріне бағып:
– Аяулы халқым, – дей беріп қалтасынан көлдей орамал алып кемсеңдеп, көзін уқалаған, кірпігіне шық ілінбепті. Ол үшін де ішкі дүниең езіліп, көңілің жасып, жүйке біткенің түгелдей босауы керек шығар. Қап, әттең, білсеші! Шырадай жанып, түбінде ұялы сайтан бұғып жатқан жанарын екі-үш мәрте сипап өтіп, бұдан да қайран болмаған соң, орамалды қолағаштай мұрынға түсірді. Қорқ еткізіп еді, е, табылды, суағардың пайдасын сонда молынан бір көрген.
– Бір терінің ішінде бірге толармыз, қоса солармыз, ең бастысы, жеті мүшеміздің амандығын тілейік, – деп тап бір жетінші қабаттан құлап, ғайып ерен қырық шілтеннің күшімен тірі қалған жандай жөңкіді. – Менің де күйім күй емес, ағайын! Өздерің үшін тоқым жастанып, толағай бастанып… Банкрот деген жеті басты жалмауызбен жекпе-жек жағаласып…
Бұл жалғанда ауыздан шыққан ыстық лептің буын-буыныңа түсіп, талма жерден ұратын құдіретіне жетер не бар? Аштықтан бұралған бір топ жас қатын сықсыңдап көзіне жас шақырды. Кемиек кемпір:
– Қайтсін-ай енді?! – деп уһілеп, бүктетіліп қалған белін су бүріккен қайыстай әрең жазды. – Дұрыс айтасың, қарағым, бір жағадан бас, бір жеңнен қол…
– Бір балақтан бұт та шығарайық онда, – деп күйектей сақалына түкірген шал топ ішінен тұсаулы аттай бұған шапшысын. – Зейнетақымды тап! Табасың қазір, зәнталақ!
Алжыған қақпас-ай! Төсегін қалың салып, пеш түбінде Алладан иман тілеп көсіліп жатпай, басын оқжыландай қайқаңдатуын.
Өзіне туралап атылғалы тұрған мына оқжыланның уын тағы бір жолы қайтармаққа ұмсынған бастық қатты қақырынып қалып орамалды оңтайлай бергенде, оң қолының ортан терегінде тұрған қорқордың басындай алтын жүзік, оның ортасын ойып қонған көгілдір жақұт күнмен шағылысып, алаөкпе елдің көзін жалт-жұлт, жалт-жұлт қарықтырсын. Мынау алтынның буы, пейіш тасы – жақұттың көгілдір нұры қуқыл тартқан өңдерді суық сәулесімен аймалап, әзәзілдей арбады. Абырой да асау ат сынды, туласа – жығады. Жыққаны емей немене, өң мен түстің ортасында аңтарылысып қалғандар алма-кезек ес жиысып, су иесі Сүлейменнің сиқырлы жүзігінің бойын да әрбірінің бұйырмысты нәпақасы, бала-шағасының көз жасы жатқанын сезіп, ой-хой, дауыл күнгі қарағайдай теңселіп, шайқалыссын. Иегі пешке кепкен байпақтың басындай бір антұрған шешеннің ұлттық биін билегендей құтырынып…
– Ұлттық валютамыз Баксбайдың тоқалына айналып кетті.
– Абай атам здашқа да жарамай қалды!
– Құнсыз теңгеге көжеден көп әкімнің бірінің басын салмай ма… Ұлыны қорлатпай!
– Тексіз жерден би шықты, текті жерден құл шықты!
– Үкімет «Давай, бала тап!» дейді. Қап арқалатқаны аздай…
– Зауыт-фабриктен түтін ұшпайды!
– Жезөкшелік жайлады!
– Аштан өле ме? Қызметке тұрған жалғыз мүшесі сол болса…
Сол сапар байсыз қатынның өзіне мың қой айдатамын деп жалынып жатып он күнге мұрсат сұрап, тұзға сиіп ант беріп, ауыздығымен алысқан елді әупірімнің күшімен зорға таратқан.
…Кеңқолтықтау әкенің, кеңбалақтау шешенің мойнына бұршақ сап жүріп сұрап алған жалғызы-тын. Бағулы-қағулы, батпандай бауырсақты баудай түсіретін құрбыластарымен қосылып ала жаздай жалаң аяғына көктің нәлі жұғып, күстеніп, ләңгі теуіп, қозы-лақ қайырып, тай жарыстыратын. Десе де, көзіне түсе беретін шөкімдей кекілі бар, жиегі ақжемделген кішкене тақиясын төбесінен тастамайтын сары баланың бойына Тәңірім өзгеде жоқ ерекше қасиет дарытқан.
Малы өрістен қайтып, майдақоңыр самалмен әр ошақтың түтіні билеп, бейжай жататын ауылдың жүгірмек атаулысы кешқұрым жиналып, жасырынбақ ойнар-ды.
Иә, бір теректің басынан үріккен мың торғай құсап бет-бетімен безіп жоғалып, бас сыяр жерін сауғалайтын, соңынан шүрегейдей бір бала қызылсирақ боп сабылып іздейтін кәдімгі жасырынбақ. Алдымен аңдамай қолға түсіп қалғандары суырдай шақылдап таптырмай жатқан қуларға тілек қосып, «көкек» дегенде шық, «бүркіт» десек бұқ десіп, аттанға айқай үстеп, кешкі ауылды басына көтеріп, азан-қазан ететін. Өзі соншама сүйіп ойнайтын ойын үстінде қазіргі құзырлы Бастық-бала тығылған жерінен ғұмыры таптырып көрмеген. Қораның түкпірі, пішеннің қуысы, ескі сандықтың іші, төңкерілген қазанның асты, қарлығаштың ұясы, тышқанның іні, нақ бір жер жұтып кеткендей табаныңнан таусыл, жата қалып жалын, әкеле-көкеле – елесін байқатпас. Мұның қайда барып бас бағарын қорғасын құйған сақа беріп сұрағандар да айттыра алмаған.
…Суағарға барып былғанып шыққан орамал кепкелі он күн емес, ой-дөй, он айға таяды. Бұл да қарап жатпай, аттай шауып, атандай желіп дүниенің төрт бұрышын түгендеп, алақанын кең жайып, бірақ оған тышатын тірі қарға таппай тұралап оралған. Ашынған ел аштық жариялап, еңселі орданы қоршап, саржамбас боп жатысы анау. Өңшең қырсық шалғандар аузына тамызған суды алмай, кері түкіріп тастайды дейді.
Тұзға емес, шаптырып мұзға сисең де, бұ күнде сөзіңе иланатын жұрт қалды ма? Соңғы сенім жоғалған, ақырғы шыдам үзілген сол сәске түсте көзінің қарашығын ғана көрсететін түймедей қыз Бастығының кабинетіне өз етегін өзі шапалап теуіп, ентігіп кірген.
– Түгеншеевич! Халық ішке лап қойды! – Жымжырт. – Түгеншеевич! Қолымызға түскенді түгелдей құртамыз дейді. – Жым-жырт. – Түгеншеевич!..
Есі ауып, алақ-жұлақ қаққан түймедей қыз атақырдай кабинетті, қалы кілемге, мамық креслоға көмілген демалыс бөлмесін жанталаса тінткілеген. Әлгінде ғана өркешсіз нардай шөгіп, ыңыранып отырған Бастығы зым-зия. Қызыл ағаштан қиып жасалған өңшең сүйегі текті жиһаз атаулының астан-кестенін шығарып түгел ақтарған. Көкке ұшты десең, терезе анау, атқан оқ өтпес. Жерге сіңді десең, емен паркетті еден мынау, сыңар ине шаншуға саңылау таптырмас.
Қайда? Қайда кеткен, Құдайым-ау?!
Жапандағы жалғыз құтқарушысы сол еді ғой.
Дәліздегі алқын-жұлқын жүгіріс пен қиқудан шыбын жаны шыжғырылған қыз сасып, бұрышта елеусіздеу тұрған бәкене шкафтың есігін ашқан. Сұмдық! Сұмдық болғанда да, қазақы ауызға сыяр жай сұмдық емес. Шкафтың ішінде… көзіне түсе беретін шөкімдей кекілі, төбесінде жиегі ақжемделген кішкене тақиясы бар сары бала бұғып отырды.
– Түгеншеевич!..
– Тс-с! Дура! Айқайлама! Мен жасырынбақ ойнап жүрмін. Жап есікті!
* * *
Осы жұртта ес бар ма өзі?
«Біздің ауылдың амазонкалары» кітабынан.