Бұл әңгімені айтушы: әңгімешіл қарт, Еңбек және тыл ардагері    Түсіпбаев Рымбай ақсақал. Туған нағашысы Жақанов Нығыманның өз аузынан «Сол кезде патша  армиясында қызмет еткенін, атаман Дутовтың, Анненковтың әскерінде, Балтық  бойында, Рига  қаласында болғанын» естіп, Қызылдар билігі  орнағасын, шекарадан  өтіп, үш мәрте Қытай жеріне  қашып  барғандығын  айтуы  бойынша жазып  алған. 1978  жылы  көзін көрген туған жиені Рымбай ақсақал – сол кездегі Сәтбаев  совхозының Теңдік бөлімшесінде ұзақ жылдар   шопан  болып  жұмыс  атқарған,  білгенін  кейінгі  ұрпаққа  насихат  етіп,  жеткізіп  кеткен  жан әкем.

***

Күздің  қара  суығы.  Кешқұрым  уақыт, салт  т  мінген  біреу  ызғытып  келеді.  Жақындап келгенде ғана бір-ақ таныды: Нағашысы  Нығман екен! Аяғында – қоңылтаяқ шұлғаусыз кие  салған керзі етік, бұтында – жалаңқабат шалбар, үстінде – куфайке, белін белбеумен тартып алған сыпырғыштай. Омырауының түймесін салмаған,  жартылай ашық, басында – мыжырайған  малақай, қолында  қолғабы да жоқ. Өзі  тоңыңқырап қалған.

Ол жылы әкем  жылқыдан  шығып, анам екеуі, совхоздың бір отар аналық қойын алып, ауылдың  жанындағы Жартас деген жерде бірінші  қыстамақшы еді.

(Менің туған анамның есімі – Шашенқызы Мәмила. Әкесі Шашен молла болған. Руы – Қаржас ішінде Жәдігер. Академик Қаныш Сәтбаевпен рулас. Жазғы жайлауымыз Көшербай абыздың жатқан жерінен онша алыс емес. Ала өгіз деген жер. Анам он құрсақ көтерген. Баян деген қызы – тұңғышы, ол алты ай тұрып, шетінеп кеткен. Қалған тоғызымыз аман-есен жүрміз. Үлкеніміз Маймұна, Фарида. Осы кездері атам Түсіпбай дүниеден озыпты. Содан кейін жеті ұл туыппыз. Төлеген, Қуанышбай, Жағыпар, Қабдығали, Хабдылкәкім, Сапар және мен –  Ерәділ. Көкмайсада емін-еркін аунап, қараған мен жуасын теріп өстік. Ғұлама ғалымның туған жерінде менің де балалық дәуренім өтті – Е.Т.).

Әкем нағашысы Нығыманмен амандасып-есендесіп, жөн сұрасып болғасын, қолтығынан демеп  атынан  түсірді. Үйге  алып кіргізді. Үйге  кіргесін:

– Рымбайжан, жылынатын бірдемең бар ма?, – дейді нағашысы. Әкем қырлы «ыстақанға»  толтырып,  арақ құйып берді. Дем алмастан тартып  алды, әдеті бойынша, бос стақанды артына  лақтырып  жіберді.  Ол  кезде  Нығыманның егделеніп қалған кезі екен.  Шіркін  қайратты  жан  болатын! Бой жылытып алған соң, әңгімесінің басын:

– Ой, латыштың  қыздары-ай шіркін, көрсең, көркіне көз тоя ма?!, – деп бастап  келе жатыр еді әкем:

– Нағашы, осы сіз «Ақтың офицері болдым,  Қытайға үш өтіп, үш  келдім» дейсіз, сол әңгімеңізді  басынан-аяғына дейін айтпайсыз ба?, – дейді.

– Жақсы, келін де тамағын салған екен. Ет  піскенше тыңда, айтайын, – дейді.

***

Атаман Дутовты атқасын әскері быт-шыт  болып кетті. Қызыл үкімет оқты  қарша жаудырып,   тоз-тозымызды шығарды. Сол кезде  біз – тірі қалғандарымыз Шәуешекке, Қытай  асып  кеттік. Бір түнде. Мен Қытайда тығылып,  үш жыл  жүрдім.  Қытай жерінде Цузу деген байдың малшысы  болдым.  Сақал-мұртты өсіріп  жібергем,  күндіз  мал  бағам, түнде жалғасып салған барактар болатын, сонда жатамыз. Ішкен тамағымыз болмаса, еңбекақы сұрамаймыз. Мендей он шақты жалшысы  бар.

Сәске түстің кезі. Мал ыстықтан суат басында иіріліп жатқан. Мен көлеңке болғасын, барактардың бірінің іргесіне арқамды сүйеп  отырғам.  Бір кезде  біздің  бастығымыз  Цузу келіп  баласына бір  газетті  оқып, көрсете  бастады. Таңдай  қағып, бас шайқасады (Айта  кететін  бір жайт  Нығыман  нағашымыз  бес  тілді  жетік  біледі  екен. Қазақша, арабша, орысша, француз және қытай  тілін меңгерген – Е.Т.). Мен  құлағымды  түре  қойдым.

– Әй, мынау бір  қазақтың  нағыз тәп-тәуір-ақ  азаматы екен. Атып тастады ғой, ұстап алып  сорлыны. Өзі бес тілді  жетік  біледі екен. «Особый  приступник» ұсталған жерде атылсын» деп жазыпты, – деп Цузу мен ұлы бас шайқасады. Мен  тыңдап отырмын. Мен екенімді олар  қайдан  білсін. Сақал-мұртты өсіріп жібергенмін. Осылай  жүріп  үш  жылды  өткіздім.  Бұрынғыдай  емес бізді  іздеу де тоқтатылды. Заман кеңігендей болды.  Іздеушілер  жоқ  сияқты. Күні  бойы  дайындалып,  жеуге  берген  нандарын жартылай ғана жеп, қапшығыма біраз жинап жүргенмін. Шырпы, махорка, тағы  басқаларды дайындап салып, бір  төбенің  етегіне,  қараған  арасына  тығып  қойдым. Астыма мініп жүрген торқасқаны күнұзақ тойындырдым. Ойым: бәрі ұйқтағанда, түнде тұрып, қашпақпын. Сол түні  бәрі ұйқтады-ау дегенде, атты  мініп алып, қараған арасына тығып кеткен қапшығымды қанжығама байлап алып, шекараға тартып  отырдым. Таң  қылаң  бере,  шекараға  таяу бір  терең  шатқалға  келіп  кіріп, түн  батуын  тосып  жаттым. Қапшығымнан ала шыққан нанды талғажау етіп, құтымнан  кішкене  су ұрттап қойып, тығып ала шыққан бір көзді дүрбімді салып, шекара  жақты бақылап қоямын. Әупірімдеп күннің ыстығына қақталып, осылай сарыла күтіп жатқанда кеш те  батты. Астымдағы аттың айылдарын мықтап  тартып  алдым. Мал баққанда текке жүрмей биіктен  қарғытып  үйреткен  едім. Атқа  мініп қапшығымды  енді  қанжығаға  емес,  арқама  асып алып, белімді  қатты шандып, байлап  алдым. Бірге ала шыққан  дүрбі мен пышағымды қойныма тықтым. Шекараға  қарай жақындап келемін, ай да қараңғы. Аласалау жерін байқап келемін. Көп жүрген жоқпын. Бір  аласа жерге келдім. Аттың бойына жетер-жетпес  екен. Нар тәуекел деп артқа  біраз  шегініңкіреп  барып, атты сауырдан қамшымен ұрып-ұрып  жібердім де,  алға қарай тебініп, шаба жөнелдім. Шекара  бұрынғыдай  емес, көп  өзгерген  екен. Сым  тартылған, одан соң аржағында тіктеу қазылған  ұра  бар сияқты. Енді нар тәуекел. Күзетте күшейтілген  салдаттар уақытымен ауысып  тұр. Астымдағы  атым  қарғып өтуі-өтті, бірақ қазылған ұраға түстім. Терең де  емес, бірақ тік қазылған екен. Соған барып ат алдыңғы екі аяғымен түсті де, омақаса аунады. Мен анадай жерге құладым. Жалма-жан  орнымнан тұра  салып, аттың  қасына  келсем,  аттың алдыңғы екі  аяғы  тізеден  сынып  кетіпті. Жаны бар мақұлық қой, тастап кетуге аяп, ер-тоқымын үстінен  шешіп, бауыздап кеттім. Ары қарай жүгіре  жөнелдім. Бар  ойым – күндіз  көргем, алдымда  ағып  жатқан бір  өзен  болатын, содан  өту. Әйтпесе  қазір  итпен  келсе,  мені  тауып  алады. Оны да, ерте  ойлап  жоспарлап  қойған  едім. Ақыры  жүгіріп  келіп, таң бозара өзенге жеттім. Жетісімен киімдерімді, арқамдағы қапшығымды,  бәрін  төбеме қойып,  өзеннен  жалдап  ар жағына  өттім. Сілем қатты. Көп аялдап дем алып отыруға уақыт тағы жоқ. Жылдам  киініп  алып, тағы  жүрдім. Алдымда қалың өскен қараған бар екен. Соған кіріп, бір-ақ демімді алдым. Ұйықтап кетіппін! Иттің  дауысынан шошып ояндым. Ойлағанымдай қолдарында қарулары бар бес солдат жүр. Біреуі ит жетектеген екен. Артымнан қуып келіпті. Өзеннен  өтсе де, ит  иіс ала  алмай  тұр.  Жан-жаққа  қарап,  қарайғанды, жыбырлағанды байқауда. Мен де бұққан үстіне  бұға  түстім. Ішімнен «Қап, текке  жатыппын. Біраз  жүруім  керек  еді» деп, өзіме-өзім  ашуланып  қоямын.   Ит иіс  ала  алмағасын ба,  өзен  жиегін  біраз тіміскілеп  түске  қарай,  өзеннен өтіп  кері  қайтты. Сол кезде  барып, демімді  кең алдым-ау. Күндіз тығылып жатам, түнде  жүрем. Ала  шыққан  азығым да таусылып барады. Сол  түні  қатты  суық  болды. Мен  сол күні көп жүрдім,  әйтеуір  бір  ескі  күркеге  кезіктім. Есік-әйнегі  жоқ. Тек ық, пана  дегенің  болмаса. Күніне бір-ақ рет аш  өзегімді  жалғаймын. Маңайдан  ағаш  жинап,  ортаға үйіп жақтым. Бойым оттың қызуынан  жылынғасын ба, ұйықтап кетіппін. Бір кезде аяғымнан бір нәрсе  жұлқылап  тартқандай болып, оянып кеттім. Көзімді  ашсам, үлкен  көкжал екен. Аяғымнан тартып, сүйретіп мені сыртқа алып шықпақ. Ар жақта тағы көздер жылт-жылт етеді. Сасқанымнан шоқ болып шала жанған ағашты  қолыма  ала сап  бастан  ұрдым. Арс  ете  қалды да,  аяғымды жібере сап тастан секіріп  ары қарай  қаша  жөнелді. Рымбайжан-ау, міне Алланың сақтауы.

Осылай жүріп, бір орыстардың көп  шоғырланған ауылына келдім. Қапшығыма салып  ала шыққан  азығым да біткен еді. Бұл  жерде,  жөн  сұрасам, бірыңғай ағаш кеседі екен. Үлкен  бөренелерді  кесіп, бұтақтап  дайындайды екен. Тіл білем, біреулермен танысып, ағаш кесуші болып  жұмысқа тұрып  алдым. Тұрғанымды қайтейін  ағашты кесіп, құлатып жатқанда ағаштың бұтағы аяғыма кіріп, менен көп қан кетсе керек, есімнен ауып қалыппын. Қасымдағылар мені жақын  маңайдағы госпитальге апарыпты. Олар жарамды  таңыпты. Бір-ақ мені танып қойса керек. Есімді  жисам, қасымда бір солдат күзетіп тұр. Бір  қолым  байлаулы. Бір сұмдықтың  болғанын  ішімнен сездім. Төбе құйқам шымырлап кетті. Тамақты әкеп  береді. Мен тәуір болсам болды, әкетпекші екен. Дәретке сұранып шығам. Дәретханаға кіргенде, солдат мылтығын кезеніп сыртта қалады. Мен дәретхананың ішіне  кіріп алып, жаралы  аяғымды ағашпен  ұрып-ұрып, ісіріп келіп, қайта жатамын. Осылайша, бес мәрте жасадым. Тергеушілер келіп тергемекші  болады. Мен есім ауысқандай боламын. Бәрі әбден титықтады. Бір күні таңертең дәрігерлердің сыбырласып жатқанын естіп қалдым. «Бұның аяғы жазылатын түрі жоқ, «Гонгрена»  болды, кесу керек» деді. Жаным түршігіп кетті. Қой  енді  ұруды  доғарайын деп  шештім. Аяғым  ақырын  басуға  жарады. Қолымды босатып, дәретханаға  апарады, болды. Келем, тағы бір қолым байлаулы. Ендігі ойым: есебін тауып, қашу. Бір бөлмеде  жалғыз жатам. Қасымда күзет. Түн қараңғысы, қатты жауын  оған  қоса  ызылдаған жел. Шам қайта-қайта  сөне береді. Солдат қалтасынан  шырпысын алып жағып қояды. Мен оны аңдып  жатырмын. Бір кезде тағы сөнді. Сол кезде солдат тағы қалтасынан шырпысын алып, шамды жағам деп, еңкейе бергенде, көк желкеден теуіп жібердім. Сылқ етіп қисайып, қасыма құлай кетті. Құдай оңдады, қалтасынан кілтті алып, байлаулы қолымды  босаттым да еппен қараңғыда жалаң аяқ жүріп, солдаттың етігін шешіп  алдым. Сыртқа  шықтым да, қалың  ағашқа  қарай  жүгіре  жөнелдім. Аздап  аяғым ауырады. Бірақ оған қарайсың ба, қашып  құтылу  керек. Солай  тағы жүріп,  ағаш  арасымен әр жерге қонып, бір күні Омбыға жеттім. Омбы үйреншікті қалам, оқыған жерім. Біраз білемін. Бұнда  Қаржас  ауылы  бар.  Келісімен Жақып  деген адаммен  таныстым. Ол кісі  екеуіміз бір  елден  екенбіз. Мені жұмысқа тұрғызды. Омбыда алты жыл  тұрдым. Сонда  үйлендім. Керей  деген  ұлым болды.

Ол кезде байларды қудалап жатқан. Кәмпеске  кезі, қашқан-пысқандардың көбі осы қалада күн көріспен жүр. Өзім көргенім жоқ. Өсербай мен Жәмшит те осында дегенін естідім. Бірақ оларды іздеуге мүмкіндік болмады, өзім де қашып жүрмін. Ақырын табысымды жиып, қала шетінен екі бөлмелі үй сатып алдым. Бір күні үйдің  әйнектерін жамап жүр ем, екі адам келді. Бастарына шләпі киген, үстерінде бұлғары кәстөмдері бар. Келді де, қолдарындағы бір қағазға  қарап тұр. Сөйтсем, менің суретім екен.

– Сен Жақанып Нығмансың ба?, – деді.

Мен «Жоқ» дегенше болған жоқ, екеуі  жабыла түсіп, жерге құлатып, екі қолымды артыма қайырып байлап, бір көше алыс тұрған машиналарына отырғызып алып кетті. Сонымен сормаңдай басым Итжеккенге он жылға жер аударылдым. Мен сияқты жер  аударылғандар  көп. Бізді ит пен көп солдат жан-жақтан малша айдап әкеліп, тізіліп тұрған пойыздың вагондарына кіргізе бастады. Іші тар  вагондар екен. Тамақты вагонның төбесінен  тастайды. Дәретке де соның ішіне  отырамыз. Жолда өлгендерді станцияларға тоқтағанда алып шығып, тастап  кетіп  отырды.

Сендер нанбайтын шығарсыңдар, Сәкен  ағайға да (Сәкен Сейфулин – Е.Т.)  сол кезде кезіктім. Сібірге  жер  аударған  екен. Барғанша  әнді  айтып, бізді  қажытпай  барды. Не керек, барғасын  бізді  бөліп  тастады. Одан кейін ол  кісіні  көрмедім.

Төрт жыл Итжеккенде болдым. Бораны  қатты, қары  қалың  болады  екен. Бізді  ағаш  кесуге арқандап, қосақтап апарады. Маңайымыздан соладаттар қоршап, қарап жүреді. Қасымда Андрей деген орыс бар. «Столовойдан» бір пышақты ұрлап алғанбыз. Күн боран,  жұмыстан  қайтып келе жатқанда, арқанымызды кесіп  жіберіп, ақырын сытылып, ағашқа  кіріп  кеттік. Айнала  қоршаған ағаштан бас айналады. Белуардан қар кешіп, омбылап жүріп, әйтеуір, орманда  бір  ағаш  үйге  кезіктік-ау.  Алла  сақтайын  десе  сақтайды ғой. Сол  үйдің иесі де орыс екен. Негізі орыс халқы  әділ ғой, біз жасырмай шындығымызды айтқасын болар, сөзге түсініп,  ертеңінде аяғымызға бір-бір  «лыйжы»  беріп, өзі  жүк  пойыздары жүретін  станцияға ертіп  әкеп, таныстарымен сөйлесіп, бізді ағаш жаңқаларының  арасына отырғызып  қоя  берді. Ол  пойызбен  үш күн жүріп, бір станцияға келдік. Сол жерде  Андрейдің танысы бар екен. Екеумізге жаңа  «паспырт» істеп  беріп, сол  жерде  біраз  жұмыс  істедім. Сталин  өлгесін, ел жақ әбден тынышталып, мен бірінші Ақмола  облысы,  Аршалы ауданы, Анар  станциясына келіп жұмыс жасадым. Омбыдағы  отбасымды көшіріп алдым.

Мен кеткенде Көшім туған еді. Ал, Керей ұшқыштар дайындайтын  мектепте оқыпты содан  хабарсыз кеткенін көшіріп алуға барғанда бірақ   естідім. Көп іздедім,  таба  алмадым. Соғыста  өлген болар. Ол ұлым өзім сияқты өткір еді.

***

Нағашым сөзін  аяқтады. Ет те пісті, әңгіме де  өз  шегіне  жетті.

Добавить комментарий