Бейуақта телефоным безілдеп қоя берді. Безгек тиген баладай қайта-қайта ызыңдап берекені алған соң жауап бермеске лажым болмады. Ауылдағы Бекберген ағам екен. Солығын баса алмаған адамдай дауысы құмығып шықты. Әңгіме қысқа қайрылды.

– Амансыңдар ма?

– Ептеп-септеп…

– Шаруа шылауынан шыға алмай жатырмыз. Оқуыңнан сұран да, екі-үш күн жәрдем етсеңші!

– Бір амалын қылармын…! – дей бергенше болған жоқ, өшіп, дымы шықпады.

Қиылып тұрған соң қалай бетін қайтарасың. Таңертеңгілік деканға бір-екі ауыз ескерттім де, жолға қамдандым.

Соңғы рет ел жаққа Бекберген үйленгенде үй-ішімізбен барғанбыз. Арада көп уақыт өте қойған жоқ. Жеңгеміз – Қызылжар жақтікі. Тілмен тұсау, өсекпен өре салатын ел есік көрген келін деп айтып жүр. Қай ауызға қақпақ боласың?!

Боқташағымды жинадым да, сәуірден тұрып Сарыөзекке тарттым. Қала орталығынан, мықтағанда, үш-төрт сағаттық жол. Сәуірдің сарбауыр бұлты күн жылынған шақта көк жүзінде көп тұрмайды, өткінші жаңбыр жиі жауады. Өгіздей өңкілдеген мәшине терезесіне тысыр-тысыр тиген жаңбыр тамшысын  елең қылар емес. Анда-санда ойлы-қырлы тұста тоңқып алып, өзенге салған қайықтай ызғытып-ақ келеді. Жол бастаушым – біздің ауылдан жиырма шақырымдай қашықтағы Тасбөгет совхозына бара жатқан елулер шамасындағы Сапар ныспылы фермер. Мені жолшыбай тастап кететін боп уағдаластық. Жолдың жартысы таусылғанда мұрның құрттағыр шылым шегемін деп уақытты алды. Күн желеміктеу екен, ел жақтан ескі-құсқы киімдер табылар деген дәмемен жеңіл киініп едім, буын-буыным қалтырап-дірілдеп, жіліншегім қақсап сала берді. Былжырамай бол енді дегенді шопырға ұқтырғандай мәшине есігін тарс еткіздім.

Көлігің, серігің жарасса жол жүргенге не жетсін?! Көлік жарап-ақ тұр. Көршім көп сөйлемейді, аузына тас салып алғандай. Тұқымы сондай болса керек. Арагідік қысыр әңгіме айтылып, жауыр болған сұрақтар ғана қойылды. Менің де тарапымнан «пәленшенің баласымын», «оқимын-тоқимын» деген сияқты келте жауаптар жолданды. Аз кідірістен соң Тасбөгет туралы сұрасты. Оған да шолтаң еткіздім.

Бұрынырақта бала кезде Тасбөгетке талай барғанбыз. Жеміс-жидек, көкөніс дегенің біздің жаққа қарағанда ол жақта сұмдық шығады. Шығымы мол. Жері де құнарлы. Құдай осы жағына келгенде Тасбөгет тұрғындарына мәрттік танытқан. Менен екі-үш жас үлкендігі бар Бақберген ағамыз екеуміз түн жамыла ұрын барып, талай ұрлыққа түскенбіз. Ұрымтал тұста ұсталып, ұрынып қалып жатсақ та, ұяттан өртенудің орнына ұпайымыз түгел деп, ұлтарағымызды қағып-сілкіп жүре беретінбіз. Сонда шырт ұйқыда жатқан Тасбөгеттің төбеттерін қан қақсатып, ту-талақайын шығарып едік. Ұзақ сапардан оралған екеуміз сәлем-сауқат, самалдық сұрасқан қуларға олжамыздан теңдей бөліп, үй іші ұйқыдан тұрып болғанша үлестіріп үлгеріп жүрдік. Құдай біледі, сол кезде осы шопыр Сапардың да атызын астан-кестең еткен шығармыз…

– Сола-а-а-а-а-й де, студент!

Сапарлас келе жатқан Сапардың даусы саңқ етіп шықты. Дым білмегенсіп сынап келе жатқандай көрінді. Дегбірім қашты. Ұрлығы әшкере болған баладай, түк басқан қолымен үстімнен біреу төніп келе жатқандай көзім жыпылық етіп, қуыстана қалдым. Шоршып кеттім. Сасып-пысып самарқау үн қаттым:

– Жеттік пе?

– Бір қыр ассақ жетеміз. Немене жұмыстан қалдың ба?

– Жоға… Әншейін… Жүрегім айнып кетті.

– Шыда!

Мұндайда жол да ішектей созылып жеткізбей қояды. Өзі бір дүмбілез екен. Одан бетер қысылдым. Оңашадағы ойымды оқып қойған секілді. Сол бір жылдары көгалды айналдыра, тырқырата ит қосып қуған бір есерсоқ болып еді, сол осы болса керек. Қауын-қарбызын қоршап қойған шарбаққа ілінген кіртік сым сирағымды сойып кетіп, тізеден төмен күп боп ісіп кеткен. Жүрегім аузыма тығылып, өлдім-талдым дегенде зорға үйге жетіп жығылғаным жадымда. Өткен-кеткенді ойыма алып нем бар еді? Жә, өтті-кетті. Саспа, бала!…

– Түс!

Жолайрыққа келгенде Сапар шорт кесті. Жол-пұл сұрамастан екі-үш рет ажылдап-ажылдап алып тайып отырды. Жол бойына көз тіксем, құйрығына от байлап алған асаудай ағызып кетіп барады екен.

– Жолың болсын, жолаушым…!

***

Көгенделген қозыдай тізілген жүз қаралы үйдің арғы басынан бері санағанда, төртіншісі – біздікі. Жел күшіне мінген екен. Үйге жеткенше арқамдағы дорбамды әрі-бері домалатып, қалпағымды ұшырып әкетіп біраз мазақ қылды. Ол аз ба, қаладан не әкелдің дегендей, қалта-қонышымды тінтіп-ақтарып шықты. Сол екі ортада бет-жүзім әжептәуір қақталып, қоңқиған мұрным ағып қалды. Көңілімді әлдебір қуаныш сезімі билеген соң ба, жел де менің ырқыма көніп, жүр-жүрлеп артымнан итеріп, дедектетіп қызыл шатырлы үйге тез-ақ жеткізді.

Мені жалы күжірейген жүнді балақ Құтаяқ күтіп алды. Үй маңында маңқ-маңқ етіп, қонақ келді деген хабарды жеткізді де, жұмысына асыққандай жым-жылас болды.

Қоңқиған танауым ең алдымен түтін исін сезді. Жаңа біразда ғана самауыр қайнаған, шоғы әлі өшпепті. Кісі барға ұқсайды. Кіреберістегі аузы керілген кебістен бастап, екі-үш жасар бала-шағаның шұбар-ала бәтек-байпағы домалап жатыр. Ауылға сәлем-сауқатсыз келгеніме ұялыңқырап қалдым. Жырақта жүрген  студенттен түк дәме қылмас, оқа етпес дегеннің өзінде де, бір уыс кәмпит ала салмаған екем. Қарасирақ қулар қолға қарайды ғой.

Ішке енгенде-ақ ең алдымен бәйек боп жүрген Ажар жеңгем көзге ілінді. Жағы солып жүдеп қалған сияқты. Көптен көрмегендікі шығар, келін боп түскелі жүзіне көз тоқтатып қараған емеспін. Үстел басында бір үйлі жан отыр екен. Төрде – шал-кемпір, көкем Садық, үлкен шешеміз Шынаркүл… Бекберген… Қалғаны да бөтен емес, көрші-қолаңға ұқсайды. Шай сораптағандардың ішінен Тінәлінің шұбар бет келіні Күмісті, Бәтестің инеліктей болған Жұлдызын танып үлгердім. Бәрін түгендеп болғанша үй іші мені жоғалтып алғандай жамырасып, бас салды:

– Құлыным-ау, қайдан келе қалдың? Қу тірсегім! Көтеремім-ай!

– Жақ сүйегің ұрқиып, бір уыс боп қапсың ғой.

– Оқу деп жүріп сырқат боласың, иттің баласы…!

– Жалаңбұт жүрсің бе? Шпагат қой мынау. Жылырақ бірдеңе табылмады ма?

Кемпір-шал асты-үстіме түсіп, басымнан-бақайшығыма дейін түгендеп шықты. Сырт киімді жүре шешіп, ағалығымды аңдатып, алдыма кездескен майда балалардың басынан сипап, иіскеп қоямын. Көк сандықты бауырлай көрші Бәтестің немересі бұртиып жатыр екен. Сұп-суық алақаным тиіп кетіп еді, сарт-сұрт етеді.

– Оған тиме. Әлі үйір алмай жатыр. Шайыңды ішсеңші, – деді шал.

Жайланып отырған соң әрі-беріден әңгіме қозғалды. Алдыма күллі тәтті-дәмдіні тосқан әжем:

– Тіл үйрену керек деп телебезерден сарнап-ақ жатыр. Оқытатын шығар, ә?

– Заман қат. Қымбатшылық қысып келе жатыр, – деп шал да қоса қабаттасты.

– Түу, осы шал да қара аспанды төндіреді. Қымбаттаса тосқауыл болардай, түге. Балаға шай ішкізбедің ғой, – деп әжем азар да безер.

Жарты сағат отырғанда жарытып ештеңе де ішпедім. Неге екенін қайдам, ас батпады. Жарыса сөйлеген шал-кемпірден басқасы жақ ашпады. Мал жайғайтын уақыт есіне түсті ме, сұйық ішсе көп ұзамай жүгіртетіні бар еді, атам дәм қайтаруға асықты. Кебісін сірісінен басып теуіп-теуіп киіп ала жөнелді.

– Әңгіме бұзау емізер. Байымыз баса-көктеп кіріп келмей тұрғанда үйді-үйге тарқайық!

Көрші келіншектің ізін ала күлімсі иіс шыққан күпәйкені желбегей жамылдым да, күн батқанша қора жақтағы қобыраған жұмысқа кірісіп кеттім.

Ананы үйт-бүйт деді де, қолындағы айырды ұстатып Бекберген суыт жүріп кетті. Ол біздің үйден екі-үш үй әрі тұрады. Үйленген соң кемпір-шал бажылдап жүріп жеке шығарған. Өз үйіне қоналқа жетіп, ас-су ішіп аяқ босататыны болмаса, мал-жайдың бәрі Садық көкемде болған соң, таңертеңнен қара кешке дейін осында күнелтеді. Қара жұмысты сағынып қалыппын. Сиырдың жас тезегіне сүрініп-қабынып, он шақты рет боқ сүйреп шығардым. Кенже туған бұзаулардың жемін салып, шөбін жаңалап болғанша қас қарайды. Бар дәрменімді салып, құлшына жүріп, сілікпем шығып сүйретіліп,төсекке қалай құлағанымды білмеймін.

***

– Таяқ тисе тоңқ етер, шыбық тисе шыңқ етер!Біздің иттен боп тұр ғой пәленің бәрі. Сол ғой… Ол болмағанда ше…? Қаңғып келген қатыны да шапшып, шатынап шыға келген жоқ па? Бетіне зәрі шығып, безірейгенін көрдің ғой!

– Сүйекке сіңген мінез де. Жатырынан жаңылып туған. Тұқымында тұр ғой. Өзіңді қажап қайтесің? Жүрегің нашар. Сонша таусылмасаңшы…

– Қыстан кешіксе қысыр қалатындай-ақ… Жазға қалдыр дедім. Жер аяғы кеңісін дедім. Асығыстық қылсаң, саныңды соғып, саусағыңды сорып қаласың дедім бе? Дедім! Тіл алмады.Тартсын азабын…!

Жұлдыз жамыраған уақыт.Кереует жанына жақын отырған көкем Садық пен Шынаркүлдің дауысы оятып жіберді. Екеуі тәжікелесіп отыр. Үйдің іші алакөлеңке тартқан. Майшамның білтесіндегі тамызық әлсін-әлсін лап етіп,әрегідік созылып барып өлімсіреп қана жанып тұр. Үстел үстіне екеуінің барбиған көлеңкесі төніп отыр. Сәлден соң арғы бөлмедегі бақырып-шақырған сағаттың үні өшті де, кеуіп қалған тамағын тырнап, қақырынып-жөткірініп, есінеп-ыңыранған шалдың қимыл-қозғалысы кереуеттің сықырына ұласып құлаққа жетті. Әлгінде ғана кім екені белгісіз біреуді жерлеп, жер-жебіріне жеткен пыш-пыш әңгіме пышақкесті тиылды. Шамалауымша ағам мен жеңгем болса керек. Екеуінің ақырғы сөзі тәмам болғаны-болмағаны белгісіз, «таң атсынмен» тарқасты.

…Терезеге қарасам көкшағыр аспанның үзігінде қалтырауық жұлдыз ілініп тұр. Түн дегенің кісі жей ме, құдай-ау?! Кеше мен қаладан келгенде үйдегі майда балаларды жанына үйіріп, Ажар жеңгем осы жерді айналшықтап жүр еді. Тіс пастасымен сурет салуды ермек қылады. Айғыз-айғыз терезенің бір жақ бетіне салынған мына бір суреттен денем тітіркеніп, бойым мұздап сала берді. Аяқ-қолы тарбиған, басы қайсы, аяғы қайсы белгісіз біреу арғы жақтан қолын созып кеңірдектеп жіберетін секілді. Шашы қобырап кеткен бе, қалай өзі?! Тұра қашуға тұз толтырғандай тұлып тырп еткізер емес. Қашқанда қайда барасың? Не деген қорқынышты сұс мынау, сес көрсетер шама қайда? Артыңа қара деймін іштей тұлыпты тартпақтап. Түрілген пердені жылдам сыдыра қойдым. Ес кетіп, жан шықты-ау дегенде көзімді зорға аштым. Өңім бе, түсім бе? Мүлде ұйқым келер емес. Елсіз-күнсіз айдалада жалғыз қалған жандай, таскерең дүние тылсым тереңге тартып бара жатқандай.Терезеден түскен көше шамының жарығы ғана тіршілік саңылауындай сығыраяды. Түнімен жанған пештің қызуы бәсеңдеген сияқты. Қалтырап жатырмын. Өзіме-өзім сұрақ қоям… Бұл екеуі кімді жазғырады? Ағам мен жеңгемді ме? Айыбы не? Сандырақтап, дірдектеп жатып көзім ілініп кетіпті…

***

Ауыл тым-тырыс. Таңсәрідегі тоқал үйлердің мұржасы да мылқау. Түнімен бұлар да біреудің үрім-бұтақ, ұрық-шарығын түгендеп, өлдім-талдым дегенде барып тілін тістеген күйі ішіне жұтып алған сияқты.Тоңтеріс қалпынан бір танбайды.

Қораз шақырған бойда біздікілер мен жатқан жерде шайланып отыр еді.Түнгі шала ұйқынікі ме, әлде тастай кереуеттен сыз тиді ме, жолсоқты болғандікі ме, жұмыс өтіп кетті ме, құдайға аян, әлдебіреу төбемнен төмен қарай төпелеп кеткен сияқты, әрі-сәрі күйде төсекке таңылып қалғандай жатырмын.

Таңмен тапырақтап көрші Тінәлінің ақсақ кемпірі ауылдың тыншын кетірді. Қатша кемпірдің есік босағасынан жеткен үні балқаймақ ұйқының құшағында жатқан мені жұлып алды. Түбіт бөкебайына шалынып құлай жаздап, жау шапқандай желпініп, қиқаң-қиқаң етіп ішке кірген:

– Күлайша! Әй,Күлайша! Барсың ба? Тілің бар ма?

– Не жетті? Алла-құдай-ай, тыныштық па?

– Сендердің әлгі келін біздің қорада ес-түссіз талып жатыр.

– Көтек! Не дейді? Жан Аллам-ай! Не жаздым? Тағы не көрсетпексің…

Қолындағы кесесі төгіліп-шашылып, шашалған қалпы аузына түскен құдайдың күллі есімін жіпке тізіп, аң-таң болды да қалды.Күтпеген көңілсіз хабарға үй іші дәм ішкен дастарқанды аттап-бұттап өре түрегелді. Жұрт қолына ілінгенді шоқпыт, жолында жатқанды шоқай етіп тұра айдады. Шығар есіктің алдына тау боп үйіліп жатқан пиманың бірін қоңылтақ киген күйде мен де ілестім.

Тінәлі шалдың жаздыгүні тастан соққан сиыр қорасының түпкі жағында сұлық түсіп Ажар жатыр. Беті-басының бәрі домбығып, көкпеңбек боп кетіпті, біреу сабаған көрінеді. Айқай-шу, шаң-шұң дауыстан құлақ тұнады. Қатын-қалаштың зары, кемпір-сампырдың кәрі төгілді. Құжынаған кісінің ішінен қоңдылау біреуі үстіндегі күпәйкесіне орап-қымтап, есі кіресілі-шығасылы жатқан жеңгемді салақтатып біздің үйді беттей көтеріп ала кетісті.

***

Кешеу түні базарға мал сойып, Тінәлінің үйі түгел келін-кепшігіне дейін бірі қалмай қалаға ағылған. Үйдегі бес-алты сиырға бас-көз боп екі-үш жасар жұдырықтай немересі мен кемпір ғана қалған-ды. Мал жайғап келе қояйын деп үйден шыққан беті сол еді. Қолына айыр алып, ақырға жақындай бергенде жуас қызыл сиыры үрке қарап, көзі шақшиып, күндегіден оқыс мінез танытқан.

– Өк, қарасаң келгір! Өткен жылы бұзау тастап ең, биыл сені иектеген бұқа табылмады, қысыр қалдың. Сенің де көзіңді құртады. Базаршылап кетесің!

Қарғап-сіленген кемпір сиырды айнала бергенде:

– Баламды мен өлтірген жоқпын! – деген ыңыранған дауыс шықты.

– Ой-бай-ай! Астапыралла! Піссіміллә! Піссіміллә!…

Ақсақ кемпір айырын тастай салып, сұқсырдай сұп-сұр боп, көзі тас төбесінен шықты. Жүрегі аузына тығылды. Бүк түсіп жатқан сайтан ба, көзіме елес көрінді ме дегендей апырақтап, сасып қалды. Айырға жармасып, сабымен ақырын ғана шашынан жоғары көтеріп, от қарығандай қолын тартып алды. Бойын үрей биледі.

– Мынау Күләйшаның келіні ғой. Ол мұнда неғып….

Бар дәрменімен қолтықтап тік көтеріп алғысы келді. Оған шамасы жетпеді. Әл-қуаты айқай-ұйқаймен таусылған секілді. Ентігіп жүріп, зорға дегенде сиырдан шығарып тастаған сабан шөптің үстіне әкеп жатқызды.

– Үһ, қу жан-ай! Шыда, жаным, шыда!… Күләйша, барсың ба?…

***

«Тең-теңімен тезек қабымен» дегенді кім айтса да, келістірген екен. Осы екеуі шаңырақ көтеріп, отау боларда «келіндерің пәлен-түген» деген алып-қашты әңгіменің ұзын ырғасы табалдырықта тау-тау боп үйіліп,Ажар түспей жатып-ақ әлдеқашан үйдің тоз-тозын шығарып, базарын тарқатып, мазарға айналдырып жібергендей болып еді-ау.

Cонда боран бет қаратпай тұрды. «Боранда ит пен бала құтырады» дегенді мың рет айтса құлағына қыстыратын пенде табылмады. Құлқы да болмады.

Бекберген – қыздың баласы. Оның да әке-шешесі жастай қосылып, ақырында дәм-тұзы жараспады. Көзге шыққан сүйелдей, көрінгенге жеккөрінішті боп қаршадайынан осы үйде жүр. «Қыздан туғанның қиығы жоқ» деп шал-кемпір бауырына салып, оқытып-тоқытты. Шаңырақта отырған Садық – нағашысы. Ауылдағы селсебет Уахитқа құлынды бие беріп жүріп докуметін Садық баласы деп жаздырған. Содан бері ол – Әбжәлел емес, Садық баласы.

Ажардың адресіне айтылған есі түзу әңгіме кемде-кем. Көрмей жатып көлгірсіген көп ауыз бір-екі айдан соң жым болды. Бұл оқиға Бекбергеннің құрдасы Ақтілек үйленген тойдан кейін орын алды. Тілек тізгіні Бекең мен Ажарға жеткенде ағамыз шорт кесіп, жеңгеміз алыстан орағатып, оңды-ақ сөйлепті. Одан кейін елдің бәрі Күләйшаның «пәлен-түген» деп жүрген келіні оқыған, көзі ашық тамаша бала екен, сөйлесе, сөздің түбін түсірген, саусағынан өнер тамған, аузынан дүр шашылған келісті келін екен деп мақтауын асырды. Тойдан соң тойып алып, қыртиған тек Бекберген болды. Пәленің бәрі осыдан басталды.

Қызғаныш деген – қызыл ит. Бекбергеннің берекесі қашты. Мінген аты да мимырттап, ішкен асы да сіңбейді. Еркек кіндіктінің бәрі соның үйін төңіректейтін болды.Ажардың телефоны шыр ете қалса тінтіп, есік ашылса тұра жөнелетінді шығарып, оспадар мінез тапты. «Мұның не? Мені неге тіміскілей бересің?» дегенді Ажар талай айтуға оқталған, батылы жетпеді. Қор болдым-ау дегенде іші итше ұлып, көкірегі қарс айырылған жас келіншекке жылу берер жанның жоғы-ай. Көрдей суық бөлмеге қайдан тап болды. Күңіреніп қашқысы келген. Қайда барып оңсын? Жеткен жері осы. Ән салғаны қандай, жүрісін айтсаңшы, суретті де шебер салады. Ажар десе ажарлы-ақ. Бар айыбы сол – есік көрген. Ел құлағы елу. Қаланың желөкпе, босбелбеу, боркемік бұйра шаш баласына алданып қалғаны рас. Өзі баптап-өсірген гүл талай рет терезенің алдынан жерге құлап, шашылып, тас-талқаны шықты. Топырағын түптеп, суарды. Қалпына келді. Талай рет тапталды, өсіп жетілді. Сонда мұның тағдыры гүл құрлы болмағаны ма? Ажарға кешірім жоқ болғаны ғой. Бұл неткен әділетсіздік? Осыны ойлап етегі жасқа толып, еңіреп алғысы келеді. Жыласа тағы бәле! «Неге жыладың? Бір жігітті қимай жүрсің бе?» деген сыңайдағы шұбатылған сұрақтың күтіп тұрғанын жақсы біледі. Қимасы қышығындай болып оны Бекең қояды.

Міне, түннің бір уағы болды. Көрер таңды көзімен атырып бозарған қалпы Ажар сұлық отыр. Есік сырт етсе жүрегі аузына тығылады. Бекбергеннің күн құрғатпай ішіп жүргеніне екі айға жуықтаған. Атаңа нәлетті аузына алғысы-ақ келмейді. Аузыма енді алмаспын талай мәрте өзіне де, өзгеге де ант берген. Ант атты! Осыны қолына алып, өңешіне құймаса өмірдің мәні жоқ секілді. Күйі қашатын тәрізді. Қайдан жұққан сорлылық, аңсары ауады да тұрады.

Кеше кешкілік жұмысым бар деп қорадағы жұмысын қаладан келген інісіне тапсырып, суыт жүріп кеткені белгілі болды.

***

Тасбөгеттің темір алатындары ауылды аралап жүр дегенді естіген Бекең үйдегінің бәрін тоғытты. Жүрмей тұрған ескі мотоцикл, уазиктің доңғалағына дейін пұл болып кете барды. Әрі-беріден соң есеп-қисапқа келгенде алыпсатардың ақшасы таусылып:

– Келесі бір келгенде тиыныңды әкеп берермін. Өзіңді таппасам, әйеліңді танимын ғой… – деп қойып қалды.

– Өй, саудагер, не қыртып тұрсың? Тап қазір бер түгел. Әйел туралы әңгіме қозғама!

Қызды-қыздымен екеуі бас жаққа барысып, қып-қызыл төбелес басталды. Арашаға түсетін адам табылмай, зорға дегенде саудагер камазға мініп үлгерді. Ашуға булыққан Бекберген салып ұрып үйге келіп, күпәйкесін шешіп, шелегіндегі қиды отқа салып отырған Ажарды талап өлтіре жаздады.

– Сені танымайтын еркек жоқ! Бәрімен ашына болғансың! Іштегі шарананың…

Керзі етікпен тепкілеп жүріп, баяғыда сүйегі шіріп біткен жеті атасын түгендеп, кеңірдекке кептілген ақ ит пен көк итті айтақтап, әйелін талатып алды.

Мұндайда ауыл тыныш жата ма? Қоңсы қонған Сәрсеннің, Бәтестің, Тінәлінің тұқымдарынан бір-бір тұяқ жетті. Түн ортасы ауғанда Садық пен Шынаркүл де алқынып келді. Екеуі өмір көрген, ащы-тұщыны талай жыл бірге татқан аға-жеңге есебінде ақыл айтып, жол сілтеп үйге оралғандағы пыш-пышы осы екен. Бұлар кеткен соң да қоламталанған қоз қайта күш алып, қыл аяғы Ажар Тінәлінің қорасынан бір-ақ шықты…

***

Ажар өліп-тірілді. Солған гүл іспетті нұрсыз жанары, сөлсіз ажары сәуір соққан желден де өткір, өңменімнен өтті. Бойым мұздап сала берді. Ауа жетпей тынысым тарылып, демігіп далаға шықтым. Төңірек тұтасып қарауытып кетіпті. От жақпаған үйдей ымырт ызып тұр. Қасқалдақтың қанындай ұйыған іңірдің соңын ала жауын құйды.  Қағылған қазықтай қаттым да қалдым. Үйге кірсем бе, қалаға кетсем бе екен? Мынау кеш пе, түн бе, түк түсініксіз. Жауып тұрған жауын емес, жеңгемнің көз жасы ғой…. Қанша тұрғаным есімде жоқ. Біреу сүйреп әкеп төсекке жатқызды.

– Тоңдым…. көрпе қымташы…. аяқ-қолым өзімдікі емес сияқты…

– Бала шошынып қалған ғой. Су әкеліңдер!

Ертесіне мұрттай ұштым. Тастай қараңғы қорада жатқан сияқтымын. Сыз өтіп барады. Тамыр-тамырыма дейін қуалап бара жатқан ыстық қан емес, көз жасы сияқты.

Мен сол түні тұңғыш рет Бекберген ағамды жек көрдім! Бөтенсіп, теріс айналып кеттім. Безілдеген телефонға жауап бермей-ақ қоюым керек пе еді? Заузатан – саратан, сенен де қорқамын!

Добавить комментарий