Абай Құнанбайұлының туғанына – 180 жыл

Оқырман назарына қазақ ақындарының Абай Құнанбайұлына арнаған өлеңдерін ұсынамыз:

Абайға мұң шағу

 

Жұртым деуге арлымын,

Өзге жұрттан ұялып…

Менсін   беуші ем наданды,

Ақылсыз деп қор тұтып…

Абай

 

Алашым деп арман-мұң, қиял әнім,

Абай аға, ақ қағаз сияладым.

Жарлы емеспін, зарлымын мен де сендей,

Ұлтым деуге жат жұрттан ұяламын.

 

Ғасырда да ел бостан, азат дала,

Қалар емес қашанғы мазақ-таба.

Аузы түкті кәуірге құлдық ұрып,

Айрылмайтын қамыттан қазақ қана.

 

Қандастары сорынан бақ табатын,

Күлембайлар қазіргі таққа жақын

Отаршылдан бетер жеп Отанымды,

Орыстанған діліне мақтанатын.

 

Наласы мол намыстың зарлап әнін,

Жыр жазбасқа Абайша бар ма амалым?!

Өзге жұрттан ұялып мен де бүгін,

Жұртым деуге арлымын, арланамын.

 

Не әкеледі алдағы заман күткен?

Тайғақ боп тұр бүрі жоқ табан біткен.

Алысады бұл ғасыр Абайлары,

Ақылды һәм оқыған надандықпен.

 

Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ

 

Жыр көктемі

 

Көгеріп, жасарғандай дала, қыстақ,

Айнала балауса өмір, даналық шақ.

Алатау ұлы Абайға ұқсап отыр,

Қолына көк сиялы қалам ұстап…

 

Жаңғыртып барша әлемді мәңгілік жыр,

Оятты тәтті ұйқыдан таңды бұлбұл.

Бозторғай «Жаз» өлеңін аспанда оқып,

Айызын тыңдаушының қандырып жүр.

 

Сахара бір көгілдір нұрға толып,

Ағады арнасында су да толып.

Әйгілі «Айттым сәлем, Қаламқасты»,

Барады көкжиекке тырна созып.

 

Сиқырлы үн боп кіріп құлаққа – Абай,

Жатқандай жылтырайды құраққа май.

Тоты құс түстес алуан көбелектер,

Қонады гүлден-гүлге тұрақтамай.

 

«Қарға мен өгіз» сырын шымшық оқыр,

Жүрегін әлдекімнің шымшып оқыр.

Жұп аққу «Жазғытұры» жырын жаттап,

Бір байғыз кәрі қыздай сыңсып отыр…

 

«Мінеки, болыс болдым» дегендейін,

Өңешін созды құзғын өлердейін.

Көгершін «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім», – деп

Аударды пенделердің өлеңге ойын.

 

Өлеңсіз көңіл күйге жарымайды,

Өлеңсіз өтсе, өмірдің бәрі қайғы.

Қараңғы түнде ұлы тау қалғиды,

Тыңдаса, «Желсіз түнде жарық айды».

 

Бұл-дағы Абай-көктем күші деп біл,

Көкек те әупілдейді, іші кепкір.

Тойынған қар суына сәуірік-бұлт,

Аспанның ар жағынан кісінеп тұр.

 

Кеткендей бойдан ызғар, санадан кір,

Емеді Ана-Жерді бала-жаңбыр.

Тұяғын қайта-қайта тасқа соғып,

Тау ішін құлын-бұлақ аралап жүр…

 

Көкпеңбек туым түстес болды атырап,

Көк түсті қызартам деп болма ақымақ.

Қазаққа әсіре қызыл жаққан емес,

Жарасар ақ терекке – көк жапырақ.

 

Қонғанда ақ шешекке көк көбелек,

Көрінер көркемдігі көптен ерек.

Қолына көк бөрілі байрақ алса,

Алашың арыстан боп кетсе керек…

 

Жəркен БӨДЕШҰЛЫ

 

Абайға мінәжат

 

Сіз өскен Түзде Тәңірдің иісі бұрқырап,

Киені көрген, көздері көркем жылқылар!..

Өмірдің сыры Өзіңіздей Жанға сол кезде,

Оқылған шығар бес Күндік Жалған сыртынан?

 

Сіз сүйген Ел-Жұрт байраққа, ерге, жараққа

Әнінен – алтын, күйінен – күміс жалатқан!..

Күнтекті Қыдыр құрдасы болған сол Қазақ,

Құдайдың өзін шақырған екен қонаққа!..

 

Сіз құшқан Ару аңыздан перде ұстанып,

Ұйықтатпай қойған әлемнің небір мыстанын!..

Сіз ашқан тылсым Өлеңнің әппақ Әлемі,

Пенделік жасыл қиялдан алыс!

Тысқары!..

 

Сіз шеккен Қайғы заманның басын даң қылып!..

Ғасырға ғасыр тасумен жатыр жаңғырық.

Сіз айтқан Өсиет…

Оны біз барша өнерге,

Хан сайлап қойдық мәңгілік!

 

Арман-ай, арман!..

Біздердей мына құлдағы

Құлпырса-дағы тұрмыстың қызыл сырмағы,

Өзіңіздей болып, жұпарын сөздің бората,

Аңқыған Еспен отыру қайда-а-а нұр бағып!..

 

Өттіңіз, әттең жаяулап мына бес күннен…

Өлеңнің күні кешкірген.

Сіз кеткен жолдың басында балбал тұр бүгін,

Аузынан аспан естілген!..

 

Тыныштықбек ӘБДІКƏКІМОВ

 

Жидебайда

 

Абай ата, келмеймін күнде саған,

Саған шашпай мұңымды кімге шағам?

Көресіні түгелдей көріп болмай

Күтіп тұрған көрге де кірмес адам.

 

Жерден сырлас таппадым сөз ұғарға,

Көкте жүрген көзелдің көзі бар ма?

Тіршіліктен түңілген тамам бала

Өзін асып жатыр ғой өзі дарға!

 

Ақзу тілім ақ сор боп шұбарланып,

Қыжылымды айтпадым құмар қанып,

Гәкку әнім гөй-гөйге көп ұласты,

Сұңқылдаған аққудай сыңар қалып.

 

Туған жерді тозаққа айналдырып,

Амалсыздан аһ ұрам айлам құрып.

Жайылымсыз өңірім қайырымсыз

Өрісімді алыппын ойран қылып.

 

Жау жықпаған қазақты арақ жығып,

Қайта басты даламды қараңғылық.

«Қартта – мейір, балада – пейіл қалмай»

Әлекедей жалаңдар арам қылық.

 

Намыс емес көбіміз табыс қуып,

Өгей өстік өрліктен алыс туып.

Тәуіп еткен таспұтым телкек қылды,

Өзімді әкеп өзіммен шағыстырып.

 

Ала жіптен аттамай ас батпады,

Бүйрек пенен жүректі тас қаптады.

Жылан жылытып жүрген соң қойнымызға

Жанымыздан жылу да қашқақтады.

 

Ертоқымның сынған соң айылбасы

Ұмытылды ұлы әннің қайырмасы.

Сүтте қаймақ қалмайды, қызда – оймақ,

Су мен удың жоғалды айырмасы.

 

Жидебайда жарылса талай атом,

Жырлап жүрген біз соны – Сарай ақын.

Ұрпағыңа «Тоқтат!» деп тоқтам айтшы,

Бар еді ғой аруақты Абай атың!

Ұлықбек ЕСДƏУЛЕТ

Добавить комментарий