Бір ел – бір кітап

Порталымыздың тілшісі Еламан Қабділәшім «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Жұмекен Нәжімеденов өлеңдерін оқып, кезекті белгілі ақындар Байбота Қошым-Ноғай мен Абзал Бөкенге ұсынған болатын.

Жыр-алауды қабыл алған Байбота Қошым-Ноғай былай дейді: «…Жұмекен Нәжімеденов жырларын қайта-қайта оқудан жарты ғасыр бойы жалыққан емеспін. Жұмекен ағам мінбелерге ұмтылып немесе сахнаға шығып өлең оқығанды аса ұнатпайтын еді. Баспада қатар қызмет етіп, қасында жүрсек те, өз өлеңдерін дауыстап оқыған сәтін көрмеппін. Менің де Жұмекен ағама тартқан жерлерім бар… Дегенмен ақын өлеңдеріне жастардың назарын аударып қойғанның артықтығы жоқ. Кәнеки, ағамыздың махаббат тақырыбындағы бір топ өлеңін үнсіз оқып көрелік!». Мархабат!

***

Сенiң шашың түн десем,

Адасумен өтем ғой.

Күлiп тұрған Күн десем,

Сенiң күлкiң екен ғой.

 

Шуылдаса ну орман,

Сенiң желiң екен ғой.

Шөлдеп едiм, суарған

Сенiң көлiң екен ғой.

 

Жапырағы гүлдердiң

Алақаның екен ғой.

Маңдайыңда жүзген нұр

Дала таңы екен ғой.

 

Бұлт түйiлсе кәрленiп…

Бiлмей жүрген екен ғой,

Бiздiң жерде бар көрiк

Сенде де бар екен ғой.

 

* * *

Мен көктем боп күлемiн,

Сен тұрасың гүлге ұқсап.

Гүл қадiрiн бiлемiн,

Гүл қадiрi – бiр құшақ.

 

Мен келемiн жыр күреп,

Мазмұн сенде керемет.

Екеуiмiзде бiр жүрек,

Екi кеуде не керек!

 

Өзiмдi саған телмiртiп,

Көңiлiңдi табайын:

Сен бiр көзсiң, мен – кiрпiк,

Қалғи қойшы – жабайын.

 

Жар махаббаты

Сәулешiм, сонау кеште нұрлы аспанда

Қос жұлдыз ұғысқанда, ымдасқанда,

Жерде – бiз, егiз жүрек жүздеп соқты,

Ерiншек аяғымыз бiр басқанда.

 

Ыстық қол ыстық сезiм оятқанда,

Аттаудан жаңылмайтын аяқ бар ма.

Махаббат бойды баурап…

тамырларда

құтырып асау-топар ой ақты онда.

 

Алдымда тұрды сонда бiр сын менiң,

Сондағы қуанғаным – күрсiнгенiм.

Түк сезбей жатты жазық, туған дала

Көтерiп қос жүректiң дүрсiлдерiн.

 

Сол дүрсiл армандарды iздеткiздi,

Сол дүрсiл жазды өткiздi, күздi өткiздi.

Бозамық шық жамылған Ай астында

Сол дүрсiл туған жерге iз боп түстi…

 

Қосты ғой «сүю» деген күштiң бiздi,

Бастық бiз ендi жерге үш түрлi iздi –

Үш өмiр көтерiлдi көкжиектен,

Сәулешiм, көрдiң бе анау үш жұлдызды?

 

Рақмет, жазымды өмiр күз қылмады,

Сәби ғой бұл тiршiлiк – бiз құндағы…

Көбейсiн жер бетiне түскен iздер,

Көбейсiн мына аспанның жұлдыздары!

 

* * *

Жан жарым, түбiнде сол көк теректiң

Өзiңдi сүйдiм алғаш, өкпелеттiм.

Сәл жүдеп үмiт қайта бiр тiрiлген

Кезiнде жас үзiлдi кiрпiгiңнен.

 

Сол бiр жас домалап кеп жерге түстi,

Жер-дағы сезiмдердi тербетiстi.

Сол кеште гүл ұсынды дала-мықты,

Бiз бердiк айырбасқа балалықты.

 

Балалық қалды солай жас боп тамып,

Келедi кеудемiзде басқа от жанып.

Мен қазiр жалғызыңмын – ая, жұбай,

Жазғы кеш, болса да гүл баяғыдай.

 

Бiр тамған көз жастарың бетiмдi ендi

Дәл ондай күйдiрмейтiн секiлдендi.

Сонда да ыстықсың сен – бiр аптабы,

Өз бейнең өмiрiме тұрақтады.

 

Өзiңдi аялатқан, өкпелеткен

Алыстап кеттiк қой бiз көк теректен.

Терек тұр бояуымен баяғы көк

Жастықтың адастырмас маягi боп.

 

Барып жүр оған ендi басқа жiгiт,

Басқа қыз тамшы жасын тастады үзiп…

 

* * *

Мiнезiм жеңiлдеу ғой кейде менiң.

Күлгенiм, күрсiнгенiм, сөйлегенiм –

Бәрi де көрiнген-дi саған жұмбақ,

Екеуiмiз таныс болған сонау жылда-ақ.

 

Ұқсаңшы, серiк ең ғой бала күннен,

Бiлсеңшi әзiл кiмнен, жала кiмнен.

Бала боп ренжiтсем сенi кейде,

Үлкен боп жұбатып та аламын мен.

 

Дейсiң сен: «Құлқың құрсын бала сынды»,

Деймiн мен: «Қалай табам жарасуды?»

Әйтеуiр, әйел болып жоқ демейсiң,

Сөйтесiң, өйткенi сен өкпелейсiң.

 

Кеш, сәулем, балалыққа мәңгi ұқсадым,

Кеш, сәулем, аңқау болдым, аңдыспадым.

Кеш, сәулем, дей беремiн, дей беремiн…

Мiнезiм осындай ғой кейде менiң.

 

* * *

Сүю үшiн жүр ғой жұрт кеңес сұрап,

Сүйетiн жан былай сүй демес бiрақ.

Саған ұқсас қыз көрсем – айырылғым жоқ,

бұл, әрине, мықтылық емес, шырақ.

 

Жанарыңды қоя тұр дөңгелетпей,

Көздiң жасы тұр қазiр емге жетпей.

Саған ұқсас қыздарға осалдаумын,

(Мықты болғым кеп жүрген мен де жоқ қой).

 

Бәрi өзiңдi сүю ғой,

оңдасын тек,

жанса, жансын жүректер, тоңбасын тек.

Саған ұқсас қыздардың сүйем бәрiн,

Маған ұқсас жiгiттер болмасын тек.

 

* * *

Көп iздедiм, көп ойладым теңселiп,

Ойдан екен еңкеюi еңсенiң:

Көкшiл көздi десем бе екен сенi ару,

сары шашты десем бе екен мен сенi?

 

Сезiм, қиыл, тұра тұршы кейiнге,

Шын сөзiмдi ойлар бiреу ойын деп.

Сенi… сенi десем бе екен ақ сары,

Әлде сенi қара торы дейiн бе?

 

Қасыңды да, шашыңды да, шырақ-ау,

Бiрдеңе деп сипаттау жөн шығар-ау.

Көкiрегiң жоқ нәрсенi iздегiш,

Тiлiң жоқты бейнелеуге құмар-ау.

 

Сөзiм менiң сезiмiме, о несi,

Көрген емес iлесiп не теңесiп:

Бәрiн қойып әсiрелеу, теңеудiң,

ең әсем қыз десем бе екен сенi осы?!

 

* * *

Бiр сыр айтты ернiң маған кезерген,

Жақын… жақын жемiсiмдi сезем мен.

Қарағайға көлеңке боп кетейiк,

Өтейiк тез мына тентек өзеннен.

 

Қайың, талды сыңсып келiп жел өбiп,

адасқанын ағаштардан көредi.

Тебiсiп тұр көк бұталар, ал менiң

бiр шумағым бiр шумақты тебедi.

 

Кеттi ұшырып толқын тасты қақты да,

ақ осылай ақтарылып, ақ, бұлақ.

Құтырынып ойнайды кеп толқындар,

Менiң қаным ойнайды одан қаттырақ.

 

Жүзiм сынық болғанымен ежелден,

Көңiлiмнiң батылдығын сезем мен.

Тез, тез енiп жоғалайық қалыңға,

тез, тез өтiп кетейiкшi өзеннен.

***

Ал, Абзал Бөкен: «Ұлы Абайдың «Сегіз аяғында» «көңілсіз құлақ ойға олақ» деген сөз бар еді. Яғни, көңіл қоймай тыңдаған құлақ ұғуға шорқақ дегені. Әрине, көңілсіз көз де болатынын жоққа шығармаймыз. Дегенмен, жымы жөпшенді жанға алдыра қоймайтын Жұмекен жырлары тыңдаумен қатар, өз көзіңмен тұшынып оқуды да қажет ететіні белгілі. Осы қисынға орай, ақынның ұғуға «ауыр» «Аты жоқ өлеңі» мен жаттауға «жеңіл» «Әзіл» атты туындыларын  жазба түрде ұсынуды жөн көрдік. Кел, оқырман, оқылық…» дейді:

Аты жоқ өлең

Көмір қаздың, күй шерттің талай-талай,

Не еліктей алмадың, не қайталай.

Даралығы емес-ау бұл тұлғаңның,

қырсығы емес өзіңше ұмтылғанның.

Бір жұмбақ бар мен үшін елес мүлде –

түсінбейді сондықтан сені ешкім де!

Алашадан – атадан қозғағанда

тумысың да жат емес өзге адамға.

Бірақ сені өзімсіп ешкім, ешкім

сөйлегенін мен ғұмыры естімеспін!

Себебі сен біртүрлі, біртүрлісің,

жүргің – тас, секілді сыртың – мүсін.

Сені ұқтырам демеймін мұны айтқанда

жағымпазға,

жалқауға,

суайттарға.

Сөзім бардай тіл-ұшы таңдайымда,

ойламайын десем де сен жайында –

қиялымды келбетің түртіп тұрар,

сиқырың бар біртүрлі ынтықтырар.

 

Көңілдендің сен мүлде ерек бүгін,

жұрт секілді сен де іштің – өрепкідің.

Сезем, сен де бізге ұсап күлмек болдың,

сол ниетіңнен көрінді бөлектігің.

 

Әзіл айттың кейідің талай-талай,

бездің бізден,

еліктеп, не қайталай

алмадың сен ешкімді,

Содан-дағы

бір ортақтық сенен де таба алмады.

 

Бірге жүрдік бірталай мекенге ұшып,

төбелесіп көрдің сен шекең де ісіп.

Өзіміздің жігітсің,

Он досының

ортасында отырған бөтен кісі!

 

Өлгеннен соң көрінер өтімді ісі,

Бөтен кісі, сен жалғыз жетім кісі!

Сен – уақыттың алдына түсіп кеткен

радио-сигнал секілдісің.

 

Әзіл

Жырымды өзге түгіл қыз ұқпады,

тастадым сол үшін мен сызып бәрін.

Қыз менің теңеуіме түсінбеді,

мен қыздың кірпігіне қызықпадым.

 

Ашып ем үр жаңа ойды дара барып –

қыз мені бір жымиып бағалады.

Ол менің өлеңімді оқымады,

мен оның бұрымына қарамадым.

 

Балғалап ұқтырам деп ақын жанын

тақтай сабап жатқандай тақылдадым.

Ол менің бір жырымды жаттамапты,

мен оны театрға шақырмадым.

 

Әй, қайран пендешілік,

«Жанып» ішің

жүресің шарап емес, жалын ішіп.

Осылай қыздарыңмен «ерегестім»,

жігіттер, өздеріңе жағу үшін.

 

Жұмекен жырларын сіз де оқып, жариялаңыз, құрметті оқырман!

Добавить комментарий