СОҒЫСҚА БАРЫП-ҚАЙТҚАН ДОМБЫРА
Елең етер шыққан әр бiр дауысқа,
түскен талай тартыс пенен қағысқа,
бiр үйде мен домбырамен кездестiм
барып қайтқан соғысқа.
Көрдiк те оны арқаландық, құрсандық,
Қолымызға ап күйлер тартып, ән салдық…
…Сол домбыра денесiнен тұрғандай
оқ-дәрiнiң исi аңқып.
Тартқан кезде тебiрентiп толғап бiр,
бауырына тығылып ап солдаттың,
кең даласын аңсап қанша жылады ол
аруанадай мойынын созып аңырап бiр.
Болған ол да қару менен жарақтай
дұшпандарға оқтарды ол да боратқан.
Сөйлеп тұрған домбырамның даусымен
блиндаждар, окоптар.
Қазағым-ай,
тар кезде де тарта алған!
Сол кезде оны маршал ұстап таң қалған.
Жараланған,
көмген оны топырақ
шанағына көз жасы мен қан тамған.
Қып-қызыл қан жауып оның шанағын
болған солай
бұл домбырам жаралы.
…Қолтығыңа кiрiп алып боздаса
Өн бойыңнан соның қаны ағды.
Ол боздаса шыдай алмас тiрiлер.
Шыдай алмас – жан-жүрегi тiлiнер.
Сiлкiнедi ол – бомбалардың даусымен,
күрсiнедi ол зеңбiректiң үнiмен!
Ол жыласа – безiлдеген зар қаққан, –
басар сенi қасiреттi салмақтар.
Мен бiлемiн – домбырасын құшақтап –
Алатауын құшақтаған солдаттар,
Маңғыстауын құшақтаған солдаттар,
Қаратауын құшақтаған солдаттар,
Сарыарқасын құшақтаған солдаттар!
Көрген талай қанға бөккен күн, айды,
адамдардан тыныштықты сұрайды.
Әлi күнге сол домбыра ұстасаң
аруанадай мойнын созып жылайды.
КИIКТIҢ ТАС МҮСIНI
Ойлантатын ойы сергек кiшiнi,
толғантатын көргенi көп кiсiнi
қарап қалған қос құлағы елеңдеп
жол бойыңда – киiктiң тас мүсiнi!
Тiршiлiк боп ататұғын әр таңы,
қойындасқан
құмы, шалғын, сортаңы
бiр кездерде болатын-ды осы алқап
қаптап өрген киiктердiң алқабы.
Жер қуырған дүбiр үнге елiгiп
сол киiктер өрден төмен төгiлiп
өткен кезде болатын-ды кеткендей
қара жердiң бiр пұшпағы сөгiлiп.
Жаным күйiп кеткен кезде күйiктен
айналады төмпешiкке биiктер, –
жетiмсiреп жатыр мына кең алқап,
жоқ қой қазiр қаптаған сол киiктер.
Жолатпастан өрiсi мен қағына
көмген жердi мың-сан тұяқ шаңына.
Киiктердi қырған,
қырған қоршап ап
салып қойып машинаның шамына.
Қырған, қырған
болмаған ғой қымсыну,
қырған, қырған –
толастамай гүрсiл үн.
Сонан кейiн тұрған далам үстiнде
күрсiну мен түршiгу.
Жатыр ендi
алып алқап шаңданып,
жылайды тек қара желi зар қағып.
Сол қырғыннан аман қалған киiктер
кеткен дейдi тоз-тоз болып жан бағып.
Соны ойласам жаным менiң күрсінер,
күрсiнер де:
сен де мұны бiлшi дер.
Тiрi киiк таба алмастан суретке
түсiредi тас мүсiндi тiлшiлер.
Аптабындай меңдегi сол күйiктiң
дәл осы сәт мына далам күйiп тұр!
Әлдеқандай мылтық дауысы естiлсе
дiр етедi тас мүсiнi киiктiң!
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Жалғыздық кеп құрсау болып қысқанда
Қызық бiткен менi тастап ұшқандай.
Үңiрейiп жан дүнием тұр қазiр
ымырттағы аңғал-саңғал қыстаудай.
Бұзылғандай оның жұмбақ қорғаны,
үзiлгендей оған барар жол-дағы.
Үңiрейген менiң мынау жанымда
салбырайды өрмекшiнiң торлары.
Үрей кiрiп оның дымқыл демiнен
жанарыма жас үйiрiлiп егiлем.
Аңғал-саңғал менiң жаным ұлып тұр
уiлдеген жалғыздықтың желiнен.
Қалай шыдар жалғыздыққа бұл адам…
Сөздерiм де үзiк-үзiк құраған…
Есiтемiн түкпiрiнен жанымның
байғыз дауысын сұңқыл қағып жылаған!
АНТИТЕЗА
1. Қарғыс
Зiлзала күн туып ерте заманда
бiр уыс боп тұрған қалам, далам да.
Жаулар төнген жан-жағынан жалаңдап,
белiңдi үзiп,
саламын деп табанға.
Қырылып бiр жатса да ұрпақ өрiмдей
туған жерден бiр адым да шегiнбей
тұрған екен жұдырықтай түйiлiп
елiм менiң берiлмей.
Басқа түгiл әйел қолға ап бақанын
батыр болып шығарыпты атағын.
Бiрақ, бiрақ бiр опасыз жау жаққа
өтiп кетiп сатқан екен Отанын.
Бұл сұмдыққа – елдi, жердi қорлаған –
күйiнбеген жан баласы қалмаған.
Сонан кейiн сол опасыз сатқынды
бүкiл ел боп, бүкiл жұрт боп қарғаған.
Қарғаған ғой – атын жерден аластап,
Қарғаған ғой – атын елден аластап.
Сол қарғыстан қақ айырылып қара жер,
жерге құлап түскен екен қара аспан.
Қап-қара боп түнге айналып жарық күн,
Қара есiгi ашылыпты тамұқтың.
Сол опасыз өкiрiп кеп құлапты
ақырында қарғысы ұрып халықтың.
Қалмаса да есiмi оның көңiлде,
айналса да сүйегi оның көмiрге,
жата алмастан халық айтқан қарғыстан
әлi күнге өкiредi ол көрiнде!
2. Алғыс
Ерте кезде – ерте, ерте, ертеде,
осынау бiр көне мекен өлкеде
шақтар туған жалаңдатып қылышын
көк сүңгiсiн тiреп тұрған желкеге.
Езген елдi қаралы күн,
мұңлы күн.
(Тiзiп оның тауыса алмассың сұмдығын).
Тұрған екен бүкіл халық теңселiп,
айта алмастан ақиқатын,
шыңдығын.
Жанын, жарын, тiршiлiгiн тәрк етiп,
Қаптап тұрған жұрттың бәрiн тәнтi етiп
сол бiр кезде кескектi ердiң сойындай
шыққан екен бiр перзент жарқ етiп.
Жан екен ол – шамырқанған шабытты,
таң қалдырып дүйiм елдi, халықты
сәуле ойнаған ақ семсердей жарқылдап
бәрiн айтып салыпты.
Таң қалдырып – тәккәппарын, жарлысын,
таң қалдырып – арсызын да, арлысын
ақтарыпты ол.
Риза боп сол кезде
жаудырыпты қаптаған ел алғысын.
Құшақтапты әке оны бауырға ап,
Құшақтапты ана оны бауырға ап.
Жауған алғыс аппақ нұрға айналып,
төгiлiптi үстiне оның сауылдап.
Ол ұстаса – қураған тал бүр жарып,
ол қараса – ағады екен мың жарық.
Елдi кезiп жүрген екен сол адам
төбесiне ағыл-тегiл нұр жауып.
Атап соны жорытқан ел түстi де,
соған, соған сиыныпты күштi де…
Нұр себелеп тұрады екен сол жанның
әлi күнге қабiрiнiң үстiне!
СӘУЛЕ
Танардай боп есiнен
тұрғанда ару ант етiп,
аппақ сәуле көзiнен
тайып түстi жалт етiп.
Бiр ғаламат болды деп
шаттанды аспан құсы да –
сол бiр сәуле қонды кеп
қаламымның ұшына!
Сырын ашып ғаламның
айналам деп мұң, шерге
дәл ұшында қаламның
дiр-дiр етiп тұр сәуле.
Кетердей боп ағып бiр
ауаменен ән құсап,
аппақ сәуле жанып тұр
кiп-кiшкентай шам құсап.
Жыр етем деп сезгенiн
Қоңырау болып соғылып
күмбiрлейдi сөздерiм
сол сәулеге шомылып.
Тойын жасап жыр елi
басылмайды қызығы…
Сөздерiме сiңедi
сол сәуленiң қызуы!