Ауданың Ертіс, ауылың сенің Үлгілі
Керқұла жырдың кесілген сонда кіндігі.
Дүрбелең шақта дүниенің ашқан есігін,
Дүрия даланың дүбірі қайтпас дүлділі.

Арманы биік, арыны жүйрік ардақтым,
Тағдырдың жолын алады дейсің таңдап кім.
Құлыншақ кезден құлатпау үшін қолға алдың
Байрағын анау Байзақтан қалған шаңырақтың.

Тұрлаусыз тірлік жолымнан енді тұр былай,
Ғазиза-жүрек жылады қанша құрғыр-ай.
Шетінеп кеткен періште перзенттерінің,
Орнына сені сый қылып берді бір Құдай.

Кедейге кейде қарайды өмір паңдана,
Сен теңіз едің сыймаған суы арнаға
Рахмет ағаң рақымын төгіп риясыз
Жанындай сүйіп, жанашыр болды Жанбала

Ержеттің сосын ел менен жұртты аралап,
Сауық-сайранда қара домбыраңды сабалап.
Менмендігіңді көрмеген адам баласы
Мергендігіңді мойындап жатты бар алап.

Жиылды халық, жәрмеңке жетіп далама,
Талантты жандар тасада бұғып қала ма?!
«Саныңды соғып қалмайын десең білім ал»…
Сәтбаев солай сіңірді сәуле санаңа.

Жырласа дауыл, шырқаса шыңға тақаған.
Жақсыға жолдас, жаманға жаны жат адам
Әуезов неткен әулие еді десеңші
«Шексіз даланың тасқын желі» деп атаған.

Пушкиннің жазған «Мысыр түндерін» алды ұғып,
Содан соң оның дауысы кетті жаңғырып.
Күркіреп Иса, дүркіреп Иса жырлады,
Орыстың талай оқымыстысын таң қылып.

Жаңылмай ақын, жырлайды көзін жұмса да.
Дарынның өзін көтеру қиын мұншама!
Үш жүзге түгел танымал болды тарланбоз,
Есімі оның үш-ақ әріптен тұраса да.

Қара жер жауып жатса да сенің жүзіңді,
Қара өлең сүйер ұмытпас ұрпақ ізіңді.
Дендеген дерттің жебесі желден өткір боп,
Желісі бөлек «Желдірме ғұмыр» үзілді.

Үзілді бірақ үміттің оты сөнбейді.
Сусаған жүрек сусын жырыңа шөлдейді.
Тәніңді жерге тапсырғанменен арулап,
Ең соңғы қазақ қалғанша атың өлмейді.

Добавить комментарий