Бейшара

 

Өмір қандай, Тәңір өрген өрнектей,

Ауа қандай, мөлдіреген әйнектей!

Ал кеудем ше?

Ісіп кеткен көнектей,

Жүрегім ше,

піспей кепкен дәнектей.

 

Қанаттарың қағып-қағып жасқанбай,

Зеңгір көкте қалықтаған құс қандай!

Ал кеудем ше?

Шарықтаған аспандай,

Ішім менің?..

Шыңыраудай бос сондай.

 

Мамырдағы тамылжыған шақ қандай,

Түні қандай!

Жылы, жұмсақ мақпалдай!

Келе жатқан Көктемнен де хабарсыз,

суық санам – азынаған Ақпандай.

 

Бұлтты жарып, күлімдейтін Күн қандай,

Жел өтінде дірілдейтін гүл қандай.

Орайыма күн түскені – түк емес,

Нұр таратып тұрмаған соң бұл маңдай!

 

Шексіз Космос, шетсіз Ғалам зор қандай,

Жұлдыздана құлап жатқан қар қандай!

Бұл ғаламат кеңістіктер алдында,

Төтеп берер қауқарым бар, ал қандай?

 

Шуақ шашқан, берекелі таң қандай,

Ызың-қуың, мерекелі маң қандай.

Ал жүрегім – шыңылдаған құмыра,

Мәңгіліктің құмдарында қалғандай…

 

Жылан көркем, жаңалаған терісін,

Дала көркем, аямаған өрісін.

Менен әулие күбірлеген арық тал,

Бетін сипап дұға қылған мен үшін.

 

Бау-бақшалар аямаған жемісін,

Ғалам жауһар аямаған кенішін.

О, Жасаған!

Бәрін бердің мен үшін,

Ал менде ше?

Бұйым да жоқ Сен үшін,

Сыйым да жоқ Сен үшін…

 

«Сен – тозаңсың!» дейді маған мына жол,

«Сен – тамшысың!» дейді маған мына көл.

Менен таза – табанымда тапталған,

Ақ жауынмен ғұсыл алған мына жер.

 

Менен гөрі ақылдырақ жапырақ,

Құс та ақылды, ұшқан мені бақылап.

Менен гөрі мүбәрак бұл – топырақ,

Топырақтан биік пе едің, ақымақ?!

 

Енді кеудем неден өсіп, тасымақ,

Өз денемде кімді жүргем асырап?!

Құмырсқа да – қарап тұрған бір хәкім,

мұрттарынан хикметтері шашырап.

 

Онда өзімді жау мен жаттай сынайын,

Өз шыңымнан ғайып шоқтай құлайын.

Көзге ілмесе мені жалған

мына әлем,

Менсіне ме мені Патша Құдайым?!

 

Ойлап жатсам,

ісім – аз да, сөзім – көп,

Жүрегімді қуырады қазір от.

…бұл райыма қуаныштан желпілдеп,

Ту сыртымда еңкілдеп тұр Қазырет…

***

Дүниеден теріс айналдым,
Көрінсе көзге қымбат боп.
Қазаны көрдім, қайғы алдым,
Өлімнен артық ғибрат жоқ.

Артынан кеткен адамның,
Сен-дағы бір күн барасың.
Өмірді сүйсең – баласың,
Өлімді білсең – данасың.

Күз деген өшкен жаз-кемпір,
Қарайды маған мәңгіріп.
Өмірдің жыры – аз-кем күн,
Өлімнің сыры – мәңгілік.

Тірейсің бір күн маңдайды,
Қақпаға алтын нұрдағы.
Өмірдің дәні қандай-ды –
Өлімнің сондай қырманы.

Дүниеге шашпа қуатты,
Шар қылып жина жүректе.
Сол қуат саған шуақты,
Шырағың болар түнекте.

Қан базар жайнап жерде тұр,
Болмассың оған сен ие.
Алдайды бір күн, көр де тұр,
Алаяқ мына дүние.

Жас ақынмен шылым шеккенде болған монолог

Қарашы, біздің жолдар тегіс пе еді?
Аңғармадық.
Сендерге ең лайық сөз – сөгіс деді.
Таңқалмадық.
«Біздерге жалған!»- деді,
жалғанбадық.
Дөйдалаға жанарды қададық та,
Теңселіп тұрып алдық орман болып!

Ормандай тұрып алдық, түмен әскер,
Мән бермедік пәлен сөз, түген іске,
Кей-кейде қызбаланып, ызаланып,
Өлең үшін кіріп кеттік төбелеске!

О, ол кезде өлең бізге күш беретін,
Уақыт емес еді ол кез – ес кіретін.
Біз – өлең, өлең – біз деп түс көретін,
Сол кезде көне біткен жарқырайтын,
Болашағың сарғайып ескіретін!

Тек өлеңді, тек соны төбе көрдік,
Түсінбедік өмірге неге келдік.
Біресе, дауыл болып буырқандық,
Біресе жауын болып себеледік.

Бұзылды бізге ілескен қанша жандар,
Өлеңді ғашығындай аңсағандар.
Нені көрді, білмеймін, қашты көбі,
Кеше ғана аңқылдап қарсы алғандар.

Бізді осылай күн мен түн жалғап жатты,
Ақ парақ шам түбінен арбап жатты,
Біреулер дос көріп, толғап жатты,
Екіншісі жау көріп, қарғап жатты.

Іште – өмір, сыртымыз темірленіп,
Біресе ажал болып өмірге еніп,
Төбемізден төнетін Ұстаз-өлең,
Жазылған әр сөзіміз Тәңірленіп,
Біз болсақ, толғаған мен қарғағанға,
Қасқайып қарайтынбыз әмірленіп.

Тіктеп алып, қара, көк, сұр жағаны,
Суыт жүріп, кезгенбіз сұм қаланы,
Батпай қойсақ, шалшыққа айналатын,
Әлі жетпей, тағдырдың шырғалаңы.

Суыт жүріп, суымай, жұртты ойлаған,
Үңілгенде көретін ұлтты айнадан.
Жүретін бір топ жігіт мұң өтінде,
Түн құшып, жел сіміріп, бұлт шайнаған!

Қарашы енді,
біздің жолдар ирелең бе,
Түзу болып көрінер күймегенге.
Өлең деген құдырет, оған жету –
Мүмкін емес беріліп сүймегенге.

Алданба,
жарқырап Өлең көктен күлсе,
Талай әлі жыларсың жеткеніңше,
Ақынмын деп айта көрме, тәнді тастап,
Өлең боп өзің Көкке кеткеніңше…

Сары жасыл

Күз де келді, гүлдердің бітті әні,
Көзінде жұлдыз болып шық тұнады.
Әр күз сайын мен де өліп,
көктем күтем,
Денем менің тал болып тік тұрады.

Күз де келді, әр талдың жапырағы,
Соңғы нұрға ұштарын батырады.
Ал мені тағы күзде кәрі дала,
Өзге әлемге сап-сары шақырады.

Кәрі дала қалқиды сары нұр боп,
Жайылады алдымнан «жарығым!» деп.
Сыртындағы мұнартқан бөлек жерді,
Жүгіремін алқынып, танығым кеп.

Тіпті қазір сол жақтан шығар қауым,
Менің барлық мұңымды ұғар қауым.
Құдай таппай ғаламнан
мен секілді,
Кетіп қалған қажыған бауырларым.

Сыйдыра алмай еш жерге ойымды озық,
Өмір өтіп жатыр ғой, айым да азып.
Жапырақ ұшса қарайтын сияқты олар,
Келіп қалар дегендей мойын созып.

Ол жақта күзді олар ұмыт қылған,
Мұңды да ұмытыпты ұлып тұрған.
…Былтыр да кіре алмағам жасыл елге,
Қақпасында сап-сары құлып тұрған…

Автокөлік терезесіндегі күз

Анау жерде сарғаяды топ қайың,
Менде мұң бар, ал оларда жоқ уайым.
Көктемге олар асығады,
Мен болсам…
Мәңгілікке жақындаймын сәт сайын.

«Табиғатты өлер» дейді ұлы Абай,
(Мен бұл сөзге қалай тұрам жыламай?)
Өлген әлем – көктем келсе, тірілер,
Гүл біткенннің көзі ашылар шырадай.

«Адам өлмес» деп айтады сол Абай,
Сол үміттен жүрегімде толады Ай.
Ал табиғат ұжымақта дүр етіп,
Қайта бүрлеп, нұр аңқыса
бола ма-ай?!

«Қайтып келіп ойнап, күлу» жоқ, білем,
Неге онда өлмейтіндей боп жүрем?
Түстерімде жалаңаяқ бала боп,
Кешіп жүрем гүл алқабын ақ кілең.

Алыс жақтан сап-сары боп топ қайың,
Жайнап тұрар, неге оларда жоқ уайым?
Тал күнәнің не екенін білмейді…
Ал мен болсам бар күнәмды арқалап,
Мәңгілікке жақындаймын сәт сайын…

Зікір

«Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,
Өзіне құмар қылған Оның әмірі»
Абай.

Күндіз-түні ойымда – бір-ақ Құдай,
Әрі жақын һәм менен жырақ Құдай.
Оған деген ынталы көңілімдей,
Бұрқ-сарқ етіп туламас бұлақ бұлай.

Күндіз-түні ойымда – бір-ақ Құдай,
Құйылады жан-жақтан сұрақ судай.
Денем бірақ білмейді іштегімді,
Әулие жайлы білмейтін шырақшыдай.

Күндіз-түні ойымда Халық Құдай,
Шексіздікті қоршаған алып Құдай.
Мейірімі нұр болып жайылатын,
Бастауы да, соңы жоқ жарық Құдай.

Күндіз-түні ойымда ұлық Құдай,

Әмірінсіз қозғалмас шыбық, қурай.
Біле де алмай болмысын,
көре де алмай,
Көңіл құрғыр болар ма сынық бұлай?!

Күндіз-түні ойымда Патша Құдай,
Қазынасы таусылмас бақша Құдай.
Сені өзгеден қызғанған мына жүрек,
Қос өкпемді шыжғырар шоқша, Құдай!

Күндіз-түні ойымда ұлы Құдай,
Беймекеннен үңілген Тірі Құдай.
Басқа ешкімге қаратпай жанарымды,
Бар ойымды арбаған сұлу Құдай.

Күндіз-түні ойымда Хәкім Құдай,
Ешкім бірақ көре алмас затын Құдай.
Түйсігімнің сыртында – алыс Құдай,
Жүрегімнің ішінде – жақын Құдай.

Күндіз-түні ойымда дара Құдай,
Іліміне сөз жетпес дана Құдай.
Саған деген махаббат – мұхит болса,
Әр тамшысы – көз жасым, сана Құдай.

Ашылмаған, жасырын жақұт Құдай,
Арамызда неге тұр уақыт, Құдай?!
Бәрі-бәрі садаға Өзің үшін,
Дидарыңды бір көру – бақыт, Құдай!

Сенің сүйген құлың көп, менен басқа,
Менде басқа Құдай жоқ, сенен басқа.
Сағыныштан өрілген сағымдарға,
Сен деп қалып құмартып, ерем босқа.

Мас қылатын мәйімен Сақи Құдай,
Мәңгі болған, болатын бақи Құдай.
Аласұрған рухымның кестелерін,
Пенде көрмес нұрыңнан тоқы, Құдай!
Саған ғашық ақынның бұл өлеңін,
Бар Ғарышқа мақтанып, оқы, Құдай!

Сен әуелі бейбақты кешір, Құдай,
Дәптерінен күнәсін өшір, Құдай!
Ішімдегі бар кірді тазала да,
Хайуаннан адамға көшір, Құдай.
Саған деген аңсарды Өзің шыңдап,
Перделерді алдымнан түсір, Құдай.
Бүр жарғызып, гүлдетіп жүрегімді,
Шырын толған жеміс қып пісір, Құдай.
…Содан кейін,
Саған қарай,
Саған қарай…
Ешқашан бітпейтұғын асқарлармен,
Ешқашан бітпейтұғын аспандармен,
Жасыл қанат құс қылып ұшыр, Құдай!..
Асыл қанат құс қылып ұшыр, Құдай!..

Добавить комментарий