(шешендік сөздер)

Едіге бидің төреге айтқан көңілі

Төлебайұлы Едіге Қуандық еліндегі Тоқас деген биге құда түсуге барса, соның алдында ғана Жәңгір ханның жалғыз баласы өлген екен. Хан қайғырып, төсектен басын көтермей жатып алыпты. «Құдай мені жылатты, оның малын мен де шулатайын» деп қозыны қойдан айырып, өзеннің екі жағына бөліп шулатып қойды», –  депті Тоқас. –  Өзі ешкіммен басын көтеріп сөйлеспейді.

–  Мен ертең барып басын көтертем, –  дейді Едіге.

–  Онда игі болар еді, –  дейді Тоқас би.

Айтқанындай, Едіге ертеңіне Тоқастан аттанып, Жәңгірдің үйіне барып түседі. Үйге кіріп, сәлем беріп, қазақтың әдет-ғұрпынша үй ішіне көңіл айтқанда, Жәңгір әдетінше басын көтермей, теріс қарап жатқан орнынан тұрмайды. Сонда Едіге көтеріңкі дауыспен ханға былай деп көңіл айтады:

Ақ сұңқар ұшты ұядан,

Қол жетпейтін қиядан.

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,

Қанаты бүтін сұңқар жоқ.

Тұлпардың тұяғы

Тасқа байласа кетіледі,

Сазға байласа жетіледі.

Алтын қоңырау үзіліп жерге түсті.

Қос маңдайлы, құс таңдайлы бір қыран

Балақ бауын үзіп, тұғырдан ұшты,

Құдайдың саған бір жабдығы түсті.

Көтересің – мойның күшті,

Оны алған құдай сенен де күшті.

Көтер, хан, басыңды,

Іш, мынау, асыңды.

Босатпа беліңді,

Мұңайтпа еліңді.

Тозбасты ұста соқпайды,

Өлместі құдай жаратпайды, – депті.

Сонда Жәңгір жастықтан басын көтеріп, ауыр күрсініп:

– Балам, қай ұлсың? Едіге деген бір ұл бар деуші еді, сол боларсың ба? –  депті.

– Болсақ – болармыз, – депті Едіге.

– Қайғым қайтсем қалады? – дейді Жәңгір.

– Сіздің қайғыңыз:…

Қыран құстың қияғында қалады,

Жүйрік аттың тұяғында қалады.

Атылған мылтықтың оғында қалады,

Өзен судың бойында қалады,

Қызық мереке – ойында қалады.

Оны істемесең, мойныңда қалады, – дейді Едіге.

– Уа, шырағым, жарайсың, мен қателескен екенмін, – деп Жәңгір Едігені қайтармай, бірнеше күн бірге болып, қаншама құрмет-сый көрсетіп, қайтарыпты. Едіге Тоқас бидің үйіне қайта келіп, құда түсіп, қызын Қиқара деген баласына айттырып қайтыпты.

 Жұмабайдың Шорман атануы

Шорман Күшікұлының әкесі қойған аты Жұмабай екен.

Қызылтауда отырғанда Жұмабайдың (Шорманның) он төрт жасында жұттан барлық малы қырылады да, барлық жылқысын жау алып кетеді. Сол себепті ел қатарлы жайлауға шыға алмай, Сәти ауылы тауда, жатақта қалады.

Шорманның атасы Мырзағұлмен бірге туған Жәдігердің бір ұрпағы Алыпқара – бай екен. Сол Сәти ауылы (Күшік баласы Жұмабай, Байкісі баласы Ордабай және Жанкелер т.б.) жатақта қалды деп, оларды көшіріп әкелуге Талас (Қаржас ұрпағы) Шөпіні бірнеше кісімен, көлікпен жібереді. Ол кезде Анай ауылы Шідерті өзенінің бас жағын, Қаракөл – Ниязды, Ерейменнің сыртына дейін жайлайды екен.

Жайлауға келген соң Жәдігер, Алыпқара Жұмабайға (Жұмабайдың әкесі Күшік мұның сегіз жасында дүниеден өткен) «Өзің менің малымнан бөліп, көңілің тойғанша енші ал» десе, Жұмабай:

– Малыңыздың берекесін алып не қылайын, бір жерде болса, көрікті ғой. Маған тек жақсы ат пен мына Шәкеңді жолдастыққа беріңіз, – депті.

– Сонан соң атпен Уәли ханның еліндегі былтырғы шауып, айдап әкеткен жылқымды іздеймін және Уәли ханды көріп, қолын ұстап, сәлем беремін, – депті.

Бірнеше күн жүріп, Көкшетаудағы Уәли ханның ауылына барып, жолдан келген ханға сәлем беріп, сұхбаттасады. Уәли Жұмабайды жас болса да, ел ішіне беделі өрлеп келе жатқанын сырттан біледі екен. Және арғы аталары Анай, Мырзағұл, Сәти төрелермен терезесі тең қазақтың атақтыларының бірі екендігіне сырттай қанық болатын.

Жұмабайды шатырына түсіріп, одан ордасына шақырып алып, ардақтап үш күн құлын сойып күтеді, сырласады. «Қаржас аруағы» деп аузына алып, қатты сыйлап, құрметтейді. Жұмабай жүруге ниет білдіргенде, Уәли хан:

– Балам, бұйымтайыңды айт, – дейді.

Сонда Жұмабай:

– Балапан едім, ұша алмай тұрмын,

Балдырған едім, ұйыса алмай тұрмын.

Терің сіңген киіміңізді киейін,

Тебінгіңіз тиген атыңызды мінейін.

Сиырды аусыл – мәлік алды,

Қойды – аққұлақ боран алды.

Жылқыны Тайқара – Бейбіт алды,

Осы мұң-мұқтажымды шағайын деп келдім, – деген.

Жұмабайдың тақпақтап айтқан сөзіне көңілі түсіп, ырза болған Уәли хан:

– Шырағым, әуелі сенің атың Жұмабай емес, “Шорман” болсын! – депті.

Содан соң өзі киіп жүрген таза шапанын, өзі мінген Ақтабан атын және жау алған жылқысының орнын толықтыру үшін табыннан алдырып біраз жылқы берген. Сонан кейін:

– Өзің айдай қайт, болмаса ел арасы үзілмей, сенімді кісі жібер, шырағым, алапатың артық, мәртебең жоғары болсын! – деп бата берген.

Шорман елге келгеннен соң Уәли ханға кісі жіберіп берген жылқысын айдатып алдырған. Содан Шорманның дәулеті бұрынғыдай сабасына түсіп, бақыты өсіп, ата-бабасындай абыройлы болған және Шорман атанып кеткен.

 

Байдалының Шорманға айтқан төрт нақылы

Шорман 90 жастағы Байдалы биге сәлем беріп, «үлгілі сөз естиін» деп бала жігіт күнінде барған екен. Би: «О, кәрілік, мен саған не жаздым!» – дей беріпті. Қонағы бір қонып, ауылына қайтқалы жатқанда Байдалы қарт бала Шорманға:

–  «Не алып қайттың?» – депті.

–  «Ойхой, кәрілік, мен саған не жаздым?» дегеннен басқа ештеңе естігенім жоқ, –  депті Шорман.

Сонда Байдалы Шорманға:

– Сөздің анасы сенде еді, баласы менде еді, өзің бастамаған соң мен не айтайын. Ана таппаса, бала тумақшы емес. Әдейі ат арытып келдің ғой, төрт ауыз сөз айтайын, соны алып қайт, –  деп Байдалы:

–  Алыста не алыс,

Жақында не жақын?

Тәттіде не тәтті,

Ащыда не ащы? – депті.

–  Алыста –  жер мен көктің арасы алыс,

Жақында –  ерлі-байлы кісінің арасы жақын.

Тәттіде – сол қатыннан туған бала тәтті,

Ащыда – сол бала қаза тапса, сол ащы, – депті Шорман.

– Бір айтуға бұ да жарайды, бірақ анығы бұлай емес. Жер мен көктің алыстығы жоқ, көзге көрінеді. Ерлі-байлы қатынның жақындығы жоқ, талай қатын мен еркектің араздасып келгенін көріп айырып жібердім. Жақын болса біреуінен біреуі айырылар ма еді? Бала да тәтті емес, айтуға ғана. Әкесімен араздасып келіп, баласын әкесінен айырып әкеткенді де көрдім. Ондай баладан айырылғанның ащылығы жоқ. Төрт сөздің шешілуі мынау:

Алыста – білімді мен наданның арасы алыс,

Жақында – өлім жақын.

Тәттіде – жан тәтті,

Ащыда – жаннан айырылу ащы.

«Алтын берген дос емес, ақыл берген дос» – деп бұрынғылар осындай сөзді айтқан екен.

 

Шорман мен Татпай

Қыстың күні жау алып кеткен жылқысы Қарауылдан шығып, Шорман бас болып барғанда, бұл елде онымен сөйлесуге тең кісі бола қоймай, Татпай деген биді алдырады.

Татпай кедей, үсті-басы жүдеу, мінген аты да өзіне лайық емес екен. Осы өңімен Шорманға келіп амандасып отырғаннан кейін:

– Уа, Шорман, басыңды көтеріп неге елге жауап бермейсің? Бай дейін десем бай емессің, батыр дейін десем батыр емессің, – депті.

Сонда Шорман басын көтеріп, Татпайдың үстіне қарап отырып:

– Япырай, бұл ел жорғасы мен жүйрігін арқасын жауыр, құйрығын шолақ қылып, желқомның астында сақтайды екен-ау! – депті.

Татпай бөгеліп қалып, Шорманның дауын бітіріп, жылқысын қайтартыпты. Кейін Татпай биге:

– Шорманға неге жауап қайырмадыңыз? – дегенде Татпай:

– Шорман маған: “Елің қадірсіз ұстайды екен”, – деді. Мен оған кигізген киімдеріңді, мінгізген аттарыңды айтайын ба? – депті.

Шоң бидің Тіленші өлгеннен кейін балаларын сынауы

Шоң би Тіленші өлгеннен кейін орнына дұға оқып қайтайын деп, жанына ел жақсыларын ертіп барыпты. Тіленшінікі бірнеше күн Шоңды сыйлап, құрметтеп, күтіп, сонша жақсы ниет көрсеткен. Шоң жүретін күні қоштасуға Тіленшінің балалары Тоқсанбайды, Бердібайды, Қойшыбайды және Бұзаубайды шақыртады. Барлығын көріп сынап, ішінен Тіленшінің орнын басады-ау! –  дегені болмаған соң,

– Бұлардан басқа мен көрмеген баласы бар ма? –  деп сұрайды.

Үй іші Алшынбай деген бір таз баласы бар, жылқы бағып жүр дейді.

– Ендеше, соны шақырыңдар! – дейді Шоң.

Жылқы ауылға таңертең келе жатқанда, алдынан кісі барып, Алшынбайды алқа-салқа, күпісінің жеңін беліне ораған күйінде Шоңға алып келеді. Үйге кірген соң, Алшынбай түрегеп тұрып, Шоңға сәлем береді. Сонда Шоң:

– Бәсе, ағамның орнын ұстайтын баласы жаңа келді ғой, – деп қуанып, оң тізесінен орын береді. Өзі қайтқанша қасынан жібермей, көп әңгіме, ақыл айтып:

– Бұдан былай ағамның орнына сен би болып, ел басқар! – деп тілек білдіреді.

Шоң ауылыңа қайтарда Алшынбай бір қаранармен, бір үлкен қара кілемді сыйға тартып ұсынғанда, Шоң:

– Мен ағамның баласынан сый алайын деп келгенім жоқ, – деп сыйын алмай, атына мініп, ауыл-үй адамдарымен Айыркезеңде қоштасыпты. Алшынбай Айыркезеңге дейін шығарып салыпты. Дәл кезең үстінде тұрып:

– Ау, қарағым, Алшынбай! Тіленші ағамның жолын ұста, бақытың зорая берсін, жасың ұзақ болсын. Ал менің алған сыйлығым сол: осы Айыркезең әр уақытта есіңде болсын! – депті.

 

«Қазақтың шешендік сөздері» жинағынан алынды.

Добавить комментарий