Астанада өтіп жатқан Astana Eurasian Book Fair – 2025 VIII халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде көрнекті якут ақыны Хабырыыс Ондороостың (Гаврил Андросов) «Мұздақ мұң» кітабының тұсауы кесілді. Кітапта қаламгердің өлеңдері қазіргі қазақ ақындарының аударуымен көпшілікке жол тартты.
Ақынның туындыларында табиғат пен адамның рухани әлемі үйлесім табады. Мұнда ежелгі мәдениет пен жаңа ғасырдың арасындағы байланыс, ұлттық бірегейлік мәселелері қозғалады. Г.Андросовтың өлеңдері өз оқырманын ізгілікке, гуманизмге және рухани байлыққа шақырады. Оның шығармаларына тән ерекшелік – терең символика мен аллегориялық бейнелерді пайдалану арқылы туған жердің, ұлттың тағдыры мен мәңгілік құндылықтардың салмағын көрсету.
Оқырман назарына ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Aiqara.kz» порталының шеф-редакторы Айбек Оралханның Гаврил Андросовтан аударма өлеңдерін ұсынамыз:
Бәйітшілер
Бәйітшілер:
Бұралқы иттерден бастап,
Бүйірлі жалгерлермен,
Тігінші, мергендермен,
Тіпті, саудагерлермен де иық сүйеседі.
Дәл осындай дүр қасиеттердің иесі еді.
Солар – сиқырлы сөздің арнасы,
Дарбазашылардың да жолдасы.
Көпес-байларға да,
Көк миларға да,
Ғылым нұрына жолын қиғанға да қол ұсынар.
Ғарышқа да қызыл сөзбен зымыран ұшырар,
Суайттау – Алдар да,
Содырлау зорлар да,
Даңғылдарды даңғазаға толтырар
Дулаған шарапқорлар да.
Есебін алуға ерік,
Санауға сана қалтырар,
Періштелер мен перілер.
Түрлі кәсіпті үйрене салып жерінер…
Бәйітшілер:
Қонақ үстіне түскен қонақтай,
Жөнсіздіктен де жыр жаратты-ай.
Ең аяулы сөздері мен ойларын –
Бүркіттің жұмыр тасындай,
Бақыттың құпиясындай,
Балықшы торымен сүзгендей,
Сиқырын бойына түзгендей,
Ұланғайыр жерден тапқан еншісін,
Ұлы ғайып күш-құдіреттің елшісі.
Өнері – бейнет, сөзі – ұлы
Бәйітшілерге сыйлайды:
Жақсылар мен жамандарды,
Ақ пен қара адамдарды,
Мына өмірдің мәзірі.
Бойдағы өнерімен
Болашаққа бойламақ,
Келешек боп сөйлемек,
Бәйітшілер –
Бір ғажайып қасиеттің иесі.
Мылтықсыз майдан маршалдары…
Ой-санаға сіңген серт, бұрыңғы рух,
Сезім, сенім майданда арбасуда.
Ленинград блокадасы буындырып,
Сталинград шайқасы әлі жалғасуда…
Бұғанамыз сәл ғана қатқан кезден,
Батпан жүкті артып ап аттанамыз.
Алысты ажыратпас оқпан көзбен
Жау генералдарына оқталамыз.
Астында қырық жамау қаусырманың,
Ақ сауыт, маршал жұлдыз суылдайды.
Жетім бұрыш бөлмеде: салқын дәліз,
Жуков жеңіс жоспары туындайды.
Құпия соғыс көрген қия, қатер,
Полковник, жедел жасақ – қияпат ер.
Жексенбіде шырт ұйықтап жатқаныңда…
Сен менсінбес көршің – «төрт көз» ақын
Отан, үйін, сені де, нанасың ба,
Қорғайды өлім-өмір арасында…
Мылтықсыз майдан жүріп әр жүректе,
Күні-түн, өң менен түс тынбайды олар.
Осы отсыз соғыста ержүректер
Матросовтың ерлігін мың қайталар.
Жат көзге көрінбейтін жеңіс төрі,
Аз халықтың тағдырын бүлгізеді.
Сол соғыстың шайырлар – шейіттері…
Дантестер көрге ерте кіргізеді.
Кешегі өткен Сүбедей*, Суворовты,
Пушкин мен Ойунскийді** кие көрген.
Рухты дастан – «Троя» мен «Бородино»,
«Иллиаданы» жүрекпен сүйе білген.
«Соғыс пен бейбітшілік» – шын мақтаны.
Біз – құпия жеңістер маршалдары,
Біз – Каталон ұрысының*** жұмбақтары.
*Сүбэдэй – Субудай (Субэдэй) батыр, Шыңғыс ханның ең үздік қолбасшысы, әлемде теңдесі жоқ біртуар қолбасшының бірі.
**Платон Ойунский (1893-1939) – жазушы, XX ғасырдың басындағы саха халқының рухани және ұлттық жетекшісі.
***Мұнда автор 451 жылы Францияда болған каталондық шайқасты меңзейді, бұл Аттила бастаған ғұндар мен оның вассалдары және Рим империясы мен оның одақтастары арасындағы шайқас.
Кулаковский-Ексекюлях бейітіндегі ой*
Қабырғалары: ағаштан, тастан, ауадан қаланған Мәскеуде,
Ырғын ұлыс Ресей жүрегін бір ырдуанға жеккендей.
Христостың айқыш асынған адал құлдары,
Жерді жапқан қалың орманның жапырақ-құндағы,
Теректің түбіндегі тар зиратта сығылысқандары –
бәрі бойыма Сезік сепкендей.
Осы аядай төрде, тәні соңғы сая тапқан жерде,
Мынау ақ пен қараны теңестірген мақпал белде,
Кейде жаяу, кейде салт, кейде бұғы ерттесіп,
Якут тілін, саха жолын сақтау үшін серт кешіп,
Шиыр-шиыр шартарапты шарлаған,
Шайтанмен де жолсерік боп жолда әман,
Аштыққанда жеген етік сірісін.
Жер бетінің Елгезері ол Мәңгілік,
Соңғылардың тәмамдаған жұмысын,
берік байлам… тастай қатты кірісі.
Осы қасиетті топыраққа, азалы атырапқа,
Осы қатал көктің қара айдынына қадам басып,
Кіршіксіз қарды кіршең қолмен аршып-ашып,
Саха халқының саңлақ адамы – адал ерінің,
Өшіп қайта лаулаған алаугерінің
Құрдымға құлап, қайтадан құзға айналғанның,
Мәңгілік есімі, ұлы даңқы алдында бас иіп, айбарландым.
Оның жарқын нұрына бөленген
Құдіретті олонхо жері,**
Еркін рухтың елі,
Қанатты сөздері көңілімізге қанат бітіріп,
Келер күннің кемпірқосақ бояуынан құт іліп
биікке көтерді әмән.
Алмағайып заманның азап отында аласталған,
Жақсылық пен жамандықты көрген талай көлденең,
Жерлеген,
Қарынбайларды жарыққа да, түнекке де бастаған.
Қабырғалары: ағаштан, тастан, ауадан қаланған Мәскеуде
Қысық көзді Үшінші Римнің аядай аймағында,
Халықтардың асылы,
Батырлардың батыры,
Мәңгілікке қозғалмай күзетте тұр
Мәңгілік Жолаушы адам.
*Алексей Елисеевич Кулаковский-Ексекюлях (1877-1926) – якут жазба әдебиетінің негізін қалаушы, рухани жетекші, ағартушы, ақын, фольклоршы, тіл, этнография және саха халқының наным-сенімдерін зерттеуші.
** Олонхо – саха халқының халық эпосы.
Соңғы маса
Күлдей күңгірт бұлттары,
Күздің таңы ұяң күліп, қымсынар.
Тыныс ашар тереземнен сыртқары,
Соңғы маса үй ішіне ұмсынар.
Соңғы әні діріл қаққан даусында,
Тосын қонақ секілді осы маусымда.
Жалп етті де қона кетті жағыма,
Қарамастан жақынсың ба, жаусың ба.
Жазғанынан аттай алмай бұл тағы,
Тыз еткізіп қанға тұмсық жылтады.
Тістеп, сүйіп қанған кезде құмары,
Алақанда кетті өртеніп күл-тәні.
Көрші қария тартқан ащы табактан,
Көтерілді түтін төмен қабаттан.
Ақтық ызың. Соңғы маса. Сұрғұлт күз.
Суық әйнек. Сирек күлген сабат таң.
Таңғы ән
Таңғы әнімнің тармағын,
Жаңа жылдық күлкіден,
Көл торлаған тұманнан,
Самал желден желпіген,
Өлең қылып шығарғам.
Көңілімнің рауанын
Табам өзен жанынан,
Құрған тұзақтарымнан,
Шыққа жайған табыннан,
Оңдап тұрып аулада
Сынған тырма сабынан.
Көңілімнің ауанын
Алау қылып жағамын.
Таңғы шабыт шуағы
Құйылады оңымнан,
Құйылады солымнан:
Ұйқыдағы жарымнан,
Анам құйған қаймақтан
Ауызыма – дәру-дәм.
Көкжиекті шарлаған,
Қарқылдаған қарғадан,
Құлпынайдай уылжып,
Таңдайға сап талмаған.
Ойларымның соқпағы
Бейбіт қадам басады.
Жасампаздық жырларым –
Жер-жаһанға жосады.
Сұлулықты ол мәңгілеп,
Ізгі нұрын шашады.
Жалбарыну
Құмарлы тілдің ыстық өртіменен,
Өткір сөз, өжет жүрек еркіменен,
Есірік, ессіз ердің қаруын ал,
Ес тандыр, еркін биле, сертіменен.
Жарақты сауытын да, көбесін де,
Жалаңаш тәніне ерік бересің бе!?
Жалынды құшағыңда өрте, өрте!
Жаныңның алауымен қал, есінде!
Өртеп жібер!
Өзге де, иықтас та,
Өз көзімен бір көрсін сүйіп, қашпа!
Арқадағы ауыр жүк арқандарын
Алдаспанның жүзімен қиып таста.
Пәруайсыз пәктіктен айыр дағы,
Қарсыласар қайратын тиып таста.
Ер көңілін батырдың тыншыттырып,
Құштарлық дауылымен түршіктіріп,
Солықтат! Содан кейін тастап жібер,
Ләззаттың лавасына тұншықтырып!
Шындық түбі
«Жоққа – сот та жоқ»
Халық мақалы
Терезеден шам көзіндегі түн нұры,
алтын күмбездердің сәуле тербеген күмбірі,
кетік айды көтерген көктің түндігі
үңіледі.
Якут-сахалардың – ермегі емес ол – көрмегі,
Тереңдей алмас түйсігің тылсым ұғым еді.
Тап келді қайдан алыс елдердің елшісі?
Бөгденің бар ма байтағымызда еншісі?
Емінген жұрттар,
Телінген ұрттар – өң, түсі
бөтендер.
Байырғы Туймаады* аңғарына неге осы,
Өркенін жайып, өз тамырын бекемдер.
Ақыл, жүректің өре түре кеп үні шын,
Асау арғымақ тізерлемейді күні үшін.
Ауыздыққа да көнбейді, көнсе – құрысын.
Батыс желінен дем тартпас қайқы қылышым*,
Сэргэ* ағаштың түбінде,
Мойындары бүгілмей
Менімен қатар тұрған дос-туысым.
Солардың жанын арбайды жалған жарықтар:
Сан самала, көз қарықтырар қалыптар.
Жылтырақ кітаптарға да олар сеніп бар,
Тынышын бөлер,
Араздық себер,
Аяр ақиқатқа алданып қалып солықтар.
Алтындаған жібек астында, біл, мәнін:
Алдыңда қандай қара күш амал құрғанын,
Айа* тұзақтың араны күтіп тұрғанын.
Тесік тас тап та тамырын таны, түбін ұқ!
Ортаңа қара, ұлы рухына үңіліп,
Айналаңдағы ауларға, қақпан, сүңгіге,
Сендерге қарай қан тілеп тұрған сұғынып.
Жоқ!
Есім-сойымды, сірә, өзгертпен,
Жүзімді де жасырман құмға тығылып.
Туймаада* – Лена өзенінің аңғары, саха халқының орталығы саналатын Якутск қаласы тұрған тұс.
Кылыыс** – бір жүзді түзу семсер, яғни қылыш.
Сэргэ*** – үй ошағының белгісі саналатын, ат байлайтын мамағаш.
Айа** – аңшылықта қолданылатын, өзі атылатын садақ-тұзақ.
Аударған: Айбек ОРАЛХАН.