Екі қол

Қолжуғыштың қасына,
Келе қалды балақан.
Ысқылады асыға,
Алақанды алақан…
…Қарады да сосын ол,
«Тап-таза!», – деп қуанды:
– Қандай жақсы, екі қол
бірін-бірі жуады.

А мен Б
«А» дегенің ана ғой,
Ана деген дана ғой.
«Б» дегенің бала ғой,
Жұмсаса анаң, бара ғой

Өзіңнің тілің киелі

Қырғидың тілі – қиқылдау,
Торғайдың тілі – шиқылдау,
Бүркіттің тілі – саңқылдау,
Қаздың тілі – қаңқылдау,
Қарғаның тілі – қарқылдау,
Үйректің тілі – барқылдау,
Ит те өзінше үреді,
Өз тілін бәрі біледі.
Өз тілін бәрі сүйеді,
…Өзіңнің тілің киелі.

Қаңбақтың мұңы

Қаңбақ, қайда барасың?
– Білмедім ол арасын.
Туған жерден адасып,
Кеттім талай дөң асып.
Желкілдеген құрағы,
Көлден де асып барамын.
Сылдырлаған бұлағы,
Белден де асып барамын…
…Болмайды екен бағаң да,
Болмайды екен қадірің:
Жер-анадан нәр алған,
Үзілген соң тамырың

Тоқылдақ

Терезенің алдында
Терек жайды жапырақ,
Сау ма терек, ауру ма?
Қарап өтті тоқылдақ.
Морзе әліппесіндей
Құлағыма үн келді,
Ағаш оңай тесілмей
Шоқып берді бір жерді.
Көрдім де құрт жеп жатқанын
Шошыр деп жақын келмедім,
Сүйсініп менің айтқаным
Құтты болсын еңбегің!

Торғайлар

Қыс ортасы. Қар қалың.
Кей күні боран ақырып,
Түк көрсетпес, кей күні
Ақша қарын сапырып.
Жүні үрпиген торғайлар
Бүрісіп үн шығармай,
Қораларға тығылды,
Далаға еркін шыға алмай.
Ұйықтап тұрсақ бір күні
Боран, жел жоқ тып-тынық,
Тамшы ақты, қар еріп,
Жадырап тұр күн күліп.
У-шу болды торғайлар:
Келді – деп көктем тағы да.
Ұшып-қонып топталып
Шыйқылдасты жабыла.
Тұрғандай-ақ қыс естіп,
Қарды қайта қатырды.
Ішін тартып ақ боран
Жатыңдар, деп ақырды.
– Бізде жоқ қой календарь,
Деп екініп, қарасып,
Жүні үрпиген торғайлар
Жым-жырт болды, тарасып.

Жаңбыр

Аспанда бұлт түйілді,
Жерде ойнатты құйынды
Табиғат отпен қол қойып,
Ақырып бұлтқа бұйырды
Жу егінді, бақшаны!
Көшедегі бас шаңды
Бұлт бұйрықтан аспады
Жаңбыр жауа бастады.

Әзірлеген – Әйгерім Солтан.

Добавить комментарий