Бауыздалмаған тауық

Медреседегі сабақ аяқталуға таяды. Ұстаз әдеттегідей бүгінгі сабақтың қорытындысын шығарды. Ол шәкірттердің жаңа тақырыпты ойдағыдай меңгергенін айта келіп, осы жолы да Жүнейдтің алғырлық танытқанын атап өтті. Кейбір шәкірттерге Жүнейдті тағы мақтағаны ұнамай қалғанын ұстаз олардың бет әлпетінен анық сезді. Сосын оң қолын көтеріп:

– Ал, енді бәріңе мынадай бір тапсырма беремін. Сәлден соң осы жерге әрқайсың бір-бір тауықты бауыздап әкелесіңдер. Бірақ оны бауыздағандарыңды ешкім де көрмейтін болсын, – деді.

Айтылған уақытта қолдарына бір-бір бауыздалған тауық ұстаған шәкірттер жинала бастады. Олардың біреуі тауықты қораға кіріп, екіншісі сайға барып, енді бірі үңгірдің ішінде ешкімнің көзіне түспей бауыздағанын айтып жатты. Осы кезде олардың жанына қолына тірі тауық ұстаған Жүнейд келеді.

Мұны көрген ұстаз:

– Жүнейд, сен не, тапсырманы түсінбедің бе? Неге бауыздамадың? – деп сұрады.

Сонда Жүнейд:

– Ұстаз, мен сіздің тапсырмаңызды түсіндім. Бірақ ешкім көрмейтін жерді таппадым. Өйткені Алла Тағала бәрін де көріп тұр ғой. Сондықтан тауықты бауыздамай әкелдім, – деді кібіртіктей сөйлеп.

Ұстаз басқа шәкірттерге байыппен шола қарады. Ал шәкірттер болса, оның көзінен: «Менің басқаларға Жүнейдті неге жиі үлгі тұтатынымды енді ұққан шығарсыңдар» деген ойын айтпай таныды.

 

 Күнәһар

Әбу Зайыр екі бүйіріне кезек аунақшып, таңға дейін ұйықтай алмады. Тек түн ортасы ауғанда ғана шаршап барып көзі ілініп кетіп еді. Бірақ шымырлап ұйықтай алмады, тағы да шошып оянды. «Қой, болмас, енді қалайда халифаға жеке жолықпай болмайды екен», – деп ойлады ол. «Ақылдасайын. Мүмкін ол мені бұл азаптан құтқарар. Болған іс болды. Амалсыздан ұрлық жасағанымды Алла көріп тұр ғой. Ашығын айтайын. Бәлкім, күнәдан арылудың бір жолын көрсетар. Қандай айып кессе де, шыдаймын бәріне». Осы ойдың жетегінде жүрген ол таңғы асын асығыс ішіп, тәуірірек киімін иығына іліп, сарайды бетке алды. Жолда халифаға кіру ниетінен тайды. Оған біз сияқтылар маңайлай да алмас деп түйді. Одан да бұл ойын уәзірге айтып, сыр тартпақшы болды. Уәзірге имене, жүрегі аттай тулап кіріп еді. Ол жалғыз отыр екен. Жүзіне баспалап, қаймыға, қипақтай көз салып еді, көңіл-күйі жақсы сияқты көрінген соң, бұл да келген жұмысын өзі ойша жүйелеп алғандай, бойын еркін ұстап, мүдірмей айтып шықты. Уәзір мұқият тыңдады да, еш дыбыс шығармай, терезеден сыртқа мелшие қарап отырып қалды. Сәлден соң барып «ұқтым» дегендей терең күрсінді де, «хм-м-м» деп ыңыранып, тағы үнсіз қалды. Әбу Зайырдың жүрегі орнына түсейін деді. Бойында бір сенімділік пайда болды.

Уәзір орнынан лып етіп тұрды да, әрі-бері жүріп:

– Жақсы. Мен болған жағдайды мәртебелі тақсырға айтамын. Өзі де елге айтатын сөз бар деп отыр. Бірақ сенің аты-жөніңді айтпаймын. Сенің болған іске қатты өкінетініңді байқап отырмын. Бұл жақсы екен. Егер зардап шеккен адамға алғаныңды қайтарып, оның ризалығын алсаң, кешірім жасалып та қалар, кім білсін. Мәртебелі тақсыр жұма күні мешітке келеді, сонда бір жауабын күтейік, – деді сабырлы қалпын сақтап.

Алғанын қайтарудың еш мүмкін еместігін ойлаған Әбу Зайырдың көңілі қобалжып, ұнжырғасы түсіп, томаға тұйық күй кешті. Жұма күні мешітке жамағат әдеттегіден көп жиналды. Хазіреті Әбу Хабиб уағыз айтты. Ол сөзінің соңында бүгінгі уағызға аса мәртебелі халифаның өзі қатысып отырғанын айта келіп, оған сөз берді. Үстіне мауыты жұқа ақ шапан киген халифа орнынан асықтай тұрып, жұрттың алдына қарай жақындады. Екі қолын кіндік тұсына айқастыра ұстап, өзіне анталаған көпшілікке барлай қарап шығып, бірқалыпты мақаммен сөйлеп кетті. Ол ел ішінде, әсіресе жастар арасында кейбір ұнамсыз қылықтардың белең алғанын қинала білдіре келіп:

– Құрметті жамағат! Қандай жағдай болса да, сабыр сақтаудың, шыдамдылық пен ұстамдылықтың түбі жақсылыққа әкелетінін естен шығармағандарыңыз жөн, – деді де, сәл бөгеліп, тамағын кенеді. – Кінәнің түріне қарай, мейлі ол кім болса да, шариғат жолымен әділ жазаланатын болады. Бұрындары бір үмбеттің ішінде текті адам ұрлық қылса немесе басқа да бір қылмысқа барса, оны жабулы қазан жабулы күйінде қоя салады екен де, ал егер бір әлсіз адам сондай теріс іске барса, оны жазалайтын болыпты. Олардың сол әділетсіз пиғылына қарай ма екен, сол үмбет бірде тұтастай табиғаттың апатына ұшырапты, ол аздай өз ішінде бітіспес дау шығып, бір-бірімен аяусыз қырқысыпты. Ақыры, сол үмбет жойылып кетіпті. Мен Алланың атымен ант етемін, егер менің ұлым, не қызым ұрлық қылса, оның қолы кесіледі.

Әуелгідей емес, халифаның жүзінен бір сұстылық байқалды. Мұны естіген және мәртебелі тақсырдың суық жүзін көрген Әбу Зайырдың денесі оттай күйіп-жанып, бет әлпеті күреңітіп кетті. Ол өзгелерге сыр алдырмайын деп, ақырын ығысып, шетке шыға берді.

 

Кемшілік сыры

Халифа Омар Фаруқ Сирияға келген сапарында солтүстік аймақтағы Хумус қаласына ат басын бұрды. Ондағы ойы өзі сенім артып тағайындаған әкімнің жағдайын және халықтың ол туралы пікірін білу еді. Халифамен кездесуге қала халқы түгел жиналды.

Халық әкімге жаппай ризашылық білдірді. «Өтінішімізді мұқият тыңдайды, көмектесуге қашанда дайын тұрады», – деді. Бірақ оның ел түсінбейтін мінез-құлықтары бар екенін де айтты:

– Таңертең қызметіне кешігіп келеді, – деді біреуі.

– Кешке қарай ешкімді қабылдамайды, – деді тағы бірі.

– Тағы қандай кемшілігі бар? – деп сұрады халифа.

– Айына бір күн қызметінде болмайды. Кейде есінен танып қалатын кезі де болады, – деп шағым білдірді жиналғандар. Мұны естіген халифа: «Сонда қалай болғаны? Мен елге басшы таңдауда қателестім бе екен? Саид ибн Әмір теріс іске баратын адам емес сияқты еді. Әлде бұл жерде қандай да бір түсініспеушілік бар шығар?» деп ойлады.

Жамағат тарағаннан кейін халифа әкімнен айтылған шағымдардың себебін сұрады.

– Мәртебелім, – деді Саид Омардың бетіне қипақтай қарап, – Бұл жөнінде ешкімге айтпайын деп едім. Бірақ шағым болғандықтан, сізге оның сырын амалсыздан айтамын. Ол әуелі оң жағына, сосын сол жағына қарады да, сөзін жалғастырды: Менің үйімде қызметші жоқ, әйелім көптен науқас. Сондықтан үй шаруасының көбін өзім істеймін. Балаларымның таңғы тамағын дайындаймын. Ал, түнге қарай ешкімді қабылдамайтыным: күндізгі уақытымды халыққа арнаймын да, түнгі уақытта құдіретті Аллаға ғибадат етемін. Айына бір күн шықпай қалатыным да рас. Себебі: өз киімімді өзім жуамын. Ауыстыратын басқа киімім болмағандықтан, кепкенше тосамын. Ал, енді ес-түссіз талып қалуыма келсек, ол бір аса қайғылы оқиғаға байланысты, – деп, ол біраз үнсіз отырып қалды. Өңі бозарып, даусы қарлығыңқы шықты. Меккеліктер бір жазықсыз адамды дарға асты. Одан: «Өзіңнің орныңа Мұхаммедтің асылғанын қалар ма едің?» – деп сұрағанда: «Оның табанына қадалған шөгір менің маңдайыма қадалсын», – деп жауап берді. Мүшріктер оны бірден шейіт қылды. Мұның бәрі менің көз алдымда өтті. Мен жазықсыз жанды құтқара алмадым. Ол кезде өзім де мүшріктер қатарында едім. Алла менің осы күнәм мен қатыгездігімді ешқашан кешірмейді-ау деп қатты қайғырғанымда есімнен айырылып, талып қаламын, – деді ентіге дем алып.

Халифа Омар Фаруқ пен оның жанындағылар Саид ибн Әмірдің асқан жанкештілігі мен тақуалығына таңғалды, көзіне жас алғандар да болды.

Арада бірнеше ай өткеннен кейін, халифа Омар Хумус қаласындағы кәріп-кесірлер мен кедей-кембағалдардың тізімін сұратады. Сонда тізімнің басында тұрған Саид ибн Әмір деген есімді көріп, таңғалып:

– Бұл қай Саид ибн Әмір? – деп сұрады халифа.

– Мәртебелім, бұл біздің әкіміміз. Ол нағыз кедей. Қолына түскеннің бәрін ең тұрмысы нашар дегендерге таратып береді, – деді қала адамдары.

Халифа Омар әкім Саидтың қала халқы алдындағы сіңірген еңбегін бағалап, оған өз қажетіне жұмсасын деп мың динар жіберткізеді. Бірақ ол бұл жолы да «бір пәлеге душар болармын» деп және халықтың қамын ойлап, қаражаттың бәрін кедей-кепшіктерге таратып береді. Мұны білген әйелі ренжіп:

– Ең қажетімізге жұмсауға аз да болса өзіңе алып қалмадың ба? – дегенінде, Саид:

– Өткінші дүниеге қызығып қайтесің. Одан да жәннаттың мәңгілік нығметтерін Алла өзі нәсіп етсін, – деп, ақырет күніне де тән өзінің сенімінің беріктігін тағы бір көрсеткен екен.

 

Зауал

Хазірет Саид ибн Зайд жасы ұлғайып, қартайған шағында Мәдинаның жанындағы бір ауылда жер өңдеумен айналысты. Ұзақ өмірінде елінің азаттығы жолында талай ұрысқа қатысты. Бір әскери жасаққа қолбасшылық еткен кезі де болды. Уақытының көбін ғибадатпен өткізіп, дүние мен мансаптан өзін аулақ ұстайтын, тапсырылған қандай істі болса да жанын салып адал атқаратын оған бір елге әкім бол деген ұсыныс жасалғанда, қызметтен бас тартып, соғыс майданында әскер болуды қалайтынын айтты. Күндердің бір күнінде оны екі адам іздеп келді.

– Сіз Әүрә бинт Үуәйс деген әйелді танисыз ба? – деп сұрады біреуі.

– Жай, былай танимын, бірақ араластығым жоқ. Менің жерім мен оның жері шектесіп жатыр, – деп жауап берді Саид.

– Ендеше, біздің келуіміз де сол жерге байланысты. Ол кісі Мадинаның әкіміне сіздің үстіңізден шағым түсіріпті. Сіз оның жерін заңсыз иеленіп кетіпсіз, жерінің өзіне қайтарылуын талап етеді, – деді әкімнің тапсырмасымен келгендер.

Мұндай сөзді күтпеген Саид қапелімде не дерін білмей састы. Бұл анық жала. Ешқашанда өзіне тиесілі телімнен сынық сүйем сырт ауытқымағаны анық. Ол екеуінің бетіне сұраулы жүзбен қарап:

– Алла елшісі былай деген екен: «Кімде-кім біреудің дүниесін рұқсатсыз иемденіп кетсе, ол жеті қат жер астында болса да, ол дүние қиямет күнінде оның мойнына оралып, қылғындырады. Ал, егер кім өз мүлкін қорғау жолында өлсе, шейіт болады», – деді. Сосын өз жерінен шықпағанына ант-су ішті. Сендер осыны әкімге айтып барыңдар. Мүмкін Әүрә білместікпен, не қателесіп айтқан болар. Егер ол маған жала жабуын тоқтатпаса, мен қарғыс айтуға мәжбүр боламын, – деп қосып қойды.

Саид ибн Зайд істің ақ-қарасын тексерушілерге жуырда Алла расулының мешітке жиналғандар алдында саусақпен санарлық мұсылманның кейін жәннаттан орын алатынын сүйіншілеп айтқанын, оның ішінде өзінің де бар екенін айтқан жоқ еді. Арада бірнеше күн өткенде, Әүрә бинт Үуәйс бұдан кешірім сұрағанның орнына, ары таза адамның үстінен тағы да жалған шағым айтқаны белгілі болды. Содан жаны қатты күйзелген Саид ибн Зайд амалсыздан қарғыс айтуға мәжбүр болады. Қарғыс дұғасы қабыл болып кетіп, жалақор әйел ұзамай көр соқыр болып қалады.

  

Жоғалған қалқан

Әли жерін жаудан қорғап қалу үшін талай ұрысқа қатысып, асқан ерлік көрсетті. Ел ішінде абыройы асқақтап, мәртебесі артты. Тіпті кейінгі соғыстарда артына қалың қолды ерткен қолбасшы болып кірді.

Бұл кезде халифа Осман елде әділдік орнатам деп жүріп, кенеттен шейіт болып кетті де, басшысыз қалған Ислам үмбетіне тез арада халифа тағайындау керек болды. Өйткені бүліктің ұлғайып кетуі мен мұсылмандар арасында берік сақталып келген бірлікке сызат түсері анық болды. Бұған дейін де білімінің тереңдігімен, ақыл-парасатының молдығымен көзге түскен Әлиге Мәдина халқы халифа болып, ел билігін өз қолына алуын жаппай сұрады. Басында халифа болудан үзілді-кесілді бас тартқан Әли ақыры Ислам үмбетінің тағдыры үшін бұл аса ауыр міндетті өз мойнына алды.

Кешікпей ішкі алауыздық өршіп, оның соңы үлкен шайқасқа ұласты. Халифа Әли Алла расулының: «Әлсіздің ақысын күштіден оңай алып бере алмаған кез келген халық ешқашан да күшті бола алмайды» дегенін жанындағыларға үнемі айтып жүреді екен. Осындай әділдікті өзінің берік ұстанымы еткен халифа Әли жоғарыдан нұсқау беріп отырмай, қолына қару алып, ұрысқа өзі тікелей қатысады. Жан берісіп, жан алысқан қиян-кескі ұрыс аяқталып, әділдік салтанат құрып, бұлар жеңіске жетеді. Арып-ашып елге қайтып келе жатқан жолда Әли бір яһуди ұстап жүрген өз қалқанын байқап қалады. Анық өз қалқаны. Ол жанталасқан ұрыс кезінде қалқанын қай жерде жоғалтқанын білмеді, әрі оны іздейтін де мұршасы болмады. Ол яһудидің жанына келіп:

– Мынау менің қалқаным ғой. Мен оны ешкімге де берген емеспін, – дейді. Яһуди қалқанды бермек түгілі, маңайына да жолатқысы келмеді.
Әлидің қалқанды күшпен тартып алуына, немесе әмір етіп, өзіне қайтарып алуына болар еді. Бірақ кім болса сонымен бет жыртысып жатуды өзіне ар санап, үлкен басын кішірейтіп, шындыққа жету үшін төрешіге жүгінуді ұсынды.

Әділдігімен аты шыққан төреші Шүрәйх бұлардың уәжін мұқият тыңдады. Әли өзінің ұлы Хасан мен құлы Қанбарды куәлікке тартты.

– Хасан сіздің өз ұлыңыз ғой. Сондықтан оның орнына басқа куә табыңыз. Ал құлдың куәлігін қабылдаймын, – деді Шүрәйх.

Мұны естіген Әли: «Сірә, бұл менің ұлдарым Хасан мен Хүсейінді Расулаллаһтың өзі елдің алдында «Иманды жастардың мырзасы» дегенін естімеген болды ғой» деп ойлап, қатты іштей күйзеліп, қалқанын яһудиге еш наразылық білдірмей беруге мәжбүр болады.

Сонда яһуди Әлидің асқан қайырымдылығы мен ізгілігін анық байқап, жұрттың алдына шығып:
Мүміндердің әділ әміршісі Әли өзін мен бүкіл елді басқарып отырған халифамын деген жоқ, асқан кішілік көрсетіп, төрешіге жүгінуге алып келді. Ал, ол өзі тағайындаған төрешісі өзіне қарсы үкім етсе де, оған келісті. Мен қарапайым Алла құлдары ішінен шыққан батыр, білімді ғалым әрі әділ ел билеушісінің алдын-да оның ізгілігі үшін басымды иемін. Ислам дінінің хақ екендігіне куәлік етемін. Мен де бүгіннен бастап мұсылманмын. Бұл қалқан, мәртебелім, сіздікі, түйеңнен түсіп қалғанда алған едім, деп қалқанды иесіне қайтарды. Яһудидің мұсылман болғанына қатты қуанған Әли қалқанды оған сыйға тартты.

Добавить комментарий