Фариза ОҢҒАРСЫНОВА: «Отанға деген махаббат»
Өлшемі жоқ ана махаббатының,
пір тұтпайды жұрт бекерге, ол –киелі.
Аюлар да (ой-санадан мақұрым)
ақымақтау балаларын сүйеді.
Екі жүрек бір-біріне сенімін
өшіргенде, сөнгендей ғой бар шырақ.
Көгершін де жоғалтқанда серігін
отырады көзден жасы тамшылап.
Бірақ, бірақ бір махаббат болады,
ол адамның еркінен тыс күш мүлде:
елге деген махаббатың жоғары
тұрады ылғи бар сезімнің үстінде.
Ол ешқашан жалған емес, түсінем,
елін сүю жадыратар көңілді.
Бүкіл адам сол сезімнің күшімен
өлтірмей жүр жердегі бар өмірді
Несіпбек АЙТҰЛЫ: «Отан»
Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз,
Қорғамасақ несін ұл боп туғанбыз?!
Кіндігіміз тар қапаста кесіліп,
Ит көйлекті қанды жаспен жуғанбыз.
Туған жұртқа тірек болу ерге-сын,
Құлдықты енді құдай басқа бермесін.
Атаң өлсе, өзің ата боларсың,
Ешқашанда Отан өле көрмесін!
Әкең өлсе, шешең өлсе жыларсың,
Балаң өлсе, бір жығылып тұрарсың.
Отан өлсе, опырылып түскенің,
Күңіреніп көрге бірге құларсың.
Біздің Отан өліп, қайта тірілген,
Біздің Байрақ құлап, қайта тігілген.
Опат болған ерлер рухы оянар,
Отан деген лебіз шықса тілімнен.
Отанменен аспандағы Күн егіз,
Екеуінің амандығын тілеңіз.
Жас азамат, бұл Отанның қадірін,
Отансыз боп көрген біздер білеміз!
Керек қылса, жолында оның құрбанбыз,
Бәріне де белді бекем буғанбыз.
Бір кеудеге екі жүрек сыймайды,
Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!
Бәкір Тәжібаев: Туған елім
Менде сөйлер сөз болса –
Өзің берген сөзің ғой!
Менде көрер көз болса –
Өзің берген көзің ғой!
Шаттық құшқан шеруде,
Күйді өтерген өзің ғой!
Қиындықты жеңуге
Үйреткен де өзің ғой!
Толқығанда сезім –ой,
Әппақ арым, тілегім.
Туған елім өзің ғой –
Арқа сүйер тірегім!
Туған елім, өзіңнің,
Жазираңды кездірдің.
Жайма –шуақ кезімнің,
Рахатын сездірдің!
Туған елім – гүл елім,
Қасиетіңді білемін.
Өзіңе деп жүремін –
Лүпілдеген жүрегім!
Күләш АХМЕТОВА: «Отанды сүй»
Отан!
Басайын сенің барлық жолдарыңды,
Қосайын құстар салған хорға әнімді.
Бұлбұлдың әуезіне араласып,
Бұл әнім араласын орманыңды.
Қалдырмай байтақ елдің сай-қырларын,
Тарасын май айында майда ырғағым.
Шөптерің шөпілдесіп, бұл ырғаққа
Билесін бұлақтарың, айдындарың.
Қарасам, қазынаның табам түрін,
Күнбағыс – табақ-табақ сары алтының.
Әр тасың жай тас емес, гауһар маған,
Жақсы әтір – жалбызың мен қалампырың.
Жоқ дегем сүюімде демалыс түк,
Бағынар сағынышқа бар алыстық.
Сүйкімді құмың, шыңың, шыңырауың,
Бар бедер, бар дидарың маған ыстық!
Бар ма екен кәусарыңды қанып ішкен,
Айтамын іңкәрліктің әнін іштен.
Әрбір тал шөбіңді де, шөліңді де
Сүйемін сағынышпен, сағынышпен.
Өзіңнің келбетіңнен күнді көрем,
Мен үшін өзеніңнің сыңғыры – өлең.
Көкте емес, көкірегімде көшеді әсем
Бұлттарың үлбіреген, үлбіреген.
Үп еткен еркін самал лебің – өлең,
Өңімде, түсімде де сені көрем.
Гүлдерің, жұлдыздарың – жүрегімде,
Біргесің меніменен, меніменен!
Әзірлеген, Әйгерім СОЛТАН.