«Сұр айдың артынан күншуақ болмай тұрған ба?
Күннің көзін мәңгілік бұлт басып тұруы мүмкін бе?»
>Жүсіпбектің Мағжанға жазған хатынан
Жүсіпбектің «Мағжанның ақындығы туралы» деп аталатын 1925 жылы Ташкенттегі қазақ студенттерінің алдында жасаған баяндамасы бар. Бұл қазақ әдебиеті сынының қай замандағы биігінен қарасақ та, асқақ шыңы. Осы күнге дейін Жүсіпбек шыққан биік қия жартасқа жүрегі дауалап жақындаған ешкім жоқ. Совет заманында әдебиет те, сын да жалаң бұқарашыл, жаттанды маркстік, ұрда-жық большевиктік сүрлеуге түсті де, әлі күнге өз міндетін орындай алмай келеді.
Осы баяндамада Жүсіпбек «Мағжанның ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз» дейді. Сол сияқты, біз де өзіміздің қысқа мақаламызда Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығын талдап беруге өреміз жетпейтінін толық мойындаймыз. Біз ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ең жарық жұлдызы, әлі күнге алдына өзге жүйрік түспеген, оқырман көп жылдар қол үзіп қалып жаңа табысып жатқан, табысса да, танымай жатқан Жүсіпбектің бір-екі шығармасын тарихшы көзімен талдап көрмекпіз.
Ең алдымен, жазушының «Күнікейдің жазығы» аталатын повесіне ара түспекпіз.
Бұл шығарма туралы Жүсіпбек Аймауытов тақырыбында жазып жүрген мамандардың арасында қазіргі күні екі түрлі көзқарас бар. Бірі Күнікейді ақтайды. Олардың пікірінше, кедей қызы Күнікей – өз теңдігін қорғаған, жалпы ескілікке, көшпелі, жадағай тұрмыс тудырған әдет-салтқа қарсы күрескен, сол қорлық итермелеп ұзатылған адамынан қашып, сүйген жігітінің құшағына ұмтылған қазақтың кекті қызының бейнесі. Сыншылардың ұйғарымы бойынша, «Күнікейдің жазығы» повесінің тақырыбы – әйел тағдыры. «Жазушы қазақ әйелі теңдікке жетіп болған жоқ, оған деген көзқарас өзгермеген, елдің ескі тұрмысы, ұғымы әлі де қолбайлау болып, аяқты шырмап жатыр деген ойға тірейді» дегенді екі сыншының бірі жазады. Екіншісі – Күнікейді жазғыратын көзқарас. Ол атастырылған адамын мойындамай, некені бұзып өзгеге берілген, мораль тұрғысынан сын көтермейтін әйел. Күнікейдің әңгіменің соңында жалғыздан-жалғыз қараңғы үйде қамалып, аурудан күйзеліп, суықтан тоңып, аштықтан қатып жатуы да – Құдай тағаланың оған берген жазасы. Повестің кіріспесіндегі «шым қорада – жер үйде, желпіндірмес көр үйде, арса-арса болып сүйегі, қалақтай болып иегі, жаңқадай жоқ жақ еттен, саусақтары шілбиіп, көлеңкедей кілбиіп, бұ жатқан қай аруақ?» делінетін шумақтар осының дәлелі сияқты. Қазақ әдебиеті сыншыларының (С.Қирабаев, А.Ісімақова, Р.Тұрысбек, Қ.Әбдік т.б.) тағы бір баса айтатыны Жүсіпбектің шығармаларындағы тұрмыстық суреттердің молдығы, оның ырғақты прозасы т.б.
Енді, мына мәселені қарайық. «Күнікейдің жазығы» 1928 жылдың соңында, 1929 жылдың басында «Жаңа әдебиет» журналында жарық көрді. Жазушы өз шығармасын аяқталар-аяқтамаста басылымға беріп отырғаны ақиқат шындық. Бұл редакцияның қоржынында жатып қалған шығарма деп айтуға болмайды. Ендеше «Күнікейдің жазығы» 1928-1929 жылдардың ұштасар тұсында жазылған деп білеміз. Ал бұл кезеңде қазақ жазушыларына әйел теңдігі, махаббат, қазақи тұрмыс бейнелері т.б. тақырыптар қаншалықты өзекті еді? Пролетариат жазушылары қатарына жаңа еніп жатқан жастар үшін бұл тақырыптар қызықты болуы да мүмкін, бірақ Жүсіпбек бұл кезеңде тек көркемдік тұрғысынан ғана емес, ойшылдық тұрғысынан да тым биікке көтеріліп кеткен болатын.
Қазақ жерінде «Ұлы кәмпеске» басталған уақыт – осы 1928 жыл. «Қойдай қу қамшымен, бай менен молданы» деп қазақ шаруашылық өмірінде діңгек қызметін атқарған байларды қауымнан қуу және елді жаппай кедейлендіру саясаты жүріп жатты. Байларды, жалпы ауқатты адамдарды, бұрынғы қазақ билігіне қатысы барларды, зиялы қауымды Совет үкіметі отбасы, бала-шағасымен батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қуды. Жер аударуға қарсылық кезінде өлгені бар, жолдағы қиыншылықтан қырылғаны бар, қолынан келер дәрмен жоқ құсадан өлгені бар қазақтың шаруақор әулеттері тарих сахнасынан шықты. Біздің әкелеріміз бұл 1928 жылды «үкіметтің жаңа орнаған уақыты еді» дейтін. Расында да, Совет үкіметінің қазақ тіршілігіне білегін сыбанып кірісе бастағаны осы жыл.
Дәл осы қанды қасап басталған уақытта Жүсіпбектің «әйел теңдігін» жазудан басқа маңызды тақырыбы болмады дегенге кім иланады? Жүсіпбектің шыққан ортасын, жеткен биігін, ұлтшылдығын сезінбегендіктен, біз осындай орашалоқ қорытындыға келіп жүрміз. Совет үкіметі болса, Жүсіпбектің деңгейін білді. Жүсіпбектің өзі де Совет үкіметінің қазаққа ашық шабуылға шыққанын айтудан жасқанған жоқ, басқаша оның жұрттың алдында сонау 1930 жылы атылғанын түсіндіру қиын.
Жүсіпбек жасынан тарихи білімді көп жинақтаған адам, ол тек тарихи білімді ғана емес, тарихи таным жолдарын да игерген. Оның өсіп-өнген ордасы – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын (1931 жыл қайтыс болды) туғызған орта, оны қоршаған адамдар, Мәшһүрдің замандастары, ағайындары, сыншылары мен тілектестері. Оның сыртында Баянаулада Жүсіпбектің жас шағында Мұса Шорманұлынан қалған халық қамын ойлау мен болжау дәстүрі бар. Сол жолда жүрген Сәдуақас Шорманұлы (1927 жылы қайтыс болды), Имантай Сәтбайұлы (1928 жылы қайтыс болды) сияқты алашқа үлгі берген тұлғалар бар. Ал тарих дегеніміз, өткенді саралай отырып, өзіңнің заманыңа сын айту, бұлдыр болашақ туралы сәуе айту. Жүсіпбек «Мағжан ақындығы туралы» баяндамасында былай дейді: «Әр адамның, әр ақынның өрісі бірінші – заманға, екінші – туып-өскен әлеуметіне, үшінші – нәсіліне (тұқымына) байлаулы. Ақын ерікті-еріксіз өз заманының тонын кимеске, өз заманының мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамасқа әдді жоқ. Өзгелерден гөрі әлеуметтің мұңын баса жоқтайтын ақын болуы керек. Өйткені ақын –қоғамның қарапайым тырна қатар топас мүшесі емес, өзгелерден гөрі сақ құлақты, сезгіш жүректі, сара ақылды, өткір қиялды мүше. Ақын өзгелердің сезбегенін сезеді, көрмегенін көреді, ойламағанын болжайды, тілі жетпегенін айтып береді».
Міне, жазушы құпиясының кілті. «Күнікей жазығының» себебін де осы тұжырымдамадан іздеу керек. «Күнікейдің жазығы» – әйел теңдігі туралы жазылған шығарма десек, ол тым жадағайлық болады, ол социалистік реализмнен басқа ештеңе көрмеген біздің алдымыздағы буынға кешірімді, бізге кешірімсіз? «Күнікейдің жазығы» – тексіздік билеген заманда, большевиктердің диірменіне түскен, ел жақсысынан айрылған, кешегі ерке-тотай заманы бітіп топас жүйенің қорлығында қалған қазақ халқының тағдыры.
Шығармада анда-санда «Әй, Күнікей-ай, сен бір жанып тұрған отсың ғой» деген автордың сүйсінісі бар. Себебі Күнікейде қазақтың еркін, ержүрек, бұла рухы бар. Жүсіпбектің бұл сүйсінісі Мағжанның «Күннен туған баламын, Жарқыраймын, жанамын. Күнге ғана бағынам, Өзім – күнмін, өзім – от, Сөзім, қысық, көзімде – от, Өзіме-өзім табынам» дейтін өлең жолдарын еске түсіреді. От болып жану, Күн болып қазаққа қызмет ету ХХ ғасырдың басындағы аласапыранда қазақ азаматтарының бәріне де міндет болды. Күнікейдің де ерлігі – бұл Алаш туын көтеріп, өз алдымызға ел боламыз деген, жүрегі қазақ деп соққан, сол үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалған қазақ азаматтарының тағдыры. Бұл жерде топас, дөкір, нойыс Тұяқ – тағдыр біздің маңдаймызға жазып қойған орыстың қамыты болса, Байман –қазақтың еркіншілік рухынан қалған бір елес. Күнікей – сол елеске ұмтылған қазақтың жаны. Жазушының өзге ат құрып қалғандай, өзінің қаһарманына Күнікей атын беруі де Мағжан поэзиясындағы «Ерлері ертегінің өрт еді ғой» дейтін түсініктен, ал Күнікейдің ауыр жағдайы «Айрылып от екпінді ерлерінен, Алаштың жанына ауыр дерт енді ғой» деген шумағымен ашылып тұр.
Міне, «Күнікейдің жазығы» повесінің бізге айтпақ сыры осы, оны түсіну үшін ең бастысы біз «Күн астындағы Күнікейдің» әңгімесін білуіміз керек, «Күн астындағы Күнікейді» тануымыз керек. Әйтпесе, басқаның бәрі бос әурешілік.
Жүсіпбекке біз тек өрнекті, ырғақты прозаның негізін салушы ретінде қарап, оның азаматтығын, ұлтшылдығын, әлеуметішілдігін ескермесек, жазушының жұмбағын да шеше алмаймыз. Осы тұрғыдан Жүсіпбектің «Ақбілек» романы да қайта саралауды, қайта бағалауды талап етеді.
«Ақбілек» романының рухы «Күнікейдің жазығынан» бөлек. «Ақбілекте» патшалық Ресейдің отары болған, одан азамат соғысының қырғыны мен қорлығынан өткен қазақтың қайта жетіліп, жоғын түгендеп, жаңа заманға бейімделіп келе жатқан бейнесін көреміз. Мамырбай отағасының сұлу қызы, ауыл-елдің еркесі, елдің көрнекті жігіті, байдың баласы Бекболаттың атастырған жары, одан «ақ қашып, қызыл қуғанда» қазақтың өз ішіндегі алауыздығынан орыстың қолына түсіп қор болған, оған сынбай оқуға ұмтылған, ақыр соңында білікті бір азаматтың жары болып, өз түтінін түтеткен, өзге қараңғы ауылдастарын өрге тартқан Ақбілек – ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының шартты образы.
Жүсіпбек бұл шығарманы 1927 жылы жаздың соңында жазды. Бұл туралы 1927 жылдың 15 қарашасында Жүсіпбектің Мәшһүрге жазған хатында егжей-тегжейлі баяндалады: «Екі жарым ай болды… бір роман жазып бітірдім. Өзіңіз көрген «Қартқожадан» екі есе үлкен болады. Бар ойым, ынтам, рухым сол романға кетіп, тап жынды кісідей болыппын, досты, жолдасты, құрметті, қымбат ағаны ұмытып кете жаздаппын», – дейді жазушы.
Бұл кезде Жүсіпбек Шымкентте педтехникумға басшылық жасайды және шығармашылығының нағыз тасып-төгіліп тұрған кезі. Қазақ та ЖЭС заманында есін жинап, қорасына береке кіре бастаған, жастары жаппай оқуға ұмтылған. Мен бұл кезеңді басынан өткерген қазақтың талай ақылды қарияларымен әңгімелестім. 1930-шы жылдардың барлық сойқанын бастан өткерген, аштықта «Секбірайға» (Севкрай) барып жан сақтаған, халық жауы болып Қараөткелдің ішкі түрмесінде жатқан, Карлаг, Үркіт (Иркустк) лагерьлерін түгендеген ата-анам да ЖЭС кезеңін мақтаушы еді. «Ақбілектегі» өршіл рух, халықтың болашағына деген сенім, жарқыраған әдемі теңеулер де осы әлеуметтік жағдайдың әсері, «үмітсіз – шайтан» деген, қазақ азаматтарының болашақтан бір жақсылық күтетін уақыты осы. Бұл үміттің басы 1928 жылы шабылды.
Патша үкіметінен құтылған, текті әулеттерінің көзін жойған, не сыртқа қуған, азамат соғысында қаны бұзылған орыстың мұжығы өзінің тарихындағы тағы бір қанды қырғынға кірісті. «Күн астындағы Күнікей» орнына жаялықша жалпиған, жарқанатша қалқиған, жермен-жексен қараңғы үйде жөтелі өңменіңнен өтіп, алма ерні кезеріп, сары төсек болып сарғайып «Күнікейдің жазығы» келді.
«Күнікейдің жазығы» қаһармандары
Жүсіпбек Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» повесі оқырманды қазақ халқының дәстүрлі этнографиялық ортасына жетелеп енгізетін ғажайып шығарма екені белгілі. ХІХ ғасырдың соңындағы көшпелі елдің тіршілігін қанық бояулармен суреттеген, ақ өлеңмен өрнектеген осы аяулы шығарманың қыр-сыры әлі де ашылған жоқ. Повестің мазмұнын ой таразысына сала отырып, оның өн бойы бір рухпен, бір леппен жазылмағанын сезінеміз. Шығармада кейде жазушының қажыған, тарыққан үні естіледі, кейде шалқыған көңіл райы, әдемілікке ғашық жүрегі лүпіл қағады. Мысалы, «Күнікейдің аққудай сұңқылдап, күмістей сыңғырлап, бұлақтай сылдырлап, бұлбұлдай құбылтып, бұлқындай жұтынып, жүйкені босата, сүйекті шымырлата сорғалатқан, кестедей нақысты, ботадай сүйкімді, балдай тәтті, күндей сұлу әніне көш бойындағы қыз-бозбала, қатын-қалаш жиналып қалды» деген жолдардың ішкі поэзиясы, қуаттылығы сондай, өзің де бейне бір жас және талантты әншінің жанында отырғандайсың. Қалай болғанда да, Жүсіпбек шығарма қаһармандарына еріп, олардың ортасына емін-еркін еніп, саналы күйден ырықсыз бейсана күйге түсіп, табиғат пен тұрмыстың әсері мен күшіне бой алдырып кетеді. Шығармашылық шабыт оны баурап, жетелеп, бақсыдай зікір салдырып, дуанадай кезбе қылып елді аралатып, немесе мал баққан, жайлауға көшкен елмен бірге түйесін бұйдасынан тартып, ауған жүгін түзеп, асауды қуып кетеді. Экспрессия шығарманың өн бойында түгел бірдей емес, алғашқы тарауларында басым, кейінгі тараушаларында сылбырлық та бар.
Жалпы шығарма аяқталмай қалған дүние болуы тиіс, не жазушы шығарманы аяқтауға асығып, соңын шолақ қайырған сияқты. «Күнікейдің жазығы» ертеде қазақ өмірінің үлкен панорамасы сияқты жоспарлануы да мүмкін. Жүсіпбек бір хатында «Әуелі қазақты оқу керек, Қазақты білемін дегенмен көбіміз біле бермейміз…Малы қандай болса, мінезі де сондай жұрт. Бұл мәселе түбірленбей тұрғанда бізде даудың шегі болмайды…» дейді. Кейін саяси ахуалға байланысты автор қазақтану бойынша жазбаларын негізгі ойын бүркемелеу үшін «Күнікейдің жазығын» кестелеуде пайдаланған. Біз «Жүсіпбек жұмбағы» атты мақаламызда осы жағына көбірек көңіл бөлдік (Қараңыз: Ж.Артықбаев. Жүсіпбек жұмбағы//Алаш мұрасы және Жүсіпбек Аймауытов мұрасы. Республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Астана, 2014, 204-208 бб.).
Оқырман назарына ұсынылып отырған жаңа мақаламызда да біз осы жағына назар аударамыз. Біздің ойымызша, автордың негізгі идеясы этнографиялық сюжеттердің тасасында жасырылған. Оны өзі де «жігіттер, құлағыңды сала бер, көкейіңе ұнаса, мәнісіне қана бер» деп ишара қылады (1, 348 б.).
Егер біз бұл шығарманың мәнін оның өн бойындағы табиғи бояуларынан іздеп көрсек қайтеді? «Күнікейдің жазығы» натуралистік әдіспен жазылған шығарма екені белгілі. Профессор Ж.Жақыпов «Жазушыда революциялық рухтан гөрі, эволюциялық рационализм, парасат басым. Ол парасатқа революция қайшы. Ал іштегі талант сыртқа шығуы қажет. Сондықтан сөз зергерінің тапқан жолы табиғи болды» дейді (2, 213 б). Толық келісеміз. Парасатты әдебиеттің орыс большевиктеріне керегі жоқ еді. Оларға Томазо Кампанелланың «Күн қаласы» сияқты жарқын болашақты төндіре суреттеген утопистік еңбектер керек болды. Ресей сияқты крепостнойлық құлдықтан жаңа ғана шыққан, өндірістің дамуы артта қалған, Бірінші дүние жүзілік соғыс пен Азамат соғысынан тас-талқан болған ел үшін коммунизм қиял болатын және Жүсіпбек Аймауытов сияқты парасатты жазушы оның іске аспайтынын түсінді. Ресейдің орталық аймақтарында да М.Булгаков сияқты парасат иелерінің қаламынан туған «Мастер и Маргарита», «Собачье сердце» шығармалары – социализм идеясының Швондер сияқтылардың қолына түскенін анық сезгеннен кейін туған дүниелер еді. Ең бірінші – басы кесілетін адами қасиеттер, екінші – еркіндік, үшінші – рух. Бұл жағынан Жүсіпбекті біз тек қана қазақ жазушылары ғана емес, орыс жазушыларының да алдын орады деп білеміз. «Күнікейдің жазығы» Эзоп тілімен орыстық социализмнің қазақты құлдыққа кіргізіп жатқанын сипаттау. Пролетарлық әдебиет сыншыларының натурализмге қарсы шығуы да осы себептерге байланысты. Олардың ішінде де жаңа жүйеге бейімделген, немесе оны амал жоқ қабылдаған, бірақ әңгіменің астарын сезетін терең білімді адамдар болатын.
Повестегі ауыл өмірі, құда күту, көш сияқты ауқымды суреттердің бәрі көз алдаушы құрал екенін олардың ішінде сезгендері болды. ХХ ғасырдың 20 жылдарының соңына қарай әдебиетте партиялық принцип орныға бастады. Бұрыңғыны сол қалпында суреттеуге болмайды, оны тек қара бояумен беру керек, себебі натурализм «адамдарды жаңа үшін ескімен күрестен оқшау әкетіп, «буржуазиялық барға» қанағат етуге шақыру». Қазақ әдебиеті социалистік реализм жолында дәстүрді құрбан қылды, натурализмді пайдалана отырып ескіні жығу, тепкінің астына алу әдебиеттің тәртібіне, басты шартына айналды. Бұл жолды тұтынбағандарға қарсы репрессиялар басталды. ХХ ғасырдың 90 жылдарына дейін қазақ әдебиетінің негізгі ережесі осы және оны біз қазақ совет әдебиетінің негізін салған азаматтардан бастап бүгінгі күні ортамызда жүрген жазушылардың шығармаларынан көреміз. Өзіміз де осы әдебиетті мектеп жасында оқып өстік.
Жүсіпбек үшін натурализм – белгілі дәрежеде көркемдік құрал. Күн, жел, бұлт, атан түйе, көк бұқа, қос қарлығаш соншалықты жанды суреттелгендіктен, повестің негізгі қаһармандары сияқты болып кетеді. Екінші бір мәселе, жазушы повеске таза табиғи қалпында туып-өскен ауылын, өзінің ағайын-туыстарын кіргізе салған. Баян мен Қызылтаудың баурайында қыстап, Шідертіні жайлаған Сүйіндік елінің ортасындағы ауылдың ішкі тіршілігі сияқты. Бір қызығы, адам есімдері де өзгермеген. Бұл автордың негізгі идеяны жасыру үшін жасаған бүркеме амалы ма, әлде идея пісіп жетілмегендіктен, оның кем-кетігін этнографиялық шынайы көріністермен толтыру ма? Бұлыңғыр идеяның қажеті қанша болды?
Шығарманың табиғи кеңістігі мен уақыты
«Күнікейдің жазығы» оқиғалары Баянаула-Қызылтау алқабында болғанын және оқиғаның қай уақытта орын алғанын автор повесте ашық айтады: «Ол күнге жиырма жылдан асып кетті, жиырма бес жыл да болып қалған шығар. Ол күнде айдабол, күлік, ақ бура, тұлпар, қозған, қақсал Шідерті бойын жайлайды. Өлеңті мен Шідерті – қатар аққан өзен. Өребасы Есіл, Нұрадан келе ме, кім білсін. Өлеңті – Ақкөлге, Шідерті – Жайылмаға барып сарқады. Онда Шідертінің суы мол кезі. Жалғыз-ақ Шиқылдақ ауылы болмаса, ол кезде Шідертінің бойын қыстаған ел де жоқ. Сәуірдің алашабыр бұлты арылмай-ақ Баянауыл, Қызылтаудағы қалың сүйіндік атандарын алқынтып, бұйдасын көш құлаш созып, Бөкембай, Арқалық, Жаманадыр, Желдіадырдан асып, Шідертіге қарай ағыл-тегіл құлай бастайды» (1, 353 б.)
Ешқандай қоспасыз, нақты жасалған сипаттама. Біздің де аталарымыз осы әңгімені айтатын. Олардың да жаз жайлайтын жері Шідерті. Ертеде қазақтың өз заманында жаз жайлап, сонау Қызылжарға дейін барады екен, ХІХ ғасырдың ортасынан бастап өріс шектелген. ХІХ ғасырдың соңында Шідертіден аса алмаған. Қазақтың саны мен малы өсті, қазақтың жері алдымен дуандарға, одан келе 1868 жылдан бастап облыс, уезд, болыс болып бөлінді. Әйтеуір, бұрынғы еркіндігі шектелді.
Шығарманың кейіпкерлері
Шығарманың негізгі кейіпкері – «Қалың Сүйіндік елі». Оқиға Ордабай атты байдың ауылында өрістейді: «Ордабайдың үш баласы үш ауыл ғой», «Ордабайдың төрт ауылы бірге көшетін», «Ордабайдың қыз-келіншектері бәт құндыз бөріктерінің үкілері желкілдеп, жорға мен жүйрік мініп, алдыңғы көшке өте шығады…». Ордабай Жүсіпбектің өз ағайыны, Арғын ішінде Сүйіндік, одан Күлік болып келеді. Күліктен Ақыл-Сексен, одан Бейбіт болып тарайды. Жүсіпбектің аталарын «Дулыға балалары» дейді. Оның әңгімесі көп, қаймана қазаққа керегі жоқ.
Мәшһүр шежіресі бойынша: «Дулыға балалары – Тоқанай, Топай. Топайдан Өтебай молда. Тоқанайдан Оразайлар. Оның бәйбішесінен Күнтай, Танашбай. Танашбайдан Қуан бай жалғыз. Танашбай ел тауға қонып жатқанда өлген екен. Сол күнде Қуанда үш жүз қой бар екен, бір жүзін сойып, әкесіне ас беріпті. «Қалған екі жүз қойының бір жүзі егіз тауып, Қуанның өзі көзі тірісінде он екі мың қой тұяғы болғанын көріпті» деген сөз бар» (4, 10 т., 14 б.). Қуан балалары: Ордабай, Дәндебай, Молдабай, Ноғай. «Молдабай қотанынан бес мың тұяқ өргенін осы қаламды ұстап отырған өз көзімен көрген кісі» дейді Мәшһүр (4,10 т., 14 б.).
Қуан балаларының бәрі дәулетті болған. Жүсіпбек өзінің аталарын кедей дейді. «Дәндебайдың бәйбішесінен Аймауыт пен Иса, тоқалынан Оспан, Абайдылда, Әбдірахман туған. Бәйбіше балалары кедей, тоқал балалары ауқатты болған. Оның үстіне Оспан – орысша оқып, фельдшер мамандығын алған, әуелде мал дәрігері, кейін тілмаш, болыс болған адам.
Исаның балалары Оспанның жылқысын бақты, біз Аймауыт балалары тоқал тұқымының уақ балаларын оқытып, кебеже, шкафтарын, жастық тыстарын кестелеп, керегіне жарадық». Шын мәнінде ХІХ ғасыр соңындағы статистикалық есептерге қарасақ, жеті шаңырақтан тұратын Оймауыт ауылында 276 жылқы, 167 сиыр, 43 түйе, 749 қой тізімде тұр, яғни күн көрістері жоқ, жалаңаяқ кедей деуге болмайды (3, с.186-188). Повесте «Ноқаң ауылы» деген бар. «Жонның қар суымен шығып, желкілдеп тұрған бидайық, шалғынын жеймін деп жанталасып күліктен алдымен Ноқаң ауылы көшеді». Жүсіпбектің «Ноқаң» деп отырғаны – Қуан баласы Ноғай деген ақсақал. Ауқатты, ақылды, тілді адам болса керек. Мәшһүр шежіресінде «Ноғай ескі законде ат арқасына мінген, бірнеше жыл болыс болған. Өзі тірі күнінде баласы Тайшық әм көп жыл болыс болған» деп суреттеледі. Десе дегендей, ХІХ ғасырдың соңындағы статистикалық есепте Ноғай ақсақалдың шаруашылығында 500-ден астам жылқы бар (4, с.186-188).
Повесте Ордабай, Ноғай аттарымен қатар бірталай азаматтардың аты аталады. Соның бірі – Рақыш: «Сонымен олай-бұлай екшеп келіп, қыз ибаны Рақыштікіне беруді ұйғарысты. Ол ауыл әрі жақын, әрі бастас өз тұқымы, әрі тілмаш та сол: елдің бір тұтқасы ғой» (1, 374 б.). Немесе «қыздар қызыл құнажындай қылаңдап, сылаңдап, шоқтанып, топтанып, сылдырлап, былдырлап Шідертіні өрлей Рақыш ауылына бет қойды…» (1,379 б.). Бұл Рақыш Исабай баласы Күлік ішіндегі орта дәулетті адам. Ауылдары алты шаңырақ. Ордабайлармен бір атадан, бәрі Бейбіттен тарайды (4, с.186). Сүлеймен деген орта шаруа аты аталады: «Расында да Сүлеймен партияда ел аларлық, дүние шашарлық, салмақ боларлық кісі емес, біртоға, сыпайы, шаруақор адам еді» (1, 374 б.). Бұл аталған Сүлеймен – Итқара баласы.
Повесте осы аты аталғандардан басқа өмірде болған шынайы адамдар толып жатыр, бәрінің де аттары құжаттарда, статистикалық есептерде аталады.
Дегенмен аздап өзгертілген, не ойдан жасалған қаһармандар да бар сияқты. Мысалы, Байман – ойдан жасалған шартты образ. Бірақ образды сомдағанда Жүсіпбек өзінің ағайыны Молдабайдың немересі Шайман серіні пайдаланады.
«Күнікейдің жазығында» жағымды қаһарман жоқ. Шығарманың басынан аяғына дейін құлдар мен күңдерді көп кездестіреміз. Неге құлдар мен күңдер көп? Жүсіпбектің малшы қатынды суреттегені: «Қарыны кебежедей бір можа биеге малшы қатын мінем деп, үзеңгіге аяғы жетпей мықшыңдап жатыр еді.
Ана жаман күңді атқа салып жіберші! – деп Қара бәйбіше Сәрсембайды жұмсады…» (1, 356 б.).
Жоғарыда аты аталған Байман бір жағынан текті ер азамат сияқты, ал шын мәнінде, «топтан, ойын-сауықтан, дүрмектен, қымыздан қолы босанбай, көбінесе «мырзалармен» ат үстінде жүрген жігіт». Жасы ересек, Күнікейдің шешесі Шекермен жасты делінеді. Байман – әлі ақылы кірмеген, есі толық емес даланың жабайы адамы. Құда тартуға қатысатындай қара күші бар, одан басқа өнері де жоқ. Құлқынның, қызықтың құлы. Күнікейдің оған не себептен ғашық болғанын табудың өзі қиын….
Осы сияқты суреттемелер повестің негізгі қаһарманының бірі Тұяқты оқырман өз мағынасында қабылдауы үшін қолданылған құрал болуы да мүмкін. Жазушы повестің алғашқы беттерінде-ақ оқырманға Тұяқты «… Ордабайдікіне қымызға барғанда, жүктің бұрышында: «пұп-пұп» деп былғарыға су бүркіп, құжыраңдап жатқан мойны ішіне кірген бір жаманды көруші еді…» деп таныстырады. Жүсіпбектің жасынан сегіз қырлы, бір сырлы азамат болғаны белгілі. Бір өнері – етікшілік. Баян маңындағы етікшілерді түгел білгені сөзсіз, оның ішінен ол заманында он жеті мың жылқы айдаған Қаржас ішінде Ақмырза Азынабай тұқымы делінетін Тұяқты алып отыр. Азынабайдың бел балаларын патша үкіметі Кенесары көтерілісіне қатысқаны үшін жазалады. Тайжанды Ақмолада атты, Сейтенді ит жеккенге (Березов – Қайың тұра) жер аударды. Кейінгі «Азынабай балалары» деп жүргендер – құлдары мен қоңсыларынан тарағандары. «Күнікейдің жазығы» арқылы жазушы ХХ ғасырда қазақ тағдырының Тұяқ сияқты құлдардың қолына түсетінін алдын ала болжағаны ма? Азынабайдан кейін Ақкелінге Шорман мен Сәтбай балалары ие болған. Қазіргі уақытта бұл әулеттерден де ешкім қалған жоқ, Совет үкіметі кезінде репрессияланды не басқа жаққа жан сақтап кетті.
Повестің «Күнікейдің жазығы» болып аталуы да жұмбақ. Шын мәнінде автор Күнікейді жазықты қылып отырған жоқ. Қазақ ауыз әдебиетін білетін адам Күнікейдің ар жағында Күн астындағы Күнікей қыздың бейнесін бірден көреді. Жүсіпбектің өзі де ара-тұра «Күнікей түйені тіркеп, тақиясын түзеп киіп, оң жағына қарағанда Ордабай айналасының барлық шаңырағынан да үлкен, күлімдеген қызыл жақұт Күн көктің бір өңірін сары алтынға малып, екі түйенің арасынан абажадай болып адырдан суырылып келе жатыр екен…» немесе «Күнікейдің жанына майдай жағып, дүние өзіне бола жаралғандай, алтын күн өзіне бола туғандай көрініп келеді. Күннің мұндай айбынды, сұлу екенін Күнікей бұрын көрсеші! Мына күн тап өзінің, өз үйінің күні тәрізді. Жып-жылы, жап-жарық!» деп бұл образды Күнмен байланыстырады (1, 360 б.).
Күн астындағы Күнікей қыз – Күнді Құдай көрген біздің ата-бабаларымыздың дүниетанымы туғызған қаһарман. Ол Бай ана (Ұмай ана, Май ана) бейнесінің бір түрі (ипостась) десек те, Жаратушының жер бетіндегі өкілі десек те сиымды. Қазақ «Ой-бай-ана» дейді, молдалар «Ойбай – шайтанның аты, тіліңді кәлимаға келтір» дейді. Қалайша құлды менсінбеген Күн астындағы Күнікей қыз жазықты болады? Жүсіпбектің Күнікейді құл тектес пенделердің ортасына енгізуіне, оны нанымды қылу үшін қазақ дәстүрін бар нақышымен, сәнді бояуымен суреттеуіне не себеп? ХІХ соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының асылынан айрылып азғындығы көбейіп бара жатқанын көрсету үшін бе? Осылар емес пе екен жазықтылар? Бұл жерде орыс қоғамдық ой пікірінде үлкен серпіліс жасаған Герценнің «Кім жазықты?» дегені еске түседі. Қазақ қоғамы Жүсіпбек болжаған қара түнекке өз еркімен бара жатыр.
Повесте бәрі бар, бірақ елдің дұрыс адал ниеті жоқ, не ақылды сөзді айтатын тұлғасы жоқ. Күшті әлсізді жеп жатыр, қулар ақыл айтып отыр, сорлының ақ адал малын дүлей арам өлтіреді, алдау-арбау шығарма қаһармандарының күн көрісінің тетігі сияқты, жан-жағынан жабылған құлдар мен күңдер Күнікейді азғындыққа итермелеп жатыр. Жүсіпбектің де айтпағы осы ма?
Дегенмен де үміт сәулесі бар еді. Қазақтың өз билігі өз қолынан кеткенімен, Ресейде оң өзгерістер болады деген қиял болды. Жүсіпбек Мағжанға 1923 жылы жазған хатында «Болғанды «болды» деуден болашақты болжау қиын. Әлде болашаққа сендіру, қараңғы тұманда жылтылдаған сәуле көрсету қиын ба? Қазақтың келешегіне һеш бір сенім жоқ болса, жоғалатын елге сұлу сөз – әдебиет неге керек?» дейді (2, 58 б.). Сенімді жоғалтпа деп насихат айтады. «Біз сенен дертке дәрмен болғандай, рух бергендей, ауыр халден шара тауып шыққандай, келешекке, мәдениетке, игілікке сүйенгендей сөз іздейміз» дейді. Бірақ 1928 жылы орыс мұжығының қанқұйлы «үкіметі» орнады. Жүсіпбек заманның өзгергенін, енді жарық Күннің қазақ үшін көп уақыттар қайта шықпайтынын түсінді.
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы.