… Алдыңғыны ардақ тұтудың, кейінгіге кең қолтықтық танытудың тамаша тәлімі сыйға тартылып, тәттідей таратылатын дүние емес. Бұл санаға сабақтастықпен сіңісіп-орнығатын, көкірекке үлгі-өнеге арқылы жұғысып-толығатын дағды деп түсінемін мен.

«Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді». Мен бұған өз тарапымнан кішіге қамқор бола алмағаның өзіңе қорған соға алмағаның деп қосар едім. Осы сөздердің салмағына тереңдей ой жүгіртіп, мағынасына маңыз бере алып жүрміз бе осы?

… Шүкіршілік, өмір жолымда талай ағаның ала-құлалығы жоқ алқауына, шынайылығы дөп ықыласына ие болу бақыты бұйырып-ақ келеді. Жанына жақын тартып, төбелі төріне оздырып, көкірегімді көшелі сөзімен семірткен, онысын ешқашан міндетсінбеген менің марқасқа-майталмандарым, жанашыр-ақылмандарым аз емес. Олардың өмір мен өнеге көрген бекзат болмысын сүйсіне үлгі қып, ғибрат пен өсиет өрген дуалы аузына телміріп, сөйтіп құлақпен семірер сана-көкірегімді бұйырғанша кең қылып, бір жасап қаламын, рас. Тіпті, еркелеп те кететін кездерім көп.

Ақын Құдайберлі Мырзабектің: «Жасының үлкендігімен емес, жүрегінің үлкендігімен аға болу әркімнің қолынан келе бермейді» дегені неткен ғажап та құдіретті сөзі еді деп, басымды иемін.

Әрдайым ерекше еміреніп, бірі «бауырым», бірі «балам», енді бірі «Асылжан» деп елжірей, кең қолтық құшағына қарай тартып жатқанда, «осы мен лайықты іні бола алып жүрмін бе» деген ойға шомып, әркез етек-жеңімді жинақы ұстауға, есімнен адаспауға, ісімде жаңылыспауға тырысып-ақ бағамын. Үлгімен сіңісті, өнегемен жұғысты болатын өмірлік дағдының сабақтастығы деген осы шығар.

Ұлттық көркемсөздің құдіретті классигі Әбіш Кекілбай ағамыздың: «Жасап-жаңғыру үшін өзінен бұрынғының аузы-мұрнын қан қылу тіпті де шарт емес.

Кешегілердің еңбегін елемесек, бүгінгінің көңіліне қарамасақ, ертеңгілерді қайдан қарық қыламыз?! Бабалар айтқандай, өлі риза болмай, тірі байымайтынын, ағаның назары жығылғанынан – інінің базары тасымайтындығын, алдыңғының ынсапсыздығы – артқыны имансыз ететінін, үлкеннің жолын кескеннің – көрінбей қаларын, кішінің жолын кескеннің – көмілмей қаларын бір сәт те естен шығармайтын тұс – қазіргідей өтпелі кезең, өлара кезең. Тәуекелсіз қауым – тәуелсіз бола алмайды, алауыз қауым – азат бола алмайды. Ел тілегі бір-бірімізге көзіміз түзу болғанда ғана түзеледі», – деген көсемсөзінде сұмдық ой, тәкаппарымызды тәубеге түсірер, тесірейіп-кекірейгенімізді кісі қылар алапат күш жатыр.

Мен көл-көсір ақыл-кеңесі мен үлгі-өнегесін, ағыл-төгіл ғибратын алып келе жатқан ағаларымның қайталанбас һәм даналық тұнған дара болмысын «Портреттер» сериясы арқылы таратуды мақсатым деп түйіп, біраз уақыттан бері қаламыма маза бермей жүрмін. Өкінішке қарай, ардақты ағаларымның қайсыбірі бақилық дүниеге бет алып кетті. Алланың алқауы бұйырсын.

… Қабиден Әкімбекұлы Жұмабеков. Бұл есім алдыңғы толқын аға буынға жақсы таныс. Кейінгі буын аса біле бермейтіні де шындық.

1924 жылы Баянауылда дүниеге келіп, өсіп-өніп, Тамбовтың жаяу әскер училищесінде оқып, кейін Екінші Дүниежүзілік соғыстың сұрапылына қатысқан. Еңбек жолын қатардағы маман ретінде бастап, артынша өңірдегі бірқатар ауданның атқару комитетіне, сондай-ақ ұзақ жыл облыстың ауылшаруашылығы саласына басшылық етті.

Ұзын бойлы, сырбаз тұрпатты, сөйлегені салмақты, әр сөзін нық жеткізетін, аса зиялы адам еді.

Кеңестік жүйенің аппаратында қызмет істеп, сол идеологияның бел ортасында жүрсе де, ұлт дегенде әрдайым бармағы бүгулі, бүйрегі бұрулы болғанын таныса келе біліп, басымды идім.

Кейде рас, біздер – кейінгі толқынның өкілдері – бұрын кеңестік жүйенің «қазанында қайнап», сельсовет, райком, обком жақта қызмет еткендерге күдікпен көз тастап, «е-е, бұлар қайбір ұлтжанды» деп осал танып, осқырына қараймыз…

… Бұрын есімін ауық-ауық естіп жүретін осы Ағаммен «Сарыарқа самалының» редакциясында жақын таныстым. Газет жұмысына кіріскелі бірер жыл өткен. Қайбір күні Қабиден аға мені іздеп, редакциядағы құжырама әдейілеп келіпті. Орнымнан атып тұрып, ұмсынған қос қолымды алып жатып:

– Жұмысыңа кедергі жасап, көп уақытыңды алмаймын, бауырым. Қаламыңның қуатына қанықпын. Әр жазғаныңды қалт жібермей оқып тұрамын. Жақсы-ақ… – деп, менің тарапыма біраз мақтау сөзін төгіп тастады. Әлбетте, оны-мұны мақтауға басым айнала қоймайтынын өзім жақсы білемін. Бас пен кеудені қалыпты орнында ұстап, ағаның жан семіртер сөзіне ризалық кейіп танытып, келген шаруасына құлақ түрдім.

– Өзіңді арнайы іздеп келдім. Талант-талабыңды таныған соң түбінде қағазға түсіруіңе қажет болып қалатын өзімде бар мол дүниеммен бөліспекпін. Жә десең, келесі жолы біздің шаңырақта жолығуға уағда байлайық. Әзірге бар шаруам осы, – деп сәл кідіріс жасаған аға уақыттың қадірі туралы керемет нақылды да тілге тиек етті…

Сол күні ағаммен өзара уағдаласып, мекенжайын алып, қош айтыстық.

Араға бір апта салып, демалыс күнінде Қабиден ағамның шаңырағында отырдым. «Ассалаумағалейкүм!» деп кіріп барғаннан жай отырғаным жоқ, құлағым ағаның әсерлі әңгімесінде, көзім алдымдағы қағаз-құжаттарда болды.

Жарты күндей Қабиден Әкімбекұлының жанында жүріп, жаным семірді, ойым толықты. Қолыма ұстатып, көзіме көрсеткен қағаз-құжаттарға қарап, аш қасқырдай жұтынып қоямын.

… Осылайша, біздің байланысымыздың берік негізі қаланып, ол кісінің жанынан жиі табылатын болдым.

Ара-тұра Қабиден аға редакцияға келеді. Оның ұлт, ұлттық құндылық, Тәуелсіздік, тіл мен діл туралы ой-пікірлері тереңдігімен тартып әкететін теңіздей ғажап еді. Молынан көсіліп, небір мысалдарды ұтымды келтіріп, тыңдаған құлақты ынтықтырып жібереді…

Қысқасы, мол мағлұмат-деректерге толы әңгімелерінінен, ұсынған мұрағаттық құжаттардан бірді-екілі дүние жаздық. Ал жазылмағаны қаншама!

Қабиден ағаның жеке мұрағаты аса бай-тұғын. Қатталған папкілер, альбомдар, блакноттар, қалың дәптерлер…

– Асыл балам, мына дүниемнің ішінен өзіңе қажетті-ау деп түйіп, қалағаныңды қара, оқы, көшіріп ал. Саған рұқсат! – деп ерекше ілтипат танытып еді ағам…

Бүгінде Қабиден ағамның көзіндей болып қалған біраз дүние менде сақтаулы…

***

Қабиден ЖҰМАБЕКОВТІҢ дәптерлерінен:

Мұстафа Кемал Ататүрктің сөздерінен – қазақша иірімге келтірілген еркін тәржімалар мен еркін ой қорытулар:

Еліңнің елдігі – Тәуелсіздігінде!

Ұлттық ұйытқысын таба алмаған ұлт – жаттың табанындағы ұлт.

Бостандықтың, Теңдіктің, Әділеттің таразысы – Тәуелсіздік.

Үкіметі «ұлт» десе, ұлты «үкімет» десе, ол – нағыз Тәуелсіз және толысқан ұлт.

Өмірдің мәні – ұлт Тәуелсіздігінде.

Тәуелсіздік қасиеті – тек тәуелсіздікте ғана емес, рухани тәуелсіздікте!

Ұлтқа үкім жүрмейді. Оған қызмет етуің ғана мүмкін. Оны – борыш, парыз деп атайды.

Тіл – ұлттық қасиет.

Ұстазсыз ұлт – жетім ұлт.

Қасиетің де, қасіретің де – қаныңда! Рухың соның қан тамырынан нәр алады. Мәселе сонда!

Сүмелек – сүмелек емес, нағыз сүмелек – сатқындар!

***

Ызақор адам көмірге ұқсас, күйдермесе де, күйелейді.

Жағадан алған дұшпаннан, етектен алған ит қауіпті.

Ақымаққа ақыл айту – дауылды қолмен тоқтатам дегенмен бірдей.

Бабаңнан жүз жас үлкен бол,

Балаңнан жүз жас кіші бол.

Бақаның бағынан сұңқардың соры артық.

Әділетсіз соттан сақта,

Теріс қағылған шоттан сақта.

Әйел қырыққа жеткенше өңін бермесе – қасиет;

Еркек қырыққа жеткенше есі кірмесе – қасірет.

Бұтақпен ағаш сымбатты,

Ұрпақпен адам қымбатты.

Дүниенің қорлығы – дүмшелердің зорлығы.

Диірменде туған тышқан дүрсіліңнен қорықпайды.

Газеттің сөзі өткір, тілшінің көзі өткір.

Ер үстінде ұйықтамасаң, атқа мініп нең бар;

Халық қамын жей алмасаң, датқа болып нең бар.

Есі бар өссе де көкірек қақпайды;

Есуас өссе егер көріңді таптайды.

Жаза баспас қадам жоқ;

Жаңылмайтын қалам жоқ.

Жақсы сөзді ел жаттар,

Ел жаттар сөзде салмақ бар.

Жыланның уы басында,

Бейқамның жауы қасында.

Отасқан да бар, от басқан да бар.

Шекараң берік болмай, басыңда ерік болмайды.

Асыл ӘБІШЕВ. 

Добавить комментарий