Қазақтың әлем халықтарынан ерекшелігін танытатын бекзат өнері бар. Ол – айтыс. Бір кездері атадан балаға мирас болып келе жатқан бұл жанрдың тоқырауға түскені болғаны шындық. Дегенмен, Жүрсін Ермандай перзенті бар елдің бағына қарай өшкеніміз жанып, өлгенімізді тірілте алғанымызды мақтанышпен айта аламыз.
Жақында Ертіс-Баян өңірінде Шахан Мусиннің 110 жылдығы мен Мұқсихан Заитовтың 95 жылдығына арналған ақындар айтысы болып өтті. Май аудандық Мәдениет Үйінің залына жиналған көрерменнің шөлін қандырған сөз сайысына ақын Ғабит Сапаров төрағалық еткен әділ қазылар баға берді.
Оған аймағымыздағы төл өнерді төрге сүйреп жүрген ақындармен қатар соңғы кездері республикалық айтыстардың жаңа есімі аталған жетісулық Айым Асылбекқызы, Қарағандыдан келген Дидар Қамиев, «Алтын домбыра» иегері, Бұқар жыраудың сынығы Аспанбек Шұғатаев сынды дүлдүлдер де қатысты.
Ұлттық болмыс пен отансүйгіштік рухты көтере отырып, өскелең ұрпақтың өлең-жырға құштарлығын оятатын поэзиялық жанрдағы бұл додаға қазылық ету бақыты маған да бұйырған екен. Ендеше көрген-түйгенімді елеп-екшеп, саралап көруге де міндетті шығармын.
Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің алтын арқауы үзілмейтініне куә – көне тарихымыз бен зымыраған уақыт.
Сол себепті де заманына қарай жаңарып, түрленіп отыруы заңдылық болса керек. Тек биылдың өзінде ерке Ертіс бойында ондаған ақындар айтысы ұйымдастырылды. Қуанарлық-ақ, жағдай. Бұқара көпшілік алдында сөз сайысына түскен екі ақынның жеңіске жету жолындағы тапқырлықтары мен алғырлықтарына куә болып, солардың біреуінің намысын жыртып, тілеуін тілейтін жанкүйеріне айналды.
Бұл «от ауыз, орақ тілді» ақындарымызға артылар жауапкершілік жүгі де еселене түсті деген сөз.
Өлеңді табан астында шығару, күтпеген жерден қарсылас жасаған шабуылға тойтарыс беру, тосыннан құрылған қақпанға түсіп қалмай тығырықтан шығып кету, жай шығып кетпей мүмкіндігінше сол торға өзін түсіру сынды қасиеттерді меңгерген ақынның ғана бағы жанатыны түсінікті.
Қазылар алқасы бұл жолы да осы критерийлерге басты назар аудардық. Он ақын жұпталды. Бірінші айналымда айтар ойы өзгеден оқ бойы озып тұрған алтауын ақтық сынға жіберу міндеті тұрды алдымызда.
Айтыс шымылдығын жергілікті ақын Ерлан Аманқожа мен Баянауылдан келген сөз сүлейі Аспанбек Шұғатаев ашты.
Жаттанды сөз өрнегін қолдану, бұған дейін бірнеше мәрте қозғалған «тізесі шыққан» тақырыпты қайталау дегеннің ақынға абырой әпермесін әбден меңгеріп алған қос қарсылас шаппа-шап, тыңнан түрен салғандай қағытпалардан бастады.
Ерлан өз кезегінде Май өңірінің танымал тұлғаларын тізбектей келе қарсыласына бұрылып «айтпақшы, сен осы елге күйеу бала едің ғой. Өткенде Шахан Мусиннің тойында төбе көрсетпедің ғой»,- деп бір қағытып алды. Оған ұсталар Аспанбек бар ма? Алматыдағы айтысқа баруынга байланысты конференцияға қатыса алмағанын айта келе:
Шаханның базарына келмесем де,
Ағамның мазарына дұға қылдым, – деп ұтқыр жауап берді.
Осыдан бір ай бұрын Баянауылда өткен айтыста жұптасқан Мәрес Байрон мен Айым Асылбекқызы бұл жолы да қарсылас атанды. Қонақжайлылық танытып шаңырағынан дәм татқызғандығын айта келе Мәрес:
Сығалауға терезеден дәтім жетпей,
Есігін бөлмеңіздің сықырлаттым, – деп қалды.
Небары он сегіз жастағы Айым ару болса еш тосылмастан:
Сығалауға арудың әйнегінен,
Аспандағы айдың ғана қақысы бар, – деп тапқырлықпен жауап берді.
Дидармен жұптасқан Абзал Май елінің азаматтарының абыройын бір аспандатып тастады.
Көкпар деген қазақтың рухы емес пе,
Азаматтың көзінде от бар шығар.
Сатының батырлары атқа қонса,
Салымын бір-ақ қолмен соққан шығар, – деп бастап, қарсыласымен біраз қалжыңдасты, қағытты.
Жұртшылық біраздан бері айтыс сахнасынан көрінбей кеткен Қуанышбек Шарманов пен Шарбақты ауданының атынан шыққан жас ақын Оразбек Саяхатты ерекше қошеметпен қарсы алды.
Аман-саулық сұрасып болған соң Қуанышбек бірден бауырына көптен бері хабарласпай кеттің, телефоның жоқ па еді әлде деп қағыта сөйледі. Ағасының сөз сайыстарындағы мол тәжірибесінен қаймықпаған Оразбек:
Дін білетін ағамның біреуі едің
Жазбай танып жүретін жаратқанды
Маған да аздап бар еді үйреткенің
Оразбек соныңыздан қанаттанды
Хабарласпай жүргенім себебі бар
Мойыным өзің жаққа қарап талды
Ағамыз алдыменен хал сұрасып
Жиып алсын деп жүрмін сауаптарды, – дегеніне зал ұзақ қол соқты.
Жалпы Дидар мен Абзалдың, Рауан мен Бөкеннің жұптарында да елді толғандырған өзекті мәселелер, тұшымды ойлар көп айтылды.
Алты сағатқа созылған жыр додасын тапжылмай тамашалаған көрермендерге ыстық ықыласымызды білдіреміз.
Сонымен ақтық сынға да жеттік. Ежелгі қарсылас атанып кеткен Абзал Қабдраш пен жергілікті Ерлан Аманқожа бір-бірін әбден зерттеп алған. Қарсыласты қай тұста тұзаққа түсіру керектігін жазбай танитын қос ақын мемлекеттік тіл, қоғамның «қотырына» айналған жемқорлық төңірегінде біраз ойларды тізбектеді.
Ал, Рауан мен Дидар саясатқа көп бармай қалжыңға толы айтыс жасауды жөн көрді.
Қыз бен жігіт айтысының жақсы үлгісін Аспанбек пен Айым көрсетті. Сөз басын келін деп қағыта бастаған Аспанбекке ұтқыр жауап берген Айым қарындастың назын жеткізді. Талай додаларда кіл мықтылармен ийық тірестіріп жүрген Аспанбек болса қызға, қарындасқа құметтің қандай болатынын әдемі айтыс арқылы көрсете алды.
Қазылар алқасының шешімімен үшінші орын Р.Қайдаров, Е.Аманқожа мен А.Қабдрашқа берілді. Екінші орынды қарағандылық Д.Қамиев иеленді. Ақтық сында ару қызды әспеттеп, алға сүйреген А.Шұғатаев бірінші орын жүлдегері атанды. Бас жүлде Айым Асылбекқызымен Жетісуға жол тартты.
Жұмабек СМАНОВ,
қазылар алқасының мүшесі.