«Qalamdas-2025» әдеби сыйлығының иегерлері анықталды. Бұл әдеби сыйлық алғаш рет 2022 жылы «Дактиль» әдеби журналы мен Алматы Ашық Әдебиет Мектебінің бастамасымен ұйымдастырылды. Биыл үшінші маусымы өтті. 2024 жылдың қазанында бастау алған әдеби сыйлыққа EZ Solutions халықаралық ивент-агенттігі қаржылай қолдау көрсетті. Байқау «Мусагет» қоғамдық қорының негізін қалаушы Ольга Маркованы еске алуға арналған
Биылғы маусымда «Проза», «Поэзия», «Әдеби сын», «Көркем аударма», «Балалар әдебиеті» аталымдарында – қазақ және орыс тілдерінде 184 шығарма қабылданған. Олардың 66-сы – қазақ тілінде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шығармалар қазылардың бағалауына жасырын түрде, нөмірленіп берілген екен.
Марапаттау рәсімінде қазылар алқасының төрағасы, 2022 жылғы Qalamdas әдеби сыйлығының жеңімпазы Бақытбек Қадыр қаламгерлердің деңгейі туралы атап өтті:
– Биыл проза жанрында келіп түскен шығармалар осал болды. «Міне, мынау байқаудың жаңалығы» деп айтарлықтай шығарма болмады. Ал, поэзияда таңдау қиынға түсті, – деді ол.
Сонымен, байқау нәтижесінде, әдеби сыйлыққа 10 автор ие болды: «Проза» аталымында Темірлан Қылышбек (Талдықорған) пен Айнур Карим (Алматы); «Поэзия» аталымында Саян Есжан (Астана) мен Ольга Кувшинникова (Өскемен); биыл тұңғыш рет байқау ережесіне қосылған «Балалар әдебиеті» аталымында Олжас Қасым (Астана) мен Надежда Бычкова (Алматы); «Әдеби сын» аталымында Алтынбек Мерсадық (Астана) пен Алла Джундубаева (Алматы) және «Қазақ тілінен орыс тіліне көркем аударма» аталымында Ерлан Нығметов (Алматы), ал, «Орыс тілінен қазақ тіліне көркем аударма» аталымында Зеберкүл Шардарбекова (Жамбыл облысы) жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар қомақты ақшалай сыйақымен марапатталды. Әдеби сыйлықтың жалпы жүлде қоры 2 млн теңгені құрады.