Кеше Астана қаласындағы «Хас санат» көркемсурет галереясының төрінде Ақсу қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен ерекше тағдыр иелерінің жүрек тербетер туындылары ұсынылған қайырымдылық көрмесі бастау алды.
Тағдырлы һәм талантты қылқалам иелерінің отыздан астам картиналарынан құралған аталмыш көрме 11-інші тамызға дейін жалғасады. Көрермендердің айтуынша, бұл көрме – көзі көрмейтін және нашар көретін зағип жандардың ішкі жан дүниесін бейнелейтін өнер мерекесіне айналды. Әрбір шығармада – үнсіздікке ұласқан сезімнің сыңғыры мен жүректің күмбірі естіледі. Көрме қонақтары тек көркем дүниелермен ғана емес, асқақ рух пен шексіз сенімнің көрінісіне куә болды. Зағип жандардың өз қолымен салынған әр туынды – олардың өмірге деген құштарлығын, өнерге деген шексіз махаббатын дәлелдей түсті.
Мазмұнды шараға мұрындық болған Ақсу қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медығат Манаповтың игі іс-шараның басты мақсаты – ерекше жандардың шығармашылық мүмкіндіктерін таныту ғана емес, олардың қоғамдағы орнын айшықтап, рухани қолдау көрсету екенін атап өтті.
Ал тағдырлы талант иелерінің көркем туындыларына арнайы методикамен жетекшілік еткен белгілі қазақстандық суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі – Ренат Елубаевтың айтуынша, көрмеге ұсынылған әрбір картина шараға қатысушылардың жан дүниесін нұрландырып, ішкі сезім толқынын білдіреді. Себебі бұл суреттер – олардың көңілдерінің көшірмесі.
– Пабло Пикассоның атақты сөзі бар: «Кескіндеме мен сурет – зағиптардың кәсібі. Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді». Меніңше, бұл сөздерде терең шындық жатыр. Өйткені, шынайы өнер ішкі жан дүниеден туады. Бұл әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың туындыларында айқын көрінеді, – дейді ол.
Сонымен қатар, көркемсуреттерге көзайым болған елорда тұрғындары мен Еуропадан келген меймандар өнерді төрге оздырған осынау тағылымды шараның өзектілігіне тоқталып, көрмеден алған әсерлерімен бөлісті.
– Бұл рухани шара – өнер мен жанашырлықтың тоғысқан тұсы, мейірім мен сенімге толы көркем кеш болды. Көрмеге ұсынылған әрбір туынды – авторлардың жүрегінен жарыққа шыққан сырлы әлемнің көрінісі. Олар көру қабілетінен айырылғанымен, өмірге деген құштарлығы мен шабытын жоғалтпаған. Бұл туындыларға қарап таңданбасқа болмайды. Жанарсыз да жарық дүниені жүрекпен көріп, сұлулықты сезіне білу – үлкен ерлік. Әр туынды – шабыт пен сенімнің жемісі. Мұндай көрмелердің жиі өтуі қажет, – дейді Латвия елінен келген қонағымыз Эва Чернявска.
Айта кетейік, іс-шара барысында бірқатар өнер иелеріне Ақсу қаласы әкімі Болатбек Шәріповтың атынан Алғыс хаттар табысталып, қайырымдылық көрмесін ұйымдастыруға атсалысқан жанашыр жандарға ризашылық білдірілді.
Бұл көрме – өнердің шынайылығы мен адам рухының биіктігін дәлелдеген ерекше кеш болды. Мұндай шаралар қоғамдағы мейірім мен жанашырлықты арттырып, ерекше жандардың әлеуетін ашуға сеп болары сөзсіз. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай жобаларды жалғастыруды көздеп отыр.