С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада жергілікті әдебиет және өлкетану қауымдастығының шығармашылық өкілдері, РФ Новосібір облысының мәдениет күндері аясында, Новосбірден келген қаламгерлермен және өлкетанушылармен кездесті.

Кездесу барысында өлкетану ақпаратын жинау, сақтау, тарихи-мәдени мұраны, баспа ісін насихаттау бойынша жұмыстар талқыланды. «Сибирские огни» журналының көркем әдебиет бөлімінің редакторы Сергей Москвитин журнал қызметкерлерінің әдеби шығармалардың авторларымен қалай жұмыс істейтіні туралы айтты. Новосібір мемлекеттік облыстық ғылыми кітапханасы ұжымы Новосібір облысы Үкіметі мен Президенттік гранттар Қорының қолдауымен жүзеге асыратын «Документальное кино, как свидетельство эпохи» атты жобасын ұсынды.

Кездесу қонақтарына ресейлік жазушы, прозашы, сценарист, «Тени исчезают в полдень» және «Вечный зов» романдары авторының шығармашылығы бойынша «Анатолий Степанович Иванов (1928-1999)» атты постерлік көрмесі ұсынылды. Жазушының балалық және жастық шағы Қазақстанмен тығыз байланысты.

Іс-шараға павлодарлық жазушылар, ақындар, журналистер, өлкетанушылар, кітапханашылар қатысты. Павлодар өңірінің әдеби ахуалы туралы Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысындағы өкілі Серік Елікбай және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айбек Оралхан баяндама жасады.

Қазақстанның Құрметті журналисі, публицист, жазушы Юрий Поминов және ақын, әдебиеттанушы, журналист, Анастасия Цветаева музейінің басшысы Ольга Григорьева Новосібір қонақтарына өз кітаптарын сыйға тартты.

Кездесу соңында екі өңірдің кітапхана басшылары мәдени диалог пен өзара құрмет белгісі ретінде кітап алмасты.

Добавить комментарий