Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры араға бес жыл салып гастрольдік сапармен Павлодарға келді. Павлодарлық көрермендер бұған дейін «Әкемтеатрмен» 2019 жылы қауышқан болатын.
Бүгін театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, театр басшысы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек және театр актеры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Боранбай «Ертіс Медиа» ЖШС-нде болып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.
Театр тарихы Ертіс-Баян өңірімен тығыз байланысты. Алғаш театр сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен қатар, жазушы Қошмұхамбет Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы көрсетілген. Театрдың құрылып, жұмысының алға жүруіне Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Құрманбек Жандарбеков, әнші Әміре Қашаубаев, палуан Қажымұқан Мұңайтпасовпен бірге, ақын Иса Байзақов атсалысқан. Алғашқы режиссерлерінің қатарында – Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев және Жұмат Шанин болған. Қазақ әдебиетінің шырағы сөнбей, келешек ұрпаққа мұра болсын деген ниетпен театр өміріне Мұхтар Әуезов, Орынбек Бековтермен қатар, жазушы Жүсіпбек Аймауытов, академик Қаныш Сәтбаев белсенді араласқан. Театр 1928 жылы Қызылордадан Алматы қаласына қоныс аударғаннан кейін ұжымға Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұлова, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Әбікен Хасенов сынды өнер саңлақтарымен қатар, тұңғыш қазақ кинорежиссері Шәкен Айманов қосылған.
Осылайша тереңге тамыр тартқан тарихты түгендер болсақ, М.Әуезов театрының Павлодар облысымен рухани, шығармашылық байланысының тым әріден бастау алатынын аңғарамыз.
Кездесу барысында алматылық мәртебелі меймандар павлодарлық журналистердің сұрақтарына жауап беріп, өнер туралы толғаныстарын ортаға салды.
Кездесуде Асанәлі Әшімов театр өнерінің дамуында көрерменнің биік парасаты мен асқан білімділігі, талабы аса маңызды екенін айтты.
– Журналистер қауымына біздің көзқарасымыз жақсы. Театр туралы жазатын сыншылар болса, тіпті тамаша. Бізге сын керек. Жақсы екен дей бергеннен, өнер жақсы болып кетпейді. Қойылымның кемшілігі болады, соны ашып айта білу керек. Біздің Қуандық Құндақбаев, Әшірбек Сығай секілді ұлы сыншыларымыз болған. Мысалы, мен сахнада ойнайтын болсам, залда жалғыз Әшірбек отыр делік. Мен оны толық зал деп санаймын. Себебі, оның пікірі маған толық керек.
Актердің негізгі партнері – көрермен, халық. Біз өзіміздің қандай екенімізді халықтың реакциясы арқылы түсінеміз. Спектакльдің артықшылығын, жетіспейтін тұстарын көрерменнің көзқарасынан білеміз. Солайша біз де, халық та әсерге бөленеді. Екі жақтың да рахаттанғаны, таң қалғаны, жаңа дүниені білуі міне, осы – өнер. Сондай болғанда ғана актердің шеберлігі де, көрерменнің деңгейі мен мәдениеті де өседі, – деді Асанәлі ата.
Халық әртісі өнердің құдіреті, өнердің қоғамдағы орны туралы да тілге тиек етті. «Осыдан оншақты жыл бұрын қоғамда жер сату туралы мәселенің төңірегінде көп әңгіме жүрді. Үйде, дастархан басында, тамыр-таныстар арасында айтылғанымен, жоғарыға да, халыққа да аса жетпеді. Сол кезде мен Арал теңізінің тағдыры туралы «Апат» деген спектакльде кеме капитанының рөлін ойнадым. Рөлдің ыңғайы келді, мәтін мағынасы сай болды, мен авансценада тұрып, «Ата-бабамыздың мұрасы – жерді сатпаңдар!» деп айғайладым. Көзімнен жас шығып кетті. Көремен сілкініп кетті. Міне, сахнада айтылған сөзді ел тыңдайды, ол халыққа әсер етеді. Біз солайша, өнер арқылы ұлттық, елдік мәселелерге үн қосып келеміз», – деді ол.
Асанәлі Әшімовтің кино және театрда қатар бағы жанған, жұлдызы жарқыраған өнер иесі екені әмбеге аян. Кездесуге қатысушылардың да негізгі сауал-сұрақтары осы ағайынды қос өнердің айырмашылығы, ұқсастығы, қайсының салмағы басым екендігі турасында болды. Қос өнерді серік еткен бүгінгі буынның шеберлігі туралы ойын аңыз адам былайша сабақтады:
– Театр – актердің шеберлігін шыңдайтын жер, лабаратория. Актер ең бірінші сахнада жұмыс істеуі керек. Ол қойылымдағы рөліне ұзақ дайындалады. Рететиция жасайды. Бейнесін солай алып шығады. Ал кейінгі уақытта, бір киноларда тексті түсірілім алдында бере салады. Оны актер зуылдатып оқып шығады. Одан қандай дұрыс образ шығады?! Текст бойға сіңуі керек. Ол өзіңнің сөзің секілді болуы керек. Интонация бар, подтекст бар. Соның барлығы дұрыс шығуы міндет. Ол үшін ең бірінші дайындық қажет. Баяғыда, біздің ұлыларымыз: «Мына сөз не үшін айтылды? Кімге айтылды? Басты сөз қайсы?», – деп әр сөзді қадағалап отыратын. Солардың астын қызыл сызықпен сызып қоятын. Мысалы театр әртісі «Мен жұмысқа бара жатырмын» дегенде қай сөз негізгі сөз екенін білуі керек. Халыққа жетуге тиіс сөз – «Жұмысқа». Егер оған басымдық беріліп, анық, қатты айтылмаса, актердің қайда бара жатқаны білінбей қалады. Осындай қарапайым ғана әдістерді шыңдау арқылы актер дамиды.
Театр басшысы Еркін Тілеуқұлұлы гастрольдік сапардың мақсаты мен маңыздылығына тоқталды.
– 2026 жылы – Әуезов театрының ашылғанына 100 жыл толады. Осы айтулы мерейтой қарсаңында өнер ұжымының екі жылдық гастролдік турнесі бастау алды. Шығармашылық сапармен еліміздің барлық қаласын аралау және қазағы қалың алыс-жақын шет елдерге де бару жоспарлануда. Үлкен сапарымыздың тұсауы мамыр айының басында Талдықорған қаласында кесілді. Екінші кезекте Ертіс-Баян өңірінің халқымен жүздесуді өзімізге парыз санадық. Осы өңірден кейін Өскемен қаласына жол тартамыз, – деді Еркін мырза.
Павлодардағы сапар барысында 5 қойылым сахналанады. Алматыдан 50-ге жуық актер, 30-ға жуық техникалық құрам келген екен. Театр басшысының айтуынша, актерлер Алматыдағы сахнада қандай декорацияда ойнаса, гастролдік сапарда да сондай жағдайда өнер көрсетеді. Сол себепті әр қойылымға арналған қажетті құрал-жабдық, құрылғы, безендірулердің – бәрін-бәрін бірге ала келген. «Бұл біздің халтураға жол бермейтініміздің айғағы десек болады. Бұл Театр өнерін насихаттаудағы, актерлік өнерді дәріптеудегі басты міндетіміз деп білемін», – деді Еркін Жуасбек.
Еркін Тілеуқұлұлы М.Әуезов және Ж.Аймауытов театрларының арасында тығыз шығармашылық байланыс орнағанын да тілге тиек етті.
Актер Асылбек Боранбай актерлік құрамды таныстыра келе, өнер иелерінің Ертіс-Баян жұртшылығымен кездесуге тас-түйін дайын екенін жеткізді.
– Павлодарлық патша көңілді көрерменнің алдында өнер көрсету үшін театр ұжымындағы бірнеше буын актерлер легі келді. Өздеріңіз жақсы танитын Бекжан Тұрыс, Омар Қиқымов, Саят Мерекеұлы, Мұрат Нұрәсілов, Айдос Бектемір, Бақтияр Қожа, Шынар Жанысбекова, Дәрия Жүсіп, Шынар Асқарова сынды әртістер 5 күн бойы өздеріңізге рухани ләззат сыйлайтын болады. Бұл қатарда жастар да бар. Өздеріңізге ұсынылатын қойылымдар – көременнің көңілінен шыққан, жүрегінен орын алған, бағасын алған қойылымдар, – деді Асылбек мырза.
Кездесу естелік фотоға түсу, қолтаңба тарату рәсімдерімен түйінделді.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.