Айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы» Павлодар облыстық филиалының төрағасы Аспанбек Шұғатайдың «Із» кітабы жарық көрді. Кітаптың тұсаукесер рәсімі Баянауылда, Астанада өтті. Оқырман назарына ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлының жаңа кітапқа жазған алғысөзін ұсынамыз.
Қазақ халқының терең тарихы, ұлт руханияты мен болмысы – біз үшін асыл мұра. Осы ұлы қазынаның бір бөлшегі ретінде, «Алтын домбыра» иегері, таланты тасып тұрған айтыскер ақын Аспанбек Шұғатайдың «Із» атты жаңа еңбегі халқымыздың бай шежіре дәстүрін жалғастырып, ұрпаққа аманат етуде ерекше орын алады деп ойлаймын.
Өлең сөзбен өрілген бұл еңбек – Арғын тайпасының Қаржас руына қатысты тарихи деректердің тізбегі ғана емес, ата-баба рухын тербеткен жыр-жолдары арқылы оқырманды бабалардың рухани әлеміне саяхат жасатып, тұлғалардың тарихи алар орнын сипаттайды. Қаржас руы Арғын тайпасының үлкен бір бұтағы болып саналады. Шежіре деректері бойынша Қаржастың ішіндегі беделді әулеттердің өкілдері аз емес. Бұқар жырау бабамыз бастау берген жарқын жолды Мұса мырза Шорманұлы мен Имантай би Сәтбайұы сәтті жалғастыра білген. Өткен ғасырдың ғұламасы Қаныш Сәтбаевтың да бұл саладағы жазбалары баршылық.
Әулие Мәшһүр Жүсіптің 70 жасында «Сүйіндік шежіресін» бүгінгі ұрпаққа мирас қылып қалдыруы арқасында Қаржас руының шежіресінің жон арқалы негізі біздерге жетіп отырғандығы туралы «Баянаула перзенттері» атты шежіре-кітапта тоқталған болатынмын.
Шежірені өлеңмен жазу өнері – қазақ халқының бай дәстүрлерінің бірі, онда ата-баба тарихы, шыққан тегі, ру-тайпалар тарихы поэзиялық формада беріледі. Бұл әдіс шежірені есте сақтауды жеңілдетіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің ықшам әрі әсерлі жолы болып табылады. Сондықтан Аспанбектің өлең түрінде жазылған жыр-шежіресінде ұйқас, ырғақ, образды тіл қолданылып, ұлттың рухани құндылықтары, тарихи оқиғалары мен тұлғалары туралы, тіпті бүгінгі замандастарымыз жайындағы деректер де көркемдікпен баяндалады. Шежірені өлеңмен жеткізу – бұл тек автордың шығармашылық шеберлігін ғана емес, халқына деген терең сүйіспеншілігін де көрсетеді.
Жыр-шежіреде тарихи есімдер арқылы аңыз-әңгімелер мен деректер қасиетті Баянауыл өңірінің тарихынан да сыр шертеді. Қиын-қыстау замандарда жұртын біріктіруге, әділдік орнатуға үлес қосқан заңғар тұлғалардың тек Қаржас руының ғана емес, бүкіл қазақ халқының рухани және тарихи байлығы болып табылатындығын автор көрсете білген. Аспанбек бабалардан қалған даналықты, ел бірлігін, ата тегінің қасиетін поэзияның күшті құралы ретінде пайдаланып, терең мәнді әрі рухты жыр жолдарымен жеткізген. Мұндай еңбектер тарихты жаңғыртуға, ұлт болмысын сақтауға және жастарға өткеннің ұлағатын түсіндіруге септігін тигізеді. Осындай шығармалар халықтың тегі мен тарихын білуге, бірлік пен ұлттың рухын көтеруге қызмет ететіне күмән келтірмеймін.
Осы кітаптың жарыққа шығуы – барша қауым үшін құнды сый, ал жас ұрпақ үшін тәлімді тәрбиелік орны зор.
«Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі» – демекші, осы еңбектің арқасында Қаржас ұрпақтарының өз тарихына деген сүйіспеншілігі артып, тамырын тереңнен тануға мүмкіндік алатынына сенемін.
Аспанбек Шұғатайдың бұл туындысы тек бір ғана рудың тарихын емес, жалпы қазақ елінің тарихын, салт-дәстүрін, бірлік пен ұрпақ сабақтастығын насихаттағандықтан, біз ұлт болмысының тереңдігін түсініп, өткенімізден тағылым аламыз, болашаққа сеніммен қараймыз және бұл еңбек оқырман қауымның көзқуанышына айналсын демекпін.
Алтынбек НУХҰЛЫ,
«Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің төрағасы,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты,
Ұлттық Ғылым Академиясының академигі,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Павлодар облысы мен Баянауыл ауданының құрметті азаматы.