
Павлодар қаласындағы «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени сауық қызметі орталығының концерттік залында қазақтың дәстүрлі күй өнеріне арналған «Ғасырлар толғауы» атты танымдық концерт өтті.

Күй кеші Павлодар облысы Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының және облыстық «Шаңырақ» орталығының бірлесе ұйымдастыруымен өтті.
Концерттің негізгі ұйымдастырушылары – Салтанат Утемисова мен Айгерім Аяпова.
Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың дәстүрлі ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан күйшілік мұраның тарихын насихаттау, жас орындаушылардың аспапта орындаушылық шеберлігін дамыту.

«Ғасырлар толғауы» танымдық күй кеші үш бөлімнен тұрады. Бұған дейін өткен алғашқы бөлім аңыз және тарихи халық күйлеріне арналса, бұл жолғы бөлім «Алтын ғасыр» кезеңін, яғни XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген дәулескер күйшілердің шығармашылығын қамтыды.
Кеш фольклорлық ансамбльдің орындауындағы Рахмет Қуаныштың «Тұлғаларға туынды» шығармасымен ашылып, қазақ күй өнерінің ұлы тұлғаларына тағзым ретінде өрбіді.
Одан кейін сахна төрінде Құрманғазы Сағырбайұлының «Қызыл қайың – серпер», Қартбайдың «Күй басы», Құрманғазының «Саранжап», Махамбеттің «Қиыл қырғыны», Ықыластың «Аққу», Сүгірдің «Аққу», Жантөренің «Шалқыма», Шал Мырзаның «Ташауыз» секілді алтын қордағы күйлері әуеледі.
Күй тарихы мен аңыздары жүргізуші – ақын Алпысбай Әбділұлының әсерлі әңгімелері арқылы көрерменге кеңінен түсіндіріліп, әр туындының мазмұны терең ашылды. Концерт барысында домбырамен қатар қобыз, сыбызғы, жетіген, сырнай секілді көне ұлттық аспаптардың үні үйлесім тапты.
Кешке музыкалық колледж оқытушылары, студенттері мен дарынды оқушылар қатысты.

Жеке орындаушылармен қатар қобызшылар, домбырашылар, жетігеншілер ансамбльдері, қыздар мен ұлдар ансамбльдері, сондай-ақ этно-микс бағытындағы ұжымдар сахнаға шықты.
Ерекше әсер қалдырған нөмірлердің қатарында Ықыластың «Жез киік» күйі (ансамбльдік орындау), Динаның «Әсемқоңыр» және «Науаи» күйлері, Құрманғазының «Адай» күйінің сырнайдағы өзгеше нұсқасы, Қазанғаптың «Ақжелең» күйі, Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйі ансамбльдік тартыс үлгісінде ұсынылды.
Кеш соңында Рүстембек Омаровтың «Жастық шақ» күйі орындалып, «Алтын ғасыр» кезеңіне арналған күй кеші жоғары рухани әсермен қорытындыланды.
«Ғасырлар толғауы» жобасы – күй мен тарихтың, өнер мен тәрбиенің тоғысқан тұсы. Бұл кеш ұлттық мәдениетіміздің терең тамырын сезінуге, қазақ күйінің мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте ұғынуға мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба алдағы уақытта қазіргі заман күйшілік мектептеріне арналған үшінші бөліммен жалғасын табады.
Асыл ӘБІШЕВ
