Pavlodar, KZ
11°
Ясно

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Павлодар облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалия Балтабайдың «Тұлғалар – ғажап жандар» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Кітап Ғалия Балтабайдың 42 жылдық журналистік қызметінде кездестірген қазақ еліне еңбегі сіңген, тамаша адамдар жайлы. Олардың еңбегі, қызметі, өмір жолдары жазылған.

– Біз журналистер көбіне еңбекті жазамыз да газеттерге, журналдарға шығарамыз. Бірақ ол жан-жақта шашылып қалып жатады. Осының бәрін кітапқа жинақтасам деген ниетім болды. Бұл кітапқа сыймай қалған ғажап жандар да бар. Сондықтан кітаптың екінші томы болады. Кітапта естеліктер, сұхбаттар, әңгімелер де бар. Өзім журналист болған кезімде проблемаларды көтерген сәттерде қызмет бабында оның шешілуіне көмектесен басшылар да енді, – деді автор.

Ардагер журналист аталған еңбегін төрт айта жазып шыққан және кәсіпкер азаматтардың демеушілімен жарық көрген. Бұл 20-шы кітабы екенін де атап өтті.

Салтанатты шараға қатысқан қонақтар кітап жайлы өз пікірлерін білдірді. Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнуллина кітапты талдап, қандай стилде жазылғанына назар аударды. Ал, Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман туындының қандай маңызға ие екенін айтты.

– Біз мына бес күн дүниеде пенделікке салынып шынында да қасымызда жүрген жақсы адамдарды «жақсы» деп айта алмай жүрміз. Жақсының жақсылығын көрсете алмаймыз. Кейде оған пенделігіміз жібермей жатады. Бірақ Ғалия апам өзінің өмірде көрген тәжірибесімен, журналистика саласындағы қызметінің жиынтығын жасап, осы жақсы адамдарды «жақсы» деп айтып отыр. Бұл да үлкен бекзадалық қасиет. Сондықтан да бұл кітаптың маңызы сол – өзімізбен қатар өмір сүріп жүрген адамдардың біз білмейтін тұстары, біз білмейтін еңбектері жазылғаны, өмірбаянына шолу жасап, елге жасаған қызметін ерекше атап өткені.

Кеш барысында өңірлік ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы облыс әкімінің құттықтау хатын табыстады. Сондай-ақ жиынға жергілікті зиялық қауым, БАҚ өкілдері, журналистің замандастары қатысты.

Добавить комментарий