Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің сирек қолжазбалар қорына шығыс ақыны Сабыр Сәйхалидің 1905 жылы Қазан қаласында араб графикасында жарық көрген көне кітабы тапсырылды.

Кітапты Павлодар қаласының тұрғыны Қалипа Үкенқызы ұзақ жылдар Құран кітабы деп ойлап, сақтап келген.

– Атамнан қалған үш кітап бар еді. Музейдің көне кітаптарды жинап жүргенін біліп, айтып көріп едім. Үш кітаптың бірі араб қарпімен жазылған жыр жинағы болып шықты, – деді Қалипа Үкенқызы. 

Музей қызметкері Абзал Рымбек бұл кітаптың Қазақстанда үш данасы ғана бар екенін атап өтті. Кітап «Диуани Сәйхали» деп аталады.

  • Бір данасы Ұлттық кітапханада, бір данасы Семейдегі Абай музейінде сақтаулы. Жинаққа діни-тарихи жырлар енген. Сәйхали ақын туралы деректер өте аз. Абай Құнанбайұлы бұл ақынды өз өлеңіне қосып, медет тұтқан, – дейді Абзал Рымбек. 


Абай Құнанбайұлы өлең жолдарында шығыс ақынының есімін былай келтіреді:

«Фзули, Шамси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Қожа Хафиз бу хаммаси,
Мәдет бер, иә, шағири фарияд»

Кітап 296 беттен тұрады. Жыр жолдарында дүниенің жаралуынан бастап, 680 жылғы Хұсайынның Кербала шөлінде соғысып өлгеніне дейнгі тарих қамтылған.

Добавить комментарий