Ақын, Жазушылар одағының мүшесі, «Отарқа» газетінің редакторы Жанаргүл Қадырованың құрастыруымен «Шорман би» тарихи-танымдық кітабы жарық көрді.
248 беттен тұратын «Шорман би» кітабы — қазақ халқының өткен тарихын, шешендік өнерін насихаттап қана қоймай, бүгінгі ұрпақтың өткенге салауаты мен құрметін дәріптейтін еңбек.
Даланың дара тұлғасы Шорман би Күшікұлы жайлы Мәшһүр бабамыздан бері жалғасқан әдеби жәдігерлер түрлі дереккөздерде жарияланып жүргенімен, тұтас кітап болып жарыққа шығуы алғаш рет, бұған дейін тек Шорман бабамыздың ұрпағы — Мұса Шорманұлы жайлы кітаптар ғана оқырман қолына тиген.
Кітаптың «Баба рухына тағзым» бөлімінен оқырман 2022 жылы Ереймен бауырында бабамызға ескерткіш тас орнатылып, ас берілуіне қатысты оқиғалармен және Шорман баба есімінің насихатталуына қатысты деректермен таныса алады. «Бала би» бөлімі шормантануға қарымды қаламгер Қалмұқан Исабай бастаған зерттеушілер қосқан еңбектерді қамтиды. Бұл жазбаларды тұтас бір бөлімді қамтыған ғалым, академик Алтынбек Нухұлының Шорман әулетіне қатысты жаңа, тың зерттеулері жалғайды («Шежіре шертіп асқақ даламызда, бабалар рухы тұрар арамызда…).
«Шорман бабамыз айтты» деген шешендік сөздер әлдеқашан қазақ фольклорының бір бөлшегіне айналып, әдебиет мұхитына қосылғаны хақ. Би есімімен байланысты әдебиет жауһарлары шоғырланған келесі бөлім Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазбаларына арналып, одан әрі «Шешендік сөздер» бөліміне ұштасады. «Қаржаста бір құтым бар Мұса Шорман», «Ақкелін тойынан – тобықтай…» бөлімдері Мұса Шорманұлына қатысты ертеректегі зерттеулерге (Ә.Марғұлан, Қ.Исабай) қоса, «Орта жүздің шамшырағы» атанған біртуар тұлғаны ұлықтауға арналған бертінгі іс-шаралардан хабар береді.