
Қ.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінде Шаңырақ күінен орай тағылымды іс-шара өтті. Осы күні отбасын құрғандарына жарты ғасырдан асқан Марат-Дария Махметовтар және «Алтын той» иелері Серік-Сәуле Қошановтар отбасы арнайы шақырылып, «Махаббатқа толы 50 жыл – өнегелі өмір» атты кездесу кешінде бас қосты.
«Әр отбасының өз тарихы бар» дегендей, еңбекпен өрілген, бала тәрбиелеген, немере сүйген, ұрпақпен жалғастырған, үлкен әулеттің тірегіне айналған шаңырақ, өз отбасылары жайлы қысқаша ақпарат беріп өтті. Сөз кезегі отбасы иелерінің әріптестерінің әсерлі әңгімелерімен жалғасын тапты. Әрбір ата-ана үшін ең үлкен бақыт бала-шағасының амандығы. Кеш иелерінің балалары мен немерелері жолдаған құттықтау видео көпшілік назарына ұсынылды. Құрметті қонақтар Ринат-Махаббат есімді жас отбасыларға ақыл-кеңестер айтылып, бата берілді.
Кешке ардақты жандардың әріптестері мен туыстары және Баянауыл ауданы «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Кәрібжанова мен мүшелері қатысты. Қоғамдық бірлестік екі жұп отбасын құттықтап, сазды әуен жолдады. Баянауыл өнерпаздарының орындауында халық әні «Беу, айдай» және «Анамның жаққан ошағы», «Ағатайым» әндері шырқалды.
Осындай берекелі, өнегелі отбасы әр шаңыраққа үлгі деген ниетпен аяулы жандарға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, ұрпақтарыңыздың қызығын көре беріңіздер деген ыстық тілекпен екі жұпқа естелік сыйлықтар табысталып, естелік суретке түсіп, тарасты.
Гауһар БАЛАБАЕВА,
академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музей әдіскері.
