Сәдуақас Шорманов 1849 жылы Ақкелін өңірінде дүниеге келген, 1927 жылы сонда қайтыс болған. Өзінің адамгершілігімен, білімдарлығымен тумысынан мейлінше әділ, туған елінің қорғаны, қамқоршысы, ақылшысы болған тұлғаны ел ішінде қадір тұтып, «Сәкен ағай» деп атаған.

Сәдуақас он жасына дейін атасы Шорман бидің бауырында тәрбиеленеді. Алғаш ауыл молдасынан дәріс алып, иманның шарттарымен танысып, Құран дұғаларын жаттайды. Жасынан алғыр, зерек өскен атасының, көнекөз қариялардың әңгімелерін, кейін әкесінің қасында көп еріп жүріп, алқалы топтарда талай шешендік сөздер, ән-жырлар, қиссалар тыңдап, өзіне мол рухани азық алады.

1861 жылдың тұсында Мұса мырза Сәдуақасты Омбы қаласына гимназияға оқуға береді де, мұнда арнайы көңіл бөлген ұстаздардың жәрдемімен бастапқыда мұсылманша, кейін орысша білім алады. Гимназияны ойдағыдай аяқтаған соң, Томбы университетіне түсіп, өкінішке орай, денсаулығына байланысты еліне қайтады да, қайтып бармайды. Алған білімін туған елінде өз бетінше дамытумен айналысады. Сәкен ағай 1903 жылы Кереку өңіріндегі алғашқы мектептердің бірін ашуға себепкер болған.

Сәдуақас Шорманов заманында ақындығымен танылған. Қазіргі ел арасында танымал «Ардақ», «Іңкәр», «Баянауыл» және тағы басқа әндердің сөзін жазып, оны атақты әнші Жарылғапберді елге таратты. С.Шормановтың ақындығы жайында кезінде көрнекті мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы: «Мағжан Жұмабаевтан кейін, хал-қа­дірін­ше қазақ ақындарының арасынан С.Шормановты айтуға болады» деп баға беріп кеткен.

Орысша алған білімін қазақ халқының рухани өрлеуіне арнаған Сәкен ағай 1897 жылы Петерборға барған бір сапарында қазақ тілі мен әдебиетін зерттеуші ғалым П.Мелиоранскийге 163 беттен тұратын қолжазба тапсырады. Онда Абай Құнанбайұлының және өзге де қазақ ақындарының өлеңдері, қазақ халқының 178 мақалы қамтылған. Сәкен ағайдың 1907 жылы Қазанда басылып шыққан «Аушы» («Аңшы») кітабы қазақ аңшылықтану ғылымындағы алғашқы еңбек ретінде бағаланады.

Бүгін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Баянауыл аудандық филиалы ұйымдастырған XX ғасырдың басындағы қазақ ақындары мен оқымыстылары тобына жататын парасатты, оқымысты ойшыл Сәдуақас Шорманов атындағы «Халқына сөзі құнды, өзі сыйлы Сәкен ағай» облыстық студенттер мүшәйрасының марапаттау рәсімі өтті.

Облыстық студенттер мүшәйрасы Сәдуақас Шормановтың 175 жылдық мерейтойы аясында заңғар тұлғаның бейнесін жыр тілінде сомдау, оның қайраткерлік істерін жастарға өнеге ету; поэзияның дамуына ықпал ету, жас ақындардың шығармашылығына қолдау көрсету және еркін елдің кенен тарихы мен жарқын жетістіктерін қара өлеңнің құдіреті арқылы дәріптеу мақсатында өткізілді. Мүшәйраға өңіріміздегі барлық оқу орындарынан 20-дан аса жас ақын қатысты. Жыр додасына белгілі ақындар – Асыл Әбіш, Айбат Ыдырысов және Айбек Оралхан қазылық етті.

Нәтижесінде Бас жүлдеге Мұсахан Қанапиянов атындағы жоғары колледждің студенті Есенкелді Жәнібек ие болды. Бірінші орынды Торайғыров университетінің студенті Абзал Рымбек еншіледі. Екінші орындарды Торайғыров университетінің магистранты Жанболат Абайхан мен Мұсахан Қанапиянов атындағы жоғары колледждің студенті Жамбыл Абылқас иеленді. Жүлдегерлерге Шормановтар әулетінің ұрпағы, байқаудың бас демеушісі, кәсіпкер Исин Расул Рахымұлы тағайындаған қаржылай сыйақы табысталды.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Павлодар облысының Құрметті азаматы Алтынбек Нухұлы тағайындаған «Қ.И.Сәтбаев қоғамдық қорының» арнайы жүлдесіне Мұсахан Қанапиянов атындағы жоғары колледждің студенті Бағдәулет Төлеухан мен Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті Сабина Рамазанова лайық деп танылды.

Байқаудың ақпараттық насихатшысы «Aiqara.kz» порталының арнайы жүлдесін Ербол Болат, ал халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Баянауыл аудандық филиалының арнайы жүлдесін Рамазан Дәуренбекұлы алды. Екі жас ақын да – Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің студенті.

Марапаттау рәсімінде жүлдегерлер өлең оқып, қазылар алқасының сын-ескертпелерін тыңдады.

Добавить комментарий