С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Сөз сыры» клубының аясында «Тыңда» поэзиялық слэмі өтті. Биыл жұмысын бастаған «Сөз сыры» клубы жас буын таланттардың дарынын ашып, оларға қолдау беруді, поэзияға деген қызығушылықтарын оятуды мақсат етеді. «Сөз сыры» клубы Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжі және Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің студенттері мен «Құсқанат-ғұмыр» клубының мүшелерінен жасақталған.

Клуб мүшелері өлкемізді жырға қосқан, халықтың ықыласына бөленіп жүрген, өз тағдырын өлеңмен өріп, жырымен жайқалтқан, Ертістің ерке ақыны атанған Шолпан Байғалқызынан ай сайын дәрістер тыңдап, ақындық өнерге байланысты шеберлік сабақтарын алады. Өлең жазып жүрген, ақындыққа бет бұрған жастар жүрек қалауымен астасқан  жыр сөздерін ұйқастыра жазып, өз өлеңдерін оқиды.

«Тыңда» поэзиялық слэміне Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжінің оқытушысы Гүлжазира Мейрамқызы және студенттер, «Құсқанат-ғұмыр» клубының мүшелері, С. Баязитов атындағы балалар оқу орталығының қызметкерлері Алпысбай Хонж, Ақгүл Байханова, Мойылды мәдениет үйінің қызметкері, дәстүрлі әнші Жалын Құнанбай және кітапхананың тұрақты оқырманы Евгении Ляхов қатысты.

Іс-шара барысында жастар Отан, туған жер, тіл, махаббат тақырыбындағы және Ахмет Байтұрсынұлына, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арнаған жырларын оқып, әндер шырқады.

Добавить комментарий