Павлодар қаласының іргесінде Жетекші деген ауыл бар. Бұл кеңес кезінен қалған атау екені әмбеге аян. Орысша тәржімалағанда «Передовик» деген мағынада қойылғаны сөзсіз. Ал ол ауылдың тарихи атауы – Тоқтамыс екенін біреу білсе біреу білмес.

Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің 1945 жылғы 7 желтоқсандағы санында ССРО Жоғарғы Советінің сайлауына әзірлік барысында сайлау участоктері туралы Еңбекшілер депутаттарының Павлодар аудандық советі аткомының қаулысы жарияланған. Сонда «№27 Тоқтамыс (орталығы «Жетекші» колхозы)» екендігі тайға таңба басқандай анық жазылған. Бұл аз десеңіз аталмыш газеттің 1945 жылғы 17 қарашадағы нөмірінде жарық көрген Ә. Аукеновтің «Жетекші десе Жетекші» деген мақаласында бұлтартпас дерек келтірілген. Сонымен…

«Әлі есімде. 1929 жылдың күзі. Әлсіз, бытыранды шаруалар шаруашылығын зор шаруашылыққа ұйымдастыру туралы мәселе қаралған жиналысқа Павлодар жағының кедейлері сыймай кетті.

– Бұрын аузымызға ас, астымызға ат тимеген.
– Енді келешегі зор, қоғамдық шаруашылық құрғалы отырмыз.
– Жер де, су да өзіміздікі болады, – дегенді айтып, қуанышқа бөленген жатақ кедейлері жиналыс болған қос ағаш үйді басына көтерген еді. Колхоз болу туралы қаулы алынып, оның атын қоюға келгенде колхозға мүше болып бірінші жазылған Бектасов Тұяқбай ұсыныс жасады.
– Біз қалаға, мәдениетке жақын колхоз болғалы отырмыз. Сондықтан колхоздың атын басқаларға үлгі, жетекші болу үшін «Жетекші» деп қою керек, – деді ол. Бұл ұсынысты көпшілік бір ауыздан қабылдап, қала жатағына ұйымдасқан тұңғыш колхоздың аты «Жетекші» болып еді.
Оған бірнеше жыл өтті, «Жетекші» мүшелінен асып буыны бекіп, бұғанасы қатып, соғыстың қиын-қыстау күндерінен де сүрінбей өтті.

Сол «Жетекші»-ні енді біркөруге ынтыққан біз «Тоқтамыс» дөңі көрінісінен-ақ жүрісті үдете бастадық. «Жетекші» колхозы осы Тоқтамыста тұрады. Тоқтамыс дегеніміз баяғыда Тоқтамыс деген байдың атына қойылған жердің аты. Тоқтамыстың жері шұрайлы. Оның ортасында аяққа құйған ас сияқты кішкене көлі бар. Көлдің оңтүстік жағында жалғыз екпе терек тұрушы еді. Көлдің төрт құбыласы өрлеп кететін дөңес-бел болатын. Бұл жердің төңірегінің бәрі дерлік малдың жайылымы, егістік жай. Бірақ, ол керкеткен заманда халықтың қанын сүліктей сорған Тоқтамыстың, одан кейін оның немере-шөберелерінің, ақырғы кезде Нұрғалиев Темір дегеннің жазғы жайлауы ғана болатын. Көлді жиектей қонған байлардың 6-7 қанат киіз үйлерінің айналасына тігілген қараша үйлер мен кішкене күркелердегі ер-әйелдер солардың күңі мен құлдары еді. Олардың күні байлардың малын бағу, тезегін теру мен ауыр азаптың астында өтті. Қыс айлары Ертіс жиегіндегі қыстауларына көшкенде «Тоқтамыс» басында жалғыз терек пен қатқан көлден басқа ешқандай тіршілік бейнесі қалмайтын, құлазыған қу дала болатын да тұратын еді.

Қаладағы жатақ кедейлері колхозға ұйымдасқаннан кейінгі бір жылдан соң партия мен үкімет қамқорлығының арқасында жетекшідегілер осы «Тоқтамыс» басын мекендеді. Бүкіл халық болып жұмыла еңбек еткен социалистік шаруашылық орнағаннан кейін «Тоқтамыс» басының бейнесі де мүлде өзгерді», – деп жазады.

Сонымен қазіргі Жетекші ауылының тарихи атауы – Тоқтамыс екені белгілі. Ал Тоқтамыстың қай ру өкілі екені белгісіз. Кеңес үкіметі кезеңінде елдегі байларды жексұрын қылып көрсету «науқаны» жүргізілгені айқын. Сондықтан авторға да кешіріммен қараған абзал болар. Бұл ауыл атауын өзгерту керек деген ой емес, өлке тарихына қосылған бір дерек болсын деген ниетпен жазылған дүние. Егер Тоқтамыс бай туралы білетіндер болса хабарласар деген үміт зор.

Сол секілді кезінде Красноармейка атанған, кейін Кемеңгер деп өзгертілген ауылдың да тарихи атауы Шаңды болуы тиіс. Көп деректің ішінде аталмыш елді мекеннің тарихи атауы туралы (…төбе болуы керек) жазба кездескен. Бірақ қолда бар материалдардың ішінен табу әзірге мүмкін болмай тұр. Табылған жағдайда міндетті түрде жариялайтын боламыз.

Бейбіт Бөжен
өлкетанушы

Добавить комментарий