Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада жас ақындарға арналған «Толғауы тоқсан қызыл тіл» атты облыстық мүшәйраның марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асты.

Мүшәйраның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін арттыру, көркем әдебиетті насихаттау, сондай-ақ талантты жастарды анықтап, қолдау көрсету болды.

Ақындар байқауына 16-25 жас аралығындағы жастар қатысты. Жалпы саны 25 үміткер бағын сынаған мүшәйрада қазылар алқасы іріктеу кезеңі арқылы 13 қатысушыны ақтық сынға өткізді.

Нәтижесінде жүлделі І орын – Мақсұт Нариман Жамбылұлы, Ертіс ауданы Қараағаш орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі; ІІ орын – Қайрат Алдияр Қуатұлы, Ы. Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернатының оқушысы; ІІІ орын – Абылқас Жамбыл Жанбекұлы, Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің 1-курс студенті иеленді.

Мүшәйра қорытындысында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар және ақшалай сыйақы табысталды.

«Толғауы тоқсан қызыл тіл» атты бұл байқау — жастар арасында қазақ тілінің мәртебесін көтеруге бағытталған игі шаралардың бірі. Тілге деген құрмет пен сөз өнеріне бейімділік танытқан жас ақындар алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жетеді деген сенім мол. Ақпараттық агенттіктің бетінде жүлделі орын иеленген қатысушылардың үздік шығармаларын осы мақаламен бірге жариялап отырмыз. Бұл – жас ақындардың талантын кеңінен насихаттауға және өскелең ұрпаққа үлгі етуге бағытталған тағы бір маңызды қадам.

Мақсұт Нариман Жамбылұлы

Түс… Немесе Мұқағалидан үйрену

…Жаз бәрін:
Ұсақтап іріп, адамның тозып-азғанын,
Талайлар таққа таласып, қалтаның түбін қазғанын.
Күндестік — иттен арыла алмаған қазақтың
Құдайға неден жазғанын…

Айтса егер тілі, айтпаса ділі күйген соң,
Үнсіз қалғанын аз дарын…

Налыма!
Сенім жырыңды сүйеніш етіп жаныңа,
Семсер — шындықты
Серт қылып байла арыңа!
Көре алмағандар қалмайды неге ісініп,
Маған десе, тіпті жарыла.

Ақындар деген — баладай аңғал келеді,
Қулық кірмесін қаныңа.
Әділдік жолы — шырғалаң, шиыр, қиын жол,
Күтесің талай сарыла.
Әулие тұтып, сыйына білгін сонда да
Бойыңдағы өнер барыңа!

Тоқтама!

Ор қазатындар табылады әлі таптала,
Сүрінбей одан, құламай өткен жоқ дана.
Ішіңнен үнсіз тынасың әлі көрген соң —
Ашыққандармен ойнамайтынын тоқ бала.
Жабының озып келгенін көріп кермеге,
Түсесің талай шоққа да.

Жалықпа!
Қанатың барда — құлашыңды кер, қалықта.
Шыға алмай жүрме, бір кіріп алып қалыпқа.
Жалтақтай берсең, айналып демде кетесің —
Меңіреу, үнсіз балыққа.
Кім екеніңді — ақындығыңмен мойындат
Қазақ дейтұғын халыққа!

Өңім бе…
Қанатын қағып,
Өлең-құс ұшты көгімде.
Кеудемде бір үн
Күмбірлеп тұрды менің де.
Мұзбалақ — ақын,
Мұң-шерлі өлең,
Өр тағдыр…
Жүк артып кетті сенімге.

Түсіме бекер кірмеген шығар тегінде…
Түсім бе… әлде өңім бе —
Қанатын қағып, өлең-құс ұшты көгімде.

Ана тілім

Жас-кәрісі сүбелі сөз саптаған,
Текті елміз — арын нанға сатпаған.
Би-шешендер тауып айтқан бір сөзге
Туыс тұрмақ, дұшпаны да тоқтаған.

Бірақ қазір тілдің хәлі тым бөлек…
Азат елде тіл ақсаса — сын демек.
Тілім қайта қону үшін тұғырға,
Әлихан ба, Ахметтер ме — кім керек?!

Қайран тілім шұбарланды, құбылды.
Кім ұғады шын бағаңды, құныңды?
Мағжан сенген жастар білмей тілімді —
Кеудеме кеп ащы өксік тығылды.

Болған шақта жан мен тәнің алауыз,
Тілдің жайын ұғар ма екен санамыз?
Ғұлама, бек, ақын, батыр бабамыз —
Дүбәра боп, қайда кетіп барамыз?..

Тілім үшін дәл қазір тер төкпесек,
Кешіккенде келер ме екен шамамыз?
Бүгін көктем — бірге қайрат қылмасақ,
Қайғы болып жетер ертең қара күз.

Өр рухым өрге басарын сезген-ді,
Ана тілді қорламасын өзге енді.
Тайқып кетпей бабам салған сүрлеуден,
Етек-жеңді жинайтұғын кез келді.

Нәубет көрдік талай жауыз, залымнан —
Сынақтардан сынбай өтті қабырғам.
Сол себепті тәуелсіздік қадірлі —
Азаттықтың алауы боп жағылған.

Елім, жерім — өмірімнен кем емес,
Тілім, дінім — артық маған жанымнан.
Ана тілім — маған қымбат бәрінен,
Қазынадай — қап түбінен табылған.

 

Қайрат Алдияр Қуатұлы

Тіл қадірі

Бай еді тілім – хан ұлынан да ерке еді,
Сұлулығы да өзекті оттай өртеді.
Баһадүр еді – батылдығының шегі жоқ,
Өрістей алмай жатқандай бүгін өркені.

Есіл тілім-ай, бөтенге беріп есеңді,
Таңырқаймыз ба – тарихтан танып кешеңді?
Ұлтынан жеріп, тілінен безген безбүйрек
Көркіне қайта қоса алар ма екен көшеңді?..

Сөйлейді, бірақ қазақша емес қазағың,
Тіл қадіріне – не қылған мынау мазағың?
Өз тілімізде сөйлей қалса бір қазақ –
Ғаламторға да орысша оны жазарың.

Тілдің тарихы – сонау талай ғасырдан,
Аманат етіп, қанша ата-бабаң бас ұрған.
Балабақша да, мектеп те сөйлер өзгеше –
Өз тіліміздің құт-берекесін қашырған.

Тілдің маңызы мен мағынасы – шексіздік,
Сөйлемеу, білмеу, түсінбеу оны – тексіздік.
Тіл деген – тылсым, ел бірлігін топтаушы,
Өз тіліміз ол – әрқашан да тек біздік!

Күз

Жеміс-жидек пісетін іріленіп,
Күз түсті – сары алтынның түріне еніп.
Жомарттығы жаныңды жұбатқанмен,
Тірлігіңнің қинайды күні кеміп.

Бұтақтан жел жапырақ ұрлаған ба?..
Тозбайтұғын нәрсе жоқ бұл ғаламда.
Көктем келіп көгерткен көңіліңді –
Күз күйзелтеді сарыға сырлағанда.

Ысқырады жер бетін жел жүгіріп,
Еңбек етіп ел жатыр – бел бүгіліп.
Алма-кезек дүние алдағанын
Егде тартқан ер отыр – енді біліп.

Қайтқан құстар қиқулап ән салады –
Бейне аспанда өткендей ән сабағы.
Мамығыңда әлдилеп маусым айын,
Асарсыңдар асулар қаншама әлі!

 

Абылқас Жамбыл Жанбекұлы

Алаштың аманаты –Ана тілім!

 

Тілді ойласам –әйтеуір, күйеді ішім,
Өр жүрекке тым ауыр тиеді шын.
Кешегі хас тарландар құрбан болды
Ана тілдің ардақты сүйегі үшін.

Ана тілім құлдырап бара берсе,
Шабамын деп –шалынар қарагер де.
Ақ сүтінен ананың нәр алған соң,
Қалай тілді көмеміз қара жерге?!

Тілді ойласам –әйтеуір, күйеді ішім,
Сол тіл ғана –ертеңгі сүйенішім.
Келешектің күні бар, жылуы жоқ…
Отан үшін бәріне күйемісің?

Қазақ үшін ішімнен күйіп болдым,
Мезгілсіз күн нұрына ұйып, тоңдым.
Сұлтанмахмұт «өрмелеп шығам» деген,
Көк төріне ендігі бұйырар кім?..

Бәрі де –азаматы Алашымның,
Ұлт үшін ішпей-жемей тау асырдым.
Ана тілім –біз барда өлмек емес,
Қазақ деген ұлт үшін жаратылдым!

 

 

Добавить комментарий