Облыстық арнайы кітапхананың мұрындық болуымен жазушы, ақын, қайраткер Сәбит Дөнентаевтың «Шығармалар жинағы» кітабының дыбыстық жазба нұсқасы жарық көрді. Аудиокітап – арнайы кітапханада 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Жан алауы» дыбыс жазу студиясының кезекті өнімі.

Аудиокітапта қаламгердің шығармаларын Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан, Бұқар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер мұражайының басшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ербол Қайыров, Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының басшысы Арман Темірбек, Қазақстан жаушылар одағының Павлодар облысындағы өкілі Серік Елікбай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Айбек Оралхан, Еламан Қабділәшім және айтыскер ақын Мизан Жұмалі оқыды.

Аудиокітаптың таныстырылымына Сәбит Дөнентаевтың немересі Балқия Саматқызы Дөнентаева қатысты. Дыбыстық кітаптың тұсауын Ербол Қайыров пен Балқия Саматқызы қиып, өздерінің жылы лебіздерін арнады. Айбек Оралхан Сәбит Дөнентаевтың жарияланбаған шығармалары туралы тың деректерімен бөлісіп, «Мыстан» өлеңін оқыды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудармашы Серік Сатыбалдин сөз сөйлеп, С.Дөнентаевқа арнап жазған өлеңін оқыды. Іс-шарада кітапхананың белсенді оқырманы Ж.Алдамбергенов. Ж.Садыкова және Павлодар қаласының №24 мектебінің «Әсем қоңыр» ансамбілі өнер көрсетті.

Добавить комментарий