Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде қазақстандық-американдық суретші Лейла Ахмет Османның «Сапар сазы» атты жеке көрмесі ашылады.

Көрмеге суретшінің гобелен туындылары қойылды. Гобелен дегеніміз – қолдан тоқылған кілем-сурет. Ол түрлі түсті жібек және жүн жіптерден бөлек-бөлек тоқылып, кейін біріктіріледі. Бұл өнерді меңгерген Лейла Ахмет Оспанның шығармашылығындақазақ мәдениетінің элементтері мен заманауи өнер үйлесім тапқан. Суретші өзінің шығармашылығымен және «Lucky Turtle» брендінің арқасында әлемде танымал болды.

Көрменің ашылу салтанатына Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінің директоры, суретші Ақертіс Солтанбаев, музейдің қор бөлімінің қызметкері Ольга Пашко сөз сөйлеп, көрме авторының жұмысына жоғары баға берді. Өз кезегінде Лейла Ахмет Осман сөз алып, ұйымдастырушыларға зор алғысын білдірді.

«Заманауи суретшінің терең мағыналы әрі үйлесімділікке толы туындылары – әрбір жанның жүрегінен орын тауып, шығармашылығымен танысуға айрықша мүмкіндік береді. Суретші үшін уақыт – шекарасы жоқ кеңістік, суретшінің шығармашылығында көне дәуір мен қазіргі заманның тоғысуы айқын байқалады. Әрбір туындысында бабалар аманатын жаңғыртып, мифлогиялық сюжеттер аясында көне таңбаларға жаңа тыныс береді. Оның ғажайып гобелендері – мәңгілік кеңістік пен шексіздікке толы асыл мұраның, болашаққа жол сілтер рухани көпірдің  көрінісі», – дейді ұйымдастырушылар.

Айта кету керек, көрме 19 наурызға дейін жұмыс істейді.

Лейла Ахмет Осман 1973 жылы Алматы қаласында дүниеге келді. 1998 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірді. 2010 жылы Сиетлдегі Креативті өнер академиясын «Графикалық дизайн және анимация» мамандығы бойыншы аяқтады. 2011 жылы «L.A.O. arts and design» брендін шығарды.

2012 жылы «Триенале» интернационалдық гобелен көрмесіне (Москва, Россия) қатысқаны үшін Дипломмен марапатталды және «Lucky Turtle» (Жолы болғыш тасбақа) атты жаңа бренд ашты. Жобаның негізі – сәттіліктің, өркендеудің және сүйікті тілектердің орындалуының символына айналған тасбақаның бейнесі. Суретші бұл көріністі көбінесе өз жұмыстарында – сөмке, бөкебай секілді бұйымдарды жасағанда қолданады.

Лейла мифологиялық тақырыптар мен ежелгі бейнелерді хош көреді. Бұл символизмнің барлығын суретшінің әдемі гобелендерінен көруге болады. Лейла Ахмет Осман 2006 жылдан бері Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, 2010 жылдан бастап АҚШ Дизайнерлер одағының құрамында. Шебердің жұмыстары Қазақстан, АҚШ, Германия, Италия, Корея, Ресей және Түркияның беделді өнер орталықтарында қойылған.

Оқырман назарына суретшінің туындыларын ұсынамыз:

 

(«Жанұя»)

(«Менің сүйікті қалам»)

(«Бұғы – аспан бөгенайы»)

(«Концертке дайындық»)

(«Ақтаудағы фламинголар»)

Добавить комментарий