Жақында аймағымыздың бір топ белсенді жастары Ұлытау облысына экспедицияға шықты. «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Қаныш ізімен» деп аталған шара қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналды.
Жерлестеріміз академик ғұмырында маңызды рөл атқарған Ұлытау облысының Жезқазған мен Сәтбаев қалалары, Қарсақпай мен Жезді елді мекендерінде болып, рухани тұрғыда маңызы зор кездесулер өткізді.
Топ мүшелері Қанекең жайлы бұрын естімеген, құнды деректермен танысу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ екі облыс жастарының арасында шығармашылық байланыс орнауына, ұлт үшін, Отан үшін бір мүдде жолында бірігуге жол ашатын сапар болды десек те болады.
Облыс орталығынан жолға шыққан керуеннің бірінші аялдамасы Баянауылдағы Қ.Сәтбаев музейі болды. Аудан әкімінің орынбасары Е.Бөриев экспедиция мүшелерімен жүздесіп, ұзақ жолға сәт сапар тілеп шығарып салды.
«Қаныштың ізімен» деп жобаның аты айтып тұрғандай келесі ат басын бұрған жер – Мұса Шорман ауылындағы Мұса мырза кесенесі. Мұнда Қаныш Имантайұлы 9 жыл білім алған мектептің орны жатыр. Кей деректерге сәйкес болашақ ғалым сауатын ауыл молдасынан ашқан, кейін Шорман ауылында орналасқан мектепке қатынай бастайды. Төрт жылдық бағдарламаны үш жылда аяқтайды делінеді.
Ұлытау топырағындағы ғалым атындағы шаһарға түн ауған шақта жеткен меймандарды Сәтбаев қаласы әкімдігінің қызметкерлері, зиялы қауым мен өнерпаз жастар жылы қарсы алды. Сәл-пәл амандық білісіп, жөн-жосық сұрасқаннан кейін экспедиция Қарсақбайға жол тартады. Мақсат – Қанекең он бес жыл тұрған үйді көру. Бұл ретте өлкетанушы, зейнеткер Тоңболат Құрмановқа ризашылық білдіреміз.
Ақсақалдың айтуынша, 1929 жылы бұл ғимарат Қазақстандағы алғашқы стационарлық геологиялық кеңсе ретінде ашылған екен. Кейінірек 1969 жылы ғалымның 70 жылдығына орай арнайы музей болып қайта ашылған. Бастапқы кезде ғимараттың бір бөлігінде музей орналастырылса, екінші жағында сол музейді ұйымдастырған, ұстаз Ахмедия Жұмабаев деген кісі тұрған. Өмір бойы осында қызмет жасап, зейнеткерлікке шыққан екен.
Музейге Қаныш атамыздың жеке заттары, кітаптары, жазбалары қойылған. Тіпті, өзі жиі шәй ішкен сары самаурынын қолмен ұстап көріп, Қаныш атамыз күні бойы сыртта жұмыс істеп зерттеумен айналысқанда әріптестеріне шикі су ішуге тыйым салып, жұмыстан кейін үйіне әкеліп бірнеше сағаттап асықпай шәй ішетіндігі туралы ақпарат айтылды. Басқаша айтсақ ғалым әріптестерінің де денсаулығына ерекше мән бергенін түсінуге болады.
Үйдің ауласында 1935 жылы Қаныш атамыз өз қолымен отырғызған ағашы жайқалып өсіп, әлі күнге маңайына сая болып тұр. Көнекөздер бұл маңда Қаныш атамыз отбасымен уақыт өткізіп, қыздарын қырға ойнауға жіберіп, сүйікті жары Таисия екеуі қарап отыратын дейді…
Осы үйге қарама-қарсы тау беткейі жағында тағы бір ескі ғимарат сақталып тұр екен. Тоңболат ақсақал мұның оң жақ бөлігінде 1928-1933 жылдар аралығында ағылшын инженері Джон Вильсон тұрғандығын, ал сол жақ бөлігінде Қыдырәлі Болмановтардың ата- бабалары тұрғандығын жеткізді.
Ойды ой қозғайды емес пе?! Жол сілтеуші тағы бір қызықты мәліметті шетін суырды.
Бір жылы қатты боран соғып, қалың қар Қарсақпай мен Байқоңыр арасындағы темір жолды жауып тастайды екен. Ол уақытта Қ.Сәтбаевтың үйінде Джурин деген геолог тұрған көрінеді. Үй суық, балалар қатты тоңған. Содан геолог «Қаныш, жүр қарсы беттегі ағылшын геологының үйінен көмір сұрап келейік»,- депті.
Екеуі қолға екі шелектен алып сыртқа шығады. Ғалым ыңғайсызданып үйіне қарай тартыншақтайды. Джурин болса геологтың үйіне қарай тартады. Екеуі сөйтіп тұрғанда Джон Вильсонның үйінен үй қызметшісі шығып, оларды айтқызбай түсініп, шелектерін толтыра көмір салып берген екен. Мұның бәрін терезеден қарап тұрған Таисия ана, сол күні үйлерінің бір жылынып, тойып тамақтанғандары жәйлі естелік жазып қалдырған екен.
Павлодарлық жастар бұдан кейін Қарсақпай орталық электр станциясына аялдады. Кәсіпорын қақпасына кіре берісте тасқа ойылып жазылған «1947 жылы 16 қарашадағы орталық электр станциясындағы жарылыстан қаза тапқандар Қарсақпай тарихында мәңгі сақталады» деген тағзымтақта орнатылыпты.
Жездіде де Қанекеңе арналған музей бар. Басшысы З.Қазанбаеваның айтуынша артықшылығы мұнда студент жастарға инженерлік, политехникалық және техникалық ғылымдарға баулу жұмысы негізінде дәрістер беріледі екен. Сақталған жәдігер қоры мол. Бір кездері Қанекеңнің өзі «Жезқазған – адамзат тарихында металды алғашқы игерген талбесік» деп таңбалап жазып кеткен жазуы сақтаулы.
Тағы бір ерекшелігі – музей ашық аспан астында орналасқан. Қаныш бабамыздың сол кездегі пайдаланған, тіпті одан бұрынғы заманнан келе жатқан небір техникалар тұр. Ұзын саны 20 мыңнан асатын экспонаттың 17 мыңы түп нұсқа. Мұны да артықшылық қатарына қоса беруге болады.
Қаныш атамыздың бұл жерге келудегі басты мақсаттарының бірі – қазақ жастарын техникалық-инженерлік кәсіпке баулу болған екен. Ол арманы еселеп орындалған. Өйткені, тек 1935 жылдың өзінде мұнда 700-ден астам адам зерттеу жұмыстарына араласып, кәсіпті игере алған.
Сапар соңы Сәтбаев қаласында жалғасты. Ыстық ықылас пен жылы лебізге толы жүздесу Шынболат Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында өтті. Мұнда ақын, термешіге арналған көрме-залымен танысу сәті түсті. Айта кетерлігі мұражайға оның жары Гүлсара Жиенәлиева жетекшілік етеді екен. Қуаныштысы музейде Қаныш атамыздың тағылымды тағдыры, ғылымдағы орны мен басқа да естеліктерге толы екен.
Ал, Қ.Сәтбаев атындағы мектепте өткен кездесуде білім ордасының шәкірттері, студенттер мен белсенді жастар екіжақты тиімді сапар болғанын, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу жолында тәлімі мол жоба екендігіне тоқталды.
Қорытынды шара Жезқазған қаласындағы тарихи-өндірістік музейінде түйінделді. Қаныш Имантайұлы қолымен сызған картасы көрнекі ілінген екен. Осы тұста Ұлытау өңіріндегі бірнеше музейде болғанда әрқайсысының бір-біріне ұқсамайтын өзіндік бір мәнері бар екеніне көз жеткізетініңді ерекше айтуға болады.
Қанымызға сіңген қазақы дәстүр бойынша алыстан алты жасар бала келсе алпыстағы ақсақалы барып сәлем бермеуші ме еді. Бұл жолы да дәл солай болды. Павлодарлық жастардан құралған делегация мүшелермен жүздесуге Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов мырза арнайы келді. Қонақжайлылық танытып кешкі ас ұйымдастырды. Әр саланың «жілігін шағып, майын ішкен» сапарластарым рухани байып, бұрын көрмеген, естімеген талай ақпаратпен сусындап қайттық. Зырылдауық уақыт, үш мың шақырымдық жол артта қалды. Мазмұнды шара алдағы уақытта жалғасын табады деп сенгім келеді.
Перизат Құрманәлі,
жобаға қатысушы