4 тамызда Павлодар облысында Қазақ киносының онкүндігі жалғасты. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырған бұл бастама еліміздің шалғай өңірлерінде отандық киноны насихаттауға бағытталған.

Іс-шараның басты мақсаты – көрерменді талантты режиссерлер мен олардың туындыларымен таныстырып, ұлттық мәдениетті кеңінен дәріптеу. Көрсетілетін фильмдер Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдерді бейнелеп, көрнекті қоғам қайраткерлерінің өмірі мен еңбегін көрсету арқылы көрерменге рухани әсер береді.

«Қазіргі уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігі отандық киноны дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Біз Орталықтың қолдауымен түсірілген барлық жобаның көрерменге жетуін қалаймыз. Бұған дейін мұндай көрсетілімдер Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік және Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында өтті.

Облыс орталығында ғана емес, аудандарда, ауылдарда да бұл бағыттағы жұмысты тұрақты негізде жүргізетін боламыз», – деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы КЕАҚ Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

Облыс әкімдігінің қолдауымен павлодарлық тұрғындар мен қонақтар үшін «Ertis Promenade» алаңында арнайы кинокөрсетілімдер ұйымдастырылады. Шара он күнге созылады. Көрермендер «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан», «Қажымұқан» сияқты фильмдер арқылы тарихи тұлғалардың өмір жолымен танысады. Ал «Боксер», «Паралимпиец», «Время патриотов» сынды киноленталар жігер мен мотивация береді. Шара аясында басқа да мазмұнды фильмдер көрермен назарына ұсынылады. Барлық фильм көрсетілімдері ақысыз негізде өтеді. Кез келген адам отбасы мүшелерімен бірге келіп, сүйікті фильмдерін тамашалай алады.

Айта кету керек, бүгінге дейін Кино орталығының қолдауымен 117 картина жарық көрді. Оның ішінде 72 көркем фильм, 37 деректі және 8 анимациялық туынды бар. Қазіргі таңда 16 жоба өндіріс үстінде.

Сонымен қатар балалар аудиториясы үшін арнайы контент әзірлеу мақсатында жаңа анимациялық жобалар – «Команда А», «Алан туралы аңыз», «Жібек» және «Бәйтерек туралы аңыз» мультфильмдері дайындалуда.

Добавить комментарий