V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Павлодар облысының шығармашылық ұжымдары концерт ұйымдастырды.
Астана қаласында жасалған «Көшпенділер әлемі» этноауылында елордалықтар мен шет елдерден келген қонақтар Қазақстанның әр өңірінің тарихымен, мәдениетімен және туристік әлеуетімен танысты.
Ертіс-Баян өңірі де қонақтарды құнды дүниелермен қуантты. Қаныш Сәтбаевтың палтосымен басталған сирек кездесетін тарихи жәдігерлер, әшекей бұйымдар, қару-жарақ түрлері мен көшпенділердің тұрмыстық заттары таныстырылды.
Сондай-ақ Павлодар облысының өнер ұжымдары ән мен биден шашу шашты. «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы мен Иса Байзақов атындағы облыстық филармония «Ерке Ертістен Есілге сәлем!» бағдарламасын ұсынды. Үздік ұжымдар және жеке орындаушылар Жаяу Мұса, Естай, Майра, Мұзафар Әлімбаев, Қабдікәрім Ыдырысов сияқты Ертіс-Баян өңірінен шыққан белгілі авторлардың шығармаларын шырқады.
Серік Рысбек, Жібек Айтбаева, Мадияр Бақтияров және «Samiyan» вокалдық тобы «Ертіс-Баян» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.