Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газетінің бастамасымен, Бейімбет Майлин ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына арналған «Би-ағаның биігі» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. Қазақ жазба әдебиетін қалыптастырушылардың бірі саналатын жазушы сан алуан жанрда қалам тербеді. Сол себепті аталған байқау «Үздік проза», «Үздік сатира», «Үздік публицистика» аталымдары бойынша өтті. Ұйымдастырушщылардың айтуынша, байқау жарияланғалы бері, айналасы екі айдың көлемінде елдің еліміздің 10-нан астам облысынан 35 автордан өтінім түскен. Оның ішінде, Қостанай, Ақмола, Алматы, Жетісу, Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының қаламгерлері белсенділік танытқан.
Қазылар алқасының ортақ шешімімен «Үздік проза» номинациясының жүлдесі алматылық жазушы Нұрбек Нұржанұлына «Кино» кейіпкерлері» шығармасы үшін берілді. Бірнеше сатиралық туындысын жолдаған павлодарлық Алпысбай Әбділұлы «Үздік сатира» аталымының жеңімпазы атанды. Ал ардагер журналист, Ақпарат саласының үздігі, жерлесіміз Нәзира Жәрімбет «Сен бізді кешір, Би-аға» атты шығармасымен «Үздік публицистика» номинациясын жеңіп алды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі «Қостанай таңы» газетінің редакциясында өтті. Алматы және Павлодар облысының жүлде алған қос қаламгері онлайн режимінде байланысқа шықты.
Жиында қарт басылымның бас редкторы Кенжеш Оразғалиқызы, қазылар алқасының мүшелері – ардагер журналист, сатирик Дәмер Әбіш, прозашы, баспагер, ұстаз Әбутәліп Әмір байқау туралы ой-пікірлерін айтып, жеңімпаздарды құттықтады. Көп ішінен топ жарған жүлдегерлер де жылы лебіздерін арнады.
Ұйымдастырушылар келер жылы барлық қатысушының шығармалары жеке кітап болып басылатынын да атап өтті.
Оқырман назарына жерлесіміз Алпысбай Әбділұлының жүлдегер шығармаларының бірін ұсынамыз.
Сайлаубек
(Бейімбетше)
Кеше:
– Уа, кімсің?
– Ыбыраймын!
Қараңғыға сәуле шашқан тұнық аймын.
– Қайда барасың?
– Сайлауға барамын!
Парақор мен, жемқорлардың,
Аяқ-қолын байлауға барамын.
Жердің байлығын қанаған,
Елдің айлығын талаған.
Месқарынды бір шыбықпен айдауға барамын.
– Бірдеңе сұрасам сыбызғыдай сызыласыз ба?
Осы Сіз мансапқа қызығасыз ба?
– Түсінбеңдер мені жаңсақ,
Керек емес маған депутаттық мансап!
Бұл орынға елдің қамын ойлауға барамын!
– Ой, азаматым!
Шығара бер қазақ атын!
Бұзылмасын таза затың!
– Қазақтың атын шығару үшін,
Қолыма байрақ –
Ту алу үшін.
Мұзға мертіккен аттай,
Үйде шатқаяқтап жатпай,
Сайлауда дауыс беріңдер маған!
Осыдан депутат болсам,
Жолдарың тақтайдай тегіс болады,
Алға басқан көп іс болады.
Алқап толы егін болады.
Жанармай тегін болады,
Он соттық жерің болады.
Осыдан бар ғой,
Мен депутат болсам қара да тұр.
Төбесіне төндіріп заманақыр.
Тайраңдап жүрген талайдың,
Әкесін танытам да қамаймын!
Елдің көшін тек алға сүйреп өтем,
Жемқорлардың көзіне көк шыбын үймелетем.
Сіздер үшін тек ағайын, бұл ісім,
Қалғанын кейін айтам,
Осылайша басталады жұмысым.
Құр әншейін ұрандасам,
Айтқанымда тұра алмасам,
Ыбырай атым құрысын!
Бүгін:
– Уа, кімсің?
– Ыбекеңмін!
«Сіз» деп сөйле!
Белгісіз бе кім екенім?
– Құлың болайын, Ыбеке, Ыбыштай,
Неліктен құйрығы құрттаған шыбыштай,
Кеңсені көлеңкелеп шықпайтын болдыңыз,
Елдің жайын ұқпайтын болдыңыз?
Екі жылда еліріп,
Ел танымастай семіріп,
Биттей едіңіз
Киттей болдыңыз.
Ауылдан қашып,
Құлағын кескен иттей болдыңыз!
Уәде қайда баяғы?
Салық өсті,
Халықтың үміті өшті,
Өлуге таяды.
Өлген үмітті көмуге таяды.
Баға қымбаттады,
(Не болғаны жұмбақ тағы)
Ыбеке, бұрылсаңшы, арлы әдетке,
Сізді әділ деп жібердік қой Парламентке!
– Деп еді халық.
Басын көтеріп бұл заманның есіл ері,
Керіліп тұрып есінеді.
Сосын:
– Мені көрмесеңдер өлді деймісіңдер?
Аманмын!
Уәдеме адалмын!
Түн ұйқымды төрт бөліп,
Күйіп жанып, өртеніп,
Тоқалымның…
Ой, тоқалымның деппін ғой…
Отанымның болашағына алаңмын!
Деп міңгірлеп,
Өтірік ойланды.
Халық опасыздан теріс айналды:
Ыбырайым,
Жүр деп едім елдің жайын шын ұғайын.
Дедің-ау былығайын.
Ыбырайым…
Сұмырайым!..