Ата заң күнінде Павлодар қаласындағы жағалауда орналасқан «Ertis Promenade» сахнасында 100 бала бір мезетте «Ортеке» күйін орындады.
Бұл өнердің ерекшелігі – күй орындау сәтінде күйшінің алдында ортеке мүсіні тұрады. Мүсіннің жібі күйшінің саусағына байланып, күй шерткен кезде бірге қозғалады. Осылайша, ортеке билейді.
Рекорд орнатуға Павлодар қаласының әкімдігі бастамашы болған. Жағалауда күйді орындауға «Музыкалық колледж дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешені, Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебі, «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының шәкірттері қатысты.
Павлодар қаласы әкімінің кеңесшісі Данияр Жұмаділов өнерпаздарға 100 ортекені шеберлер қалалық әкімдіктің тапсырысымен жасап бергенін атап өтті. Рекордтық шарадан кейін музыкалық колледж бен мектептерге, балалар клубы мен басқа да мектептерге беріледі.
- Конституция күніне орай және Дүниежүзілік көшпенділер ойыны қарсаңында 100 жас домбырашының басын қостық. Кәсіби күйшілердің қатысуымен рекорд жасауға болатын еді. Алайда, біз енді жолға түсіп келе жатқан жас өнерпаздарға мүмкіндік бергенді жөн көрдік, – дейді Данияр Жұмаділов.
Күйшілер өнері рекорд ретінде тіркеліп, шараға қатысқан (КИНЭС) Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов тіркелген рекорд туралы сертификатты табыстады.