Ұлтымыздың асыл құндылықтары мен баға жеткісіз рухани байлығын сақтау және ұлықтау әр азаматтың парасатты парызы, мәртебелі міндеті. Осынау борышқа адал ұстанымдағы И.Байзақов атындағы облыстық филармония үшінші жыл қатарынан «Ән – аманат» жобасын ұйымдасырып келеді. Павлодар қаласында осы жоба аясында «Ән қанатында» атты ұлттық ән кеші өтті. Іс-шара Жаяу Мұса Байжанұлының 190, Абай Құнанбайұлының 180, Майра Шамсутдинованың 135 және Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойларына арналды.
Ұлттық ән кеші Әміре Қашаубаев атындағы республикалық ән додасының Бас жүлдегері Дәуренбек Слямғали орындаған Иса Байзақовтың «Желдірмесімен» басталды.

Жазушы Ғабит Мүсірепов «Атақты әнші Майра» естелік әңгімесінде Орынбордан Керекуге келгенін, Майра Уәлиқызының үйінде қонақ болғанын, әнші сырқаттанып тұрса да сырнайы мен домбырасын кезек-кезек ұстап ән айтып бергенін жазады. «…Майра үш-төрт ән салғаннан кейін өзінің дағдылы қалпына түскендей, қарақшыға жақындаған еркін жүйріктей масайрап кетті. Жарқыраған көз нұры жүзіне төгіліп, жасарып барады. Бұл ән салғанда қуанатын, бақыт сезінетін әнші…», – дейді жазушы.
Бүгінгі таңда елімізде Майра Уәлиқызының ізін жалғаған дәстүрлі әнші арулар аз емес. Олардың алдыңғы легінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, сазгер Гүлмира Саринаны атауға болады. Өнер иесі бұрын халық әні деп аталып келген Майраның 20 әнін тауып, нотаға түсіріп, жарыққа шығарды. Осы кеште де ол Иса Байзақовтың сөзіне жазылған Майраның «Бақша» әнін шырқады.

Ал, филармонияның әншісі, республикалық байқаулардың лауреаты Гүлназ Қыздарбекова «Майра» әнінің екінші түрін орындады.

Республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, әнші, ұстаз Сәуле Мүсіпова Абайдың «Өзгеге, көңілім, тоярсың», филармонияның әншісі Мағжан Ысқақ «Сегіз аяқ» әндерін орындады.


Ән кешінің арнайы қонағы халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Нұрболат Құсайнов тыңдарманға Жаяу Мұса Байжанұлының «Көкаршын» әнін тарту етті. Ал, «Шормановқа» әнін дәстүрлі ән өнерін дәріптеуші ұстаз Жанболат Байсолтан әуелетті.


Ұлттық өнерге сусап келген қауым халық әндерімен де сусындады. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Аллажар Кайбар «Жорғатай», «Ағажай Алтай» халық әндерімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Екібастұздық әнші Сұңғат Көпежанов «Маржан қызды» орындады.


Филармонияның әншісі Жалын Құнанбай тыңдарманға Естайдың «Жай қоңыр» әнін тарту етті.

Ұлттық ән кешін «Беу, жігіттер!» халық ансамблі түйіндеді.

Сұлтанмахмұт Торайғыров 1913 жылы «Өлең һәм айтушылар» мақаласында: «…бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың қамын қылыңдар…», – деп жазады. Әнді сақтаудың қамын қылған И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның «Ән қанатында» ұлттық ән кеші көрерменді тебірентіп қана қоймай, асыл мен жасықты айыра білер парасатқа жетеледі.
