Ертіс-Баян өңірінен шыққан, есімі елге белгілі болып, республикалық деңгейде жүрген күйшілер аз емес. Соңғы жылдары тіпті әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, жаһанға домбырамызды насихаттап жүрген таланттар да шығуда. Ол күйшілердің бәрі Павлодар қаласындағы музыкалық колледжден түлеп шығуда. Яғни сол күйшілерді шығарып жатқан ұстахана – музыкалық колледж. Ұлттық домбыра күні қарсаңында колледж басшылығымен әңгіме өрбітіп, жыл сайын колледжді тәмәмдап жатқан түлектер қайда кетіп, не істеп жүргені, жалпы өңірдегі күй өнері жайлы білдік.
«Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешенінің басшысы Серік Сыздықов күй өнері дегенде еске ең алдымен түсетіні Рүстембек Омаров екенін атап өтті.
Рүстембек Омаров Аққулы ауданының тумасы, Ленинградта оқыған, «Қазақстанның халық әртісі» деген биік атаққа ие болған. 40 жылға жуық Құрманғазы оркестрінде жұмыс жасаған, оның жартысын Құрманғазы оркестрінде бірінші домбырашысы, яғни, бас концертмейстрі болып жұмыс жасаған. Сондықтан біздің мақтанышымыз, ауыз толтырып айтатын күйшілік өнердегі ең шоқтығы биік жұлдызымыз осы – Рүстембек Омаров.
- Біздің Ертіс-Баян өңірінде домбыра өнері жақсы таралған. Естай, Жаяу Мұса, Майра көптеген біздің әншілік дәстүр, арқа мектебі, домбырамен ән айту үрдісі кең қалыптасқан. Ал, күй өнері жақсы дамыған өңірлер Батыс Қазақстан, арқа елі, Тәттімбеттің елі, Қыздарбектің елі, Қаратауға қарағанда бізде күй өнері кенделеу, – деді Серік Сыздықов.
Музыкалық колледж бірнеше бағыттағы музыкалық кәсіби білім беретін өнер мен білім ордасы. Оның ішінде қазақ халық аспаптары да бар. Аспаптардың ішінде домбыра аспабы немесе күй өнері өз алдына жұмысын жасап жатқан, домбыра өнерін, ұлттық өнерді дамытуда өзінің үлесін қосып жатқан бағыт.
Колледжді жылына 70-80 студент аяқтайды. Соның он шақтысы домбыра мамандығы бойынша диплом алады. Шәкірттерге алдыңғы аға буын, одан кейін орта буын, енді міне жастар да келіп білім беріп жатыр. Атап айтар болсақ, алдыңғы буында үлкен ұстаз Рыскүл Сабекова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Талғат Каримов, ҚР Мәдениет қайраткері Жасқайрат Орынбаев бар болса, жастар арасында Мейірман Байбосынов, Салтанат Өтемісова, Мади Тулев, Бекзат Сабиғанов, Өркен Қайыргелдіқызы еңбек етіп жүр. Колледж басшысы Серік Қасымханұлы да шәкірттерге сабақ береді.
- Әртүрлі деңгейдегі домбырашыларымыз бар. Ауыз толтырып айтатын үлкен жетістікке жетіп жүрген студент, түлектеріміз де аз емес. Оның біреуі, бірегейі Темірлан Олжабай. Ол «Бастау» тобының белді мүшесі, күйші, домбырашы. Бірер жыл бұрын «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алды. Ерасыл Әділбеков деген күйші жігітіміз қазір Алматы қаласында қызмет етіп жатыр. Ол тек қана күйшілік, ұстаздық өнермен емес, жалпы домбыраны жаңа деңгейге шығарам деген мақсатта білім-ілім қуып жүр. Сондай-ақ бүгінгі таңда Ерасыл әкесі Нұрбек ақсақалдың жолын қуып, домбыра аспабын жасауда кәсіби шебер ретінде машықтанып жүр. Ерасыл болашағынан үлкен үміт күттіреді. Кереку өңірінен шыққан әрі күйші, әрі шебер, әрі композитор ретінде жан-жақты өнерпаз болмақ, – деді Серік Сыздықов.
Колледжді тәмәмдаған түлектерге Қазақстанда күй бойынша үлкен екі ЖОО бар: Алматыда Құрманғазы атындағы консерватория мен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті. Жыл сайынғы түлектер осы оқу орындарына түсіп, өнерлерін жалғастырып, дәріс алып жатыр. Көбі орталық қалаларда қалып, белігілі кәсіби музыкалық ұжымдарда жұмыс жасауда.
- Облысымызға қайтып келіп жұмыс жасап жатқан қыз-жігіттер де аз емес. Әрине, көбі қайтып келсе екен деп тілейміз. Дегенмен келмей жатыр, аз келіп жатыр деп айтуға болмайды. Қажетті деңгейде мамандар қайта оралып, жер-жерлерде жұмыстарын жасап жатыр, – деді колледж басшысы.
Облысқа оралған күйшілердің бірқатары Р.Омаров атындағы ұлттық аспаптар оркестрінде, бірқатары Естай атындағы мәдениет сарайында, кейбірі облыстық «Шаңырақ» орталығында, әртүрлі ұжымдарда еңбек етуде. Олардың барлығы осы колледждің түлектері. 85 пайызы деп айтса артық болмайды. Сонымен қатар, колледжге келіп ұстаз болып жүрген түлектер де бар.