Репорттаж

Облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында ақын, журналист, этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегмановтың  «Ол көктем оралмайды…» ән-жыр кеші өтті.

Әдеби кеш қазақ әдебиетінің классиктерінің ақын туралы пікірлерімен басталды. Лэд-экран арқылы берілген Жұмекен Нәжімеденовтың: «…Қасымхан Бегмановтың өлеңдерінде өзіндік мінез бар. Ақын өзінше түр, форма, өрнек іздейді…» деген; Тұманбай Молдағалиевтің: «…Қасымхан …адам жанының ең нәзік сәулелерімен ойнайды. Туындылары адамның жанына әдемі ән болып естіледі, адам жан-дүниесін аялайды, ардақтайды, асқақтатады…» деген, Қадыр Мырза-Әлінің: «…Қасымхан Бегмановтың поэзиясына үстірттік, асығыстық, үзінділік, салғырттық мүлдем жат құбылыс! Ол нені болса да жаны өртеніп, егіліп, төгіліп жазады, өлеңінің ең соңғы тамшысына дейін сарқып, таусылып жазады…» деген, Дулат Исабековтің: «…Ақын Қасымханның құлай сүйген адамына құл болуға, көңiлi құламаған адамды айналып өтуге даяр табанды мiнезiн таптым…» деген парасатты пікірлеріне куә болған көрермен ақынға деген ерекше құрметін танытты.

Қасымхан Бегманов шығармашылық ғұмырында 120 әнге өлең жазған екен. Олардың барлығы дерлік тыңдарман жүрегіне жеткен. Ақын жүрегінен туған әрбір өлең – уақытпен сырласқан мәңгілік әуен екені мәлім. Сол өлеңнің нәзік мұңын, көктемнің оралмас сезімін тереңінен жеткізетін ән ақынның ғана емес, қазақ ән өнерінің де бағалы бір бөлшегіне айналып үлгерді. Кеште орындалған әндердің басы – «Ол көктем оралмайды» әні (сазы – Арман Бексұлтандыкі) болды. «Шаңырақ» орталығының әншісі Наурыз Көшен шырқаған ән көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Халқын қадірлеген ақынның жырында елге деген шексіз махаббат, рух пен намыс, ұлттық болмыстың иісі аңқып тұрады. Сол ұлы сезім әнге айналғанда, тыңдарман жүрегін бір сәтте тербетіп, өткен мен бүгінді жалғай түседі. Қазақ деген қасиетті атты ардақтаған, туған елдің тағдырын жырлаған асқақ рухты «Қазағым» әнін (сазы – Арман Бексұлтандыкі) И.Байзақов атындағы филармонияның әншісі Бауыржан Ахметов орындады.

Ақынның әрбір өлеңінде – елдің мұңы, уақыттың үні, жүректің лүпілі бар. Бұл шығармашылық кеш, ақынның ең әуелі өз жүрегіне, өз болмысына қайта үңілу сәті және ақын жүрегіне жақындаудың, оның дүниетанымын түсінудің, рухани сабақтастықты сезінудің көрінісі болды.

Қасымхан Бегманов сахнаға шыққанда бұл жайт көзге ұшқынданып көрініп тұрды. Ақын халықпен есендесіп, «Құлынды даласында», «Академик Қаныш Сәтбаев жайлы жыр» және өзге де бірнеше өлең оқыды.

Бұдан соң Павлодар облысы әкімі Асайын Байхановтың құттықтау хатын орынбасары Айгүл Маликова жеткізді. Сонымен бірге, ақынның иығына шапан жауып, ат мінгізді.

Өмірдің әр сәтін мәнді ететін – адамға қуат берер ең нәзік сезімдер. Сол сезімдер кейде өлең болып өрілсе, кейде әуенге айналып жүрекке жол табады. Көңілдің пернесін дәл басқан «Бақыттымын өзіңмен» атты лирикалық Жанерке Маукенова орындап, шығармашылық иесінің шабытын шалқытты.

Қасымхан Бегманов ақын, журналист, этнограф ретінде ғана емес, драматург ретінде де танымал. Оның балаларға арналған «Ұр, тоқпақ!», «Ер Төстік» ертегілері Алматыдағы қуыршақ театрында қойылған. Ал, «Менің Мұстафам» моно-драмасы Қызылорда, Жетісай театрларында сахналанды. Қаламгер шығармашылығының табысы – М.Шоқай тағдырын арқау еткен бұл драма М.Әуезов атындағы  академиялық тетарда қойылуы. Бұл кеште де Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма тетарының актрисасы Еркежан Төлеубек Мәриямның монологынан үзінді оқыды.

Ақынның шығармашылық жолға түсуі бала арманынан бастау алады. Жүректерге жылулық сыйлайтын, тыңдарманды өткен күннің естелігіне жетелейтін «Бала кез» әні (сазы – Арман Бексұлтандыкі) соның көірнісі. Бұл әнді Бахтияр Қожанов орындап, көрерменді тәнті етті.

Бұдан соң Алматыға арналған жүрекжарды махаббат пен сағынышқа толы әсерлі туынды – «Алматым – әнім, тағдырым» әні (сазы – Қалдыбек Құрманәлінікі) шырқалды. Әнді Шолпан Ақылбек орындады.

Ақынның кеші – жүректі тербеткен сырлы әуендер мен әсерлі өнердің тоғысуы болды. Махаббат – адам өмірінің ең көркем, ең қымбат, ең нәзік тарауы. Ол – қуаныш та, сағыныш та, мұң да, ертеңге деген үміт те. Сол сезімді әуенге айналдырып, жүрекке жақын жеткізу – нағыз өнердің биігі. «Қош, махаббат!» әні (сазы – Гауһар Әлімбекованыкі) – терең сезімнен туған. Бұл – қоштасудың да, қабылдаудың да, өткенді қимай еске алудың да әуені. Айгүл Жұмағұлова аталған әнді тебірене шырқады.

Ақын шығармашылығындағы бөгенайы бөлек туынды – «Аяулым» әні (сазы – Арман Бексұлтандыкі). Бұл ән – махаббаттың мөлдірлігі, сағыныштың сазы, жүректің ең шынайы тілегі. Мәдениет саласының үздігі Серік Рысбек бұл әнді шынайы жеткізе алды.

Кеш барысында көрерменнің шынайы ықыласы ақтарылды. «Ақ жол» демократиялық партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлмира Мусинова құттықтау хат оқып, ақынға шапан жарты.

Ал, аудармашы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Рауза Мұсабаева ақынның шығармашылығы туралы толымды пікір білдіріп, «Қоңырат» өлеңін неміс тіліне аударғанын айтты.

Ақын қаламында көктем тақырыбы ерекше жырланады. Көктем — үміттің, жаңарудың, жүректегі ең нәзік сезімдердің символы. Адам кейде өз сезімін сөзбен жеткізе алмай, ішкі әлеміндегі толқынысын табиғатқа, көктемге сыр ғып ақтарғысы келеді. Сол сырлы сезім әуенге айналғанда, ол тыңдарман жүрегіне ерекше жылылық сыйлайды.

Қасымхан Бегмановтың кеші «Көктемге хат» әнімен (сазы – Гауһар Әлімбекованыкі) түйінделді.  Әнді Жібек Айтбаева орындады.

Біз бір ғажап думанға куә болдық. Осындай жылы да жарқын жүздесу кез келген жанға шабыт сыйлайды. Бұл кеш – ән мен жырдың салтанат құрып, ақын мен халықтың сырласқан мерейлі сәті болып есімізде қалады.

Добавить комментарий