Ақсу қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Толғауы тоқсан қызыл тіл» оқушылар мүшәйрасы өтті. Байқауға Павлодар өңірінің 8-11-сынып аралығындағы жас ақындары қатысты. Үміткерлер тіл туралы және еркін тақырыпта екі өлең ұсынды.
Оқырман назарына жүлдегер жырларды ұсынамыз:
Ақпан
Аязды қыстың шапағатына,
жөргекте жатып бөлендім.
Ана мен әке махаббатынан,
ақпанда жауған – өлеңмін.
Қараңғылықтың қолтығын сөгіп,
аршылса күннің ақ тәні.
Күміс белдердің толқыны өбіп,
сүйіп қалғанмын ақпанды!
Көк аспан жерге төгілген тұста,
сызыққа сіңген кеңістік.
Шыңдалған қыста сезімдер ғана,
болады екен ең ыстық.
Қардың бетімен қашады жылдар,
шалыс ұйқастай іздері.
Ұйқыны түнде ашады жырлар,
арманға бастап біздерді.
Үміттің жанға жағылған нұры,
қате ғой, сірә, өлем деу!
Тағдыр дәптерім жабылған күні,
айналып кетем өлеңге!
Еркебұлан ТІЛЕНІШ,
1-орын иегері.
Махамбеттің монологы
Мен, мен едім, мен едім!
Көк Тәңірі көгінде,
Алмас қанжар қолында,
Дүркіреткен дүниені,
Түркінің ұлы – ер едім.
Күн күлмей, түнді күзеттім,
Жабырқаған қайран ел,
Шаруаңды келді түзеткім.
“Ежелгі дұшпан ел болмас,
Етектен кесіп жең болмас!
Хан баласы ақсүйек” –
Жарлымен жаны тең болмас.
Жақсыға жаман жаны қас,
Алқа ішінде бір болмас.
Жамандасқан жақсылар,
Тату да болса, күнде оңбас.
Бұл қазаққа осылай,
Қой үстіне бозторғай,
Жұмыртқалайтын күн болмас.
Жағалай жатқан қайран ел,
Жаныңа жара салатын,
Жоныңнан таспа алатын,
Қаныңды сорып бай-бағлан,
Сұлтанда сені жүнжітті.
Заманақыр күн туды,
Мұндайды жұртым кім күтті?
Шаһит та етем басымды,
Жолыңа сенің тым құтты.
Бірлікте, бірлік, бірлікті.
Көтеріп күн-түн түндікті.
Ымыраң болсын ынтымақ,
Араздасатын күн бітті.
Алдаспан жырым аманат,
Сертімді бердім құдайға,
Бақиға ұзап барамын,
Бақида болсын күн құтты!
P.S:
Жасқанатын жауларым бары қанша?!
Жүрегінде қанжардың табы қалса…
Жарғақ құлақ жастықта тимей өтсін,
Ақ түйенің қарыны жарылғанша.
Айсұлтан ДӘУЛЕТХАН,
1-орын иегері.
Ана тілім
Ана тілім — ұлы мұра, асылым,
Жүрегімде жалындаған жан сырым.
Сен арқылы танып өстім әлемді,
Ана тілім, сен — өлмейтін асылым.
Қасиетіңді қадір тұтып ардақтап,
Әрбір сөзің жүрегіме сыр қатпақ.
Тарихымның, тағдырымның белгісі,
Асыл сөзім, мәңгі нұрым, ардақтап.
Ана тілім — бабам қалған аманат,
Тілсіз елдің болашағы солғын жат.
Сен арқылы сақтаймыз біз ұлтымды,
Сен арқылы аспанға ұшар арман жақ.
Тілім менің — тірегім де, жүрегім,
Тілдің күші – еркіндіктің тірегі.
Ана тілім, мәңгі жасар мәңгілік,
Ұрпағыммен бірге жасап гүлденіп.
Сана ЖЫЛҚАЙДАРОВА,
3-орын иегері.
Сақ пен Ғұннан қалған тіл
Елім барда әнұраным биік тым,
Тілім барда тұғырлымын, биікпін,
Қазақ деген асыл текті Алашты
Күн сөнгенше Мағжан болып сүйіппін.
Тілім барда мен кімдерден кем едім,
Алты құрлық тамсанатын ел едім
Шұбарланып бара жатса асыл тіл
Қорған болсын қасиетті өлеңім.
Сақ пен Ғұннан қалған тіл
Мәңгүрттерге мәңгі болған арман тіл
Әміренің әніменен әуелеп
Европа төсінеде барған тіл
Тіл дегенім бойтұмарым қадірлі,
Тілім үшін құрбан етем жанымды.
Қазақ тілін қастерлеген мәңгілік,
Үлгі тұтам Тұманбай мен Қадырды!
Бақытберген БИЛАЛ,
Ынталандыру жүлдесі.
Еркіндік
Азаттығым арман болды талайға,
Еңсе тіктеп, көз жүгіртем маңайға.
Құшақ ашам, доспын дейтін адамға,
Қан жұтқызам қас тілесең, абайла.
Мен о баста Бөгенбай ем, жұлқынған,
Аттамағам, әдет, салт пен ғұрпымнан.
Жоңғар біткен етегіме жармасып,
Қалмақтар да аңырақайда құртылған.
Махамбет ем, Исатайды дос еткен.
Жерім үшін ентігіп ед қос өкпем.
Жәңгір хан да жырта алмаған жағамды,
Ұйқылы ояу тұрғызса да төсектен.
Он алтыда Иманов боп атылдым,
Үзеңгісі үзілсе де атымның.
Казактардың қылышын да тойтардым,
Мылтылығынан тақымның.
Желтоқсанда Қайрат болып сөйледім.
Тізем ісіп, жыртылса да көйлегім.
Қазақ қызын тепкілеме КСРО
Қонаевты орнына әкеп «қой» дедім.
Құдай берген сынақтарға тосылман,
Еркін ел боп жаралғанмын жасымнан.
Ұрпағына еркіндікті ап берген,
Бабалардың бірлігіне бас ұрғам.
Ертеңіме қараша жұрт, ел сенген.
Бақытқа да бөленгенмін белшемнен.
Тәуелсізбін, азат елмін еңселі,
Еркіндігім желтоқсанмен өлшенген.
Нұрсұлу БАЙСОЛТАН,
Ынталандыру жүлдесі.