Әйгерім СОЛТАН
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде кең байтақ қазақ даласына жыр туын тіккен ойшыл ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің туғанына 165 жыл толуына орай «Бір суреттің тарихы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, сондай-ақ әдебиет және мәдениет саласында еңбек етіп жүрген зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев өмірінде көп адамның қолқалағанына қарамастан «иелерім шошынады» деп фотосуретке түсуден аулақ жүреді екен. Бүгінгі күні асыл тұлғадан қалған жалғыз сурет қана бар. Онда Мәшһүр Жүсіп Көпеев, жанында досы Әбдіразақ Дүржанұлы және ортада түрегеп тұрған Аллажар Әбдіразақұлы бейнеленген. Бүгінде Мәшһүр ғұламамен суретке түскен Аллажар Әбдіразақұлының шапаны Бұқар Жырау музейінің қорына қосылды. Құнды жәдігерді музей қорына ақын Жанаргүл Қадырова табыстады.
Көрмеге Аллажар атаның келіні Күлдана Мұқашқызы қатысты, ол қайын атасы туралы құнды мәліметтерімен бөлісті:
– Мен 1967 жылы, желтоқсан айында осы әулетке келін болып түскен едім. Осы биыл Жанат Аллажарұлымен отасқанымызға – 56 жыл. Жолдасым Аллажар ағаның Мұхамеджар деген туған ағасының баласы. Ағасы Мұхамеджар інісі Аллажарда бала болмағандықтан, өзінің баласын 6 айлығында берген екен. Атам 25 жыл ұстаз, 25 жыл имам болған. Мен келін болып түскеннен бері бар бұл шапан. Содан бері сақталынып келеді. Атамыздың шапанын күнделікті кимей, ұқыпты ұстадық, – дейді «Алтын алқа» иегері Күлдана Мұқашқызы.
Музей басшысы Ербол Қайыров жиын қонақтарына «Достық залы», «Бабадан қалған асыл мұра» атты көрмелерді таныстырып, музейге экскурсиялық шолу жүргізді.
– Халқымыздың тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлерімен қатар, «тар жол тайғақ кешкен» қасіретті кезеңдердің де аз болмағаны ащы ақиқат. Біздің халық ашаршылық жылдары аштықтан қаза тапқандар мен қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алу, олардың рухтарына құрмет көрсетуді әр уақытта есінен шығарған емес, – деді ол.
Музей қызметкері Риза Шарапитова «Қасіретті жылдар» атты театрландырылған көріністі назарға ұсынды. Әншілер Назымгүл Шапағат, Мизан Жұмәлі, Жанболат Байсолтан халық әндерін орындады.
Музей күніне арналған іс-шара аясында жас ақындар поэтикалық дуэльде бақ сынады. «Жыр жауһары – жастар» поэзия сынында 1-орын Нұрсерік Тәуекеловке, 2-орын Жамбыл Абылқасқа, 3-орын Бейбарыс Рафаиловқа бұйырды. Жас ақындарға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Керемет жаңалық, өте қуаныштымын 👍👍👍🔥🔥🔥