Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Нығымет Жәмінұлы Майра Шамсутдинова атындағы ән-өнер шығармашылығы музейіне ерекше тарту жасады. Ол Жармұхамбет (Жәржан) Біләлұлы мен Майра Уәлиқызының бірге түскен ескі фотосуретін өңдеп, жаңартып, үлкен өлшемді картина қылып жасап, музей қорына табыс етті.
– Менің туған жерім – Баянауылдағы Жұмат Шанин ауылы. Біздің ауылымыздан Жұмат Шанин, Қошке Кемеңгеров, Мерғали мен Нұрғали Қадылбековтер, Сәлкен Сұбханбердин, Мұқыш Боштаев сынды Алаш қайраткерлері шыққан. Мұса мырзаның әкесі Шорман би де осы топырақта туған. Осындай асылдардың кіндік қаны тамған жердің бүгінгі ұрпақтары өткен тарихты танып жүрсін, тағылым алсын деген ниетпен осы ескі фотосуретті жаңғырттық. Майра Уәлиқызының 135 жылдық мерейтойына тартуымыз болсын, – дейді тоқсанның төріне шыққан ақсақал.
Музей басшысы Ерлан Рахимовтың айтынша, бұл фотосурет Д.П.Багаевтың фотосалонында түсірілген. Бірақ, түсірілген уақыты белгісіз.
Жармұхамбет Біләлұлы мен Майра Уәлиқызы ең алғаш Баянауылда кездескен екен. Кереку маңына аты жайыла бастаған Майра Баянауылдағы жәрмеңкеге барады. Майра ең алғаш Ғарипан Томашев деген татар саудагердің үйінде ұйымдастырылған ойынға қатысады. Ойын соңында ән кезегі Майраға келеді. Әнші қыз гармонын құлаштай созып, халықтың «Екі жирен» әнін шырқайды. Одан кейін «Қарғам-ау», «Сәулем-ай» сияқты әсерлі әндерді орындайды. Бұлбұл әншіге Мұса Шормановтың немересі Жаржанның көзі түседі. Той тарқай бастағанда ол кісі салып Майраға өз көңілін білдіреді. Бірақ қыз жауабын бермей үнсіз еліне қайтады.
Осы орайда Сапарғали Бегалиннің «Көңіл қоңырауы. Майра» естелігінен Майраның Баянда алғаш өнер көрсетуі туралы үзіндіні келтіре кетсек жөн болар:
«…Білеміз деген замандастарының айтуына қарағанда Майраның әкесі бір жылы күз айында күн көріс мақсатымен Баян жәрмеңкесіне барып бөрік тігеді, шешесі қамзол тігеді. Майраның құлпырып тұрған кезі еді. Сол жәрмеңке кезінде Баян қаласының саудагер бай ноғайы Томашев Ғарипан бір ойын кешін істеп, сонда Баян, Керекудің бай саудагерлері, оқығансымағы жиналады, сол ойынға Майра да келеді. Онда аса мәшһүр болмаған кезі. Бірақ Майраның әнші екенін білетіндердің сұрауымен гармонын алып, ән салады. Гүл шыбықтай майысқан сұлу қыз сандуғаштай сайрап, тоты құстай құбылып ән төгеді. Керекудің бұрқыраған құмды, тұнжыраған түтінді қала үйінің аласа қабырғасында булыққан, мақау көшесіне соғылып, бойын жаза алмай жүрген еркіндіктің сандуғашын Баянның көк бұйра қарағайға бөленген сахара асқар шыңының аясында күміс табаққа құйған шәрбәттай сылдыр қаққан Сабындыкөлдің мөлдір суы асыра аспанға көтереді. Майраның дауысын жаңа естіген халық әнге ұйиды…»
Алғашқы таныстықтан біраз уақыт өткен соң Жаржан болыс Майраға үйленеді. Шорман тұқымдары ат шаптырып той жасайды. Көпшілік жаңа түскен келінге ән салдырады, ризашылықтарын білдіреді. Майраның өзінің өжет мінезінің арқасында келін болып түскен жерінде алқалы топта ән салып, өнерін жалғастыра береді. Майраны тоқалдыққа алған Жаржан екі жыл өткен соң соқырішек ауруына шалдығып, Омбыға операция жасатқанымен сәтсіз болып дүниеден өтеді.
Музей қорына қосылған фотоны өңдеп, заманауи форматта әзірлеген – Нығымет ақсқаалдың немересі Нұрсұлтан Жолдыбайұлы.
Нығымет Жәмінұлы Айтжан Бәделханмен бірге бұған дейін, яғни 2005 жылы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Садық Кәрімбаевтың экспонаттарын жинақтап, аранйы бұрыш ашуға мұрындық болған еді.